Accessibility links

Миллиардер Ричард Брэнсон космоұшағымен суборбитаға барып келді. Бұл не үшін маңызды?


Virgin Galactic компаниясының ғарыш шекарасына дейін көтерілген Unity кемесі жерге қонған соң көлікке тиеліп кетіп бара жатыр. 11 шілде 2021 жыл.
Virgin Galactic компаниясының ғарыш шекарасына дейін көтерілген Unity кемесі жерге қонған соң көлікке тиеліп кетіп бара жатыр. 11 шілде 2021 жыл.

Ағылшын кәсіпкері Ричард Брэнсон өз ұшағына мініп, атмосфера мен ғарыштың шекарасына жетті де, Жерге оралды. Осылайша миллиардар бала күнгі арманына қол жеткізіп, бәсекелесі Джеф Безостан 9 күнге озып кетті. Бұл қадам ғарыш туризмі саласындағы үлкен оқиға ретінде бағаланып отыр.

Брэнсонның Virgin Galactic компаниясына тиесілі Unity ғарыш ұшағы жерден 86 шақырым биіктікке көтерілді. Бұл биіктікте аспан қара түнекке айналып, көкжүйек сопақ пішінді бола шығады. Ұшақ экипажы осы биіктікте бірнеше минут болып, жолаушылар салмақсыздық күйін кешті. Осыдан кейін ұшақ төмендеп барып, жерге қонды.

71 жастағы Брэнсон мен оның бес серігі (экипаждың екеуі – кәсіби ұшқыш, төртеуі –жолаушы) 11 шілде күні Нью-Мексико штатындағы шөлді аймақтан жергілікті уақыт бойынша 08:30-да (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша кешкі 8:30) ұшты, сапар бір сағатқа ұласты.

Брэнсон ғарышқа жолаушы жібермес бұрын космоұшағын өзі тексеріп көргісі келгенін айтты. Unity кемесінің коммерциялық сапарлары келесі жылы басталмақ.

Ричард Брэнсон ұшу алаңына келе жатыр. Нью-Мексико штаты, 11 шілде 2021 жыл.
Ричард Брэнсон ұшу алаңына келе жатыр. Нью-Мексико штаты, 11 шілде 2021 жыл.

Кәсіпкер ғарыш ұшағын әзірлеу идеясын 2004 жылы айтқан. Сол жылы ол Virgin Galactic компаниясының негізін қалаған. Ол кезде Брэнсон көздеген мақсатына 2007 жылы-ақ жетіп, ғарышқа турист жібере бастайтынын мәлімдеген.

Бірақ жоба жолында түрлі қиындық шықты. 2007 жылы Калифорниядағы Мохаве шөлінде өткен сынақ кезінде үш жұмысшы көз жұмды. Ал 2014 жылы сынақ сапары кезінде Virgin Galactic ұшағы бөлініп қалып, бір ұшқыш қаза тапты, екіншісі ауыр жарақат алды.

Ғарышқа жақын биіктікке жеткенде Брэнсон осы сапарға ұзақ жеткенін айтты.

«Жұлдыздарға қарап, қиялдайтын бала едім. Қазір ғарыш кемесінен көркем Жерімізге қарап тұрған ересек адаммын. Арман қуған келесі ұрпаққа айтарым: егер біздің өзіміз осыны жасай алсақ, сендердің қолдарыңнан не келетінін елестетіп көріңдерші» деді ол қауіпсіздік белбеуін ағытар алдында. Осыдан кейін ол орындығынан босап шығып, салмақсыздық күйін кешті, кеңістікте қалқып жүрді.

Virgin Galactic ғарыш ұшағын осыған дейін үш рет сынаған. Сынақ кезінде кеме ішінде екі не үш адамнан болған.

ҒАРЫШ ҰШАҒЫ АТМОСФЕРА ШЕГІНЕ ҚАЛАЙ ЖЕТТІ?

Алдымен қос-фюзеляжды ұшақ горизонтал бағытпен ұшып, Unity кемесін 15 шақырым биіктікке көтерді. Осы тұста ол кеме тасығыш ұшақтан бөлініп, оның зымыран қозғалтқышы іске қосылды. Осыдан кейін кеме дыбыс жылдамдығынан үш есе қатты ұшып, Жер атмосферасы мен ғарыш арасындағы шекараға дейін көтерілді.

Unity кемесі ең жоғары дегенде 90 шақырым биіктікке көтеріле алады. Ал ғарыш 100 шақырымда басталады.

Бірақ НАСА да, АҚШ-тың Федералды авиация әкімшілігі атмосфера мен ғарыш шекарасын 80 шақырым биіктіктен басталады дейді. Мұны кей астрофизиктер де қуаттайды.

Қос-фюзеляжды ұшақ Unity-ді 15 шақырым биіктікке көтеріп, сол жерде ғарыш ұшағы бөлініп шығып, ары қарай өзі ұшады.
Қос-фюзеляжды ұшақ Unity-ді 15 шақырым биіктікке көтеріп, сол жерде ғарыш ұшағы бөлініп шығып, ары қарай өзі ұшады.

БРЭНСОН БЕЗОСТАН ҚАЛАЙ ОЗДЫ?

Unity – суборбита ғарыш ұшағы. Яғни оның қуаты ғарышқа шығып Жерді айнала ұшуға жетпейді. Суборбита жобасы жөнінде оның жалғыз қарсыласы бар. Ол – Amazon компаниясының негізін қалаушы Джеф Безостың New Shephard дейтін капсуласы. Безостің бұл жобасымен оның Blue Origin компаниясы айналысты. Ол бұл компанияның негізін 2000 жылы қалаған.

Брэнсон ұшағының сапары әуелі жаздың соңына белгіленген. Бірақ осыдан біршама уақыт бұрын Безос өз кемесін ғарышқа 20 шілде күні (АҚШ-тың Айға қонған Аполлон-11 кемесі 52 жыл бұрын осы күні ұшқан) ұшыратынын мәлімдеп, Лондон тумасы америкалықтың алдын орап кетті.

Сапар сәтті аяқталған соң, Безос Брэндонға құттықтау сәлемін жолдады.

«Қатарыңа қосылуды тағатсыздана күтемін» деді ол сәлемдемесінде. Бірақ бәсекелесін құттықтаған Безос санаулы күн бұрын Twitter-де өзі ұсынған туристік сапарлардың мықтырақ болатынын айтқан.

Безостың кемесі 100 шақырым биіктікке көтерілмек. Онда миллиардердің өзінен бөлек үш адам болады. Олар: Безостың бауыры Марк, 82 жастағы ғарышкер әйел Уолли Фанк және сапар үшін 28 миллион доллар төлеген белгісіз кісі.

Virgin Galactic коммерциялық ғарыш сапарына 600 тапсырыс түскенін, әрқайсысы 250 мың доллар тұратынын айтады. Сапардан оралған Брэнсон екі орынды ұтысқа тігетінін мәлімдеді. Blue Origin әзірге өз сапарының құнын айтпады. Компания иесі Безостың ұшқанын күтіп отыр.

Virgin Galactic-тің ғарыш туризмі саласындағы тағы бір бәсекелесі – ғарышқа зымыран жіберіп жүренн SpaceX. Компания басшысы Илон Маск ұшу алаңына арнайы келіп, Брэнсонға қолдау білдірді.

Безос пен Маск кемелері Брэнсон ұшағынан өзгеше. Unity сапардың алғашқы бөлігін қосалқы ұшақтың көмегімен орындап, алаңға дәстүрлі ұшақ секілді қонса, Blue Origin мен SpaceX бірнеше мәрте қолдануға жарайтын зымыранға сүйенеді.

Associated Press, BBC және Deutsche Welle ақпараты негізінде әзірленді

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG