Accessibility links

Ресей президенті ФСБ-нің өкілеттілігін күшейтетін заңға қол қойды


Ресей президенті Дмитрий Медведев ФСБ күштерінің базасында. Махачкала, 9 маусым 2009 жыл

Ресей президенті Дмитрий Медведев ФСБ күштерінің базасында. Махачкала, 9 маусым 2009 жыл

Шілденің 29-ы Ресей президенті Дмитрий Медведев Федералдық қауіпсіздік қызметінің өкілеттілігін күшейте түсетін заңға қол қойды. Жергілікті құқық қорғаушылар бұл заң совет заманындағыдай азаматтардың жиын өткізуі мен еркін пікір білдіруіне шектеу қоюы мүмкін дейді.

ӨҢІН АЙНАЛДЫРҒАН КГБ

Арнайы сауалнамаға қатысқан қарапайым Ресей азаматтарының көпшілігі аталмыш заң туралы мүлдем естімеген болып шықты. Дмитрий Медведев шілденің 29-ы қол қойып бекіткен бұл нормативтік-құқықтық актіге сәйкес ФСБ өкілдері өздері қылмыскер ретінде қауіп төндіріп тұр деп есептейтін кез-келген адамға ескерту жібере алады.

Биылғы наурыздың 29-ы Мәскеу метросында болған жарылыстан кейін Мемлекеттік Думаның қарауына түскен заң жобасы үш оқылымда талқыланды. Шілденің 19-ы Ресей Думасында мақұлданған заңның бастапқы нұсқасы бойынша ФСБ-ге тіпті күдікті адамдарды кеңсесіне алдыруға және ескерту ақпаратын баспасөз құралдарына жариялауға рұқсат беру туралы баптар болған. Ресей президенті сәл түзетілген түріне қол қойғанмен, заңға қатысты сын айтушылар көбеймесе, азайған жоқ.
Заң қабылдануына қарсылық көрсетіп тұрған Яблоко партиясының өкілі. Мәскеу, 26 шілде 2010 жыл

Кремльдің қисыны бойынша бұл заң экстремизммен күресуге көмек болады. Сонымен қатар көпшілік халық осы заң күшіне енген соң ресми түрде рұқсат берілмеген қарсылық іс-шараларына қатысудың заңға қайшы екенін анық сезінбек.

Ресейлік құқық қорғаушылар бұл заң қолданысқа кіргесін КГБ-нің мұрагері заңды аттап өтіп, бұрынғыша саяси режимнің сыншылары мен журналистерді қорқытып-үркітуге кіріседі деп алаңдайды. Шілденің 21-і The Moscow Times басылымында жарық көрген Юлия Латынинаның мақаласында мұндай заң қабылданбай тұрып-ақ ФСБ қызметкерлерінің қалайша өкілетін асыра пайдаланып жүргені жөнінде нақты мысалдар келтірілді.

ҚАҚҚА ЖАРЫЛҒАН КӨЗҚАРАС

Ал қарапайым Ресей халқы ФСБ-нің өкілеттілігін күшейтетін заң туралы мүлдем естімеген болып шықты. Шілденің 18-22 арасында «Левада Центр» деп аталатын тәуелсіз ұйым осы мәселе бойынша сауалнама жүргізді. Сұралған халықтың 67 пайызы заңның қабылданып жатқанынан мүлдем бейхабар болып шықты. Үш пайызы ғана осы мәселенің төңірегінде жүріп жатқан қызу пікір-таласты қалт жібермей тыңдап отыр екен.

«Левада Центрдің» директоры, әлеуметтанушы Лев Гудковтың айтуынша Ресей қоғамы ФСБ-нің қоғамдағы мәртебесіне қатысты қоғамдық пікірдің екіге жарылып тұрғанын айтады.

«Халықтың бір бөлігі ФСБ-ні ұлт мүддесі мен мемлекттік құпияның қорғаушысы ретінде қабылдайды. Бұлардың көпшілігі - ауыл мен шағын қалаларда тұратын орта білімді адамдар. Барлығы дерлік бірден-бір ақпарат көзі ретінде мемлекеттік телеарнаны қолданатын топ. Екінші бөлік ФСБ-ні тек жағымсыз жағынан танитын жоғары білімді, орта жастан асқан адамдар. Бұлар ФСБ атауын жаппай қудалау, террор, басқаша ойлайтындарды ату, асу және қуғындау сияқты түсініктермен қатар қояды».
ФСБ офицері казиноны жабу кезінде. Махачкала, 17 сәуір 2010 жыл

«Азаматтық құқық үшін» комитетінің төрағасы Андрей Бабушкин бұл заң күшіне енген соң ФСБ-нің қылмысты ашу, терактілердің алдын алу бойынша көрсеткіштері жақсара қоймайды. Құқықорғаушы басқа мемлекеттік ұйымдармен салыстырғанда техникалық жабдықталу мен қаржыландыру бойынша ФСБ-нің жағдайы өте жақсы екенін айтады. Бірақ, соған қарамастан нәтиже жоқтың қасы дейді.

Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы Владимир Путин 2000 жылы елдің президенті болып сайланғасын бұл ұйым өзін көпшілікті терроризм мен исламизмнен қорғайтын бірден-бір орган ретінде танытуға тырысып келеді.

Бірақ, бұл қаһарман бейнеге Ресей халқы түгел имандай сенеді деп айту қиын. Мысалы, Азат Еуропа/Азаттық Радиосының Орыс қызметіне сұхбат берген Псков тұрғындарының кейбірі мемлекеттік үгіт-насихат жүйесінің үлгісі бойынша «ФСБ Ресей халқын Батыстың іштен іріту әрекеттеріне тойтарыс беріп отыр» деп мақтаса, екінші біреулер Ресей халқы арнайы қызмет орындарының ілгегіне мықтап ілінгенін атап өтеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG