Accessibility links

Еркіндіктің елшісі


Қазақ мүсіншісін Мәскеуде ұлықтады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:10 0:00

ВИДЕО: Еркін Мергеновтің соңғы көрмесі. Мәскеу. 16 шілде, 2015 жыл.

Мүсіндеріңіз ауыр металлдардан жасалған. Бейнелеріңіз сондай нақты және әрекетшіл.

ЕРКІН АҒА! Сіз өзіңізді аға деуге қарсы болатынсыз. Әйтеуір, екеуміздің арамызда ондай субординация болған емес. Сонда бұл не – қартаюдан қорқу ма, әлде, дүниеде кездесетін барлық құбылыстармен бір мысқалда артық емес, кем емес, тең қатынас жасаудың амалы ма?

Меніңше, соңғысы болар. Бірақ, сонымен бірге, сіз өмірден 75 жаста кетсеңіз де, қартаймай кеттіңіз. Сіздің осынша жасыңызда Сізге бір жас қыз ғашық болып, сол аруды ана қылып, бала қалдырдыңыз! Бұл соңғы жылдары ауырып жүрсеңіз де, ақырғы шығармашылық әрекетіңіз еді. Меніңше, осы өміршеңдік сіздің мүсіншілік өнеріңізге де тән. Сіздің мүсіндеріңіз ауыр металлдардан жасалған. Бейнелеріңіз сондай нақты және әрекетшіл. Әдеттегі мүсіндерде көбінесе қозғалыс болмайды. Ал сіздің жасаған дүниелеріңіз қозғалысқа, екпінге, құлпыртып айтсақ, ішкі қарсылыққа толы.

Иә, сізде шыныменде көрермен алдында әдеп сақтау деген жоқ, өйткені жұмыстарыңыз аласапыран ойдан, түбі жоқ терең ізденістерден туындаған. Және қаншама көпқосынды, неше мың астарлы болса да, өмірмен тығыз байланыста. Өйткені сіз жұмыстарыңыз арқылы өмір тудырған проблемаларға жауап іздейсіз, барлық идеяларыңызды өзіңіздің өмірлік тәжірибеңізден аласыз.

Сонымен қатар, сіздің өнеріңіз өмірден жоғары, бұл бағытты француздар сюрреализм деп атаған. Олар өмірдің мәнін адам түсінен және, әсіресе, санадан тыс жасалатын әрекеттерден іздеген. Сол сияқты сіздің өнеріңізде де жоқ нәрсені бар қылып, кенеттен пайда болған жаңа форма арқылы тосын мән іздеу басым. Сіздің эстетикаңыз жұмбаққа, жұмбақтауға толы. Мысалы, сізде мынандай мүсін бар: біз велосипед ұстап тұрған кемпірше киінген бір қазақ әйелін көреміз. Бірақ оның беті жоқ. Бетінің орнында қара қуыс. Велосипедтің багажнигінде аузы жабық құты. Сонда бұл композицияны қалай түсіндік? О заманда, бұ заман велосипед мінген кемпір көрдіңіздер ме? Әлгі құтының бұларға қандай қатысы бар?

Меніңше, бұл жұмбақты шешуге апаратын жол мынау: орыста «Не надо избретать велосипед» деген мақал бар. Мәнісі: ашылған нәрсені қайта ашудың қажеті жоқ, оны сол күйінше пайдалана беруге болады. Меніңше, мұнда дәстүрге де, әсіре жаңашылдыққа да арналған бір кекесін бар. Бет-жүзі жоқ кемпір дәстүрге мегзеп тұр. Өйткені дәстүрлі қоғамда жеке тұлғалық сана болмайды, тұлға ұжымда жоғалған. Ал ұжым велосипед ашпайды, атам заманғы нәрселерді қайталауменен қаннен қаперсіз өмір сүре береді. Онысы дұрыс та болар, өйткені қалай болғанда да адамға өмір сүру керек қой. Құты осының белгісі. Бұл құтыны автор көне түркілердің балбал тасынан алған.

Балбалдар көне заманның жерлеу рәсіміне арналған дәстүрлі мүсіндер. Бет-жүздері нобайлап қашалса да, әрбіреуінің қолында міндетті түрде құты бар. Ол – адамның өмірдегі несібесі. Сол сияқты сіз дәстүрлі қоғамның, немесе жаңа заманның өкілі болсаңызда сізге қоректену керек, өмірді жалғастыру керек. Сонда бізге не маңыздырақ дәстүрді жалғау ма, модернизмге көшу ме, әлде, малша күйсеп, түр-түссіз кейпімізбен өмір кеше беру ме? Міне автордың ойы қайда кеткен! Сонымен бірге, ол өзі қойған жұмбағының шешімін де тапқандай боп тұр.

Еркін Мергеновтің "Кездесу" деп аталатын мүсіні. Сурет Еркін Мергеновтің отбасынан алынды.
Еркін Мергеновтің "Кездесу" деп аталатын мүсіні. Сурет Еркін Мергеновтің отбасынан алынды.

Егер автор бет-жүзі жоқ кемпірге велосипед ұсынып тұрса, демек, дәстүр жаңалықпен қосылуға, жаңа формаға көшуге тиіс. Сонда ғана ол өзгеріп, өміршең болады. Жәнеде дәстүр құтысын тастамай өзімен ала жүреді, келесі жаңа ұрпаққа жеткізеді. Міне, осылайша Мергенов үш бейнеден тұтас философия жасап отыр, ендігі өмір дәстүр мен жаңалықтың қосындысы деген. Жәнеде олар бір-біріне тіреу болмаса, өзінің тиісті несібесінен айырылады. Сонда біздің суреткеріміздің өзі кім болғаны ол дәстүршіл кертартпа біреу ме, ешкімге бас имейтін, ешқайда бет бұрмайтын әсіре модернист пе? Кім?

Меніңше, Мергеновты этносюрреалист деп атауға толық негіз бар. Өйткені ол дүниетанымы бойынша модернист, бірақ барлық материалын тек өзінің ұлттық болмысынан алады. Ал модернисттер көбінесе болашаққа талпынғыш болса, Мергенов осы нақты өмірімізде тұрып ұлттық болмысынан қол үзбей, оны жаңартуға оқталған тұлға. Менің бұл ойға келгенім, Ерекеңнің тірі кезінде оны терең ұғынып, шын көңілмен аялаған өнертанушылар аз болды. Енді оның екінші, мәңгі өмірі басталғанда, елімізде мергеновтану ілімі қалыптасуына тілектеспін.

Ол Астанадағы соңғы көрмесін «Еркіндік» деп атаған екен. Расында да, оның өз есімі де Еркін, бүкіл шығармашылығы да тек еркіндікке толы болатын. Сондықтан оның бізге қалдырған мұрасы шексіз талант пен ұшы-қиыры жоқ еркіндік. Осы мұраны жалғастыра білейік, ағайын!

Ескерту: Блог авторының көзқарасы редакцияның ұстанымын білдірмейді.

XS
SM
MD
LG