Accessibility links

Тәжік билігінің қаупі – патшалығы жоқ ханзада Ага Хан


Ага Хан (сол жақтан екінші) және ханшайым Зара Ага Кан (оң жақта) ирланд шабандозы Джон Патрик Муртагты жеңісімен құттықтап жатыр. Франция, Шантильи, 17 маусым 2012 жыл.

Ага Хан (сол жақтан екінші) және ханшайым Зара Ага Кан (оң жақта) ирланд шабандозы Джон Патрик Муртагты жеңісімен құттықтап жатыр. Франция, Шантильи, 17 маусым 2012 жыл.

Азаттық тілшісі өзі дінбасы, өзі миллионер-филантроп, байлығын сұлу әйел мен жүйрік аттан аямайтын Ага Ханның портретін жасауға тырысты.

Алматы облысындағы Текелі қаласы маңында 2010 жылы халықаралық Орталық Азия университетінің құрылысы басталды. Бұл іске Aga Khan Development Network қоры 250 миллион доллар бөлген.

Орталығы Тәжікстанның Хорог қаласында, бөлімшелері Қазақстан мен Қырғызстанда ашылуы керек бұл университет жайлы келісімге осы ел президенттері мен Ага Хан 2000 жылы қол қойған еді.

Азаттық тілшісі «Ага Хан деген кім?» деген сауалға жауап іздейді.

АГА ХАНҒА ҰЙЫҒАНДАР КІМДЕР?

Жақында Тәжікстанның шығысында болған қанды қақтығыстан соң ықпалды дала командирі өкіметке өз еркімен берілді. Ол мұны «Ага ханның айтуы бойынша істегенін» айтты.

Ага Хан – Таулы Бадахшан ауданында тұратын исмаилиттердің қастерлейтін адамы. Бірақ оның ықпалы тек осы ауданның аумағымен шектелмейтін тәрізді.

Ресми титулы «Ұлы Мәртебелі Ханзада IV Ага Хан» деп жазылатын Ага Хан – исмаилит мұсылмандардың қазіргі имамы.

Әлемнің 25 елінде оның 15 миллионға жуық қолдаушысы бар. «Низари исмаилиттер» деген де аты бар бұл ағымның өкілдері көбіне Африка және Азия құрлығындағы елдерде (атап айтсақ, Пәкістан, Ауғанстан, Тәжікстан және Иранда) өмір сүреді. Оған қоса АҚШ, Канада және Ұлыбританияда да үлкен қауымдастықтары бар.

Мұхаммед пайғамбардың тікелей ұрпағы деп аталатын 75 жастағы Ага Хан – исмаилиттердің 49-имамы, рухани көсемі.

ПАТШАЛЫҚ АТАҒЫ ҚАЛАЙ БЕРІЛГЕН?

Исмаилит имамдары өздерін және бала-шағасын «ханзада» және «ханшайым» деп атайды, бұл атақты олар арғы аталары - 18-ғасырда өмір сүрген парсы патшасы Әли шахтан алған.
Ага Хан мен Калифорния губернаторы Арнольд Шварценеггер. АҚШ, 14 сәуір 2008 жыл.

Ага Хан мен Калифорния губернаторы Арнольд Шварценеггер. АҚШ, 14 сәуір 2008 жыл.


Бұл титулды британ үкіметі ресми түрде мойындаған. 20 жасында атасының орнын басқан Ага Ханға «Аса мәртебелі» деген атақты 1957 жылы Ұлыбритания патшайымы Елизавета берді.

Ага Хан – Ұлыбритания азаматы. Бірақ оның патшалық атағы ұрпақтарына мұра болып берілмейді. Ага Хан отбасы ешқандай елге не географиялық аймаққа басшылық жасамайды.


АГА ХАННЫҢ ТАБЫС КӨЗІ НЕ?

Forbes журналы Ага Ханды әлемдегі ең бай патшалардың ондығына кіргізіп, дәулетін 800 миллион долларға бағалаған. Ал кейбір деректерге сенсек, Ага Ханның 3 миллиард долларға жуық қаржысы бар. Бұл табыстың көбі исмаилит қауымдастығына кіретіндердің жарнасынан түседі. Исмаилит ағымындағылар табыстарының кем дегенде 10 пайызын дінбасының шотына аударады деген дерек бар.

Бірақ имам бұл ақшаны жеке басына пайдалана ма, жоқ па - ол жағы анық емес. Ага Ханды жақтаушылардың айтуынша, жиналған қаражат демеушілік шараларға, дамушы елдердегі, соның ішінде исмаилиттер көп қоныстанған мемлекеттердегі білім және қайырымдылық жобаларына жұмсалады.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (оң жақта) мен ханзада Ага Хан. Тәжік-ауған шекарасы, 1 қараша 2011 жыл.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (оң жақта) мен ханзада Ага Хан. Тәжік-ауған шекарасы, 1 қараша 2011 жыл.


Ага Ханның өзі бірнеше бизнеспен айналысады, соның ішінде эксклюзивті қонақүйлерге қожайындық етеді деген де ақпарат бар.

Кейбір дерек көздері Ага Ханның миллиондаған долларлық ат жарыстарын да өткізіп пайда табатынын, жүйріктерді өсіріп-баптау арқылы да мол табысқа кенеліп жүргенін жазған. Франция мен Ирландияда оның жылқы фермалары бар.

БАСҚА ДІНБАСЫЛАРДАН ҚАНДАЙ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ БАР?

Ага Хан – дінбасы, рухани көсем болумен қатар, серілігімен де аты шыққан адам. Оның сұлу келіншектерге, жүйрік ат пен қымбат көлікке қызығатыны әмбеге аян.

Қолдаушылары Гарвардта білім алғанына, дінге берілгеніне, әлемдегі бейбітшілікке қызмет ететініне мән берсе, папараццилер оның жеке өміріне, неше рет үйленіп-ажырасқанына, некеден тыс ойын-сауықтарына көбірек көңіл бөледі.

Ага Хан алғашқы әйелі, үш баласының анасы – Сара Крокер Пулмен 25 жыл отасқаннан соң ажырасты. «Бегім Сәлима» деген мұсылман есімін алған бұрынғы модель неке бұзу ақысы ретінде 30 миллион доллар алған, мұнымен қоса 27 миллион долларға бағаланған әшекей бұйымдар да Сара-Сәлимаға бұйырған.
Ага хан мен екінші әйелі Бегім Инаара, 11 қараша 1998 жыл.

Ага хан мен екінші әйелі Бегім Инаара, 11 қараша 1998 жыл.


1998 жылы Ага хан германиялық Габриель цу Лейнингенге үйленді. Одан бір ұлы бар. «Бегім Инаара» деген мұсылман есімін алған неміс әйелі алты жыл отасқан соң, көзіне шөп салғаны үшін Ага Ханнан ажырасуға өтініш берді.

Олар қазір бөлек өмір сүріп жатыр. Имам әйелінің 80 миллион доллар көлемінде өтемақы төлеу туралы талабымен келіспей отыр.

ТӘЖІКСТАН БИЛІГІ АГА ХАННАН НЕ ҮШІН ҚАУІПТЕНЕДІ?

Сансыз көп жылжымайтын мүлкі, үйлері, фермалары, тіпті жекеменшік аралы болса да, Ага Хан - бәрібір патшалығы жоқ ханзада. Ал Тәжікстанның Таулы Бадахшан өңірі - әлемдегі исмаилиттер тығыз қоныстанған, «автономиялық аудан» дәрежесі бар бірден-бір аймақ.

1990 жылдардағы азамат соғысы кезінде «Таулы Бадахшан исмаилиттері Тәжікстаннан бөлініп шығып, тәуелсіз мемлекет болады» деген сыбыс та тараған. Жергілікті қауымдастық басшылары бұл пікірді үзілді-кесілді жоққа шығарды. Бірақ тәжікстандық журналист әрі жазушы Раджаби Мирзоның айтуынша, Тәжікстанның саяси билігі Ага ханға әлі күнге дейін күдікпен қарайды.

«Таулы Бадахшанда жақында болған қантөгіс жергілікті халықтың президент Эмомали Рахмоннан гөрі имам Ага Ханға көбірек сеніп, соны көбірек құрметтейтінін айқын аңғартты», – дейді Мирзо.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG