Accessibility links

Ислам Каримовтің 80 жылдығында туыстары билікте қалмады


Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің Ташкенттегі ескерткіші.
Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің Ташкенттегі ескерткіші.

Өзбекстанды 27 жыл бойы басқарған тұңғыш президент Ислам Каримовтің 80 жылдығы балаларының қатысуынсыз өткізілді. Оның репрессиялық саясатын жүзеге асырған Ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы да Каримовтің 80 жылдығында қызметтен кетті.

2016 жылы қыркүйекте қайтыс болған соң-ақ Өзбекстанда Ислам Каримовті есте қалдыру, дәріптеу шаралары басталған. Каримовтен кейін Өзбекстан президенті болып сайланған Шавкат Мирзияев былтыр қаңтар және қараша айларында тиісті қаулыларға да қол қойған. Сол қаулы бойынша Ислам Каримовтің туған күнінде Самарқанда Каримовтің кесенесін ашу, Қаршыда ескерткіш тұрғызу, деректі фильм мен кітаптар шығару және басқа да шаралар өткізу көзделген.

Бұл шаралар уақтылы атқарылып, Ислам Каримовтің туған күні – 30 қаңтарда кесене де ашылды, ескерткіш те тұрғызылды. Бұған дейін былтырғы мамыр айында Ташкент әуежайына да Каримовтің аты беріліп қойған.

Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің отбасы (солдан оңға қарай): кенже қызы Лола, әйелі Татьяна, немересін ұстап отырған өзі және үлкен қызы Гүлнара.
Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің отбасы (солдан оңға қарай): кенже қызы Лола, әйелі Татьяна, немересін ұстап отырған өзі және үлкен қызы Гүлнара.

Ислам Каримовтің 80 жылдығы елде жаппай аталып өтілді делінгенімен, осы жолғы шаралардың көбіне ресми сипаты басым болған тәрізді. Сарапшылар да Ислам Каримов мерейтойының БАҚ-та бірінші қатардағы оқиға емес, екінші қатарда аталғанына мән берген. Оның үстіне туған күні кезінде Ислам Каримовқа қатысты өзге де ерекше оқиғалар болып, ел назары соған ауып кетті.

ГҮЛНАРА КАРИМОВА ЖӘНЕ КІШІ ИСЛАМ КАРИМОВ

Тұңғыш президенттің мерейтойына арналған реми шараларға оның отбасы мүшелерінен жұбайы Татьяна Каримова ғана қатысты. Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримова 2014 жылы, әкесінің көзі тірісінде-ақ үйқамаққа алынып, 2015 жылы "салықтан жалтарды", "мемлекет қаржысын жымқырды" және "оффшордағы компанияларының құжаттарын жойып жіберді" деген айыптармен бес жылға сотталған.

Өзбек полицейлері Гүлнара Каримованы ұстап жатыр. 2014 жылы қыркүйекте тараған сурет.
Өзбек полицейлері Гүлнара Каримованы ұстап жатыр. 2014 жылы қыркүйекте тараған сурет.

Бұл туралы тек Ислам Каримов қайтыс болған соң, оның өзінде өткен жылы шілде айында ғана хабарланды. Қазір Гүлнара Каримованың үстінен екінші іс қозғалып жатыр. Оған енді "алаяқтық жасады", "көлеңкелі табысын заңдастырды", "шетел валютасын жасырды" деген айыптар тағылып отыр. Мәліметтерге қарағанда, Гүлнара Каримова жасырды делінген қаржының көлемі 1 миллиард 942,8 миллион долларды құрайды. Ал "ол басқарған топтың 1,5 миллиард долларлық қаржысы 12 бірдей шетелде жасырылған болуы мүмкін" деген долбар айтылады.

Ислам Каримовтің туған күні қарсаңында, яғни 29 қаңтарда Гүлнараның Лондонда тұратын 25 жастағы ұлы – кіші Ислам Каримов Ұлыбритания үкіметінен саяси баспана сұрады. Бұған дейін BBC арнасына берген сұхбатында ол өзінің Ұлыбританиядан саяси баспана сұрау ниеті жоғын және "отаны – Өзбекстан" екенін айтқан еді.

Кіші Ислам Каримов - Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің үлкен жиені.
Кіші Ислам Каримов - Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің үлкен жиені.

Кіші Ислам Каримов саяси баспана сұрау туралы өтінішін желтоқсан айында бергені туралы айтылғанымен, бұл туралы мәлімет атасының туған күні қарсаңында жарияланып отыр.

ЛОЛА КАРИМОВА ҚЫЗМЕТТЕН КЕТКЕНІН ЖЕЛІДЕ ЖАРИЯЛАДЫ

Ислам Каримовтің шетелде жүрген кенже қызы Лола Каримова-Тилляева да әкесінің мерейтойына қатыса алмады. Әкесінің тойы тұсында ол әлеуметтік желіде ел назарын аударған екі жазба қалдырды. Ол өзінің Ғacebook желісіндегі парақшасында "кейбір себептерге байланысты" әкесінің 80 жылдық тойына келе алмағанын білдірген. Бірақ жазбада "кейбір себептер" нақтыланбаған күйінде қалған.

Арада бірнеше күн өткенде, 2 ақпанда Лола Каримова-Тилляева тағы да әлеуметтік желідегі парақшасында өзінің Өзбекстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі қызметінен кететіндігін жариялады. Ол бұл қызметте тура 10 жыл отырды.

39 жастағы Лола Каримова-Тилляева алдағы уақытта мәдениет, білім, ғылым және экология саласында, бұған қоса Өзбекстандағы мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек бағдарламасы бойынша жұмыс істейтінін жазды. Ол ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкіл қызметінен кететінін алғаш 2017 жылы тамызда жариялап, уақытын Ислам Каримов қорына бөлетінін айтқан еді.

Лола Каримова-Тилляеваның да әкесінің туған күнінен кейін барып ресми қызметтен кететінін жариялағанына бақылаушылар назар аударған. Және ол бұл мәлімдемесін елге келмей, сыртта жүріп жариялап отыр.

ИНОЯТОВТЫҢ ОТСТАВКАҒА КЕТУІ

2018 жылдың басында "отставкаға кетеді" делінген Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметі (СНБ) басшысы Рустам Иноятовтың да қызметтен босауы Ислам Каримовтің туған күнінен кейін бір күн өтіп, 31 қаңтарда жарияланды. Оның орнына осыған дейін бас прокурор қызметін атқарған 52 жастағы Ихтиер Абдуллаев тағайындалды.

Қауіпсіздік саласын 23 жыл бойы басқарған Иноятов Мирзияевтің екі бөлек жарлығымен президенттің саяси-құқықтық мәселелер бойынша мемлекеттік кеңесшісі, іле-шала сенатор болып тағайындалды. Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауынша, сенатор болу арқылы ол заңға сәйкес автоматты түрде депутаттық иммунитетке ие болып шыға келді.

Өзбекстан қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы Рустам Иноятов.
Өзбекстан қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы Рустам Иноятов.

Айта кетерлігі – президент Шавкат Мирзияев билікке келгелі ара-тұра елдің қауіпсіздік қызметінің жұмысын сынап жүрген. Иноятов қызметтен босағанға дейін де оның орынбасарлары, СНБ-ның аймақтың басшылары да ауысып, басқа да күштік құрылымдағы генералдар қызметтен кете бастаған.

Иноятовтың "отставкасы" елде ерекше назар аудартқан оқиға болды. Совет кезінде Ауғанстандағы КГБ резидентурасында қызмет атқарған Рустам Иноятов көрші Тәжікстандағы азамат соғысы тұсында Өзбекстан қауіпсіздік қызметінің басшысы болып тағайындалған болатын. Ол қауіпсіздік қызметін басқарған тұста елде әсіредіншілдер қозғалысын тұншықтыру, оппозицияны қудалау, 2005 жылғы Әндіжан оқиғасынан кейінгі жазалау, сөз бостандығын тұсау және т.б. репрессиялық әрекеттер өрістеді.

Әндіжанның орталық алаңында үкімет әскері мен шерушілер арасында болған қақтығыс құрбандарының мәйіттері. Өзбекстан, 14 мамыр 2005 жыл.
Әндіжанның орталық алаңында үкімет әскері мен шерушілер арасында болған қақтығыс құрбандарының мәйіттері. Өзбекстан, 14 мамыр 2005 жыл.

Әсіредіншіл топтарға аяусыз шара қолданған соң елде тыйым салынған "Өзбекстан ислам қозғалысы" тобы екі рет елге басып кіріп, 1999 және 2004 жылдары Өзбекстанда жарылыстар жасалды. Осы аралықта көрші елдер Каримовтің қауіпсіздік күштері өзбек билігі іздеу салған адамды ұстау үшін өз аумақтарына құпия шабуылдады деп Ташкентті айыптап та жатты.

Иноятов басқарған тұста СНБ Өзбекстандағы ең жабық ұйымға айналды. Ұлттық қауіпсіздік қызметін көпшілік "ұлттық қорқыныш қызметі" деп немесе "мемлекет ішіндегі мемлекет" деп атайтыны да сондықтан.

СНБ-ның өз өкілеттігіне кірмейтін іс-әрекеттерге дейін айналысуы Мирзияев билігін ұлттық қауіпсіздік туралы заң жобасын әзірлеуге итермеледі. Бір қызығы, жаңа заң жобасында СНБ жұмысына парламенттік бақылау тетіктерін енгізу қарастырылған. Бұған дейін Өзбекстанда арнайы қызметтің жұмысын реттейін заң болмаған. Ал СНБ 1991 жылы қабылданған ереже бойынша Өзбек ССР-і КГБ-сының базасында құрылған еді.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG