Accessibility links

Ескі сүрлеуден жаңылмайтын сайлау науқаны


Желтоқсанның 4-інде Өзбекстанда президент сайлауы өтетіні туралы баннер.

Желтоқсанның 4-інде Өзбекстанда президент сайлауы өтетіні туралы баннер.

Өзбекстанда басталған президенттік сайлау науқаны барысында билікшіл төрт кандидаттың арасында біреуінің белсенділігі ерекше көзге түседі. Кей сарапшылар бұл сайлаудың алдыңғыдан бәлендей өзгешелігі болмайды дейді.

БИЛІКШІЛ ТӨРТ КАНДИДАТ

Өзбекстан орталық сайлау комиссиясы (ОСК) желтоқсанның 4-і күні өтетін президент сайлауына кандидат ретінде тіркеген Шавкат Мирзияев (либералды-демократиялық партиясы), Сарвар Отамуратов («Миллий тикланиш» партиясы), Хотамжон Кетмонов (халық-демократиялық партиясы) және Наримон Умаровтар («Адолат» партиясы) сайлау алды үгіт-насихаттарын бастап кетті.

Кандидаттар бағдарламаларын елге жеткізіп, түсіндіру үшін ОСК сайлау заңына сүйеніп, «Өзбекстан» және «Ёшлар» ұлттық телеарналарынан 638 минут, аймақтық 12 телеарнадан 206 минут, «Ташкент» телеарнасынан 286 минут тегін эфир уақытын бөлді. Сондай-ақ, кандидаттарға «O'zbekiston avazi», «Народное слово», «Правда Востока», «Овози тожик» және «Нұрлы жол» газеттерінің 5-6 бетіне тегін мақала жариялауға мүмкіндік берілді. Партияның газет-журнал, сайттарында кандидаттың үгіт-насихат материалына шектеу қойылмайтыны хабарланды.

Ташкент көшесінде. Қазан, 2016 жыл.

Ташкент көшесінде. Қазан, 2016 жыл.

Азаттықтың Өзбек қызметінің саяси шолушысы Сарвар Усман президенттік сайлау «ОСК құрған сценарий бойынша өтетінін» айтады.

- Өзбекстанда күтпеген жағдай болмайды. Сайлау заңында президенттікке кандидатты тек саяси партия ұсынады. Елде тіркелген төрт-ақ партия бар. Еркін ойлы, оппозиция жоқ. Билікшіл төрт партиядан шыққан төрт кандидат сайлау қойылымын ойнап шығады. Жеңімпазы әзірден баршаға белгілі, - дейді Сарвар Усман.

Сайлауға түскен 4 кандидаттың екеуі – Хотамжон Кемонов пен Наримон Умаров 2015 жылы наурыз айында өткен президент сайлауында марқұм Ислам Каримовке бәсекелес болған, сайлаушылардың екі пайызы бұл екеуін қолдап дауыс берген.

Халықтық демократия партиясы сайтына шыққан мәлімет бойынша, 47 жастағы Хотамжон Кетмоновтың мамандығы орыс тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Біраз жыл Әндіжан облысы әкімінің қоғаммен байланыс және дін істері жөніндегі орынбасары болған.

«Адолат» партиясының 64 жастағы төрағасы, инженер-геолог Нариман Умаров 2009 жылдары табиғатты қорғау мемлекеттік комитетін басқарған.

«Миллий тикланиш» партиясынан тіркелген 43 жастағы кандидат Сарвар Отамуратовтың мамандығы әлеуметтанушы. Ол 2009-2014 жылдар аралығында парламент депутаты, спикердің орынбасары болған.

Ислам Каримовтың қазасынан соң президент міндетін атқару премьер-министр Шавкат Мирзияевке жүктелген.

Ислам Каримовтың қазасынан соң президент міндетін атқару премьер-министр Шавкат Мирзияевке жүктелген.

Ал «осы сайлауда сөзсіз жеңіске жетеді» деп болжанатын, 13 жыл премьер-министр қызметін атқарып келген, Ислам Каримов қазасынан соң президент міндетін атқарушы, президенттікке кандидат, 59 жастағы Шавкат Мирзияевтің биографиясы осы аптада ресми түрде алғаш рет жарияланды.

Либералды-демократиялық партиясы ұсынған дерекке қарағанда, Ташкент университетінде инженер-механик мамандығын алған Шавкат Мирзияевтің екі қыз, бір ұлы, бес немересі бар. Әйелі туралы «Хошимова З.М., мамандығы – инженер-экономист, қазіргі кезде үй шаруасында» деген ақпарат берілген. Мирзияев пен Хошимованың балалары туралы ешқандай дерек жазылмаған.

Саяси шолушы Сарвар Усманның сөзінше, Шавкат Мирзияев 13 жыл премьер-министр болған кезінде «жұрт көзіне түсуге тырыспаған, теледидар мен баспасөзде жүзі көрінбеген».

- Бұл сайлаудың 2015 жылы өткен сайлаудан бір ғана айырмашылығы бар. Өткен сайлауда марқұм Ислам Каримов ел аралауға шыққан да жоқ. Бір жерге барса да, сайлаушылармен кездескен емес. Ал оның ізбасары Шавкат Мирзияев қазір өте белсенді болып тұр. Аймақтарды аралап жүр. Жұрт көзіне түсіп, «мен осындаймын» деген түр көрсетіп жатыр, - дейді Сарвар Усман.

ЕҚЫҰ БАҚЫЛАУШЫЛАРЫ

Өзбекстан президент сайлауын бақылайтын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтатсық ұйымының (ЕҚЫҰ) Ташкенттегі өкілі Петер Тейлер қарашаның 2-сінен жұмыс істей бастағандарын, сыртқы істер министрлігі және ОСК өкілдерімен кездескенін мәлімдеді. Тейлердің сөзінше, ЕҚЫҰ-ның сайлауды бақылау миссиясы құрамына 15 халықаралық сарапшы ұйымы кірген.

Ал Өзбекстан ОСК таратқан дерек бойынша, ЕҚЫҰ бақылау миссиясының құрамында сайлауға ұзақ мерзімдік бақылау жасайтын 20 адам және қысқа мерзімдік бақылау жүргізетін 250 адам бар.

Сайлау учаскесіндегі сайлау бюллетеньдерін салатын жәшік. (Көрнекі сурет.)

Сайлау учаскесіндегі сайлау бюллетеньдерін салатын жәшік. (Көрнекі сурет.)

ОСК ЕҚЫҰ-ның сайлауды бақылау миссиясының толық құрамын алғаш рет шақырғандарын және «маңызды саяси шара ашық, халықаралық сайлау талаптарына сай өтетінін» мәлімдеген.

Алайда саяси шолушы Сарвар Усман «Ислам Каримов өлгенімен, оның қалдырып кеткен саяси жүйесі ұзақ уақыт өміршеңдігін жоймайтынын, сөз, ой-пікір бостандығы жоқ елде әділ әрі таза сайлау өтпейді» деп біледі.

Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов қыркүйектің 2-сі күні инсульттан қайтыс болғаннан кейін мемлекеттің жаңа басшысын сайлау желтоқсанның 4-іне тағайындалған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG