Accessibility links

Алты жасар қызға үйленген молда тұтқындалды


Ауған балаларына содырлар мен террористік шабуылдардан ғана емес, жергілікті дәстүрлерден де қатер төнеді.

Ауған балаларына содырлар мен террористік шабуылдардан ғана емес, жергілікті дәстүрлерден де қатер төнеді.

Алты жасар қызға үйленді деп айыпталған ауған молдасын полиция қамауға алды. Молданың өзі некесін қыздың туыстары рұқсатымен қиғанын айтса, қыз баланың ата-анасы мұны теріске шығарады.

Молданың өзі бұл әрекетін «некелесу» деп атайды, қыздың әке-шешесі адам ұрлауға жатқызады. Қалай болғанда да бұл өте күрделі жағдай, алты жасар қыз балаға үйленгенін айтқан ауған молдасы сотталғалы жатыр.

«ҰРЛЫҚ» ПА, «СЫЙЛЫҚ» ПА?

Ауғанстанның Гор провинциясындағы бір ауылдың діни қызметкері, жасы 50-ден асқан Сайыд Мұхамет Кәрім осы аптада тұтқындалып, кәмелет жасқа толмаған қызды ұрлап, үйленбек болды деп айыпталды. Бұл оқиға Ауғанстандағы бала жастан үйлену және оның заңсыз екені туралы мәселеге жұрт назарын тағы аударды.

Кәрім қызды ата-анасынан «сыйлыққа» алғанын айтады. Олар молданың «дін жолындағы шәкірттері» екен. Ал қыздың ата-анасы «Кәрім қызымызды маусым айында ұрлап кетті» дейді. Азаттық радиосы кәмелеттік жасқа толмаған қыз баланың аты-жөнін жарияламауды ұйғарды.

Ауғанстан заңдары бойынша, қыздар 16 жастан бастап тұрмысқа шығуға құқылы. Бірақ бұл елдің конституциясы шариғат заңына да рұқсат береді, солайша жас балаға үйленуге жол ашылады. Шариғат заңын түсіндірушілер қыз бала балиғат жасқа толысымен тұрмысқа шыға алатынын айтады.

КОНСТИТУЦИЯ МЕН ДІН

Ауғанстан конституциясындағы кейбір либералдық және демократиялық баптар «ешбір заң қасиетті ислам дінінің сенімі мен ережесіне қарсы тұра алмайды» деген қаулымен қайшылыққа түсіп келеді. Шілденің 27-сі күні Гор өңірі полициясы тұтқындаған Кәрім «қызды маған сыйлық ретінде берді, біз үйлендік, сондықтан мен оны асырап-бағамын» дейді.

Ауғанстанның діни дәстүрлер бойынша қыздар жақын туыстығы жоқ бөтен еркекпен оған тұрмысқа шыққан жағдайда ғана бірге тұра алады. Бұл елде асырап алу өте сирек кездеседі. Гор провинциясы орталығы Фируз Кох қаласында қамалған Кәрім «Ата-анасы қыздарын маған беріп, қалаған жеріңізге алып кетіңіз деді. Оны бағу үшін жиеніме бердім, ол бірақ бір аптадан соң қызды өзіме әкеліп тастады» дейді.

Ауған балаларының кейбірінің тағдырын ата-аналары олардың пікірін сұрамастан шешеді.

Ауған балаларының кейбірінің тағдырын ата-аналары олардың пікірін сұрамастан шешеді.

Алайда молда қыздың ата-анасы неліктен өзіне сыйлық жасауға тиісті болғанын түсіндіре алмады. Ауғанстанда Құдайға жағамыз деп ойлайтын ауылды жердің адамдары дін өкілдеріне ақша, мал және жер сыйлап жатады. Кейбір жағдайларда балаларын да діни қызметкердің асырауына береді.

«Қасиетті Рамазан айында 30-40 адамның қатысуымен некелестік» деген Кәрім «қалыңдықтың» ата-анасы да бұл рәсімге қатысқанын айтады. Көрші Герат провинциясына тұратын қыздың ата-анасы бұл мәлімдемені үзілді-кесілді теріске шығарып отыр, олар Гордағы полицияға «қызымызды ұрлап кетті» деген арыз түсірген.

Гор полициясы командирінің орынбасары Мұхамет Земан Адзами «Бұл адам (молданы айтады – ред.) үйленгенімізді қыздың ата-анасы мақұлдады дейді. Біз қыздың әке-шешесімен де сөйлестік, олар үйлену тойында болмадық деді. Бізге қыздарын ұрлап кеткенін телефон арқылы хабарлады» дейді.

ТІРІДЕЙ ӨРТЕНУ

Кәрім қызбен жыныстық қатынасқа түспегенін айтады. Жергілікті денсаулық сақтау мекемесі өкілі оның бұл сөзін растады. Фируз Кох емханасында жұмыс істейтін дәрігер Нашафарин Шихаб «Екі акушерканың қатысуымен тексердік. Сараптама қыздың физикалық және психологиялық зиян шекпегенін көрсетті» дейді.

Гордағы әйелдер ісі жөніндегі кеңсе басшысы Масома Әнуар мұндай үйлену оқиғасын «сұмдық жағдай» деп атады, бірақ істің анық-қанығы әлі анықталмағанын ескертті. «Бұл қыз ұрлануы, адам саудасының құрбаны болуы немесе осы адамға тұрмысқа берілген болуы мүмкін. Біз 100 пайыз шындықты анықтау үшін жұмыс істеп жатырмыз» деді ол.

Ауған балалары. (Көрнекі сурет)

Ауған балалары. (Көрнекі сурет)

Ауғанстандағы адам құқықтары жөніндегі тәуелсіз комиссия (AIHRC) дерегі бойынша, бұл елде жас балаларға үйлену кең тараған. AIHRC өкілі Сима Самар осы айдың басында журналистерге берген сұхбатында «Кей аймақтарда қауіп-қатер көп болуы себепті және кедейлік кесірінен кейбір отбасылар қыздарын өте ерте жастан күйеуге беріп құтылады» дейді.

Қазір жасы 50-ге толмаған ауған әйелдерінің 15 пайызы 15 жасқа толмай ұзатылған, Save The Children үкіметтік емес ұйымының дерегінше, бұл елдегі әйелдердің жартысына жуығы 18 жасқа толмай тұрмысқа шыққан.

Шілденің 16-сы күні Горда жүкті әйел қаза тапты. 14 жастағы Зухраның ата-анасы оны «күйеуінің туыстары азаптап, өртегенін» айтады. Ал Зухраның күйеуінің туыстары «әйел өзін-өзі өртеді» дейді. Кейбір ауған әйелдері мәжбүрлі некеден құтылу үшін өзін өзі өртеген оқиғалар жиілеп келеді.

Фруд Бежанның мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG