Accessibility links

Евгений Жовтис: Демократияға ешқашан бет бұрмаған, авторитар қалпынан айнымаған режим болды


Қазақстандағы адам құқықтары және заңдылық сақтау жөніндегі бюроның директоры Евгений Жовтис. Алматы, 14 тамыз, 2023 жыл.
Қазақстандағы адам құқықтары және заңдылық сақтау жөніндегі бюроның директоры Евгений Жовтис. Алматы, 14 тамыз, 2023 жыл.

Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюроның директоры Евгений Жовтис Азаттыққа сұхбатында кейінгі 30 жылда елдегі саяси жүйе қалай өзгергені, Нұрсұлтан Назарбаев дәуіріндегі репрессивті әдістердің Қасым-Жомарт Тоқаев кезіндегі шектеулерден қандай айырмашылығы бары, болашақтан қандай үміт күтуге болатыны жөнінде ой бөлісті.

"1990-ЖЫЛДАРДЫҢ БАСЫНДА ЖҰМЫС ІСТЕУ ОҢАЙ БОЛАТЫН"

Биыл қазақстандық адам құқықтары жөніндегі бюроның ашылғанына 30 жыл толды. Бюроның сайтынан ұйымның 20-жылдығына арнап жазылған мәтінді тауып алдым. Онда былай деп жазылыпты: "Бюро 20-жылдығын өте ауыр жағдайда қарсы алып жатыр. Құқық қорғаушылардың адам құқықтары жағдайына ықпал етуге мүмкіндігі қалмады. Өкінішке қарай, билік бізді естімейді, өтініш-талаптарымызға құлақ аспайды". Осыған байланысты сұрақ қойғым келеді: бюро Қазақстанда жұмыс бастағалы бері ең қиын болған кезең қайсы?

– Бәрінен де бюро жаңа ашылған 1990-жылдардың басында жұмыс істеу оңай болды. Бұл – барынша ашық, үмітке толы кезең еді. Өйткені Коммунистік партия саяси сахнадан кетіп, билік енді ғана қалыптасып жатқан. Биліктегі тұлғалар әлі өзіне сенімсіз еді, парламентте оппозиция өкілдері отырған. Жұмыс істеу оңай, бәрі ашық болды. Парламентке еркін кіріп-шыға беретінбіз. Қарулы күзет те, вахтерлар да болмайтын.

Бюроның жұмыс істеп жатқанына 10 жыл толғанда, 2003 жылы жағдай қалай болды?

– 2003 жыл бюро үшін ауыр болды. Өйткені 2002 жылы "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына қатысты процесс басталды. ҚДТ декларациясы жақсы жазылған еді, логикасы түсінікті болды, халықтың үмітін оятты. Билік әуелі қорқынышынан арылған соң, іріткі салу, провокация, қысым көрсету секілді дәстүрлі айла-амалдарға көшті. Сондықтан 2002-2003 жылдары біздің ұйымның құрылтайшыларының бірі Сергей Дувановтың ісі және ҚДТ басшыларының ісі дүркіреді.

"ҚДТ декларациясы жақсы жазылған еді, логикасы түсінікті болды, халықтың үмітін оятты. Билік әуелгі қорқынышынан арылған соң, іріткі салу, провокация, қысым көрсету секілді дәстүрлі айла-амалдарға көшті".
"ҚДТ декларациясы жақсы жазылған еді, логикасы түсінікті болды, халықтың үмітін оятты. Билік әуелгі қорқынышынан арылған соң, іріткі салу, провокация, қысым көрсету секілді дәстүрлі айла-амалдарға көшті".

– Жағдайға ретроспективті тұрғыдан қарасақ, билік 2001 жылы ҚДТ құрылуы, 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы, 2016 жылғы жер митингісі, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы сияқты белгілі бір оқиғалардан кейін ғана қысымды күшейте бастады ма?

– Сіз айтып отырған тізімге 2005 жылды қосар едім. Ол кезде Қазақстан билігі Қырғызстан, Украина мен Грузиядағы түрлі-түсті революциялардан қорқып, қауіпсіздікке ерекше көңіл бөле бастады. Мұндай оқиғалар шынымен белсенділерді қудалап, қысым көрсетуге әсер етеді. Бірақ бұл режим ешқашан демократияға бет бұрмағанын, қашанда авторитар болып келгенін ұмытпау керек. Қазақстан заңдары, институционалды жүйе, құқықтық тәжірибе қалай өзгергенін қарасаңыз, жылдан-жылға жағдай нашарлап бара жатқанын көресіз. Мұны саяси құқықтар мен азаматтық еркіндікке қатысты негізгі заңдардан байқауға болады.

"БИЛІК АВТОРИТАРИЗМ ЖОЛЫН ТАҢДАДЫ"

Қазақстанда авторитаризм жойылмағанын, алдағы уақытта жағдай түзелмейтінін қашан түсіндіңіз?

– 1995 жылы мемлекет қандай жолды таңдағаны, биліктің авторизмге бет бұрғаны белгілі болды. 1995 жылдың сәуір-желтоқсан айларында Қазақстанда парламент болмады. Осы кезде бәрі президент Назарбаевтың жарлығымен шешілді. Парламент оған экономикалық салада ғана өз бетінше шешім қабылдау құзыретін берді, бірақ президент барлық салада жеке дара билік жүргізе бастады. Ішкі істер органдары, бейбіт жиындар туралы негізгі заңдардың бәрі осы кезде жарлық түрінде қабылданды. Жаңа парламент жұмысын бастағанда бұл жарлықтарды мазмұнын өзгертпей заңға айналдырып жіберді.

Қазақстанда авторитаризм жойылмағаны жаңа Конституциядан-ақ түсінікті еді. 1993 жылғы Конституция демократиялық құрылым тұрғысынан үздік құжат болды дей алмаймын, бірақ онда билік тармақтары туралы түсінік бар еді. Ал 1995 жылғы Конституция суперпрезиденттік республиканы ұсынды. Оны Франция Конституциясының үлгісімен жазылды деді. Бірақ Францияның негізгі заңы француздарға қауіпті емес, өйткені олар Бастилияны қиратты. Алайда ең бірінші, адамдардың санасындағы Бастилия символы құлады. Қазақстанда басымыздағы символдардан арылмай тұрып, француз Конституциясын қабылдау авторитаризмге жол ашты.

"1995 жылдың сәуір-желтоқсан айларында Қазақстанда парламент болмады. Осы кезде бәрі президент Назарбаевтың жарлығымен шешілді".
"1995 жылдың сәуір-желтоқсан айларында Қазақстанда парламент болмады. Осы кезде бәрі президент Назарбаевтың жарлығымен шешілді".

– Бірақ жағдай жақсы жаққа өзгереді деген үміт болды ғой?

– Әрине, 1990-жылдардың аяғында интеллигенцияның "Азамат" қозғалысы, кейін Әкежан Қажыгелдиннің Республикалық халық партиясы, 2001 жылы "Қазақстанның Демократиялық таңдауы" қозғалысы құрылғанда үміт пайда болды. Бірақ билік ҚДТ-ның түбіне жеткеннен кейін үміт сола берді.

Қуғын-сүргін тоқтаған жоқ, тек олар жаппай сипат алмаған еді. Қазір де солай, бар айырмашылығы қысым түрлерінің қатаңдығында ғана. Репрессия Жаңаөзен, Қаңтар сияқты үлкен оқиғалармен байланысты жүреді.

Назарбаев кезіндегі қысым мен Тоқаев тұсындағы қудалаудың арасында айырмашылық бар ма? Басқаша айтсақ, Жаңаөзен мен Қаңтар оқиғасынан кейінгі биліктің реакциясын салыстырып көріңізші.

– Неге олай екенін білмеймін, бірақ қазіргі билік мұндай оқиғалар кезінде ақымақ қадамдар жасайды. Бұл сөзім үшін кешірім сұраймын. Назарбаев пен оның командасының билігі кезінде кімнің не үшін жауапқа тартылғаны айдан анық болатын. Қазіргі билікті түсіну қиын. Мүмкін, бұл президент әкімшілігі деңгейінде шешім қабылдайтын тұлғалардың біліктілігінің төмендігімен байланысты шығар.

Құр сөз болмас үшін, 2020 жылдан қарапайым мысал келтірейін. Ол кезде бірнеше ұйымға, оның ішінде адам құқықтары жөніндегі бюроға шетелден алып отырған қаржы жөнінде дұрыс есеп беріп жатқан жоқсыңдар деп тиісті. Ойдан шығарылған айыптау екені көрініп тұрды. Дәл қазір бұлай жасаудың не керегі бар еді деп ойландым. Әртүрлі бейресми жолдармен қысымның себебін анықтауға тырыстым, не дегенмен, 30 жылдан бері құқықтық салада істеймін, көп адамды танимын. Сонда байқағаным, биліктің оң қолы сол қолының не істеп жатқанын білмейтін болып шықты. Демек, жүйенің бір бөлігі құқық қорғаушы ұйымдардың тынышын алғысы келген, ал қалған бөлігі бұл туралы білмейді. Осының бәрі 4 айға созылды, кейін билік тез райынан қайтты. Біз сотта жеңіске жете бастадық, әйтпесе, Қазақстандағы сотта жеңіп шығу мүмкін емес екенін бәріміз білеміз ғой. Судьяларға "заң бойынша шешім шығарыңдар" деген тапсырма түскенін білемін. Сөйтіп заң бойынша жеңіп шықтық. Бұл басқару деңгейі бұрынғыдай мықты емесін және жік-жікке бөліне бастағанын көрсетеді.

Биліктің Қаңтар оқиғасынан кейінгі реакциясын талдап көрелік. Қандай да бір ерекшелік байқадыңыз ба?

– Қаңтар оқиғасында биліктің әрекетіне әсер ететін фон бар. Жаңаөзенде басталған наразылықты (менің ойымша, ол жерде ешқандай астыртын сөз байласу не басқа нәрсе болған жоқ) элитааралық кикілжіңдер мен қақтығыстар, бірінші кезекте, Назарбаевтың айналасындағылар мен жаңа биліктің келіспеушілігі іліп әкетті. Осы бағытты қазбаласақ, ерте ме, кеш пе, бұл оқиғаны өз мүддесіне пайдаланғысы келген жергілікті элита өкілдері мен салмақты ойыншыларға тірелеміз. Бұл қауіпті. Сондықтан билік бәрін бірден жауып тастауға тырысты. Күш құрылымдарын жауапқа тартуы керек еді, бірақ өз тірегін қалай жазалайды? Олардың орнына басқаларды құрбандыққа шалу керек болды.

2022 жылғы 25 қаңтарда билікке "Жауапкершілікті бейбіт саяси оппозицияға артудың және азаматтық белсенділерді қудалаудың қажеті жоқ" деп ескерттік. Олар біраз уақыт шыдады да, кейін Жанболат Мамай, Әйгерім Тілеужанның ізіне түсті. Билік әртүрлі мәселелерді шешу кезінде элита кінәлі болып шықпасын деп қилы амалдарға барды. Тоқаев Қаңтар оқиғасын өз билігін нығайтып, Назарбаев пен оның айналасындағы адамдарды шетке ығыстыру үшін пайдаланды.

"2004 ЖЫЛЫ КӨЛІГІМЕ ЕСІРТКІ САЛЫП КЕТТІ"

Адам құқықтары жөніндегі бюро жиі қысым көре ме? Мұның бәрі қашан басталды?

– Бюро 1993 жылы құрылды, бірақ 1995 жылы бір-ақ тіркеді. Ол да біраз қиын болды. Алғашқы кедергілер 1990-жылдары Қазақстандағы адам құқықтарының жайы туралы баяндамалар жариялаған кезде басталды. Бізді "Бұл баяндамалар мемлекеттің беделіне нұқсан келтіреді" деп айыптады.

Айыптаудан басқа ештеңе болмады ма?

– Жоқ, бірақ бізге қарсы бірнеше мәлімдеме жасалды, оның бірі орталық телеарнадан көрсетілді. 1990-жылдардың аяғында бізге қарсы жала жабу науқаны басталды. "Доживём до понедельника", "Казахская правда" газеттері арқылы шабуыл жасалғаны есімде. Бізді "АҚШ орталық барлау басқармасының агенттері" деп атады. 1999 жылы кеңсемізге өрт қойды. Біз жалға алып отырған ғимаратта күзеті жақсы "Альфа-банк" пен Алматы ішкі істер департаменті бар еді. Дәл сол ғимаратта осындай қылмыс жасалды. Қылмыскерлер төртінші қабатқа көтеріліп, бүкіл мұрағат сақталған бөлмемді өртеп жіберген.

Олар кеңсе өртеуден де сорақы әрекетке барады деп қорыққан жоқсыз ба? Өзіңізді, жақындарыңыз бен әріптестеріңіздің қауіпсіздігін ойлап, алаңдаған шығарсыз?

– Бұған байсалды қарадым, осыдан кейін 2000-жылдардың басына дейін тыныш болды. 2002 жылы "Молчание ягнят" деген мақаласы үшін Сергей Дувановтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Кейін белгісіз біреулер шабуыл жасап, кеудесіне пышақпен крест салып кетті. Ақыры Дувановты әйел зорлады деп айыптады. Бірақ бұл адам құқықтары жөніндегі бюроға емес, Сергей Дувановқа қарсы іс еді.

Бізді "АҚШ орталық барлау басқармасының агенттері" деп атады. 1999 жылы кеңсемізге өрт қойды.
Бізді "АҚШ орталық барлау басқармасының агенттері" деп атады. 1999 жылы кеңсемізге өрт қойды.

2004 жылы көлігіме есірткі салып кетті. Ол бір қызық оқиға. Ташкентке Еуропаның қайта құру және даму банкі директорлар кеңесінің жыл сайынғы отырысына ұшқалы жатыр едім. Орталық Азия мен постсоветтік елдердің құқық қорғаушылары Өзбекстандағы адам құқықтарының жайын айтып, бұған қарсы болдық. Ұйымдастырушылар жиынның алдында адам құқықтары тақырыбында талқылау өткізетін болды. Ол жиынға Назарбаев та қатысатын еді. Біреу менің Ташкентке барып, Назарбаев мырзаның көңіл-күйін бұзғанымды қаламаған сияқты.

Ұшуға бір күн қалғанда гаражда тұрған көлігіме міндік. Әйелім алдыңғы орындыққа отырып, күнқағарды түсіргені сол еді екі қорапша құлап түсті. Ішінде не барын бірден түсіндік. Алмалы аудандық полиция бөлімшесіне барып, қорапшаларды тапсырдым, бәрін тіркетіп алдым. Полиция үйге келіп, гаражды суретке түсіріп алды. Гараждың құлпын бұзбай, жымын білдірмей кірген. Оның үстіне, көлікке дабыл жүйесі орнатылған еді. Қорапшаларды сараптамаға жіберді, мен Ташкентке ұшып кеттім.

Еуропа банкінің вице-президенті бұл хикаяны естігенде Назарбаевты сұрақтың астына алды. Ол әдеттегідей "Бұл Жовтиске қарсы провокация емес, маған қарсы жасалған әрекет" деді. Осыдан кейін мені полицияға шақырып, сараптама нәтижесінде қорапшадағы зат есірткі емес екен деді. "Қылмыс құрамы болмаса, қорапшаларды өзіммен алып кетсем бола ма?" деп сұрадым. Ол "Қорапшаның ішіндегі ұнтақ түгел сараптамаға пайдаланылды, қағаздарға қол қойыңыз да, қайтыңыз" деген сыңай танытты. Бір-бірімізді іштей түсініп, тарқастық.

Еуропа банкінің вице-президенті бұл хикаяны естігенде Назарбаевты сұрақтың астына алды. Ол әдеттегідей "Бұл Жовтиске қарсы провокация емес, маған қарсы жасалған әрекет" деді.
Еуропа банкінің вице-президенті бұл хикаяны естігенде Назарбаевты сұрақтың астына алды. Ол әдеттегідей "Бұл Жовтиске қарсы провокация емес, маған қарсы жасалған әрекет" деді.

– 2009 жылы жол апатына түсіп, қоныс колониясынан бір-ақ шықтыңыз (Евгений Жовтис абайсызда кісі өліміне әкеліп соққан жол апатына кінәлі деп танылып, төрт жылға бостандығынан айырылған ред.). Билік орайы келген істі өз пайдасына асырып жіберді ме?

– Дәл солай. Олар бұл жағдайды опасыздықпен пайдаланды. Бәрі қолдан ұйымдастырылған болуы мүмкін деген ақпарат келді, бірақ оған сенбедім. Бәрінен де еш жазығым жоқ істі пайдаланғандарына қарным ашты. Мұндай айып тағу үшін үш түрлі шарт орындалуы керек: біріншіден, адам қазасы тіркеледі, екіншіден, кісі өліміне себепкер болған адам жол ережесін бұзады, үшіншіден, жәбірленуші жол-көлік ережесі бұзылуының салдарынан қайтыс болады. Мен жол ережесін бұзған жоқпын. Ол кісі түнде жолдың ортасында жүрмеуі керек еді. Жол апатын болдырмауға мүмкіндік бар ма еді? Екі тәуелсіз сараптама қорытындысы тежегішті басып үлгермейтін еді деп көрсетті. Тапсырыспен жасалған мемлекеттік сараптама тоқтауға мүмкіндік бар еді деп жазып берді. Шешім шығаруға үш күн жұмсады. Сарапшы тергеуші оқиға болған жерге барып, жол апатының сызбасын жасады. Онда жылдамдықты асырмағаным, жол апаты жолдың шетінде емес, қақ ортасында болғаны анық көрініп тұрды. Кейін билік мұны өз пайдасына жаратып, амнистиямен босағанша 2,5 жыл қоныс колониясында отырып шықтым. Мерзімінен бұрын босату туралы өтінішімді үш рет кері қайтарды.

Колониядағы өміріңіз қалай өтті?

– Бірқалыпты. Сотталғанымды да, тергеу изоляторында отырғанымды да жүрегіме жақын қабылдамадым. Қорықпадым, сынбадым. Желтоқсанда келіссөз жүргізетін адамдар келді. Бірақ өзімді босатуды сұраған өтінішке қол қоймадым.

Қол қойсаңыз, белгілі бір шарттарға көну керек пе еді?

– Ешқандай шарт болмады, кінәңді мойында демеді, тек Назарбаевтан өзімді босатуды сұрауым керек екен. Өзі түрмеге отырғызды, енді шығаршы деп өтінуім керек пе сонда? Әрине, қол қойған жоқпын.

Басыңыздан өткен жағдайлардан кейін Қазақстаннан кетіп қалғыңыз келмеді ме?

– Ондай ой болды. 2012 жылы бостандыққа шыққанда шаршап, қатты қапаландым. Бірақ кетпедім. Сыртқы істер министрлігінде істейтін жоғары шенді шенеунікпен ұзақ сөйлестім: сол кездің өзінде Назарбаевтың орнына Тоқаев келуі мүмкін дегенді естідім. Бәрін түсінеміз, елдегі жүйені өзгерту керек деді. 2014 жылғы Украинадағы жағдай болмаса, Қазақстанда билік ертерек ауысар еді.

Ол әңгіме шабыттандырды ма?

– Шабыттанған жоқпын. Ол кезде Қазақстанда 30 қызметкері бар үлкен ұйымды басқаратынмын. Кейін Владимир Козловтың (тіркелмеген "Алға" оппозициялық партиясының басшысы — ред.) процесіне қатыстым, "Республиканың" қалай күйрегенін көрдім (сот "экстремистік" деп тапқан газет 2012 жылы жабылды — ред.), осының бәрі қатты әсер етті де, жұмысымды тастағым келмеді.

"АЗДАҒАН ЖҮЙЕЛІ ЖЕТІСТІКТЕР БАР"

Қазақстандағы адам құқықтары саласында оң өзгерістер бар ма?

– Әлбетте. Саяси құқықтар мен азаматтық еркіндік саласындағы жетістіктер біз қалағандай көп емес, бірақ бар. Біріншіден, құқық қорғаушылардың жаңа толқыны қалыптасып келе жатыр. Адам құқықтары жөніндегі бюроға қарасаңыз, қазір бізде үш толқынның өкілдері жұмыс істейді. Олардың кейбірі адвокат болып кетті, енді бірі өз ұйымын ашты. Мысалы, Анар Ибраева "Қадір-Қасиет" ұйымын құрды. Бюроның арқасында мықты құқық қорғау ұйымдары мен тәжірибелі адвокаттар пайда болды.

Кей жүйелі жетістіктер бар. Ештеңе өзгермеген сияқты, бірақ 1990-жылдары ұлттық превентивті механизм жоқ еді, түрмелерге ешкімді кіргізбейтін. Қазақстан түрмелерінде азаптау тыйылған жоқ, бірақ 1990-жылдары бұл үшін біреу жауапқа тартылуы мүмкін деген ешкімнің ойына да кіріп-шықпайтын. Қазір полиция қызметкерлері де, қауіпсіздік комитетінің өкілдері де азаптау қылмысы үшін 8-9 жылға түрмеге жабылады.

1990-жылдары сот процестерін бақылау мүмкіндігі үшін де күрескенбіз. 2000-жылдардың басында тергеу изоляторлары мен түрмелерді қосқанда 90 мың тұтқын болды. Қазір 27 мың, яғни үш есе аз. Түрмеге жабу азайды.

"Қазақстанда дискриминацияның дұрыс анықтамасы да, институттар да, заңнама да, процедуралар да жоқ".
"Қазақстанда дискриминацияның дұрыс анықтамасы да, институттар да, заңнама да, процедуралар да жоқ".

2000-жылдардың басына дейін болған жол жүру визасына тыйым салынды. Бұрын адамдар СССР-дің виза және тіркеу бөлімінің мөрі басылған құжаты болса ғана елден шыға алатын. Осыған тыйым салуды біздің бюро ұсынғанын мақтан тұтамын. Қазір дискриминация мәселесі бойынша механизмдерді жолға қоюға тырысып жатырмыз. Қазақстанда дискриминацияның дұрыс анықтамасы да, институттар да, заңнама да, процедуралар да жоқ.

Бұған режим мен саяси жүйенің авторитар сипатын қосыңыз. Бірақ жиі өзгерістер жасауға болады. Полиция академиясындағы адам құқықтары жөніндегі нұсқаулықты ашсаңыз, оны да ішкі істер министрлігі адам құқықтары жөніндегі бюромен бірлесіп дайындағанын көресіз.

Бұл қара түнек ішінен жарық сәуле көруге мүмкіндік бере ме?

– Бұл жағынан оптимиспін, өйткені Совет Одағында туып-өстім. Біз СССР құлайды деп ойлаған жоқпыз. 1985 жылдың өзінде ешқандай күдік болмады. Шетелге жиі шығамын, Латын Америкасынан Оңтүстік-Шығыс Азияға дейінгі елдердің әртүрлі адамдарымен кездесемін. Болашақта нарық экономикасы, заң үстемдігі, басқарудың адам құқықтарына негізделген демократиялық формалары өміршең болатынын білемін. Қалғанының бәрі тұрақты емес. Бұл процесс ерте ме, кеш пе Қазақстанға да, Ресейге де жетеді. Басты сұрақ: сен сол ортада өмір сүре аласың ба?

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG