Accessibility links

АҚШ Ауғанстаннан 2000 сарбазын әкетпек. Салдары не болмақ?


Ауғанстанның үкімет күштерін жаттықтыратын орталықта жүрген АҚШ сарбаздары. Герат, Ауғанстан, 2 ақпан 2019 жыл. Көрнекі сурет.
Ауғанстанның үкімет күштерін жаттықтыратын орталықта жүрген АҚШ сарбаздары. Герат, Ауғанстан, 2 ақпан 2019 жыл. Көрнекі сурет.

Вашингтонның Ауғанстаннан екі мың сарбазын алып кету туралы шешімі қарама-қайшы пікір тудырды. Бірі әскер санының бұлай азаюы экстремистік топтарды жігерлендіреді десе, бірі шиеленісті шешуге оң әсер береді дейді.

АҚШ әскерінің әкетілуі туралы жаңалық 16 қарашада тарады. Сол күні баспасөз құралдары АҚШ президенті Дональд Трамптың санаулы күн ішінде Ауғанстан мен Ирактағы АҚШ әскерінің санын одан әрі азайту туралы шешімін жариялайтынын хабарлады. Келесі күні АҚШ қорғаныс министрінің міндетін атқарушы Кристофер Миллер жаңалықты растап, америкалық сарбаздарды еліне қайтару келесі жылы 15 қаңтарда, Трамптың Ақ үйден кетуіне бес күн қалғанда аяқталатынын айтты.

18 қараша күні "Талибан" қозғалысы АҚШ-тың бұл шешімін қош көретінін мәлімдеп, оны Ауғанстандағы соғысты аяқтауға көмектесетін "жақсы қадам" деп атады.

"Бұл – екі ел халқының мүддесінен шығатын жақсы қадам" деді "Талибан" қозғалысының баспасөз хатшысы Забиулла Муджахид 18 қараша күні AFP (Agence France-Presse) агенттігіне АҚШ пен Ауғанстанды меңзей отырып.

Ауғанстан күштерінің сарбаздары Кабулға кірберіс жол бойында тұр. 18 қараша 2020 жыл.
Ауғанстан күштерінің сарбаздары Кабулға кірберіс жол бойында тұр. 18 қараша 2020 жыл.

Бірақ АҚШ-тың бірқатар одақтасы әскер санын азайтуды асығыстық шешім деп бағалап, Ауғанстандағы қауіпсіздік жайына алаңдап отыр.

Жаңа шешімге сәйкес, АҚШ-тың Ирактағы әскер саны 3 мыңнан 2,5 мыңға дейін кемісе, Ауғанстандағы әскері 4,5 мыңнан 2,5 мыңға дейін азаймақ.

Ауғанстанның солтүстігінде жүздеген сарбаздан тұратын әскері бар Германия одақтасының бұл елдегі әскер санын қысқартуы Катарда өтіп жатқан Ауғанстандағы бейбітшілік келіссөздерін қиындатады деп отыр.

"Қосымша кедергілерді жасамауымыз қажет, бірақ Ауғанстаннан асығыс кету соған әкеледі" деді Германия сыртқы істер министрі Хайко Масс.

Ауғанстанда бейбітшілік орнату туралы келіссөзге қатысушылар. Доха, Қатар, 12 қыркүйек 2020 жыл.
Ауғанстанда бейбітшілік орнату туралы келіссөзге қатысушылар. Доха, Қатар, 12 қыркүйек 2020 жыл.

Дональд Трамп АҚШ-тың қатысуымен өтіп жатқан соғыстарды аяқтап, америкалық сарбаздарды елге қайтаруды басты уәделерінің біріне айналдырған. Ақпандағы келіссөздерден соң АҚШ-тың Ауғанстандағы әскері 13 мыңнан 4,5 мыңға дейін азайтылған еді. АҚШ пен "Талибан" қозғалысы арасында өткен бұл кездесуде қозғалыстың Ауғанстан үкіметімен бейбітшілік келіссөздерін бастау мәселесі қамтылған.

АҚШ-тың жаңа сайланған президенті ретінде 2021 жылдың 20 қаңтарында қызметіне кірісетін Джо Байденнің транзиттік ұжымы аталмыш шешім жөнінде қандай да бір мәлімдеме жасамады. Бірақ Байденнің өзі Трамп әкімшілігінен ұлттық қауіпсіздік жөнінде ешқандай лездеме ала алмай жатқанын айтты. Бұл лездемелер – президенттік бір адамнан екінші адамға өтер кезде болатын дәстүр.

Әскер санын азайту туралы шешім Ауғанстанда зорлық-зомбылық күшейген тұста қабылданып отыр. Ал Иракта 17 қараша күні Бағдадтағы қамалмен қорғалған "Жасыл аймаққа" төрт зымыран түскен. Бұл аймақта көбіне үкімет ғимараттары мен шетелдік миссиялардың үйлері орналасқан.

АҚШ қорғаныс министрінің міндетін атқарушы Кристофер Миллер. Вашингтон, 17 қараша 2020 жыл.
АҚШ қорғаныс министрінің міндетін атқарушы Кристофер Миллер. Вашингтон, 17 қараша 2020 жыл.

АҚШ қорғаныс министрінің міндетін атқарушы Кристофер Миллер шешімнің Трамп ұстанатын саясатпен ұштасатынын айтты. Миллер бұл саясатты "Ауғанстан мен Ирактағы соғыстарды сәтті және жауапты қорытындыға әкелу және біздің батыл әскерилерімізді үйіне қайтару" деп сипаттады.

Қызметіне өткен аптада тағайындалған Миллер шешім жөнінде әскери қолбасшылармен, Конгресс мүшелерімен, НАТО бас хатшысы Йенс Столтенбергпен және Ауғанстан президенті Ашраф Ғанимен сөйлескенін айтты.

Миллердің сөзінше, АҚШ "Талибанмен" келісімге келу жұмыстарын атқарып отырған Ғани үкіметін қолдауды одан әрі жалғастырады және Ауғанстан мен Ирактағы жағдай ушығар болса, жауап қайтарады.

Ауғанстан ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Рахматулла Андар Ауғанстан қауіпсіздік және қорғаныс күштерінің әскери амалдардың 96 пайызын өздері атқарып отырғанын, елді жаулардан одан әрі қорғауға дайын екенін айтты.

НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Ауғанстан басшылығына НАТО-ның қолдауы толастамайтынын мәлімдеді.

"Ашраф Ғанимен НАТО-ның миссиясы жөнінде сөйлестім. Біз Ауғанстандағы бейбітшілік процесін қолдаймыз... НАТО АҚШ әскері азайғанына қарамастан ауған күштерін халықаралық терроризмге қарсы күресінде жаттықтыруды, оларға кеңес беруді және көмектесуді жалғастыра береді" деп жазды Столтенберг Twitter-де.

Столтенберг осыған дейін Ауғанстаннан асығыс кетудің зардабы болатынын, ол зардаптың салмағы НАТО-ға түсетінін мәлімдеген. Ауғанстандағы АҚШ әскерінің күрт азаюына Трамптың Конгрестегі республикашыл одақтастары да алаңдап отыр.

16 қараша күні АҚШ сенатындағы республикашылдар жетекшісі Митч Макконнелл Ауғанстандағы америкалық сарбаздардың күрт азаюы экстремистерге пропагандалық жеңіс сыйлап, одақтастарымыздан бас тартуға пара-пар деді.

"Талибан" Ауғанстанның қай аймағын бақылауда ұстап отыр? Инфографика.
"Талибан" Ауғанстанның қай аймағын бақылауда ұстап отыр? Инфографика.

АҚШ пен "Талибан" арасындағы ақпанда өткен келіссөзге сәйкес, "Талибанның" "Әл-Қайда" террорлық ұйымымен және өзге де халықаралық әскери топтармен байланысын үзуі үшін Ауғанстандағы халықаралық әскери күштер 2021 жылғы мамырға дейін елден кетуі керек. Бірақ бұл келісімді толық жүзеге асыруда кедергі болып отырған бір жайт бар. Катар астанасы Дохада өтіп жатқан Ауғанстан үкіметінің өкілдері мен "Талибан" арасындағы келіссөзде ешқандай алға жылжу байқалмай отыр.

АҚШ әскері Ауғанстанға 2001 жылы келген. 11 қыркүйектегі террорлық шабуылдан санаулы апта өткен соң АҚШ бастаған әскери коалиция Ауғанстанға басып кіріп, "Талибанды" биліктен кетірген. Ол уақытта террорлық шабуылды ұйымдастырды деген "Әл-Қаида" ұйымы осы Ауғанстанда болатын. Кейінгі жылдары "Талибан" күш жинап, 2018 жылға қарай ықпалын күшейтіп, Ауғанстанның АҚШ қолдап отырған үкіметіне қаупін арттырды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG