Accessibility links

Кабул тәліптер қолында, Қазақстан неге дайын болуы керек? Досым Сәтпаевпен сұхбат


Ауғанстан президенті сарайының қақпасы алдында көліктің үстінде автомат кезеніп отырған "Талибан" өкілі. 16 тамыз, 2021 жыл.
Ауғанстан президенті сарайының қақпасы алдында көліктің үстінде автомат кезеніп отырған "Талибан" өкілі. 16 тамыз, 2021 жыл.

"Талибан" Ауғанстанды бақылауға алғанын хабарлады, президент елден қашып, үкімет құлады. Ауғанстандағы жағдай Қазақстанға және Орталық Азия аймағына қалай әсер етпек? Не күтіп тұр, неге дайындалу қажет? Азаттық саясаттанушы, "Тәуекелді бағалау орталығының" директоры Досым Сәтпаевпен сұхбаттасты.

"ҚАЗАҚСТАНҒА ҮЛКЕН ҚАУІП"

Саясаттанушы Досым Сәтпаев
Саясаттанушы Досым Сәтпаев

Азаттық: Тәліптер Кабулға кірді. Президент Ашраф Ғани елден кетті, билік құлады деуге болады. Бұл Ауғанстанның көршілеріне, соның ішінде Орталық Азияға қалай әсер етпек? Орталық Азиядағы көршілер мұндай өзгеріске қаншалық дайын болды?

Досым Сәтпаев: Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстанмен салыстырғанда Қазақстанның Ауғанстанмен ортақ шекарасы жоқ. Мұнда география – ең маңызды фактор. Иә, біздің Ауғанстанмен ортақ шекарамыз жоқ, бірақ құдай бетін әрі қылсын, көршілерде тұрақсыздық болса, бұл Қазақстанға да мәселе тудырары анық. Қазақстан мен Орталық Азияның басқа елдері үшін "Талибан" - қара жәшік, яғни олар әрі қарай не боларын болжай алмайды.

Меніңше, Орталық Азияның басқа елдерімен салыстырғанда бұл сценарийге Өзбекстан дайын болды. 2016 жылы билікке Шавкат Мирзияев келгелі Өзбекстан тәліптермен белсенді келіссөз жүргізді, яғни оларда ерекше тренд байқалды. Яғни Өзбекстан ауған саясатына батылырақ араласа бастады. Дегенмен, расын айтсақ, [Өзбекстанның экс-президенті] Ислам Каримов тұсында да бұл үрдіс байқалатын. Дегенмен Мирзияев келген соң Өзбекстан тәліптер билікке келуі мүмкін екенін қаперде ұстап, олармен коммуникацияны жолға қоюға тырысқанын көреміз. Бұған қоса, Өзбекстанның Ауғанстанда электр энергиясын сату және Мазари-Шарифтен Пәкістан порттарына дейін теміржол салу сияқты белгілі бір экономикалық мүддесі де бар.

Сондықтан Өзбекстан Ауғанстан бойынша анағұрлым белсенді, сауатты әрі жолға қойылған саясат жүргізді. Ең қызығы – олар мұны соңғы бірнеше жыл бойы "Талибанмен" келіссөз жүргізіп келе жатқан АҚШ және Ресеймен әріптес бола отырып жүзеге асырды.

Азаттық: Орталық Азияда тұрақсыздық белдеуі қалыптастауы мүмкін бе?

Досым Сәтпаев: Тәліптер тұсында "Ислам мемлекеті" (әлемнің көп елінде, соның ішінде Қазақстанда тыйым салынған террорлық ұйым – ред.) және "Өзбекстан ислам қозғалысы" (Өзбекстанда тыйым салынған саяси партиялар мен ұйымдар құрған террорлық қозғалыс – ред.) сияқты анағұрлым қауіпті ұйымдар күшейсе, тұрақсыздық белдеуі түзілуі ықтимал. Ол жақта мұндай бірнеше радикал құрылым бар, бұлар бізге қауіп төндіреді. Себебі олардың мақсаты – Ауғанстан мен Орталық Азияның ортақ мемлекетін құру. Ал тәліптердің көздегені – тек өз елінде Ауғанстан ислам әмірлігін құру. Меніңше, олар алдымен өз еліндегі позициясын нығайтуға тырысады. Ол ойын жүзеге асырған соң не болады деген сұрақ туады. Болжауға келмейтін тұс осы. Олар Орталық Азия елдеріне қауіпсіздік кепілдігін береміз деген уәдесінде тұра ма, әлде Орталық Азияға қысым жасау үшін Ауғанстанның солтүстігіндегі радикалдарды пайдалана ма? Осы бір келесі сценарийге біз дайын болуымыз керек.

[Қазақстан президенті Қасым-Жомарт] Тоқаев бүгін Ауғанстан бойынша екінші жиын өткізді. Қазақстан ауған саясатындағы ойыншы емес екені түсінікті, біз сырттай бақылап отырамыз. Ал Өзбекстан ойыншы, сондықтан Өзбекстан мен Қазақстан ауған мәселесі бойынша жақсы альянс құруы тиіс. Ислам Каримов тұсында Өзбекстан қарулы күштері Ауғанстандағы радикалдармен ықтимал соғысқа қарқынды дайындалған, ал өзбек армиясы аймақтағы күштілердің бірі саналады. Осы альянс айналасына Орталық Азияның басқа елдерін біріктіруге болады. Оның үстіне Өзбекстан мен Түркіменстан арасында әскери әріптестік жөнінде келісім бар. Бұл маңызды, себебі қазір ең осал шекара – біршама қорғалған өзбек-ауған емес, түркімен-ауған шекарасы. Ал тәліптер көктемде Өзбекстанға "шабуыл жасамау" туралы белгілі бір кепілдік берген. Дегенмен радикалдардың бұл кепілдігінің өзі соншалық сенімді фактор емес.

Тәжікстан аумағында Ресейдің әскери базасы бар, бұл да маңызды фактор. Бұл "Талибанның" Тәжікстанға соққы беру жөніндегі ықтимал жоспарына (бірақ әзірге мұның ауылы алыс) аз да болса кедергі. Ал түркімен-ауған шекарасы осал. Онда күзет әлсіз, армияның әскери әлеуеті төмен. Өзбекстан қазір Түркіменстанмен әріптес, Қазақстанға да Түркіменстанмен қауіпсіздік саласында әріптестік орнатқан артық болмас. Құдай сақтасын, [радикалдар] Түркіменстан арқылы шекараны кесіп өтер болса... Қазақстан үшін бұл – үлкен қауіп.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ "ТҮСІНІКСІЗ ПОЗИЦИЯСЫ"

Азаттық: Аймақтағы үш көршісінен айырмашылығы – Қазақстан Ауғанстанмен шектеспейді. Дегенмен ол Орталық Азиядағы экономикасы ең ірі ел саналады, аймақтағы басты ойыншылармен қарым-қатынасы да жақсы. Бұл бойынша Қазақстаннан қосымша үміт күтетіндер бар ма?

Досым Сәтпаев: Қаржылық көмек тұрғысынан Ауғанстанға қатысты Қазақстанның ешқандай міндеттемесі жоқ. Оның үстіне Қазақстан білім беру, гуманитарлық көмек тұрғысынан үнемі қолдау білдіріп келеді. Қазақстан Ауғанстанмен мәдениет, білім салаларында, гуманитарлық салада әрекет етуге тырысты. Өзбекстан мен Тәжікстанмен салыстырғанда ол жақта біздің ірі экономикалық жобаларымыз болған жоқ.

Үлкен экономика деген – бұған қаржылық ресурсымыз жеткілікті деген сөз емес. Коронавирус эпидемиясы болды, қазір елдің өз ішінде шешімін күтіп тұрған өте көп әлеуметтік-экономикалық мәселе бар.

Қазір мойнымызға ала алатын жалғыз міндеттеме – Ауғанстанда тұратын қазақтарға қолдау көрсету. Арасында Қазақстанға көшкісі келетіндер болса, Нұр-Сұлтан оларға жәрдем беруі керек сияқты. Оның үстіне, Ауғанстанда қазақ көп емес.

Азаттық: Азаттық дереккөздерінің айтуынша, Қазақстанға Ауғанстаннан босқындар келмек, ал Шымкентте оларға арнап 300 орын дайындалып жатыр. Бір күн бұрын кей ақпарат көздері Қазақстанның босқын қабылдағалы жатқанын жазды, бірақ сыртқы істер министрлігі мұны жоққа шығарды. 16 тамызда президенттің баспасөз хатшысы Тоқаев "Ауғанстаннан келетін босқындарға қатысты шешім қабылдаған жоқ" деді. Сіздіңше, Қазақстанның ұстанымы неген айқын емес?

Досым Сәтпаев: Ресми ұстаным неге айқын емес десек, меніңше олар қазақстандықтардың көп бөлігі ауған босқындарын қабылдауға қырын қарайтынын түсініп отыр. Осы ақпарат тарағанда Қазақстанда өте үлкен қарсылық болды.

Меніңше, билік мұны түсініп әрі ескеріп отыр. Ал екінші жағынан бұл түсініксіз көрінеді. Мәселен Өзбекстан босқындарды қабылдамайтынын ресми түрде айтты.

Есесіне Өзбекстан бұдан анағұрлым ақылға қонымды идея айтып, Ауғанстан аумағында босқындар лагерін құруды ұсынды. Яғни, Ауғанстаннан келген босқындарды қабылдаудың орнына сол елдің аумағында лагерлер салып, Орталық Азия елдері соған қолғабыс етіп отырса деген ой айтты. Әлемдегі ұрыс аймақтарында бұл тәжірибе жиі қолданылады. Босқындар бойынша ең басты мәселе – барлық елдің ұстанымы ортақ болуы үшін аймақтағы мемлекеттердің бәрімен келіссөз жүргізу.

Шымкентте жатақхана қызметкері "ауған босқындарына орын дайындап жатқандарын" айтады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:19 0:00

Қазақстан босқын қабылдау бойынша ресми деңгейде шешім қабылдаса, көп сұрақ туады. Олар қанша уақытқа келеді? Қалай қаржыландырылады? Жергілікті тұрғындармен қарым-қатынас қалай болады? Бұл – өте маңызды мәселе. Жақында Түркияда жергілікті халық пен Сириядан келген босқындар арасында үлкен қақтығыс болды. Сириядағы соғыс кезінде Түркия өте көп босқынды паналатты. Оншақты жыл өтті, қазір түрік қоғамының өз ішінде мәселе байқалады. Онда мигранттарға деген наразылық күшті, бұл мәселені шешпесе болмайды.

Азаттық: Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен телефон арқылы тілдесуі туралы ресми ақпаратта Ауғанстан туралы бірде-бір сөз жоқ. Ал АҚШ мемлекеттік департаменті ауған мәселесі қозғалғанын айтты. Қазақстан дипломаттары нені жасырып отыр?

Досым Сәтпаев: Олардың жауабы жоқ, әлі шешім қабылдамаған. Легитимділігі осалдау болып тұрған президент Тоқаевқа кей мәселеде қоғамдық пікірмен санасуға тура келетінін ескерген жөн. Соның ішінде ауған босқындары да бар. [Биліктегілер] бәлкім мұның барлығы Тоқаевтың имиджі мен беделіне қалай әсер етеді, қоғамдық пікір тұрғысынан оның саяси резюмесіне нұқсан келмей де деп қарап жатқан болар.

Азаттық: Алайда Ауғанстандағы дипломатиялық миссиясы бойынша Қазақстанның шешімі анық сияқты. Батыс елдері дипломаттарын эвакуациялап жатқанда Нұр-Сұлтан елшілігін жаппай-ақ қоюды ұйғарды...

Досым Сәтпаев: Мұндай шешім қабылдаған себебі – тәліптер барлық дипломатиялық өкілдіктерге қауіпсіздік кепілдігін берді. Жиырма жылда тәліптер де өзгерді. Олар [әлем жұрты] өздерін үңгірдегі террорист деп қабылдаса, оқшауланып қалатынын сезді. Тәліптер біршама байланыс орнатқысы келеді, экономика тұрғысынан да біраз аңғарымпаз болып алды. "Талибан" өзі бақылап отыратын инвестия, транзиттік барыс-келіс қажет екенін түсінеді. Бұл маңызды. Олар бұрынғы адамдар емес екенін көрсетуге бар күшін салып жатыр, бірақ сонда да олармен абай болған жөн.

ЖЕТЕКШІЛІКТЕН АЙЫРЫЛҒАН АҚШ, "ШАТЫРЫН" ЖАЙҒАН РЕСЕЙ

Азаттық: Орталық Азия бұрыннан Батыстың, Қытай мен Ресейдің мүдделері тоғысатын аймақ саналады. АҚШ-тың Ауғанстаннан кетуі Вашингтонның позициясынан айырылуы деп айтуға бола ма?

Досым Сәтпаев: Барак Обаманың соңғы [президенттік] мерзімінен бері АҚШ іс жүзінде аймақтағы ықпалын жоғалтып келеді. Алдымен оның Өзбекстан мен Қырғызстандағы базалары жабылды, содан соң Пәкістанмен арасы суып, ақыр соңында бұл елмен әріптестік қарым-қатынасты үзіп алды, қазір Пәкістан Қытаймен көбірек жұмыс істейді. Америкалықтар бұл аймақтар айырылып қалды. Ауғанстаннан әскер әкету – осының соңғы нүктесі.

Америкалықтар стратегиялық жетекшілікті де қолдан берді, қазір олар Ауғанстанның ішкі саясатындағы басты ойыншы емес, олар сүйене алатын бірде-бір саяси күш жоқ. Президент Ашраф Ғани елден кетті, елде АҚШ-тың ешбір адамы қалмады, Ауғанстан саясатында Американың атынан сөйлей алатын бірде-бір ірі саяси тұлға жоқ.

Меніңше, АҚШ қазір Ауғанстанның ішіндегі процеске мүлде араласпайды.

Азаттық: Вашингтонда қарсыластары президент Джо Байденнің атына көп сын айтып жатыр. Біреулер АҚШ "қолайсыз уақытта кетті" десе, енді бірі оның Ауғанстандағы саясаты "құрдымға кетті" деді. Сіз АҚШ-тың Ауғанстандағы әрекетін "құрдым" дей аласыз ба?

Досым Сәтпаев: Байденге "Талибан" билікке келетін қауіп болса да, ауған тақырыбын тезірек жабу керек болды. Байден – саясаткер. Ол рейтинг тұрғысынан қарағанда соғысты жалғастырудың тиімсіз екенін түсінеді. Сондықтан ол Ауғанстаннан әскерді алып кету туралы шешім шығарды. Бұл тым қарабайыр әдіспен жүзеге асты.

Меніңше, бұл – үлкен олқылық. 20 жыл Ауғанстанда болған кезінде АҚШ "Талибанның" көзін жою деген басты мақсатына жете алмады. Екіншіден, олар АҚШ-та күшті үкімет құруға дәрменсіз болып шықты. Олар кеткен соң орталық үкімет ұзақ тұрмады. Байден 300 мың ауған әскерін дайындадық деген еді, Америка басты назар аударған армияға қарасақ, онда "өлі жандар" көп болып шықты. Ауған генералдары мен шенеуніктері АҚШ-тан ақша алу үшін өтірік хат жазып отырған. Америкалықтар тұсындағы жемқорлық пен мемлекеттік басқарудың тиімсіздігі кесірінен 20 жыл ішінде күшті саяси билік қалыптаспады.

Кабулдағы президент сарайында отырған "Талибан" өкілдері. 15 тамыз, 2021 жыл.
Кабулдағы президент сарайында отырған "Талибан" өкілдері. 15 тамыз, 2021 жыл.

Азаттық: Бұл Американың әлемдегі позициясына қалай әсер етпек?

Досым Сәтпаев: Елдің беделіне үлкен нұқсан келді. Америкалықтардың Ауғанстаннан жылдам кетуі АҚШ-тың басқа одақтастарына да проблема туғызады. Жұрттың көбі оның қолдауына сүйенбей, ең алдымен өзіне сену керегін түсінді.

Ұлы державалардың айырмашылығы неде? Қырғиқабақ соғыс кезінде АҚШ та, СССР да көп одақтасын қанатының астына алып, оларға қолдау көрсетіп, қорғады. Қазір Ауғанстан мысалынан байқағанымыз – АҚШ қыруар ақша жұмсап, көп уақытын сарп еткенімен, ешкімді қорғамады, тіпті өзіне жұмыс істеген ауғандарды да тастап кетті.

Азаттық: Сіздіңше, ауған тақырыбы Ресейдің Орталық Азия аймағындағы рөліне қалай әсер етпек? Мәскеу ықпалын арттыра түсе ме?

Досым Сәтпаев: Мұның бір қызық тұсы бар. Ресей мұнда екі түрлі саясат жүргізіп отыр. Бір жағынан олар тәліптермен келіссөз жүргізіп, оларды саяси күш ретінде қарастырады. Екінші жағынан Ресейде тәліптердің еркін жүруіне тыйым салынған, ол терроршыл ұйымға жатады. Бұл – жағдайды бақылап отырып ушықтыру саясаты.

Бір жағынан Ресей Ауғанстанның өз ішіндегі саясатқа қатысқысы келеді, сондықтан тәліптермен келіссөзге барады, себебі ол – іс жүзіндегі ойыншы. Екінші жағынан Ресейге Орталық Азияның өз ішінде жағдайды ушықтырған тиімді, сонда ҰҚШҰ-ға мүше елдер (Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы – құрамына Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан Қазақстан, Тәжікстан кіретін әскери-саяси ұйым – ред.) оны өз қауіпсіздігінің жалғыз кепілі деп қарастырады. Ресей үшін бұл – әскери-саяси канал арқылы аймаққа қайта оралудың үлкен мүмкіндігі. Яғни "Қараңдар, іргедегі жұрт Ауғанстан ислам әмірлігін құрғалы жатыр, бұл – шынайы қауіп, сендерге көмектесетін бір ел болса, ол – біз" дейді.

Ресейдікі – постимпериялық синдром. Ол Орталық Азияны өзінің геосаяси аймағы санайды. Оған аймақта белгілі бір саяси тұрақтылық болғаны маңызды, дегенмен Ресей үшін маңыздысы – ҰҚШҰ арқылы позициясын нығайту. Біз әлдебір елдің әскери шатырының астына тұрсақ, сол әскери шатырды ұстап тұрған ел өктемдігін жүргізері анық.

Азаттық: Қытай ауған мәселесінде Ресеймен ынтымақтаса ма, әлде ұстанымын нығайтып, аймақтағы қазіргі жағдайды сақтап қалу үшін өз саясатын жүргізе ме?

Досым Сәтпаев: Қытай әскери-саяси мәселеде Ресейдің құрығы ұзын екенін жақсы түсінеді. Тәжікстандағы кішкентай базасынан басқа мұнда Қытайдың әскери базасы жоқ. Ал Ресейдің мұнда ҰҚШҰ мүшелері бар, Қырғызстан мен Тәжікстанда әскери базалары бар. Яғни Қытай әріптестіктің тиімді екенін жақсы біледі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG