Accessibility links

"Сегрегация" ма, "сенімді арттыру" ма? Шетелден қаржы алатындар тізімін жариялау не үшін керек?


Қазақстан Ресейдің ізімен жүрмек пе? Билік шетелден қаржы алатындар тізімін жариялады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:39 0:00

Қазақстанда билік шетелден қаржы алатындар тізімін жариялады. Бұл не үшін керек болды?

Қаржы министрлігінің мемлекеттік кіріс комитеті шетелден, халықаралық ұйымдардан, шетелдіктерден және азаматтығы жоқ адамдардан қаржы алатын жеке және заңды тұлғалардың тізімін жариялады. Онда түрлі салада жұмыс істейтін 240 ұйым мен азаматтың аты-жөні көрсетілген. Тізімде ақпарат құралдары, журналистер, құқық қорғау ұйымдары мен қоғамдық қорлар, халықаралық ұйымдар бар. Бұл нені білдіреді?

"АВТОРИТАР ЕЛДІҢ ЖОЛЫ"

Адам құқығы мен сөз еркіндігін қорғаумен айналысатын MediaNet халықаралық журналистика орталығы – осы тізімге енгендердің бірі. Үкіметтік емес ұйым медиа саласына қатысты түрлі жоба, байқау, шара ұйымдастырады. Орталық басшысы Әділ Жалилов министрліктің шешімін қолдамайды. Ол шетелден қаржы алатындар тізімін ашық жариялау – Ресей сияқты авторитар елдердің жолы дейді.

MediaNet халықаралық журналистика орталығының жетекшісі Әділ Жалилов.
MediaNet халықаралық журналистика орталығының жетекшісі Әділ Жалилов.

– Біз халықаралық ұйымдардан қаржы аламыз. Бұл – дені дұрыс елдер үшін қалыпты нәрсе, соған қарамастан біз Ресейдің теріс жолына түсіп, "шетел агенті" дегендей тізімді жариялай бастадық. Бұл – ұят бағыт. Ең жақсысын қабылдаудың орнына, ең нашар тәжірибені қайталап отырмыз, – дейді Әділ Жалилов.

Оның айтуынша, журналистика орталығы өз еркіндігін сақтау үшін мемлекеттік органдар қаржысынан түбегейлі бас тартады. Сондықтан халықаралық, шетелдік қорларға жүгінуге тура келеді. Жалиловтың сөзінше, олар ұйым жұмысына араласпайды, сөз еркіндігін құрметтейді.

– Осы уақытқа дейін шетелден қаржы алатынымызды жасырған емеспіз, әрқашан ашық болдық: есептер, іс-шаралар, қаржыландыру көздерін, гранттар жөнінде жариялап келдік. Мұны ұят әрекет деп санамаймыз, керісінше мақтан тұтамыз. Себебі грантты ұтып алу өту қиын, бәсеке бар, лайықты идея керек, – дейді Әділ Жалилов.

"ҚАЗАҚСТАНДА ЕШҚАШАН ҚАРЖЫ АЛА АЛМАЙТЫНЫМ ТҮСІНІКТІ"

Қазақстандық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина басқаратын "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қоры да министрлік тізіміне іліккен. Бұл ұйым Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан, із-түзсіз жоғалған, азапталған азаматтардың аты-жөнін анықтап, оларға көмек беріп, оқиғаны құжаттаумен айналысып келеді. Төреғожина – Қаңтар оқиғасын халықаралық деңгейде тәуелсіз тергеп, биліктегі адамдарды жауапқа тартуға үндеп жүргендердің бірі.

Ол да шетелден қаржы алатынын еш жасырмайтынын, онда тұрған еш заңсыздық жоқ екенін айтады. Ұйым "Қазақстан заңының талабына сәйкес, ашық жұмыс істеп отырғандықтан" шетелден ақша алатындар туралы тізімді жариялау талабына "сабырмен қарайды". "Жасыратын ештеңеміз жоқ" дейді құқық қорғаушы.

Бұл тізімді жариялау әрекетінің артында Ресейдегідей "шетел агенті" деп түртпектеу әрекеті тұрса, әңгіме басқа дейді Төреғожина.

Қазақстандық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина (оң жақта) Қаңтар оқиғасы туралы "Ескертусіз қасақана оқ ату" баяндамасын көпшілікке таныстырып отыр. Алматы, 5 маусым, 2023 жыл.
Қазақстандық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина (оң жақта) Қаңтар оқиғасы туралы "Ескертусіз қасақана оқ ату" баяндамасын көпшілікке таныстырып отыр. Алматы, 5 маусым, 2023 жыл.

– Билік бізді "шетел агенті" қатарына қосқысы келсе, оларға айтар уәжім бар. Үкімет елде үкіметтік емес ұйымдарды қолдауға бағытталған ішкі мәдениетті дамытуы тиіс. Қазір біз істеп жатқан жұмыс мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылса, мұны тек қана қолдаймын. Неге екенін білмеймін, билік мұны істемейді. Олар елде саяси тұтқындар барын, белсенділер қудаланып жатқанын, Қаңтарда адам құқықтары бұзылғанын және осы бойынша істеліп жатқан жұмыстарды мойындамайды. Яғни бұл жұмыс үшін Қазақстанда ешқашан қаржы ала алмайтыным түсінікті, – дейді Бақытжан Төреғожина.

"СЕГРЕГАЦИЯ"

Құқық қорғаушының айтуынша, мемлекет үкіметтік емес ұйымдардың халықаралық қорлармен байланысына көңілі толмайтын болса, онда "балама жағдай ұсынып, міне, біз де жұмыс істеп жатырмыз" деуі керек. "Сонда біз де сол шарттармен жұмыс істер едік" дейді ол.

Алайда билік қаржы алған ұйымның жұмысына араласып, нұсқау бермеуі тиіс. "[Қаржы бөлетін шетелдік] серіктестер біздің құқығымызды құрметтейді, тәуелсіз, еркін жұмыс істеуге жағдай жасайды. Мемлекет бізді, біздің жұмысымызды сыйлап, тәуелсіз жұмыс істеуге мүмкіндік берсе, билікке жақын үкіметтік емес ұйымдар сияқты бізді де қорқытып, бопсаламаса... қаржы алар едік" дейді Төреғожина.

Ал Әділ Жалилов мұндай тізімді жариялау талабын мемлекеттің ұйымдар мен адамдарды "репрессиялау болмаса да, сегрегация жүргізу мүмкіндігі" деп есептейді.

– Сайлау кезінде жеке ұйымдар сауалнама жүргізу үшін Орталық сайлау комиссиясынан рұқсат алуы керек. [Шетелден ақша алатын ұйымдар] тізімінде болған соң енді ол мүмкіндіктен айырыламыз деп ойлаймын. Немесе журналистер баспасөз картасын ала алмай, бұқаралық ақпарат құралын тіркей алмауымыз да мүмкін, – дейді MediaNet халықаралық журналистика орталығының басшысы.

"ТІЗІМ ТОЛЫҚ ЕМЕС"

"Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қорының директоры Қарлығаш Жаманқұлова шетелден қаржы алатындар тізімі жариялануына қарсы емесін айтады.

Оның сөзінше, мұны әрбір Қазақстан азаматы білуге құқылы. Алайда тізімнің жасалу жолы манипуляциялық тұжырым шығаруға әкеледі дейді.

Жаманқұлованың айтуынша, комитет тізімді толық шығармаған, оған грант алған мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар да қосылуы керек. Бұған қоса, ұйым немесе жеке тұлға қаржыны қай жерден алғаны да көрсетілуі керек.

"Бұл майда-шүйде болып көрінер, бірақ қаржы көзі – Қазақстанда ресми түрде мойындалған, халықаралық келісімдерді орындайтын, толеранттық, ашықтық және грант алушының тәуелсіз саясатын құрметтеу сияқты принциптерді мойындайтын грант мекемесі болса, бұл – маңызды" дейді Жаманқұлова.

Бұған қоса, шетелден қаржы алатындарға қызыққан азаматтар "аз уақытта тауып алатын" деректер" болуы керек дейді ол.

"Тізімнің контекссіз болуы "шетел агенті" деген тақырып қоюға жетелейді. Халықаралық серіктестерге көрсеткен ашықтықты азаматтарға да көрсетіңдер. Ақпаратты толық бермеу – манипуляцияның бір түрі" деп жазды Жаманқұлова Facebook-тағы постында.

ЖCH ЖАРИЯЛАУ – ЗАҢ БҰЗУ МА?

Шетелден қаржы алатындар тізіміне кірген журналистер мен құқық қорғаушылар ондай тізімнің жариялануына қарсы емес болғанымен, онда азаматтың не мекеменің жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) немесе бизнес сәйкестендіру нөмірі (БСН) қатар тұрғанына наразы.

Мәселен, Бақытжан Төреғожина жеке деректі жариялау заңсыз екенін айтады және "бұл үшін біреу жауап беруі керек" деп санайды.

Қазақстандағы әйелдердің өмірін баяндайтын журналистік жобасы үшін халықаралық медианы қолдау ұйымынан қаржы алған журналист Әйнел Әмірхан да жеке дерегі көпшілікке жарияланғанын "заңды бұзу" деп бағалаған: "...жағымсыз әсер қалдырған екі мәселе бар. Бірі – менің, жеке мәліметтерімнің қауіпсіздігінің кепілі болуы тиіс мемлекеттің өзі оны дүйім жұртқа ашық таратып жібергені. Бұл – жеке мәліметтер туралы заңды бұзу" деп жазды журналист Instagram парақшасында.

Мемлекеттік кіріс комитеті баспасөз қызметінің хабарламасында "салық төлеушінің аты мен сәйкестендіру нөмірі Салық кодексінің 30-бабына сәйкес, салық құпиясына жатпайды" деп жазылған.

Салық кодексінің 30-бабында "Салық төлеуші туралы салық органы жинаған кез келген ақпарат салық құпиясына жатады" деп жазылған және құпияға кірмейтін деректердің ұзақ тізімі бар. Ол тізімде салық төлеушінің аты-жөні, сәйкестендіру нөмірі, салық берешегі және басқа да түрлі деректер көрсетілген.

Қазақстандағы кейбір құқық қорғаушылар "Дербес деректер мен оларды қорғау туралы" заң түрлі жағдайда әркелкі қолданылатынын айтады. Мәселен, биыл тамызда құзырлы орган талдықорғандық журналист Сандуғаш Дүйсенованы осыдан бірнеше жыл бұрын кісі өлтірді деген сезікпен іздеуде жүрген адамның ЖСН-ін заңсыз таратты деген күдікпен қамауға алды. Кейін оның үстінен қозғалған іс тоқтатылғаны белгілі болды.

"СЕНІМДІ АРТТЫРУ ҮШІН"

Қаржы министрінің "Шет мемлекеттерден, халықаралық және шетелдік ұйымдардан, шетелдіктерден, азаматтығы жоқ адамдардан ақша не мүлік алған және оларды жұмсаған тұлғалар туралы деректер базасын жүргізу, сондай-ақ оларды деректер базасына енгізу не одан шығару туралы" 2018 жылғы 20 ақпандағы №240 бұйрығына өзгеріс енгізу жөніндегі бұйрық жобасы биыл қаңтардың аяғында дайындалып, 8 ақпанда талқыға шығарылған. Талқы сол күні кешкі алты жарымға дейін ғана созылған. Артынша құжатқа қаржы министрі қол қойып, бұйрық 13 наурызда күшіне енді. Алты ай өткенде шетелден қаржы алғандар тізімі министрлік сайтына жарияланды.

Қаржы министрлігі мемлекеттік кіріс комитетінің ұстанымы бойынша, бұл өзгеріс мемлекетке және үкіметтік емес ұйымдарға "сенімді арттыру" мақсатын көздейді. Бұл үшін Қазақстан Салық кодексіне арнайы өзгеріс енгізілген.

"Бұл түзету азаматтардың мемлекетке де, үкіметтік емес ұйымдарға да сенім деңгейін арттыруға бағытталған" делінген комитет хабарламасында.

Комитет баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, Қазақстанда шетелден, халықаралық ұйымдардан, шетелдік азаматтардан қаржы алатын жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік кіріс органдарына есеп беру туралы талап 2018 жылы енгізілген.

Ал 2022 жылы Салық кодексіне соған сәйкес арнайы өзгеріс те жасалған. "Бұл талап заң көмегін көрсету, азаматтар мен ұйымдардың мүдделерін қорғау, қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу, ақпарат жинау, талдау және тарату бойынша қызмет істейтін тұлғаларға арналды".

Ал шетелден қаржы алатын үкіметтік емес ұйымдар 2016 жылдан бері салық органдарына есеп бере бастаған. Бұл жөнінде заңға өзгеріс 2015 жылы енген. Содан бері ұйымдар қызметкерлері, активтері, демеушілері мен іс-әрекеті туралы Қазақстанның құзырлы органдарын хабардар етіп отырады. Дегенмен бұған дейін бұл деректер ашық жарияланбайтын.

РЕСЕЙДІҢ ІЗІМЕН

Әлеуметтік желі қолданушылары заңдағы өзгерісті Ресейдегі "шетел агенті" заңына ұқсатты. Ресей билігі "шетел агенті" туралы заңды 2012 жылы қабылдап, оған бүгінге дейін бірнеше өзгеріс енгізген.

"Шетел агенті" тізіміне енгізілген әріптестерін қолдап, Ресей федерациялық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) ғимаратының алдына "Өздерің шетел агентісіңдер" деген жазу ұстап қарсылық акциясына шыққан ресейлік журналист. Мәскеу, 20 тамыз, 2021 жыл.
"Шетел агенті" тізіміне енгізілген әріптестерін қолдап, Ресей федерациялық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) ғимаратының алдына "Өздерің шетел агентісіңдер" деген жазу ұстап қарсылық акциясына шыққан ресейлік журналист. Мәскеу, 20 тамыз, 2021 жыл.

Кейінгі өзгерістерге сәйкес, бұл тізімге шетелден қаржы алатын тұлғалар ғана емес, Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптаған, билікті жиі сынайтын тұлғалар да енгізілді. Билік осы тізімге жергілікті және шетелдік ақпарат құралдарын (соның ішінде Азат Еуропа/ Азаттық радиосын), журналистерді, сарапшыларды, әншілер мен әртістерді, үкіметтік емес ұйымдарді, блогшыларды кіргізді. Олар материал жариялағанда "шетел агенті" екенін "мойындайтын" мәтін, видео не аудиохабарлама беруге міндетті. Оны орындамағандар жазаға тартылады.

Ресей заңында мұндай тұлғаларға көп шектеу бар. Олардың Ресейде табыс табуына тыйым салынған. Құқық қорғаушылар ресейлік "шетел агенті" туралы заңды дискриминациялық заң деп атап, құжат кейбір адамдарға ғана және саяси себеппен қолданылатынын айтқан.

2023 жылы наурызда Грузия парламенті "Шетел ықпалының ашықтығы туралы" заң жобасын "("Шетел агенті туралы заң" деп те айтылады) бірінші оқылымда мақұлдап, артынан кері қайтарды.

Заң жобасы мақұлданған кезде Грузия парламенті ғимаратының алдына мыңдаған адам жиналып, жаппай қарсылық акциясын өткізді.

"Сыртқы ықпалды қаржыландырудың ашықтығы туралы" заң жобасына наразы жұрт парламенттің алдына жиналды. Олар Грузия туына қоса Украина мен Еуроодақ туларын көтеріп тұр. Тбилиси, 8 наурыз 2023 жыл.
"Сыртқы ықпалды қаржыландырудың ашықтығы туралы" заң жобасына наразы жұрт парламенттің алдына жиналды. Олар Грузия туына қоса Украина мен Еуроодақ туларын көтеріп тұр. Тбилиси, 8 наурыз 2023 жыл.

Грузияның үкіметтік емес ұйымдары құжатты "Ресей заңы" деп атап, оны парламент талқылағанын "ұлт деңгейіндегі масқара іс, барлық азаматты қорлау, конституцияға қайшы қадам" деп бағалады.

Тбилисидегі екі күндік наразылықтан соң парламентті билеуші партиялар – "Грузия арманы" мен "Халық күші" бірінші оқылымда мақұлданған "шетел агенті" туралы заң жобасын қайтарып алды.

Қырғызстанда осыған ұқсас заң жобасы алғаш 2013 жылы ұсынылды және ол Ресейде қабылданған заңға ұқсас еді. Құжат шетелден қаржы алатын және "саяси іс-әрекетпен" айналысатын жергілікті үкіметтік емес ұйымдарды (ҮЕҰ) "шетел агенті" ретінде тіркеуден өтуге міндеттеуді көздейтін. 2016 жылы бұл заң өтпеді, бірақ биыл қырғыз парламентінің депутаттары "шетелдік өкілдер" туралы заңды қоғамдық талқылауға шығарған. Фактчекерлер мен халықаралық құқық қорғау ұйымдары құжаттың Ресейдің "шетел агенті" заңынан көшірілгенін айтты.

"ҰҒЫМДАРДЫ АЛМАСТЫРМАУ"

Дегенмен "шетелден қаржы алатындар" тізіміне кіргендер арасында бұл ережені Ресейдің "шетел агенті" заңына ұқсатпайтындар да бар.

Әйнел Әмірхан журналистердің "бұл тізімді бізде қолданыста жоқ "шетел агенті" деген ұғыммен алмастырып, оқырманды шатастырып, тақырыпты солай ұсынуына" қарсы. "Осындай терминологияны қолдануда мұқият болып, ондай ұғымның көпшілік арасында таралуына себепкер болмауымыз керек" деп жазды журналист.

Ал құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Қазақстан билігі "шетел агенті" туралы арнайы заң қабылдап, азаматтық қоғамды қыспаққа алған Ресейдің жолымен жүрмейді деп үміттенеді.

– Біздің билік Ресейдің жолымен жүрмейді, себебі онда мүлде басқа саясат – Ресейді бүкіл әлемге қарсы қою саясаты жүріп жатыр, – деді Төреғожина.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG