Accessibility links

"Стратегиялық маңызды аймақ". Еуропарламент Орталық Азия елдерін жақын болуға шақырды


Еуропарламент Орталық Азия жөніндегі резолюцияны басым дауыспен қабылдады. Қарарда аймақ елдерін адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелерді орындауға және Еуропа Одағымен тығыз ынтымақтастықта болуға үндеген.

Құжат ресми түрде Еуропа Одағының Орталық Азия бойынша стратегиясын бағалау туралы есеп деп аталады. Дауыс беру 17 қаңтарда Еуропа парламентінің жалпы сессиясында өтті. Қарарды қабылдауды 543 депутат қолдап, 42 депутат қарсы дауыс берді, тағы 44 депутат қалыс қалды.

Сыртқы істер жөніндегі комитеттен негізгі баяндаманы Германиядан сайланған еуродепутат, социал-демократиялық фракцияның мүшесі Карстен Луке жасады. Еуропарламентте дауыс бергеннен кейін Лукке әлеуметтік желіге: "Жаңа серіктестікке жаңа жол табу – құбылмалы геосаяси ортада өте маңызды", – деп жазды.

Ашық ақпаратқа сүйенсек, құжатпен жұмыс барысында ол бірнеше рет Қазақстанға келіп, үкіметтің жоғары лауазымды мүшелерімен кездескен. Оның баяндамасының мақсаты ретінде "жаһандық және өңірлік геосаяси өзгерістер аясында Еуропа Одағы мен Орталық Азияның тығыз ынтымақтастығы барысындағы мүмкіндіктер мен проблемаларды қарастыру" көзделген.

САЯСИ ТҰТҚЫНДАР МЕН АДАМ ҚҰҚЫҒЫ

Резолюция авторлары Орталық Азия елдерінде адам құқықтарын бұзғандардың жаппай жазадан сытылып кетіп жатқанына алаңдаушылық білдіріп, азаптау туралы арыздарға және адам құқықтарын бұзуға қатысты өзге де фактілерді тәуелсіз және мұқият тексеруге шақырады.

Онда азаматтардың құқығын жаппай бұзып, көптеген адамның өліміне алып келген оқиғалар туралы да сөз болған. Қазақстан билігінің 2022 жылы қаңтардың басындағы оқиғалар кезінде жаппай наразылықтарды және одан кейінгі тәртіпсіздіктерді тоқтату үшін қатаң шаралар қолдануы (Қанды қаңтар деген атпен белгілі), сондай-ақ Тәжікстанның Таулы-Бадахшан автономиялық облысындағы (ТБАО) памирліктердің наразылығына қарсы және Өзбекстандағы Қарақалпақстан автономиялық республикасында, қырғыз-тәжік шекарасында болған жағдайларға қатысты биліктің қатаң шаралары айтылды.

Резолюция Орталық Азия елдерінің басшылығын "барлық саяси тұтқындарды" босатуға үндеген. Құқыққорғаушылардың пікірінше, саяси астармен тұтқында отырған жиырмадан астам адамның есімі аталған: Әйгерім Тілеужан, Марат Жыланбаев, Бекежан Меңдіғазиев, Тимур Дәнебаев және Қайрат Қылышев (Қазақстан); Әзімбек Бекназаров, Айбек Бұзұрманқұлов, Айданбек Ақматов, Темір Махмудов, Марат Баязов (Қырғызстан); Даулетмұрат Тәжімұратов, Аллабай Тоқымбетов, Нұрлан Найыпов, Әмірбек Әділбеков (Өзбекстан); Фаромуз Иргашов, Ульфатхоним Мамадшоева, Хурсанд Мамадшоев, Хушруз Джумаев (Тәжікстан); Омрузак Омаркулиев, Мұрат Душемов, Мұрат Овезов, Мансұр Мингелов, Нұргелді Халықов (Түрікменстан).

Резолюцияда әлемдегі жабық мемлекеттердің бірі Түркіменстандағы адам құқықтарының ахуалына жантүршігерлік деген баға берілген. 2022 жылы Қарақалпақстанда болған наразылықтарды биліктің аяусыз басып-жаншуы да айтылды. Авторлар Қазақстан билігін Қаңтар оқиғасына қатысты істерді тергеуді аяқтап, қорытынды жариялауға, сондай-ақ азаптау құрбандарына әділ қарауға үндеген.

Сондай-ақ журналистерді, блогерлерді, құқық қорғаушыларды және азаматтық белсенділерді қудалауға қатысты да алаңдаушылық білдірген. Билік заңда көрсетілген сөз еркіндігіне шектеу қойып, елдегі сыбайлас жемқорлық пен үкімет тарапынан билікті асыра пайдалануға қатысты өз пікірін білдіргендерді "жалған ақпарат таратты", "алауыздық тудырды" және "экстремизмді насихаттады" деп айыптағаны да айтылған.

Авторлар сонымен қатар үкіметке деген сенімге селкеу түсіретін, теңсіздікті күшейтетін, азаматтарды мемлекеттік қызметтерді пайдалану құқығынан айыратын және экономиканың дамуын тежейтін Орталық Азиядағы "сыбайлас жемқорлық пен клептократия" туралы да айтады. Орталық Азия елдерінің үкіметтері "халық жаттап алған сыбайлас жемқорлыққа қарсы риторикамен шектелмей", шынайы шаралар қабылдауы керек.

2022 жылдың қаңтарында еуродепутаттар бейбіт наразылықтардан кейін басталған жаппай зорлық-зомбылық актілерін айыптаған резолюция қабылдап, Қазақстан билігін "терроризм" деген сөзді тым жиі қолданудан бас тартуға шақырған еді. Сондай-ақ былтыр қазан айында Еуропарламент 2022 жылғы шілде айының басында Қарақалпақстан автономиялық республикасында болған оқиғалар кезіндегі күштік құрылым өкілдерінің іс-әрекеті мен адамдардың өліміне қатысты "шынайы тәуелсіз, бейтарап" тергеу жүргізуге шақырған резоюция қабылдаған.

Орталық Азия бойынша жаңа резолюция тәуелсіз Тәжікстан мен Қырғызстандағы тәуелсіз БАҚ-тарды жабу мен олардың сайттарын бұғаттауға қатысты үкіметтің кейінгі бастамаларын, сондай-ақ Қазақстан мен Қырғызстанда қаралып жатқан "БАҚ қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейтуі ықтимал" БАҚ туралы заң жобасын айыптаған.

Резолюцияда Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымының 2023 жылғы әлемдегі еркіндік туралы баяндамасында Орталық Азияның барлық бес мемлекеті "еркін емес" авторитарлық режимдер қатарына қосылғаны да айтылған. 2023 жылғы Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі индексінен Орталық Азиядағы БАҚ бостандығы жағдайының айтарлықтай нашарлап кеткенін көруге болады.

РЕСЕЙДЕН ОҚШАУЛАНУҒА ҚАТЫСТЫ СТРАТЕГИЯЛАРДЫ ҚАЙТА ҚАРАУ

2019 жылы Еуропа одағының Орталық Азия бойынша стратегиясы қабылданғалы бері бұл аймаққа Ресейдің Украинаға заңсыз басып кіруі, Ауғанстанда билікті Талибан қозғалысы басып алуы, Қытайдың күшейіп келе жатқан талапшыл сыртқы саясаты және ішкі тұрақсыздық сияқты маңызды факторлар әсер етті делінген құжатта.

Украинаға қарсы соғыс ашқаны үшін Ресейдің оқшаулануы, Ресейді айналып өтіп, Орталық Азия арқылы сауда жолдарын нығайту, жоспардағы Еуропа одағын шығысқа қарай кеңейту және Қытайдың аймақтағы ықпалының артуы, резолюция авторларының пікірінше, Еуроодақтың Орталық Азияға қатысты стратегиясын "толық қайта қарауды" және "аймақта қалыптасқан автократиялық ойыншыларға балама ретінде демократиялық ЕО-ны" белсенді түрде енгізуді талап етеді.

Резолюция мәтініне сәйкес, Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық соғысы салдарынан түрлі проблема туды, бірақ проблемаға қоса, бұрын Мәскеумен тығыз байланыста болған Орталық Азия мемлекеттері үшін мүмкіндіктер туғызды.

Құжатта атап өтілгендей, Орталық Азия мемлекеттерінің ешқайсысы Ресейдің Украинаға басып кіруін ресми қолдаған жоқ және Украинаның аннексияланған жерлерін Ресейдің жері деп мойындаған жоқ.

Резолюция Ресей шенеуніктері мен пропаганда жасаушылары Орталық Азияның жекелеген елдеріне, атап айтқанда Қазақстанға қарсы агрессивті риториканы әлі де жалғастырып, оның аумақтық тұтастығы мен мемлекеттік бірегейлігіне күмән келтіретініне назар аударған.

Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясы және ұлтшылдық нарративтердің күшеюі, резолюцияда айтылғандай, Ресейдің аймақтағы позициясын әлсіретіп, Орталық Азияның басқа ойыншылармен ынтымақтастықты жалғастыруына ықпал етті және бұл ойыншылар "Орталық Азиямен ынтымақтастықты жандандырды". Қарарда Еуропа одағының қазір Орталық Азиямен байланысын кеңейтуге және аймақта анағұрлым көрнекті рөл атқаруға мүмкіндігі барын ерекше атап өткен. Қытайдың аймаққа қатысуы да "назарға алынған".

Сонымен бірге, Ресейден оңтүстікке Қазақстан арқылы және оның аумағына газ жеткізу туралы келісімге қол қою нәтижесінде "Ресейге тәуелділіктің пайда болуы мүмкін" деген алаң бар. Бұл құжат Ресейдің Украинадағы соғысына қатысу үшін мигранттар мен Орталық Азия азаматтарын жалдайтынын айыптайды және мұндай тәжірибені тоқтатуға бағытталған әрекеттерге қолдау көрсетеді.

Еуродепутаттар тұрақты даму, байланыс, энергетика, шикізат ресурстары саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың әлеуетін атай отырып, Орталық Азияны Шығыс пен Батысты байланыстыратын негізгі өңір ретінде көрсетеді. Бұл тұрғыда ол Украинадағы дағдарыстың маңызды геосаяси салдарын еске түсіреді, ол Орталық дәлізді "Азия мен Еуропа арасындағы балама және тұрақты маршрут ретінде қайта жандандырды, бұл Ресей аумағын кесіп өтуге жол бермейді".

САНКЦИЯ РЕЖИМІ

Орталық Азия елдері өз территориясы санкцияны айналып өтуге пайдаланылмауын қамтамасыз етуге күш салып отыр деп жазылған қарарда. Атап айтқанда, резолюцияда Қазақстан билігі "күдікті сауда операциялары анықталған жағдайда" осы әкімшілік шараны қабылдаймыз деп отырғаны айтылған.

Сонымен бірге, резолюцияда "ішінара Ресей мен Беларуське қарсы енгізілген санкцияларды айналып өту мүмкіндігін азайту үшін" экономикалық қатынастарды кеңейту және Орталық Азия елдерімен саяси байланыстарды жандандыру қажет екені жазылған.

Жаңа резолюцияның авторлары Еуропа одағына Орталық Азия стратегиясында Ресейге қатысты санкциялық саясат бойынша Еуроодақпен ынтымақтастық деңгейін бағалауға мүмкіндік беретін сараланған тәсілді қолдануды ұсынады. Сондай-ақ, тауарлардың Ресейге Орталық Азия елдері арқылы "түсуі" мүмкін екенін ескере отырып, экспорт бақылауын қамтамасыз етудегі Еуропа одағы елдерінің рөлі атап өтілді.

Резолюция Орталық Азия елдерінің, әсіресе Қазақстанның, Қырғызстанның және Өзбекстанның билігін Еуропа одағымен, атап айтқанда оның Санкциялар жөніндегі елшісімен санкцияларды айналып өтудің алдын алу үшін күш біріктіруге, ынтымақтастыққа шақырған. Ресейдің Украинаға қарсы кең көлемді агрессиясы басталғаннан кейін осы үш елде тіркелген компаниялардың Кремльдің әскеріне көмектескені байқалып қалған. Баяндамашы Карстен Лукке материалдар алған дереккөздердің ішінде Open Dialogue халықаралық қоры бар. Былтыр осы қордың сарапшылары Қазақстан Ресейге әскери өнеркәсіпте қолданылатын тауарлардың экспортын ұлғайтқанын әшкере еткен.

Резолюцияға сәйкес, Орталық Азия қауіпсіздік пен байланыс, сондай-ақ энергетика мен ресурстарды әртараптандыру тұрғысынан Еуропа одағы үшін стратегиялық маңызды аймақ және Еуроодақ Ресейден тыс сауда және энергетикалық дәліздерді құруға мүдделі.

Биліктің реакциясы әлі белгісіз. Еуропарламент резолюцияларының міндетті күші жоқ және ол ұсыныс деңгейіндегі құжат. 2019 жылдың маусымында Еуропа одағы 2007 жылы қабылданған Еуроодақтың бастапқы стратегиясының орнына Еуропа одағының Орталық Азия бойынша жаңа стратегиясын қабылдаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG