Accessibility links

Қытай түрмесінде жазылған «Қылмыс» романы Қазақстанда мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды


Қытайдағы қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлының алты томдық "Қылмыс" романы.

Қытайдағы қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлының алты томдық "Қылмыс" романы.

Қытайда үйқамақта отырған қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлының алты томдық «Қылмыс» романы Қазақстанның өнер және әдебиет саласы бойынша мемлекеттік сыйлығына ұсынылды. Бірақ ұсыныс Қазақстан жазушылары тарапынан қолдау таба алмай отыр.


СЫЙЛЫҚТАН ӘРКІМ ДӘМЕЛІ...

Қазақстанда тұңғыш рет 2009 жылдың күзінде дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспасынан жарық көрген «Қылмыс» романы мәдени саясат және өнертану институтының атынан мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. Бұл туралы аталмыш институттың директоры Ерлан Саиров 27-қаңтар күні Алматыда болған баспасөз мәслихатында мәлім етті.

Оның айтуынша, мемлекеттік сыйлыққа ұсыну туралы арнайы құжаттардың барлығы толтырылып, Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданған.

Ерлан Саиров Қазақстан жазушылары түгелдей қол қоятын болса, сөз болып отырған сыйлықтың Қажығұмар Шабданұлына берілуін
Жазушы Қабдеш Жұмаділов (сол жақта) пен саясаттанушы Ерлан Саиров. Алматы, 27 қаңтар 2010 жыл.
өтініп, мемлекеттік сыйлық комиссиясына арнайы хат жазуға дайын екендіктерін де айтты.

Алайда, мемлекеттік сыйлық комиссиясына арнайы хат жазу бастамасын өзге қаламгерлер тарапынан қолдау табатындығына жазушы Қабдеш Жұмаділов күмәнмен қарайды.

– Өткенде мемлекеттік сыйлыққа байланысты Жазушылар одағының проза секциясындағы отырыста Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» романын мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатқан шығармалар тізіміне енгізу туралы мәселеде отырысқа қатысқан жазушылар жасырын дауысқа салғанда бәрінің қарсы екендіктерін көрдік. Сөйтіп, қайта талқыға салып, тізімге әзер кіргіздік.

Сонда проза секциясына қатысқан 10-15 адамның өздері жетектеп әкеліп, бәйгеге қосып отырған жеті-сегіз адамы бар. Қажығұмар емес, солар өтсін деп отыр олар. Көрдің бе? Сенің модернист болғаныңа, керемет форма тапқаныңа қарап отырған жоқ. Түкіргені бар.

Өзінің жетектеп келген бәйгесін өткізу керек. Өз ауылының лағын текешік қою керек. Мен біздің Жазушылар одағына сенбеймін. Олар бірлесіп, бір нәрсе алып береді дегенге де сенбеймін. Қайта солар осыған кедергі болмаса болды. Көлемі жағынан, саяси маңызы жағынан Қажығұмардың алдына түсетін ешкім жоқ, – деді Қабдеш Жұмаділов.
Қазақстан Жазушылар одағы секретариатының мүшесі ақын Ұлықбек Есдәулет. Алматы, 27 қаңтар 2010 жыл.

Ал Қазақстан Жазушылар одағы секретариатының мүшесі Ұлықбек Есдәулет биылғы жылғы мемлекеттік сыйлықтың ережесінде «осыдан бір жыл бұрын жарияланған шығармалар енеді» деп көрсетілгендігі «Қылмыстың» жолына кедергі болып отырғандығын алға тартады.

– Бұл шығармаға біз мемлекеттік сыйлық әпере алмай отырмыз. Шындығында, роман Нобель сыйлығына лайық. Ол өмір-бақи ана жақта шектеуді көріп жүрген адам болса, енді келіп біздің шектеу, шеңберімізге түссе не болмақ?! Сондықтан, шеңбер, шектеу дегенді қойып, дәл жаңағыдай бір қағазға, ережеге бағынып қалмауымыз керек деп ойлаймын, – дейді Ұлықбек Есдәулет.

«ҚЫЛМЫСТЫ» СЫЙЛЫҚҚА ҰСЫНУ САЙЫСЫ

«Жас алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай мемлекеттік сыйлыққа шығармаларын ұсынып жатқан қазақ қаламгерлері ұлттық біртұтастық жолында, азаматтық тұрғыдан Қажығұмар Шабданұлына жол беруі керек деп санайды. Ал оның орынбасары Әмірхан Меңдекенің айтуынша, «Жас алаш» газеті де «Қылмыс» романын мемлекеттік сыйлыққа ұсынбақшы.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жауапты қызметкері, жазушы Сұлтанәлі Балғабай қауымдастық «Қылмыс» романының алты
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары, жазушы-драматург. Алматы, 27 қаңтар 2010 жыл.
томын шығарып, Қазақстандағы зиялы қауым өкілдеріне таратып бергенімен, олардан әлі күнге дейін роман туралы баспасөз бетінде бір ауыз пікір болмағандығын айтып өтті.

Оның ойынша, «Қылмыс» романының мемлекеттік сыйлыққа ұсынылуы кезінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының еңбегі ескерілмей қалған. Сұлтанәлі Балғабайдың бұл пікіріне жауап ретінде Қабдеш Жұмаділов бір жайтты айтып өтті.

– «Қылмыс» романын мемлекеттік сыйлыққа ұсынайық деп Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Талғат Мамашевқа хабарластым. Ол «Қылмысты» мемлекеттік сыйлыққа ұсынуға бола ма, болмай ма сұрап алайын деді. Мен оған «бұл рұқсат сұрап ұсынатын нәрсе емес, біз ұсынайық. Бермесе, обалы сол комиссияда» дедім. Рұқсат сұрады ма, сұрамады ма білмедім, – деді Қабдеш Жұмаділов.

Ерлан Саиров болса, «Қылмыс» романын ешкімнің меншіктеуге болмайтынын, кім ұсынса да, шығарма барша қазақтың атынан ұсынылып отырғанын айтады. Оның пікірінше, Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» романына мемлекеттік сыйлық берілсе, соның өзі қазақ ұлтының біртұтастығын паш ететін қадам болмақ.

ҮЙҚАМАҚТАҒЫ ҚАЛАМГЕРДІҢ АРМАНЫ - ҚАЗАҚСТАНҒА ЖЕТУ

«Қылмыс» романын мемлекеттік сыйлыққа ұсыну мәселесі Қазақстанның зиялы қауым аталатын бөлігінде кезекті айтыс тақырыбына айналып отырған кезде, шығарманың ауторы, қазірде Қытайда үйқамақта отырған Қажығұмар Шабданұлының ендігі бар арманы – Қазақстанға келу
Қытайдағы қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлы. Жеке мұрағаттағы сурет.
, дейді қаламгердің жақын адамдары.

Жазушы Қабдеш Жұмаділов Қажығұмар Шабданұлының Қытай өкіметі тарапынан зейнетақы алмайтынын және жұмыста жоқтығын, тек елдің көмегімен күн көріп отырғанын сөз етті. Ал, Ұлықбек Есдәулет болса, Қазақстан мұнайы мен жерін Қытайға жалға беруге келгенде қызу қимылдайтын Қазақстан билігі Қажығұмарды еліне қайтаруға саусағын қимылдатпай отырғанын, сондықтан биліктің алдына қаламгердің тағдырына қатысты мәселені қою керектігін айтты.

Саясаттанушы Айдос Сарым егер Қазақстан тарапы шын ниетімен Қажығұмар Шабданұлын Отанына қайтарғысы келсе, Қытай өкіметі екі ел арасындағы түрлі деңгейдегі қарым-қатынасты есепке ала отырып, қарсы уәж айтпайды деген пікірде.

– Қазақстан ЕҚЫҰ-на төрағалығын, келсін-келмесін, әр жерде мадаққа айналдырып жатыр ғой. Менің ойымша, осы төрағалықты пайдаланып, батыстың адам құқықтары жөніндегі ұйымдары мен демократиялық институттарының назарын Қажығұмардың ісіне аудару керек.

Тағы бір айта кететін мәселе, Қазақстандағы адам құқын қорғаушылардың ішінде қазақ жоқ. Сондықтан да, олар мұндай мәселеге көңіл аудармайды. Және Қазақстандағы орыс тілді баспасөз Қажығұмар Шабданұлының кім екенін де білмейді, – деді Айдос Сарым.

Қажығұмар Шабданұлы 1925 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан жерінде дүниеге келген. 1931-1933 жылдардағы жаппай ашаршылық кезінде ата-анасымен Қытай жеріне ауған. Такламахан шөліндегі Тарым лагерінде 22 жыл тұтқында болған. Және Үрімжі түрмесінде 13 жыл отырған. Бүгінде жасы сексеннің ортасына келген қаламгер Үрімжі түрмесінен босатылғаннан бері Шәуешектегі өз үйінде үйқамақта отыр.

Қажығұмар Шабданұлы кіндік қаны тамған атажұртқа оралу арманын айтып, 2006 жылы Қазақстан президентіне хат жолдаған болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG