Accessibility links

Грекия аралын босқындар басты


Лесбос аралына ақпанның соңында жеткен босқындар қайығы.
Лесбос аралына ақпанның соңында жеткен босқындар қайығы.

Грекияның Лесбос аралында босқындар қаптап барады. Македония шекарасын жапқалы бері олардың барар жері қалмай тұр.

Босқындардың өздері де, әсіресе арал тұрғындары ауыл шаруашылығы дамыған бұл жер босқындар қаптаған орынға айнала ма деп алаңдайды. Мэрия арал тағдыры Түркиядан шағын қайықтармен кісі таситын контрабандашылар қолында тұр дейді.

Грекияның Лесбос аралы жағалауына адамға лық толған резеңке қайық келіп тоқтады. Жағадағы жұрт қайықты құрғаққа тартып, байлап жатқанда оның үстінде тұрған Дауд есімді сириялық студент «Мен ештеңеден қорықпаймын!» деп жымия қол бұлғады.

- НАТО жолды жауып тастамай тұрғанда жетіп алайық дедік. Басында жазға салым келеміз бе деп жүргенбіз, бірақ НАТО жолды бөгейді деген соң қыс кезінде-ақ шығып кеттік, - деді жағалауға шыққан 20 жастағы жігіт.

ҮШ МЫҢ МИГРАНТ

Дауд – ақпанның соңғы аптасында Лесбос аралына келген 4мың босқынның бірі. «Еуропа мигранттардың жолын бөгейді екен» деген сыбыс шыққалы мұнда адам қарасы көбейген. Түркияға жетіп, одан әрі Еуропаға бет алған мигранттар Жерорта теңізімен жүзіп өтіп, алдымен 90 мыңдай тұрғыны бар осы аралға аялдап өтеді. Лесбос арқылы барлығы 1 миллионға тарта адам өткен. Грекияның солтүстігінде жатқан Македония шекарасын жауып, мигранттарды өткізбей тастағалы екі апта болды. Ол елге Сирия мен Ирактан қашқан босқындардың аз ғана тобы өтіп жатыр. Сондықтан, ауыл шаруашылығына бейімделген шағын арал соғыстан бас сауғалаған мыңдаған адамның бекінісіне айнала ма деген қауіп бар.

Қақтығыс аймағынан қашқан сириялықтармен қоса мұнда Ирак, Ауғанстан, Сомали, Пәкістан, Эритрея, тіпті Тибет тұрғындары да аялдап жатыр. Аралдың бас қаласы – Митилини әкімшілігінің баспасөз хатшысы Мариос Антриотистің айтуынша, ақпанның 29-ы күнгі мәлімет бойынша мұнда үш мыңға тарта босқын мен мигрант жиналып қалған.

- Қазір жағдай жаман емес, дайындығымыз жақсы. Бірақ ертең мұнда 5-6 мың адамның ағылып келмесіне ешкім кепілдік бере алмайды. Тағдырымыз контрабандашылардың қолында, - дейді ол.

ТУРИЗМ ЖАПА ШЕКТІ

Грекияның басқа аймақтарымен бірге экономикалық дағдарысты бастан кешіп жатқан Лесбос аралын былтыр күзде мигранттар басып қалған. Жағалаудан қаланың ішіндегі тіркеу орындарына ілбіп жететін мигранттар Афинаға кеткенге дейін қала көшелерінде, айлақтарда тігілген шатырларда жатады.

ВИДЕО: Грекия-Македония шекарасынан өтуге тырысқан босқындар (ағылшын тілінде).

Migrants Try To Storm Greek-Macedonian Border
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:26 0:00

Мигранттар дағдарысы арал экономикасының екінші ірі бөлігі саналатын туризмге кесірін тигізіп үлгерді. Биыл жазда аралға келеді деп жоспарланған чартерлік ұшақ рейстерінің төрттен үші кейінге қалдырылды.

Дегенмен құрлықтық Грекиядағы жағдаймен салыстырғанда Лесбос аралындағы ахуал біршама тәуір. Жақында мигранттар Македония шекарасындағы полициямен қақтығысты, біраз адам Афина портындағы алаңқайларда шатыр тігіп жатыр. Жағдайды одан әрі ушықтырмау үшін ақпанның 26-сы Грекияның әскери теңіз және арал мәселелері министрі мигранттарды құрлыққа тасымалдайтын чартерлік паромдарға уақытша тоқтау салды.

Саяхат агенті Тони Пиколоның айтуынша, оның компаниясының 2500 адамға арналған чартерлік паромы өткен демалыстан бері Митилинидегі портта қаңтарылып тұр. «Үкімет коммерциялық паромдарға сатылатын билеттердің санын да шектеп жатыр» дейді ол.

Ақпанның 29-ы күні сириялықтар Пиколоның жағалаудағы кеңсесі алдына жиналған. Қала мэрі Пиколоның паромын су бетіндегі қонақүйге айналдырып, босқындарды сонда орналастыруды да ойластырған. Бірақ оған бұл жоспар ұнап тұрған жоқ.

- Аралдан кетуге рұқсат берілмесе, халық паромды өртеп жіберуі мүмкін, - дейді Пиколо.

ГРЕКИЯ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

БҰҰ-ның Босқындар жөніндегі жоғарғы комиссиясы баспасөз хатшысы Борис Чеширковтың айтуынша, биылғы екі айда Лесбос аралына 60 мыңға жуық адам келген. Бұл өткен жылдың осы кезімен салыстырғанда анағұрлым көп.

Еуропа мемлекеттері Грекияны «мигранттарға өткел болып, ішкері қарай жіберіп жатыр» деп кінәлайды. Ал Грекия мигранттар алғаш жететін ел болғандықтан, моральдық жауапкершілік жүгін арқалап келеді, оның үстіне олар босқындар нөпірін тоқтатуға қауқарсыз.

Ақпанның 29-ы күні Марилена Коугио мен Эммануель Пантермос есімді қос құрбы Грекия жағалау қорғанысының кемесінен Митилини қаласының айлағына 435 мигранттың түскенін көріпті.

- Халық бостандық іздеп теңізді жүзіп келіп жатыр. Оларға бомба түспейтін бейбіт жер керек. Сондықтан оларға жанашырлықпен қараймын, - дейді Пантермос.

Босқындар санын мейлінше азайту мақсатында Грекия ақпанның 28-і күні Пәкістаннан келетін адамдарды «экономикалық мигранттар» санатына жатқызатын шешім қабылдады. Бұдан былай оларды елде паналатуға негіз жоқ.

ИНФОГРАФИКА: Босқындар нөпірінен шошыған Еуропа (Суретті басыңыз, ақпарат ағылшын тілінде)

Пәкістандық 21 жасар суретші Қасым Мұхаммед қайықтан түсе сала шылқылдаған аяқкиімін шешіп, мойнынан ауыр жүк түскендей кең тыныс алды.

- Маңайың бәрі террорист, онда тұру қауіпті. Пәкістанға ешкімнің қайтқысы жоқ. Құдайдан жәрдем сұраймыз, - деді ол. Қасымның өзі жұмыс тауып, Еуропада қаламын деп үміттенеді.

Лесбостағы босқындарға көмектесіп жүрген еріктілер мигранттарға «осында қала тұрыңдар» деп кеңес беріп жатырмыз дейді.

АУҒАНДАРҒА ЕСІК АШЫҚ

Митилинидің маңындағы зәйтүн тоғайы арасында тігілген шатыр қалашықта Даниядан келген Хенритте Йохансен ерікті түрде жұмыс істеп жатыр. Оның айтуынша, мұнда жұрт мигранттардың ағылып келетінін біліп, қам жасаған. Шатырларда 400 адам еркін өмір сүре алады, қажет болса тіпті 1 мың кісіге дейін сыйғызуға болады. Ақпанның 28-і күні бұрыш қосылған күріш пен қайнатылған жұмыртқаның кезегіне басқа мигранттармен қоса 200 пәкістандық та тұрды.

- Афинаға барғандарының қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын білмейміз. Ал әрі қарай кеткісі келсе, шекарада бөгелетіндері анық, - дейді Йохансен.

23 жастағы Назифа Мохаммеди Ауғанстанның Герат аймағынан алты апта жүріп, ақпанның 26-сында Лебосқа жеткен. Ол үш және бір жасар балалары бар әпке-жездесіне ере келіпті. «Біз елден кетпейтін едік. Сапарға шығардың алдында Ауғанстан азаматтарына шекара ашылғанын естідік» дейді ол.

Жақындарымен бірге ол ақпанның 27-сі түнгі пароммен Афинаға аттанды. БҰҰ-ның босқындар жөніндегі комиссиясы баспасөз хатшысы Чеширковтың айтуынша, сол күні екі пароммен Афинаға 600 босқын, келесі күні және 1640 кісі жөнелтілген.

«ИРАН РЕЖИМІНЕН ТЕПЕРІШ КӨРДІК»

Дегенмен, Лесбоста қалып қойған мигранттар да бар. Ирандық 25 жастағы футболшы Әлиреза Хосейни «репрессиялық режимнен бас сауғалау үшін теңіз арқылы қаштым» дейді. Өзінің айтуынша, денесіне тату салдырып, алкогольді ішімдік ішкені үшін полиция оның саусағын сындырған.

Жанындағы ирандық үш жігітпен бірге ол Мойрадағы құтқару күртешелеріне толы шатырды баспана етіп тұрып жатыр. Ол шатырдағы асханаға қолғабыс етіп жүр. Шатырлары тұрған дөңеске шыққанда Хосейни Еуропамен араны бөліп жатқан көк теңізді көреді.

- Шекараның ашылғанын күтіп осында жата береміз. Бәлкім бір жыл, не екі жыл. Енді Иранға қайтпаймыз, - дейді ол.

Афинаға кетіп жатқандардың да жағдайы мәз бола қоймас. Тіпті Македония шекарасынан өтуге қақылары бар сириялықтар мен ирактықтардың өздері ылғал шатырларда бір апта не одан да ұзақ жатуға мәжбүр.

Ақпанның 27-сі күні жағалауға қуанып жеткен Дауд Митилиниден кететін паромды екі тәулік күтіп, тұнжырап қалыпты.

- Біз керемет ел болатынбыз, қазір бәрі күл-талқан болды. Енді міне, Еуропа елдеріне келіп, жан сауғалап жүрміз. Кәдімгі аңдар сияқтымыз, - дейді Дауд.

Даниелла Чеслоудың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG