Accessibility links

«Мені Мұхаммед деп атаңыз»: Тәжікстанда ислами есімдер сәнге айналды


Тәжіктің ұлттық бесігі – гахворада жатқан нәресте. Душанбе, 4 наурыз 2009 жыл.
Тәжіктің ұлттық бесігі – гахворада жатқан нәресте. Душанбе, 4 наурыз 2009 жыл.

Тәжікстанда дүние есігін жаңа ашқан сәбилерге араб есімдерін, немесе ислам дініне қандай да бір қатысы бар есімдерді қою сәнге айналды. Тіпті кейбір ересек адамдар да азан шақырып қойған аттарын өздері ұнатқан діни есімдермен ауыстыра бастады.


Сарапшылар бұл үрдіс бұрынғы советтік елдерде ислам дінінің ықпалы арта түскендігін білдіреді деп санайды. Мысал үшін мына бір жағдайды алуға болады. Осы жылдың бас кезіне дейін Душанбедегі 19 жастағы бір студентті отбасындағы жандар мен достары бала кезгі есімімен Шохрух деп атайтын еді. Алайда ол таяуда өз атын Мұхаммед деп өзгертті.

«Мен мұны ойланып барып жасадым, – дейді Мұхаммед. – Әуелі ислам туралы оқып, білдім, сонан кейін өзіме ұнаған мұсылман атын таңдап алғым кеді. Ақырзаман болғанда Алла әркімді өз атымен шақырады деп естідім. Сондықтан да Мұхаммед болғым келді».

ИСЛАМ ЕСІМДЕРІНІҢ ТАНЫМАЛДЫҒЫ

Негізінен мұсылмандар тұратын бұл елде ислами есімдер кең тарала бастады.

Жоғарыда аталған Мұхаммед тәрізді жаңа есім алғандардың көпшілігі жиырманың арғы-бергі жағындағы жастар. Айтпақшы, жаңа туған сәбилеріне ислами есімдер таңдайтын ата-аналар да көбейіп барады. Қазіргі уақытта Душанбеде дүниеге келген әрбір бесінші сәбиге
Ораза айт кезінде Душанбе мешітіінде намазға жығылған жамағат. Қыркүйек, 2009 жыл.
ислами есім қойылады.

Азаматтық актілер жөніндегі астаналық департамент шенеуніктерінің айтуына қарағанда, бүгінде қыздар арасында ең көп кездесетін есім – Сумаях. Душанбедегі Шомансұр азаматтық тіркеулер бөлімінің директоры Зебо Бобожонова өзге де танымал аттарға Әсия мен Ойша деген екі есімді қосады. Соңғысы арабша Айшаның тәжік тіліндегі нұсқасы.

«Осыдан бес жыл бұрын мұндай есімді естіген де жоқ едік. Ол кезде балаларына туу туралы куәлік алу үшін тіркеу орнына келген ата-аналар Гугуш, Анохито және Индира секілді парсы мен үнді есімдерін жиі таңдайтын», – дейді Зебо Бобожонова.

Айша – Мұхаммед пайғамбар әйелдерінің бірінің есімі. Әсия да Құранда кездесетін белгілі мұсылман әйелінің аты. Ислам ілімі бойынша Сумаях та исламдағы алғашқы әулие әйел болған.

Мұхаммед, Жүсіп, Абдулла, Әбубәкір тәрізді исламның атақты тұлғаларының есімі тәжік балаларының дәстүрлі аттарына айнала бастады.

ИСЛАМ ӨРЛЕУ ҮСТІНДЕ

Кейбір жергілікті молдалар мен имамдар ата-аналарға дүниеге келген сәбидің есімін ислам дінімен байланыстырып қою жөнінде кеңес береді. Белгілі молда және Күләб қаласы мешітінің имамы Ходжи Мирзо Ибронов жергілікті дінбасы ретінде осындай кеңес беру өзінің
Душанбе орталық мешітінің жанында қарт адам жас балаға ислам негіздерін түсіндіріп отыр.
міндетіне жататынын айтады.

«Абдолла немесе Абдрахман деген есімдерді, сондай-ақ Аллланың құлы деген мағынадағы «Абд-тан» басталатын, мәселен Абдулкаххор, Абдулмоннон және Абдулрахим секілді есімдерді Алланың жақсы көретінін жұртқа түсіндіріп жүрмін», – дейді ол.

Жергілікті қауым арасында молдалар мен имамдар айрықша құрметтелетін бұл елде ислам діні өрлеу үстінде. Алты-жеті жасар балаларға дейін жергілікті мешіттерге барып ақшам намазына жығылып, имамның уағыздарын ұйып тыңдайды.

Жергілікті базарларда ислам құндылықтары туралы дін білгірлерінің уағызы жазылған компакт-дискілер кеңінен таралады. Мәдениет жөніндегі душанбелік сарапшы Дилшод Рахимов мұндай уағыздарға әртүрлі діни әдебиеттер қосылып, жастардың санасына мейлінше зор ықпал етіп отыр деп санайды.

«Аттарын ислами есімдерге ауыстыру арқылы жастар дінді ұлттан жоғары қойып отыр. Әрине, атын қалай өзгерткісі келсе де әркім өзі біледі, бірақ менің ойымша жастар, бұл ретте, артық кетіп жатқандай көрінеді. Нағыз мұсылман болу үшін ислами ат алу міндетті емес. Мысалы, өздеріне арабша ат қойып, діни есімдер алмаза да Иран Ислам Республикасының адамдары өз дінін ұстап жүр ғой», – дейді Дилшод Рахимов.

Осыдан бірер жыл ғана бұрын Сумаях немесе Әсия сияқты есімдер Тәжікстанда өте сирек болатын. Ата-аналар балаларына парсыша ат қоюды жөн көретін. 1980 - 1990 жылдары ұлдар мен қыздарға Х ғасырда өмір сүрген парсы ақыны Абулқасым Фирдоусидің эпикалық шығармасы «Шахнамада» кездесетін кейіпкерлердің есімін қою сәнге айналды.

Соның арқасында жүздеген мың тәжік қыздары Тахмина, Гурдофарид, Судоба сынды парсы ханзадалары мен патшаларының есімдерін алып шыға келді. Ұл балаларға тіпті исламға дейінгі Сияуш, Фаридун, Жәмшид, Бежан деген аттар берілді. Бұған ССРО құлағаннан кейін жергілікті бұқаралық апарат құралдарының Тәжікстандағы ежелгі парсы мұрасын жаңғыртуға шақыруы мұрындық болуы да ықпал еткен-ді.

БЮРОКРАТИЯ ЖӘНЕ ПАРА

Алайда бүгінде адам есімін ауыстыру оп-оңай бола салатын арзан шаруа емес. Есімін өзгерткісі келген адам ең әуелі түрлі мемлекеттік мекемелерден, яғни жергілікті билік орнынан, тіркеу орталығынан және ішкі істер бөлімінен тиісті анықтамалар мен құжаттарын жинауы тиіс. Өтініш берушілер, сондай-ақ өздері 16 жасқа толғанша тұрған, өмір сүрген жерлеріндегі полиция бөлімдерінен рұқсат алуға, сондай-ақ оқитын мектебі мен жұмыс істейтін жерінен хат әкелуге міндетті.

Осынау бюрократиялық қиындықтарға қоса мемлекеттік мекемелердегі парақорлық және бар. Бұлардың бәрі жиыла келгенде есім өзгертуді тым қымбат шараға айналдырып жібереді.

Мемлекеттік мекемелерден қажетті құжатты немесе қандай да бір қатынас қағазын дер кезінде алу үшін пара беру Тәжікстанда күнделікті істердің бірі.

Алайда Мұхаммед оған да қыңбайды. «Достарым мен отбасым мені жаңа есіміммен атайтын болды, маған әзір соның өзі де жеткілікті», – дейді ол.
XS
SM
MD
LG