Accessibility links

Кәсіпкер Серік Тұржанов сот үкімімен тоғыз жылға бас бостандығынан айрылды


Кәсіпкер Серік Тұржанов сот залында. Астана, 25 наурыз 2010 жыл.

Кәсіпкер Серік Тұржанов сот залында. Астана, 25 наурыз 2010 жыл.

Жұма күнi Астанада «статистер iсi» атанған атышулы iс бойынша сот үкімі жарияланды. Кәсіпкер Серік Тұржанов тоғыз жылға, статистика агенттiгi төрағасының бұрынғы орынбасарлары Нұрман Баянов пен Бiрлiк Меңдiбаев тиісінше 6 және 5 жылға қамау жазасына кесілді.


«СТАТИСТЕР ІСІ»

Бүгін Астананың Есіл аудандық №2 сотында кәсіпкер Серік Тұржановтың ісі бойынша сот процесі аяқталды. Судья Ерлан Тасыров кәсіпкер Серік Тұржановты тоғыз жылға бас бостандығынан айырып, жеті жылға дейін мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне тыйым салу туралы үкім шығарды. Кәсіпкер жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейтін болды.

Серік Тұржановпен бірге айыпкер ретінде сотқа тартылған Қазақстан статистика агенттiгi басшысының бұрынғы орынбасарлары -
Судья Ерлан Тасыров кәсіпкер Серік Тұржановқа шығарған үкімін оқып тұр. Астана, 2 шілде 2010 жыл.
Нұрман Баянов алты жылға, ал Бiрлiк Меңдiбаев бес жылға бас бостандығынан айрылды.

Дүйсенбі күнгі сот отырысында сөз алған Серік Тұржанов өзіне қарсы қозғалған бұл iстiң саяси астары бар екендігін және мұны қаржы полициясы қолдан жасады деп мәлімдеген еді.

– Менiң еш жазығым жоқ. Әрбiр шенеунiк және тендерге үмiткер ұлттық компания жетекшiлерiнiң кез келгенi дәл мен сияқты жағдайда қалуы әбден мүмкiн. Себебi, қазiр елiмiзде сондай саяси жағдай қалыптасқан. Еш кiнәсi жоқ адам да айыпталушы болып шыға келедi, – деді кәсіпкер.

Серік Тұржанов «мұндай заңсыздық жаудың қолында емес, өз Отанында болып жатқандығына өкінішін» білдірген еді.

Ал статистика агенттiгiнiң бұрынғы лауазымды қызметкерлерi соттағы соңғы сөздерінде өздерiне жоғарыдан келген бұйрықты ғана орындағандарын атап өтті.

САНАҚТЫҢ СЕРГЕЛДЕҢІ

Серік Тұржановқа 2009 жылы өткен ұлттық санаққа бөлінген қаржыны талан-таражға салды деген айып тағылған болатын. Кәсіпкер басшылық ететін кәсіпорын Қазақстан статистика агенттігінің жариялаған тендерінде жеңіске жеткен еді. Сол кезде байқау комиссиясын
Қазақстан статистика агенттігі басшысының бұрынғы орынбасары Нұрман Баянов. Астана, 2 шілде 2010 жыл.
статагенттік басшысының бұрынғы орынбасары Нұрман Баянов басқарған. Мемлекеттік айыптаушының сөзінше, айыпкерлер санаққа дайындық кезінен – 2008 жылдан бастап қаржыны жымқыруға кіріскен.

– Ұлттық санақ басталған уақытта бір бланктің құны 7 теңге деп белгіленген. Алайда жарияланған байқау арқылы тендерді жеңіп алған компания есеп-қисап құжатында оны 17 теңге деп көрсеткен. Сөйтіп, агенттік басшылары қыруар қаржыны өз пайдаларына жаратқан, – деді прокурор Берік Құлмағамбетов.

Ұлттық санақ өткізу үшін республикалық бюджеттен 1 миллиард 144 миллион теңге бөлінген. Соның тек 379 миллион теңгесі ғана (2,5 миллион доллар шамасында) белгіленген мақсатқа жұмсалған.

Қалған 764,8 миллион теңге (5,1 миллион доллар) қаржыны статистика агенттігінің лауазымды тұлғалары мен жеке меншік кәсіпорындардың басшылары талан-таражға салғаны айтылған айыптау қорытындысында.

Ал сол кезде Қазақстан статистика агенттігінің басшысы қызметінде болған Анар Мешімбаеваның үстінен 2009 жылы қылмыстық іс қозғалды. Қазір ол халықаралық іздеуде жүр.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG