Accessibility links

Мердігер компаниядан 1,3 млрд теңге талап еткен Атырау әкімшілігі құлаған көпір құрылысын жалғастырмақшы


Жайық өзені үстінен салынып жатқан көпірдің құлаған бөлігі. Атырау, қазан, 2009 жыл.

Жайық өзені үстінен салынып жатқан көпірдің құлаған бөлігі. Атырау, қазан, 2009 жыл.

Ресейлік мамандар Атыраудағы бір бөлігі құлаған көпірдің құрылысын аяқтамаса ол тұтас құлап қалуы мүмкін деп ескертті. Көпірдің құлаған бөлігінің құны 1 млрд. теңге. Әкімшілік оны мердігер компаниядан сот арқылы өндіріп алмақшы.

Атыраудағы құлаған көпірдің құрылысы ары қарай жалғаспақ. Көпірдің толық құлап қалуына жол бермес үшін жергілікті билік осындай шешім қабылдап отыр.

– Мәскеуден арнайы шақырылған инженерлік институт ғалымдары көпір құрылысын ары қарай жалғастырмаса оның толық құлауы мүмкін екендігін айтып кетті. Сондықтан, құрылыс жалғастырылады және 2010 жылдың бірінші жартысында көпір пайдалануға беріледі, – деп мәлімдеді брифингте журналистерге Атырау әкімшілігі аппаратының жетекшісі Асқар Керімов.

Оның айтуынша, көпірдің құлауы салдарынан келген шығын 1 млрд. 300 млн. теңгені құрайды. Бұл ақшаны өндіріп алу үшін облыс
Көпірдің құлаған аралық бөлігінің құны – 1 млрд. теңге. Ал оны жасап, Атырауға жеткізудің өзіне 3 ай уақыт кетеді.
әкімшілігі көпір құрылысы дұрыс жүргізілмеген деген негізбен мердігер кәсіпорын – «Трансстроймост» компаниясын сотқа беріп отыр.

– Көпірдің құлаған аралық бөлігінің құны өте қымбат – 1 млрд. теңге тұрады. Ал оны жасап, Атырауға жеткізудің өзіне 3 ай уақыт кетеді. Мамандардың айтуынша, құлаған көпір бөлігі енді пайдалануға жарамайды, – дейді Асқар Керімов.

Сондай-ақ, Асқар Керімов мердігер компания биыл күзде болған апат кезінде қаза тапқандардың әрқайсысының отбасына 1 млн. теңгеден өтемақы төлеуге уәде бергенімен, осы кезге дейін тек 100 мың теңгеден ғана бергенін, кейбір отбасылар тиісті өтемақыларын алмағанын хабарлады.

– Сол себепті марқұмдардың отбасына Атырау облыстық әкімшілігі 1 млн. теңгеден жәрдем көрсетуді өз мойынына алды, – деді шенеунік.
Бұл айтылған жайттарға байланысты «Трансстроймост» компаниясынан Азаттық тілшісіне түсінік беретін ешкім табылмады.
Апатқа құрылыс кезінде технологияның сақталмауы және «Трансстроймост» қызметкерлерінің өз жұмысына салғырт қарағандығы себеп болған.


Естеріңізге сала кетсек, биылғы жылғы қыркүйектің 12-сінде Атырау қаласындағы Баймұханов пен Мечников көшелерін байланыстырып салынып жатқан автокөлік көпірінің ортаңғы бөлігі аяқ астынан өзгенге құлап, апат салдарынан 8 адам қаза тауып, 1 адам орта дәрежедегі дене жарақатын алған болатын.

Апатты тексеру үшін Атырау облысының әкімшілігі, төтенше жағдай қызметі және прокуратура өкілдерінен құрылған арнайы комиссия апатқа құрылыс жұмыстарын атқару кезінде технологияның сақталмауы және «Трансстроймост» қызметкерлерінің өз жұмысына салғырт қарағандығы себеп болған деген қорытынды жасаған-ды.

Жалпы ұзындығы 609 метрлік бұл көпірді салуға 6 миллиард теңгеден (40 миллион доллардан) астам қаржы жұмсалған.

Ал «Трансстроймост» компаниясы осыған дейін Атыраудағы бұдан басқа бірнеше көпір құрылысын салып шыққан болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG