Accessibility links

Трамп қандай президент болмақ?


АҚШ президенттігіне жаңадан сайланған Дональд Трамп сайлаудағы жеңісінен кейін әйелі және ұлымен бірге тұр. Нью-Йорк, 9 қараша 2016 жыл.

АҚШ президенттігіне жаңадан сайланған Дональд Трамп сайлаудағы жеңісінен кейін әйелі және ұлымен бірге тұр. Нью-Йорк, 9 қараша 2016 жыл.

Сайлау науқаны кезінде жұрттың көбін Трамптың иммигранттардан бастап Ресеймен арадағы қарым-қатынасқа дейінгі түрлі салаларға қатысты пікірлері қатты таңқалдырды. Президент қызметіне кіріскен соң ол берген уәделерін орындай ала ма?

Республикалық партиядан президенттіке кандидат Дональд Трамптың шекарада дуал тұрғызамын деп уәде бергені, Владимир Путинді мақтағаны және басқа да оспадар пікірлері бұл жолғы сайлаудың ең үлкен ерекшелігі болды. 8 қарашадағы сайлауда Трамп жеңген соң бүкіл әлем «Трамптан не күтуге болады? Ол уәделерін орындай ала ма?» деп бас қатырып отыр.

ПРЕЗИДЕНТ ӨКІЛЕТІ

АҚШ конституциясындағы тежеу және теңгеру жүйесінің арқасында Трамптың ойға алған саясаты көбіне тек Конгресс қолдағанда ғана жүзеге асады.

Егер Трамп берген уәдесінде тұрып, мекемелердің салығын азайтып, жала туралы заңды өзгертіп, Барак Обама бастаған денсаулық саласын реформалау бағдарламасын тоқтатқысы келсе, оған атқарушы және заң шығарушы билік тармақтарының қолдауы қажет болады.

Дональд Трампты жақтаушы өз кандидатының жеңісіне шаттанып тұр. Нью-Йорк, 9 қараша 2016 жыл.

Дональд Трампты жақтаушы өз кандидатының жеңісіне шаттанып тұр. Нью-Йорк, 9 қараша 2016 жыл.

Дегенмен, сарапшылардың айтуынша, Трамптың жоспарларының көбін президент жарлығы арқылы жүзеге асыруға болады.

Бұған қоса, Трамптың қоластында бірнеше айдан бері жұмыс істеп жатқан өтпелі кезең командасы 25 жарлықтың жобасын жасап қойған. Трамп президент қызметіне кіріскен 20 қаңтар күні-ақ сол жарлықтарға бірден қол қоймақ.

- Теориялық тұрғыда президенттің сыртқы саясаттағы өкілет ауқымы анағұрлым кең. Конгрестің оған қалай шек қоятыны белгісіз. Президент бұл салада әскер жіберу, соғыс бастау сияқты түрлі шешімдер қабылдай алады. Бұл салада оған бақылау жасайтын ешкім жоқ, - дейді Лондондағы стратегиялық зерттеулер институтының АҚШ-тың сыртқы саясаты жөніндегі сарапшысы Дана Эллин.

Енді Дональд Трамптың сайлау науқаны кезіндегі кейбір көзқарастарын талдап көрейік.

РЕСЕЙ ЖӘНЕ НАТО

Трамп «қазір болып жатқан жағдайды» сынап, «Ресеймен достасуға» бейіл екенін айтты. Оның сөзінше, екі ел жақындасса, өзара күш біріктіру арқылы «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы содырларын талқандауға болады. Трамп АҚШ пен Ресей арасындағы ахуалды түзететінін сеніммен айтады.

Қыркүйекте ол президент Путинмен ара-қатынасымыз «өте жақын болады» дей келе, Обамамен салыстырғанда онымен жақсы тіл табыса алатынын мәлімдеген.

Трампты сынаушылар Путинді көндіру оңай еместігін айтады. Обама әу баста-ақ Ресеймен байланысты жақсартуға ұмтылып, алғашқы президенттік кезеңінде қарым-қатынасты «қайта бастаған». Трамптың қарсыластары «ол Мәскеудің АҚШ-қа және оның одақтастарына қатысты агрессивті сыртқы саясатына қарсы тұра қоймас» деп болжайды.

Президент сайлауы болған күні Нью-Йорк орталығына шыққан Дональд Трампты қолдаушылар. 8 қараша 2016 жыл.

Президент сайлауы болған күні Нью-Йорк орталығына шыққан Дональд Трампты қолдаушылар. 8 қараша 2016 жыл.

Путинге тәнті болған Трамп оны «Обамадан жақсы көшбасшы» деп атаған. Наурыз айында ол НАТО-ны «қаусаған» одақ деп атап, егер оған мүше мемлекеттер әскери шығындарын көбейтіп, АҚШ-тың алдындағы «міндеттемелерін» орындамаса, онда оларға әскери көмекті тоқтатамын деп уәде берген.

Германия сыртқы саясат кеңесінің жанындағы «АҚШ – трансатлантикалық қарым-қатынас» бағдарламасының басшысы Хеннинг Риккенің айтуынша, Трамп президент болған тұста АҚШ «Ресейге қарай бет бұра түседі», ал мұның «Еуропадағы қауіпсіздікке тікелей әрі өте қауіпті салдары болуы мүмкін».

Оның айтуынша, егер Трамп НАТО-дағы ауыртпалықты басқаша бөлісу жөнінде келіссөз бастаса, онда ол «шынайы өмірді» сонда көреді.

«Одақтастарды қорғау жөніндегі міндеттемелердің арқасында АҚШ өзін ұлы держава деп атап отыр», - дейді Рикке. Ал Ресей Батыстың қауіпсіздік жүйесіндегі кез келген саңылауды өз мүддесіне пайдаланып қалуға тырысады.

Мәскеу «ең алдымен Орталық Азия мен Шығыс Еуропадағы ықпалын арттыру үшін» қолынан келгенше НАТО мен Еуроодақты әлсіретуге тырысып жатыр. Егер АҚШ Ресей үшін бұл шаруаны атқарып беретін болса, онда Путинді құдайдың жарылқағаны».

ИРАННЫҢ ЯДРОЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫ

Трамптың берген уәдесін орындап, ядролық бағдарламаны тоқтатса, санкцияны жеңілдету туралы келісімнің шарттарын өзгертуге тырысып көретіндей құзыреті болады.

Алайда, мұны жүзеге асыру «өте қиын болады» дейді Рикке. Ол үшін келіссөзге қатысқан басқа тараптарды, соның ішінде Ресей мен Еуроодақты дөңгелек үстел басына қайта отырғызу керек.

Бұл әрекет «Иранның өз ішіндегі қатаң ұстанымды қолдайтындардың» қолайына жағады. Ал бұл Тегеранның ядролық қару жасауына кедергі келтіретін келісімнің күшін жоюға алып келеді.

ЯДРОЛЫҚ ҚАРУДЫ ТАРАТПАУ

Трамп ДАИШ-қа қарсы ядролық қару қолданудың мүмкіндігін жоққа шығармады. Оның үстіне ол Жапония мен Оңтүстік Кореяға өз ядролық қару бағдарламаларын жасауға ұсыныс тастады.

Рикке мен Аллиннің айтуынша, Трамптың сайлау алдындағы риторикасы ядролық қаруды таратпау саласындағы жетістіктерді жоққа шығаруы мүмкін. Басқа мемлекеттер «өздерінің қауіпсіздік принциптері мен ядролық қаруға деген қажеттіліктерін қайта қарауы» мүмкін», - деді Аллин.

ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ

Дональд Трамп «Американың өнеркәсібін бәсекеге қабілетсіз ету мақсатында Қытай ғаламдық жылыну теориясын ойлап тапқан» деген пікір айтқан.

Президент қызметіне кіріскен соң ол атмосфераға парник газы таралуын тежейтін Париж келісімінен біржақты шығып кете алады.

Мұның үстіне ол федералдық деңгейде экологиялық нормаларды босаңсытуға уәде берді. Оның энергетика және экология саласындағы көзқарасын Конгрестегі республикашылдардың көбі қолдайды.

Жарлық шығару арқылы Трамп Аляска мен Солтүстік мұзды мұхиттағы қорғалған аймақта мұнай барлауға қайта рұқсат беріп, Обама кезінде тоқтатылған Канадамен арадағы мұнай құбыры құрылысын қайта жандандыра алады.

ИММИГРАЦИЯ

Трамп екі жылдың ішінде АҚШ-та жүрген 11,3 миллион заңсыз иммигрантты ұстап, елдеріне депортациялауға уәде берген. Бұл үшін ол арнайы «депортациялық мекеме» құруды ұсынған.

Бұл бағдарламаны қаржыландыру үшін Конгрестің қолдауы қажет. Латын Америкасынан шыққан сайлаушылар мен фискалдық консерватизмді қолдайтындар бұл ұсынысты жақтырмайтындықтан, республикашылдардың көпшілігі Трамптың ұсынысына қарсылық білдірді.

Вашингтондағы American Action Forum сараптамалық орталығының есептеуі бойынша, Трамптың бұл жоспарын екі жылда толығымен жүзеге асыру үшін «Америка иммиграциялық қызметінің инфрақұрылымы мен штатын бұрын-соңды болмаған көлемге дейін ұлғайту керек болады».

АҚШ республикалық партиясының сайлау штабындағы адамдар. Аризона, 8 қараша 2016 жыл.

АҚШ республикалық партиясының сайлау штабындағы адамдар. Аризона, 8 қараша 2016 жыл.

Оның үстіне, барлық заңсыз иммигранттарды қуып шыққан жағдайда АҚШ-тың жалпы ішкі өнімі 1,6 триллионға кеміп, екі жылдан соң «күрт құлдырап, рецессияға ұшыруы мүмкін» дейді орталық сарапшылары.

Трамптың оңтүстік шекараға биік дуал тұрғызып, оның шығынын Мексикаға төлеттіру туралы ұсынысына да күмәнмен қарайтындар көп.

Мексика басшылығы ешқандай ақша төлемейтіндерін мәлімдеген. «Вашингтон пост» газетінің жазуынша, бұл құрылысқа 25 миллиард доллар жұмсалады.

Трамп «Патриоттық актіні» негізге ала отырып Мексикадан келген заңсыз иммигранттар жіберген ақшаны тәркілеуді ұсынған. Алайда, заңгерлердің айтуынша, терроршыларды қаржыландырудың алдын алу үшін қабылданған заңды бұл жерде қолдануға негіз жоқ.

Трамп жарлық шығару арқылы АҚШ-қа мұсылмандардың кіруіне уақытша тыйым салатын ережені де енгізіп, босқындарға арналған бағдарламаның жұмысын тоқтата алады.

Бұл екі шараға да қарсы шығып, сотқа беретіндер табылады, ал сот ақтық шешім шығарғанға дейін көп уақыт өтеді.

САЛЫҚТЫ АЗАЙТУ

Трамп ұсыныс теориясына негізделген экономикалық бағдарлама ұсынды. Оның айтуынша, мекемелерге салынатын салықты 35-тен 15 пайызға дейін азайту инвестицияға серпін беріп, экономикалық өсімге, жұмыс орындарының көптеп ашылуына септеседі.

Республикалықтар жалпы алғанда салықты азайтуды құптайды. Алайда, тәуелсіздер мен екі партиядан құралған экономикалық топтар мен фискалдық консерваторлар бұған қарсы.

Вашингтондағы ешқандай партияға кірмейтін Tax Foundation сараптама орталығының мәліметіне қарағанда, салықты азайту федералдық бюджет түсімін 5,9 триллион долларға кемітеді, әрі байларды еркінсітіп жібереді.

Urban-Brookings Tax Policy Center сараптамалық орталығының қазан айындағы есебінде Нью-Йорк университетінің профессоры Лили Бэтчелдер Трамптың жоспары «орта және төменгі тапқа жататын баласы бар отбасыларға салық жүктемесін көбейтеді» деген.

Екі партиядан құралған, федералдық бюджетті әзірлеуге жауапты комитеттің есебі бойынша, Трамптың салықты азайту жоспарының кесірінен 2026 жылға қарай АҚШ-тың сыртқы қарызы 28,4 триллион долларға ұлғаяды.

САУДА КЕЛІСІМДЕРІ

Трамптың экономикалық саясатының бір бөлігі тиімсіз сауда келісімдерінің кесірінен «жапа шегіп» жатқан Америка мекемелерін қорғауға, яғни келісімдерді қайта қарауға бағытталған.

Президент ретінде Трамптың Тынық мұхитындағы әріптестік (ТРР) және Солтүстік Америка еркін сауда аймағы (NAFTA) келісімдерінен шығуға құзыреті бар. Бұған қоса ол АҚШ сауда министрлігінен «сауда шарттарын бұзып отырған» Қытай және басқа елдерге қарсы шағым түсіруді талап ететінін, импортталатын кей тауарларға баж салығын енгізетінін айтқан.

Ол, сондай-ақ, 164 ел кіретін, баж салығы және сауда тәртібі бойынша дау-дамайларда басты төреші рөлін атқаратын Дүниежүзілік сауда ұйымынан шығамыз деп қорқытқан. ДСҰ оның сауда саясатын қолдамаса, бұл жоспар да жүзеге асуы ықтимал. Президент ретінде Дональд Трамптың бұған да құзыреті жетеді.

Moody’s Analytics компаниясының бас экономисі Марк Зандидің айтуынша, Трамптың халықаралық сауданы, иммиграция мен тікелей инвестицияны азайтуды көздейтін экономикалық саясаты АҚШ экономикасын біраз әлсіретеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG