Accessibility links

Трамп қалай жеңіске жетті?


АҚШ-тың 45-президенті болып сайланған Дональд Трамп. Нью-Йорк, 9 қараша 2016 жыл.

АҚШ-тың 45-президенті болып сайланған Дональд Трамп. Нью-Йорк, 9 қараша 2016 жыл.

Президент сайлауында Дональд Трамптың жеңіске жетуі АҚШ саяси тарихындағы таңғаларлық құбылысқа айналды. Әлеуметтік сауалнама Хиллари Клинтон жеңімпаз болады деп болжағанымен, бәсекелесінің жұлдызы жанды.

Қарашаның 9-ы күні ертемен сайлаудың нақты қорытындысы белгілі болысымен Дональд Трамптың жақтастары Нью-Йорктегі штаб пәтерінде жұрт жеңісті тойлап жатты. Ал қаланың бір шетінде, сайлау алдындағы әлеуметтік сауалнама жеңімпаз болады деп болжаған Хиллари Клинтонның жақтастары өздеріне жағымсыз жаңалықтан есеңгіреп қалғандай күй кешті.

«ХАЛЫҚ ӨЗГЕРІСТІ ҚАЛАДЫ»

«Бұл Клинтонның жақтастарының қол қусырып отырғандығынан емес, Трампты қолдаушылардың біз күткендегіден көп болуының нәтижесі, - дейді Ұлыбританиядағы Бирмингем университетінің АҚШ тарихы бойынша профессоры Скотт Лукас. - Олардың дауыс беруге ниеті басым болған сыңайлы».

Трампты қолдаушылардың басымдығы оның жеңіске жетуінің негізгі себебін айқындайды: америкалықтардың көбі саяси элитаға риза емес әрі өзгеріс болғанын қалайды. Reuters/Ipsos қарашаның 8-і күні жүргізген қоғамдық сауалнама көрсеткендей, сайлауға келген америкалықтардың 72 пайызы «дәстүрлі партиялар мен саясаткерлер қарапайым халықтың қамын ойламайды» десе, 57 пайызы «Американы қайтадан дәулетті әрі қуатты ететін мықты жетекші керек» деген пікір білдірген.

Дональд Трамп пен оның бәсекелесі Хиллари Клинтонның жақтастары сайлау нәтижесі жарияланған соң өзара дауласып тұр. Таймс-сквер, Нью-Йорк, 9 қараша 2016 жыл.

Дональд Трамп пен оның бәсекелесі Хиллари Клинтонның жақтастары сайлау нәтижесі жарияланған соң өзара дауласып тұр. Таймс-сквер, Нью-Йорк, 9 қараша 2016 жыл.

«Американы қайтадан ұлы елге айналдырайық!» деген ұранмен шыққан Трамп қоғамдағы осы көңіл-күйді жазбай таныды. Бұрынғы сенатор, мемлекеттік хатшы және бірінші леди ретінде отыз жылдай уақыт үлкен саясатта жүрген Хиллари Клинтонмен салыстырғанда Трамп өзін бұған дейін саяси іске араласпаған, сырттан келген адам ретінде көрсетті және өзгеріс жасай аламын деп жұртты сендірді.

«Тот басқан белдеуге» (rust belt – Американың кен өндіретін аймақтары) кіретін штаттарда «Американы қайтадан ұлы ел жасайық» деген сөз өндіріспен айналысатын заман келмеске кетті дегенді білдіреді» дейді Ұлыбританиядағы Нортумбрия университетінің АҚШ тарихы жөніндегі профессоры Майкл Каллинэйн.

«Клинтон дәл сондай өзгеріс жасаймын деп айтпады, себебі ол соңғы 30 жылдай уақытын мемлекеттік саясатқа арнаған, саяси элитаның өз адамы», - дейді сарапшы.

Reuters/Ipsos сайлау күні жүргізген сауалнама бойынша, Клинтонға қараған Трамп жоғары білімі жоқ ақ нәсілді ер адамдар арасында (31 пайыз) және дәл сондай әйелдер арасында (27 пайыз) жоғары қолдауға ие болған.

Керісінше, Клинтон әйел сайлаушылар мен саны аз ұлттар арасында 2 пайызға жоғары ұпай жинаған. Сонымен бірге оған афроамерикалықтардың 89 пайызы, испан тілді сайлаушылардың 66 пайызы және тегі азиялық америкалықтардың 65 пайызы қолдау танытқан.

САЯСИ ЭЛИТАДАН ТЫС АДАМ

Трампты сайлаушылар сырттан келген адамның билікте болғанын қалады, Нью-Йоркте жылжымайтын мүлік магнаты ретінде табысқа жеткеніне қарамастан, Трамп өзінің сондай адам екеніне сендірді. Ол бұрыннан келе жатқан саясаткерлерді «сенуге тұрмайтын жандар» деп сипаттап, өзін олардан оқшау етіп көрсетті.

Сайлау науқаны барысында баспасөз құралдарымен де ашық айтысып, оларды «әділетсіз» деп атаған Трамп тұрғындармен Twitter арқылы тікелей байланыс құрды. Өзінің жеке бизнеспен табысты айналысқанын да жарнамалап, президент болатын адамға саяси тәжірибеден гөрі дайындығы жоғары адам лайықты деген пікірді қалыптастыруға тырысты.

Трамп Обама әкімшілігін (Хиллари Клинтон мемлекеттік хатшы болған кезде) Қытаймен нашар сауда байланысын орнатты деп айыптап, билікке келсе АҚШ үшін тиімді жағдайда келіссөз жүргізуге уәде берді.

Дональд Трамптың АҚШ президенті болып сайлануына қарсылық білдіріп, акцияға шыққандар. Окленд, Калифорния, 9 қараша 2016 жыл.

Дональд Трамптың АҚШ президенті болып сайлануына қарсылық білдіріп, акцияға шыққандар. Окленд, Калифорния, 9 қараша 2016 жыл.

Өзін сырттан келген адам ретінде көрсеткен Трамптың Клинтоннан тағы бір артықшылығы: ол теледидар арқылы халыққа танымал тұлға. Клинтон көптеген ресми қызметтер атқарды, Нью-Йорк атынан сенатор болып та сайланды, бірақ Трамп 2003 жылы экранға шыққан «Үміткер» атты шоуымен көрерменге кеңінен таныс. Телеарнадан 14 маусым бойы көрсетілген реалити-шоуда жас кәсіпкерлер Трамптың жылжымайтын мүлік ұйымына жұмыс істеу үшін бәсекеге түскен. Трамптың көңілінен шықпаған адамға «Жұмыстан қуылдыңыз!» деп айтқаны да халық арасында мәтелге айналды және оны нақты шешім қабылдай алатын бизнесмен етіп көрсетті.

Сайлаудан кейінгі Трамптың міндеті - сайлау науқаны кезінде берген көптеген уәделерін орындауға кірісу. Олардың арасында көп дау тудырған – АҚШ-тағы заңсыз миграцияны тоқтату үшін Мексиканың есебінен шекара бойына дуал тұрғызып, кейбір халықаралық сауда келіссөздерін қайта қарау, жұмыс орындарын шетелге көшірген АҚШ компанияларын жазалау туралы берген уәделері бар.

Бизнесмен Дональд Трамптың саясаттағы жеңісі:

«Оның берген уәдесінде тұрып дуал салуға, сауда мәмілелерін қайта қарауға, әр адамға «Келіссөз жүргізу өнері» (Трамптың 1987 жыл жарық көрген кітабы) кітабында айтылған кеңестерін іске асыру әдісін көрсетуіне 4 жыл уақыты бар, - дейді Куллинан. - Бірақ 4 жылдан соң ол сырттан келген адам болмайды, ал сайлаушылар үміті ақталды ма, жоқ па – сол кезде белгілі болады».

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG