Accessibility links

Тәжікстанда шариғат зайырлы заңдарды ығыстыра бастады


Тәжікстандағы Мұхаммад Бәшәр кесенесіндегі дұға. Пәнджикент, 12 тамыз 2009 жыл.

Тәжікстандағы Мұхаммад Бәшәр кесенесіндегі дұға. Пәнджикент, 12 тамыз 2009 жыл.

Тәжістанда діннің рөлі жыл сайын күшейіп келеді. Соттарды бюрократия мен жемқорлық жайлап алған деп санайтын тәжіктердің көпшілігі өз мәселелерін шариғат жолымен шешуге тырысады.

Зайнура есімді жас келіншек бұрынғы күйеуінен балаларына тиесілі алиментті көпке дейін ала алмай жүрді. Әуелі мемлекеттік органдардан жәрдем сұрады. Бірақ одан қайран болмаған соң, қыстақтағы әйелдердің айтуымен жергілікті имамға жүгінді.

Қыстақ мешітінің имамы Зайнураның бұрынғы күйеуімен сөйлесті. Хадис пен Құран аяттарынан дәлел келтірген имам оған бұрынғы әйелі мен балаларының алдындағы міндеттерін еске салды.

«Бәріміз бір қыстақта тұрамыз, сондықтан оған молданың сөзі жүрді»,-дейді Зайнура. Әкелік міндетінен қашқалақтап, әйелімен сөйлесуден жалтарып жүрген күйеуі молданың сөзінен кейін икемге келген.

Сөйтіп, жергілікті мемлекеттік органдар шеше алмаған мәселені ауыл молдасы шешіп берді. Бұдан былай Зайнура бұрынғы күйеуінен шиеттей балаларына тиесілі қаражатты алатын болды.

АДАМДАР ШАРИҒАТҚА ЖҮГІНЕДІ

Тәжікстан үкіметі дінге қатаң бақылау орнатқанына қарамастан ел мұсылмандары Құран мен Мұхаммед пайғамбар хадисіне негізделген шариғат заңдарына жиі жүгінетін болды. Бірақ тұрмыстық талас-тартыстар мен жеке мәселерді шариғат бойынша қарастыруға мемлекет тыйым салған.

Ходжент тұрғыны Абдулқадыр Хожаев атадан қалған мұраны бөліп беруді сұрап молдаға барды. Бастапқыда ол да мемлекеттік органдардан көмек сұраған екен, бірақ оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік органдар араласқаннан кейін отбасы ойран бола жаздаған.

«Егер мен сотқа дейін барсам, онда туыстарыммен бет көріспей кетер едім, ал молда бар мәселені бейбіт түрде, ың-шыңсыз шешті де тастады»,-дейді Абдулқадыр Хожаев.
Тәжік дінбасы Құран оқып отыр.

Совет уақытында жан-жақты қысымға алынған діннің қазіргі тәжік қоғамында маңызы зор. Кей бақылаушылар тәуелсіздік алғаннан кейін Тәжікстан халқы шариғат заңдарына қарай көбірек мойынсұна бастады деп санайды.

Биылғы 31 тамызда жарық көрген Gallup зерттеу институтының сауалдары тәжіктердің 85 пайызы дінді өз өмірлерінде маңызды орын алады деп санайтынын, тек 12 пайызы ғана керісінше ойлайтынын көрсетіп берді. Әлеуметтік сауалдардың қорытындылары халқының дінге бой ұруы жөнінен Тәжікстан Орталық Азия елдерінің алдында келе жатқанын аңғартады.

Алайда мемлекеттен гөрі молдаға көбірек жүгінуге адамдардың діншілдігі ғана емес, мемлекеттік органдардың, атап айтқанда соттардың жемқорлығы да жиі мәжбүрлейді екен. Қажетті шешім шығарып беру үшін тәжік соттары кейде пара сұрайтын көрінеді.

Сондай-ақ бюрократтардың сөзбұйдасынан шаршаған адамдар да молдаға барып мәселені тез шешкенді қалайды. Әуре-сарсаңы жоқ, шығыны да аз.

ЗАЙЫРЛЫ ЗАҢДАРДЫҢ ОЛҚЫЛЫҚТАРЫ

Тәжікстан исламдық қайта өрлеу партиясы ғұламалар кеңесінің мүшесі Зубайдолло Розик исламда адамның тұрмыстық қатынастарын жеңілдететін заңдар көп деп санайды. «Адамдарға исламды оқып-үйренудің пайдалы жақтарын түсіндірсек, оның қаншалықты рас екендігіне соңынан міндетті түрде көздері жетеді»,-дейді ол.

Тәжік бақылаушылардың ой-пікіріне қарағанда имамдар мен молдаларға жүгінетіндердің көпшілігі тұрмыстық мәселесін шешу жолын ғана іздестірмей, сонымен бірге өз іс-әрекеттерінің шариғат заңдарына қаншалықты сай келетіндігін де білгісі келеді. Тәжікстандағы діни қайраткерлер шариғат заңдары мемлекеттегі зайырлы құқыққа қайшы келмейді, сондықтан оны әдетте зайырлық құқық жолымен реттелетін қоғам өмірінің көптеген саласына қолдануға болады деп санайды.

Зубайдолло Розиктің сөзіне қарағанда ұрылар мен маскүнемдерді соттағаннан шығар нәтиже шамалы. Дұрысы - соттау емес, дінмен тәрбиелеу. «Қара күштер» араласқаннан кейін кейбір жастардың мінез-құлқы нашарлап кетті. Оларға Құран аяттарына дәлелдер келтіргенімізде ғана беті бері қарады» дейді Зубайдолло Розик.
Көрмелердің бірінде. Душанбе, 17 тамыз 2010 жыл.
Душанбе көшелерінде жай серуендеп жүріп те айналаңдағы исламдық әдет-ғұрыптардың әсерінен шыға алмайсың. Поп-музыканың орнына уағыз тыңдап отырған жастарды әр-әр жерден көруге болады.Сондай-ақ қалаған имам-хатибтардың (имам-хатиб — мешіттің хұтба оқитын имамы) ұялы телефонға жазылған сөзі мен уағызын ұйып тыңдап отырған бір топ студенттер де көзге шалынады.

Жұма намазына келушілердің қатары да уақыт өткен сайын ұлғаюда. Намазхандар сыймаған кей мешіттерде қосымша орындар да ашылған.

1992 жылы азамат соғысы аяқталып, исламшыл оппозиция жеңілгеннен кейін, президент Эмомали Рахмон бастаған үкімет елде көп әйел алушылыққа, мемлекеттік мекемелер мен оқу орындарында хиджап киюге, сондай-ақ мешіттен өзге жерлердегі ғибадатқа тыйым салды.

Алайда Тәжікстанның Дін істері жөніндегі комитетінің бұрынғы жетекшісі Сайд Ахмадов коммунизм кезіндегі жетпіс жыл адамдарды одан сайын діншіл етті дейді. «Адамдар шариғат заңдарымен жүргісі келеді. Өйткені олар Тәжікстанның зайырлы заңдарындағы олқылықты күнде көреді», – дейді Саид Ахмадов.

Сарапшылар шариғат заңдары Тәжікстандағы зайырлы заңдарды біртіндеп ығыстыруы әбден мүмкін деп санайды. Олардың ойынша, шариғат заңдарының тәжік өміріне дендей енгені соншалық, қазірдің өзінде үкімет халықты зайырлы заңдарға бағынуға мәжбүрлей алмай отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG