Accessibility links

Абай мен Ницше


Алматы метросының Абай станциясында Абай өлеңдерін оқып тұрған жолаушы. 9 қаңтар 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Алматы метросының Абай станциясында Абай өлеңдерін оқып тұрған жолаушы. 9 қаңтар 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Егер әлемдік философияда Абай біреуге ұқсайтын болса, ол, әрине, неміс философы Фридрих Ницше.

Расында да, Абай мен Ницшені салыстыру орынды. Өйткені басқаны қойғанда, олар замандас болған: екеуі де 19-ғасырдың біріншісі жартысында туып, 20-ғасырдың басында қайтыс болған. Егер Абай қазақы дүниетанымды күйретуші, дін мен білімнің бірігуін армандаған рухани реформатор болса, Ницше - Батыс Еуропада «Құдай өлді» деп христиан дініне қарсы шығып, «сверхчеловек», яғни «асқан тұлға» туралы ілім жасаған зайырлы философ. Егер Ницше бүкіл Еуропа мәдениетін өзінен бұрын болмаған табандылықпен және әмбебаптылықпен сынаса, Абай қазақтың көшпенділік қалыптастырған тұрмыстық тәжірибеге негізделгенмәдениетіне қарсы шығады. Бірақ дәл осы арада олардың ұқсастығы бітеді. Өйткені Абай метафизикаға талпынса, Ницше - метафизиканың тас-талқанын шығарған күрескер.

Ницшенің ойынша, христиандардың рухты өмірден биік қоюы қате, өйткені біз тек мына бар дүниеде ғана өмір сүреміз, сондықтан өміршең, өмірге ырықты, ынталы болғанымыз жөн. Мұндай ұстаным Абайда да бар. Ол бір сөзінде «өмірдің өзі – хақ» дейді және өзге ақиқаттардың бәрін өмір ақиқатымен салыстырып зерделейді. Ницшенің өз ұлты - немістер туралы да айтқан ащы анықтамалары аз емес. Бұл тұрғыда Абайды Ницшемен салыстырғанда, екеуі бір жерден және бір деңгейден шығады. Жалпы, Шопенгауэр мен Ницшеден бері, Еуропа философиясы Шығысқа бұрылып, жан-жаққа көзін ашып бұрынғы европоцентризмнен арыла бастайды.

Ал Ницшенің басты ұғымы, «ұқсас нәрсенің мәңгі оралуына» келсек, өмірдің мәні - тек рухани, метафизикалық нәрселерге талпыну емес, өмірдің ырғағымен өсу, балалық, жастық шақ, үйлену шағы, кемел шақ, қартаю шағынан өтіп, адамның осы өмір сүру шақтарының әрбір кезеңімен гармонияда болу. Бұл арада бірден Абайдыңәйгілі бір шумақ өлеңі еске түседі:

Өмір – үлкен көл,

Заман – соққан жел,

Алдыңғы толқын – ағалар,

Кейінгі толқын – інілер,

Кезегімен өлінер,

Баяғыдай көрінер.

Әсіресе осы соңғы сөйлем Ницшенің «ұқсас нәрсенің мәңгі қайта оралуына» тура сілтеп тұрғандай. Ницшенің даму дегені «биліктің өз-өзіне қайта оралып, өз-өзін табиғатта қайта жандандыратын үстемдігі». Өйткені, қайта оралуға немесе өмірдің мәңгі күресінде тірі қалуға түрлі құбылыстардың ең мықты нұсқалары ғана қабілетті.

Міне, осы тұрғыда Ницшеге адамның жаңа нұсқасы туралы ұғым қажет болды. Ол адам «өлген Құдайдың» орнын басуға тиіс еді. Ол үшін ол өз- өзінен асып түсуге тиіс. Сондықтан Ницше өз-өзіне биік мақсат қойған адамды, құдай туралы «ертегісіз» өмір сүре алатын адамды «асқан тұлға» (сверхчеловек) деп атаған. «Асқан тұлға» бұрынғы құндылықтардың адамын артта қалдырып, одан асып түседі. Сөйтіп, барлық құқықтардың жандануын және барлық құндылықтардың орнатылуын таза билікке жүктейді. Міне, асқан тұлға дегеніміз – осы. Таза билікті жүзеге асырушы қаһарман тұлға. Сонымен, Ницшені ұғу үшін, оны осы нигилизм, «бұрынғы барлық құндылықтарды қайта пайымдау», «билікке ырық», «ұқсас нәрсенің мәңгі қайта оралуы», «асқан тұлға» деген ұғымдардың жеке болмысы мен өзара байланысында зерделегеніміз жөн.

Енді Абай философиясына көшсек, ол да осы Ницше деңгейінен табылып тұр. Себебі Абай қазақтың дәстүрлі ой дағдысынан да, ислам ой машығының үйреншікті аясынан да оп-оңай аттап, өзге, батыстық деңгейдегі ой өлшеміне көтеріліп тұр.

Сонымен, егер Ницше метафизиканы күйретуші болса, Абай - қазақ даласындағы метафизикалық ізденісті тудырушы, әлемдік деңгейдегі дербес ойшыл. Олардың бір жағынан өте ұқсас, бір жағынан бір-бірінен тым өзгеше қарама-қайшы бағытта болатыны, егер 19-ғасыр Еуропа мәдениетінің әбден асып-тасыған дәуірі болса, Абай заманының қазағы отырықшылыққа енді ғана қол жеткізе бастап еді. Егер Батыстың күні батуға жақын болса, Шығыстың таңы жаңа атып келе жатыр еді. Міне осы жаңа атқан таңға бәрі керек еді. Өзінің шексіз мол арайынан ол Абайды тудырды.

Ескерту: Блог авторының көзқарасы редакцияның ұстанымын білдірмейді.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG