Accessibility links

Грузия өзін «Джорджия» деп атауды сұрайды


Әйел Грузия тулары ілінген қабырғаның қасынан өтіп барады. Tбилиси, 24 мамыр 2010 жыл.

Әйел Грузия тулары ілінген қабырғаның қасынан өтіп барады. Tбилиси, 24 мамыр 2010 жыл.

Грузин атқамінерлері Шығыс Еуропа мен бірқатар шет мемлекеттен өздерін «Грузия» деп атауды доғаруын өтінді. Ел басшылығы бұл атау Ресейдің екі ғасырлық езгісі кезінде қалыптасып кеткен термин деп біледі.


Олар «Грузияның» орнына «Джорджия» деп аталғысы келеді. Бірақ әзірге бұндай өзгеріске келіскен елдердің саны өте аз. Шын мәнінде, Батыста «Джорджия» деп аталатын Грузия өзін-өзі «Сакартвело» деп атаса, түрік тілінде «Гүржистан», ал армянша «Врастан» деген атауға ие.

«РЕСЕЙДІҢ ЕЗГІСІН ЕСКЕ ТҮСІРЕДІ»

Барлық славян елдеріне ортақ Грузия атауын грузиялықтар мүлдем ұнатпайтын болып шықты. Парламенттің шетелдегі гүржілермен байланыс жөніндегі комитетінің басшысы Нугзар Циклаури мәселені былайша сипаттайды:

- Батыста біздің ел «Джорджия» атауымен танылған. Ал Шығыс Еуропаға біз «Грузия» деген атпен белгіліміз. Бұл атау 200 жыл бойы Ресейдің қол астында болып келгенімізді есімізге түсіреді. «Грузия» сөзі Шығыс Еуропа елдеріне Ресей арқылы тарады.

Грузияның Ресеймен шиеленісті қарым-қатынастары көп зардабын тигізді. Соның ең елеулісі – 2008 жылғы Тбилисидің Абхазия мен Оңтүстік Осетиядан айырылуына себеп болған соғыс.

Алайда бұл өшпенділік жағдайды бұдан да ушықтыра түсті. Оның аяғы Грузияның ТМД-дан шығуы мен Ресейге қарсы 19-ғасырда черкестерді жоюға қатысы үшін геноцид резолюциясын қабылдауға апарып соқты.

Қазір грузин үкіметі күресін номенклатура әлемінде жалғастырып жатыр. Грузияның сыртқы істер министрі бұрынғы Совет одағы аймағы мен олардан басқа да ынтымақтас елдерді «Грузия» атауынан «Джорджияға» көшуге шақырады.

КӘРІСТЕР ҚОЛДАДЫ, ЖАПОНДАР КЕЛІСПЕДІ

Қазіргі кезде Ресейден бөлек «Грузия» атауын қолданатын елдердің саны оннан асады. Олардың қатарында Болгария, Беларусь, Қытай, Словения, Венгрия мен Балтық елдері бар.

Алайда әзірше тек Оңтүстік Корея ғана жаңа атауға көшуге келісімін берді. Жапония «Джорджия» деп атаудан бас тартты. Былтырғы Жапонияға сапары кезінде Грузия сыртқы істер министрі Григол Вашакдзенің осы мәселені көтеруі қызу пікірталас туғызды. Ресейді талай рет сынға алғанымен, Латвия мен Литва да «Джорджия» атауын мақұл көрген жоқ.

Алайда сыртқы істер министрінің орынбасары Нино Каладзадзе секілді Грузияның саясаткерлері әлі де бұрынғы коммунистік елдерді өзінің бүгінгі атын қабылдауға көндіруден үміт үзбейді:

- Біз бұл мемлекеттердің ескі атты қойып, қазіргі атау «Джорджияны» қолдана бастауы үшін бар күшімізді салуымыз керек, - дейді ол.

Осындай мақсатпен, елшілер мен басқа да елшілік қызметкерлеріне қысым жасалып, олар шетелдегі әріптестерімен келіссөздер жүргізуге мәжбүр.

Грузияның Чехиядағы елшісі Нино Накашидзе өзінің чех әріптестеріне бір жыл бұрын ұсыныс жасағанын айтты. Чехия сыртқы істер министрі ондай ұсыныстың жасалғанын растады, бірақ ауысар-ауыспасын айтудан бас тартты.

Накашидзе Чехияны Грузияның «маңызды жақтасы» деп атап, Праганың Мәскеумен қарым-қатынасына жалтақтамай-ақ дұрыс шешім жасайтынына сенімді.

- Мен бұл Чехия мен Ресей арасындағы қарым-қатынасқа әсер етеді деп ойламаймын. Менің ойымша, бұл - тек қана тілдік мәселе, және де бұл мәселе саясаткерлердің ісін біршама жеңілдетпек. Себебі, министрліктің осында шығаратын кез-келген ағылшын тіліндегі құжатында Грузия «Джорджия» деп аталады. Ал біздің бар сұрап тұрғанымыз - елімізді кез-келген тілдегі құжатта бірыңғай атпен атау, - дейді ол.

«ГРУЗИЯНЫҢ» ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ

Алайда кейбір елдердің өкілі ғасырлар бойы сақталып келе жатқан құжаттар мен әдеби туындыларды желеу етіп, бір атаудан басқаға көшудің айтылуы оңай болғанымен, іс жүзінде қиынға соғатынын айтты.

Грузиядағы Польша елшілігінің қызметкері Магда Новаковска «Грузия» сөзінің славян тілдеріне тән септіктерге еркін септелетінін атап өтті. «Ауыстыратын болсақ, АҚШ-тың Джорджия штатымен шатастырамыз» деп санайды ол.

Новаковска бейнет іздеген тіл мамандары болмаса, басқа жұрт мұндай өзгерту енгізуден басын алып қашады деп ойлайды:

- Польша үкіметі әзірше Грузия сыртқы істер министрінің өтінішіне ешқандай жауап бере алмайды. «Грузия» сөзінің поляк тілінде терең тамыр жаюы шешім шығаруды қиындатады. Тілімізде онымен байланысты сөздер, грамматикалық және лингвистикалық ережелер өте көп. Біз бірнеше ғасыр бойына Грузиямен тығыз қарым-қатынаста болғанбыз, сол себепті қорымызда «Грузия» термині қолданған көркем әдебиет, тарихи және деректі мәтіндер бар. Оның барлығын өзгерту қиынға соғады деп ойлаймын, - дейді ол.

«Грузия» сөзінің шығу тегі туралы да ортақ бір шешім жоқ. Орыс және басқа да славян тілдеріне кең тарап кетсе де, сөздің шыққан жері я Түркия, я Сирия болуы мүмкін деп болжайды мамандар. Ал Батыс Еуропа тарихшылары орта ғасырлардан бері қолданыста жүрген «Джорджиан» терминін елдің әулие Джорджға деген сүйіспеншілігімен байланыстырып, Грузияның туы әулие Джордж кресінің себебінен қызыл мен аққа боялған деп санайды.

Грузияның белгілі тарихшысы Давид Мусхелишвили - «грузия» славян сөзі емес, олай болған жағдайда қазіргі талқылау уақыт пен күшті текке шығындау болып шығады дейтіндердің бірі:

- Бұның саяси тұрғыдан қандай мәні бар екендігін айта алмаймын, дегенмен бұлайша атау ауыстыру – жөнсіз нәрсе. Поляктардың бізді «Джорджия», не «Грузия» деп атауында тұрған не бар?

Сан түрлі атаулар мен сан қырлы жеккөрінішке толы көптілді аймақтағы Грузияның бұл күресі наразылықты күшейте түсуі мүмкін. Мәселен, өзінен бөлініп шыққан мемлекеттерді Тбилиси «Абхазети» (Абхазия) және «Самачабло»(Оңтүстік Осетия) деп атаса, олар өздерін мақтанышпен сәйкесінше "Апсны" және "Хуссар Иристон" деп атайды.

Ол аймақтар өздерінің «жаңа атауына» қатысты қысымға разы бола қоймас. Алайда Грузияның республикалық партиясының мүшесі, оппозиционер Давид Зурабишвили Грузияның «Джорджия» мәселесін көтеруі өзгелерге жаман үлгі болады деп есептейді. Себебі елдің сыртқы саясатын қалыптастыру кезінде ең әуелі іспен көрінудің орнына, сөзге мән беру жақсы нышан емес.

- Әр мемлекет әр түрлі елдерде олардың дәстүріне байланысты әр түрлі аталады. Бұл – дағдылы құбылыс. Ал оған осыншама мән беріп, оны Совет заманының қалдығы ретінде қабылдау орынсыз. Бұл өзгерту Михаил Саакашвилидің ойынан шығарған мәселесі ме деп күдіктенемін, - деді ол.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG