Accessibility links

Бітпейтін қысым мен қауіп. Тәуелсіз бақылаушыға тосқауыл көп


Президент сайлау күні дауыс беру учаскесіндегі бақылаушыларға бөлінген орын. Алматы, 9 маусым 2019 жыл. Сайлауды бақылаған ұйымдар билік осы сайлаудан бақылаушылардың қандай күш екенін түсінді дейді.
Президент сайлау күні дауыс беру учаскесіндегі бақылаушыларға бөлінген орын. Алматы, 9 маусым 2019 жыл. Сайлауды бақылаған ұйымдар билік осы сайлаудан бақылаушылардың қандай күш екенін түсінді дейді.

Тәуелсіз бақылаушылар бірлестігі Қазақстандағы кезектен тыс парламент және жергілікті өкілді органдарды сайлауға дайындықты бастай алмай отыр. Өйткені орталық сайлау комиссиясы әлі аккредитация бермеген.

АЙҒАҚ БАР, БІРАҚ СОНЫ КӨРЕТІН КӨЗ ЖОҚ

Үш адам топталған бюллетень тастап жатыр. Олар сайлау учаскесінде ешкім жоғын пайдаланып, комиссия мүшелерінің үстеліндегі қағаздарды алып, ортасынан бүктеп, сайлау жәшігіне салған. Осының бәрі камераға түсіп қалған. Кадрда жүрген басқа екі адам заң бұзу әрекетін байқамаған кейіп танытып тұра береді.

Бұл видео Абай облысының орталығы – Семейдегі № 246 сайлау учаскесінде түсірілген. Жазба 6 маусымда – Конституцияны өзгерту бойынша өткен референдумның ертеңіне қазақстандық Exclusive журналының сайтында жарияланды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев референдумды қорытындылап, "дауыс беру демократиялық талаптарға сай өтті" деп мәлімдеген. Ресми дерек бойынша, сайлаушылардың 77 пайызы Ақорда ұсынған толықтыруларды қолдап дауыс берген. Сарапшылар пікірінше, референдум екінші президенттің жеке билігін нығайтып, қаңтардың басында мыңдаған адамды көшеге алып шыққан (кемі 238 адам қаза тапты) қоғам наразылығын басуға бағытталған.

"Қоғам сұранысына жауап беретін алдыңғы қатарлы мемлекет құруымыз керек. Әр азамат саяси өзгеріс дәмін сезінуге тиіс" деді Тоқаев референдумнан кейін.

Екі күннен кейін қоғам қайраткері, 20 жылдан бері сайлау науқанын бақылап келе жатқан Майра Әбенова полиция мен прокуратураға арыз берген. Арызға сайлау жәшігіне топтап бюллетень салынған жайттың видеосы негіз болған.

– Прокуратураға арыз жазамыз деп шештік. Хат жазып, прокурордың қабылдауына барып, бұл видео сайлаушылар сеніміне селкеу түсіретінін айттық. Прокуратура арызымызға "заң бұзу фактісін анықтау үшін істі полицияға жібердік" деп жауап берді, – дейді Майра Әбенова белсенді Роллан Машпиевпен бірге жазған арызын еске алып.

Семейлік белсенді Майра Әбенова.
Семейлік белсенді Майра Әбенова.

Әбенова мен Машпиевтің хатына жауап келмеген.

Азаттық бас прокуратура мен полицияға хат жолдап, белсенділердің арызы бойынша қандай шара қолға алынғанын сұрады.

Семейдің полиция басқармасы әкімшілік құқық бұзу фактісі болмауына байланысты іс қозғамау туралы шешім шығарылғанын айтты.

Бұл ақпаратты бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есеп комитеті де растады: Семейдің Затон полиция бөлімшесіне түскен арыз 26 қазанда облыстық полиция басқармасына берілген. Дәл сол күні істі қарамау туралы шешім шыққан.

Болған жағдайға қарамастан, Семейдегі № 246 сайлау учаскесіндегі дауыс беру нәтижесі бәрібір есепке алынған.

– Мемлекеттік органдар мүлде реакция білдірмейді немесе нақты заң бұзуға байланысты шағымға "хатыңызды алдық" деген хабарламамен ғана жауап береді, – дейді Әбенова.

Семейдегі бюллетень тастау эпизоды – сайлау кезінде болған жалғыз заң бұзу жайты емес. Алматыда тәуелсіз бақылаушы учаскелік комиссия мүшелерінің басқалардың атынан дауыс беріп жатқанын видеоға түсіріп алған. Тексеріс кезінде заң бұзуға жол берілгені анықталған. Бұл учаскедегі дауыс беру нәтижесін референдумның жалпы қорытындысына қосқан жоқ.

Билік дерегінше, референдум кезінде айтарлықтай заң бұзу жайттары болмаған. Астана барлық сайлаудан кейін осындай мәлімдеме жасайды. Топтап бюллетень салу, дауыс беру хаттамасын дұрыс толтырмау, мемлекеттік қызметте істейтін комиссия мүшелеріне қысым жасау сияқты заң бұзудың түрлі жайтына куә болған тәуелсіз бақылаушылар биліктің сөзіне келіспейді. Олар тәуелсіз бақылаушы ретінде құқығы бұзылғанын, өздерін сайлау учаскесіне кіргізбей қойғанын не дауыс санау кезінде қуып шыққанын айтады.

2019 ЖЫЛДАН КЕЙІНГІ ҚЫСЫМ

Қазақстанда сайлауды бақылау институты 2019 жылы біршама нығайды. Бұл азаматтық белсенділіктің артқанымен байланысты: 2019 жылы наразылық жылы болды.

Елді 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президент қызметінен кетіп, орнына өз адамы Қасым-Жомарт Тоқаевты қойғанда, мыңдаған адам жоғарыдан дайындалған билік транзиті сценарийіне қарсы болды. Тәуелсіз бақылаушылар заң бұзу фактілерін көп тіркеген кезектен тыс президент сайлауында бәрі күткендей Тоқаев жеңіске жетті.

Одан кейінгі жылдары билік бақылаушылар қызметін барынша шектеуге тырысты. 2020 жылы үкімет жарғысында сайлауға бақылау жүргізу қызметі көрсетілген ұйымдар ғана бақылаушы жібере алады деген қаулы шығарды. Қоғамдық бірлестіктерге құжаттарын өзгертуге тура келді (кей ұйымдарға бұл да мәселе болды).

2021 жылғы парламент сайлауы қарсаңында үкіметтік емес ұйымдар, оның ішінде сайлауға бақылаушы жіберетін бірлестіктерге салық органдары қысым жасап, қызметін тоқтатып тастамақ болды.

2022 жылы билік демократизация мен саяси реформалар туралы айтып, сайлау туралы заңға жаңа нормалар енгізген. Бақылаушылар бұл нормаларды репрессив деп бағалайды. Тоқаевқа бірінші президенттің көлеңкесінен шығып, бар билікті қолына шоғырландыруға көмектескен референдум мен кезектен тыс президент сайлауы ескі заң бойынша өтті.

КҮМӘН МЕН КҮДІК

2023 жылы сайлау туралы заңға енгізілген өзгерістер күшіне енді. Енді алдағы мәжіліс пен мәслихат сайлауына бақылаушы болу үшін азаматтар орталық сайлау комиссиясынан аккредитация алуы керек. Бақылаушылар бұл өзгерісті конституциялық құқықтардың бұзылуы және мүдделер қайшылығы деп бағалайды.

"Жас сайлаушылар лигасы" жобасын жүзеге асырумен айналысатын "Қазақстан жастар ақпарат қызметі" (МИСК) қамқоршылар кеңесінің басшысы Ирина Медникова бірлестік атынан орталық сайлау комиссиясына өтініш берген. Жауабын күтіп отыр.

"Қазақстан жастар ақпараттық қызметі" қамқоршылар кеңесінің басшысы Ирина Медникова.
"Қазақстан жастар ақпараттық қызметі" қамқоршылар кеңесінің басшысы Ирина Медникова.

– Жауабы 30 күн ішінде, шамамен 3 наурызда келеді. Аккредитация алсақ қана, бақылаушы боламыз. Әзірге бақылаушылар қызметін реттейтін жаңа заң қиындық туғызып отыр. Аккредитация мүдделер қайшылығын тудырады деп ойлаймын, орталық сайлау комиссиясы бақылаушыларды тіркеу арқылы оларды өзіне тәуелді етіп отыр. Бақылаушылар аккредитация алмайынша, сайлауға дайындықты бастай алмайды. Сайлауға дайындалуға екі айдың өзі аз еді, енді бұл уақыт екі есе қысқарды, – дейді 1999 жылдан бері сайлауға бақылаушылар дайындаумен айналысып келе жатқан Медникова.

Бақылаушылармен жұмыс істейтін басқа бірлестіктер де аккредитация күтіп отыр.

– Орталық сайлау комиссиясы бақылаушылар құжатынан қате тауып, 29 не 30 күннен кейін кері қайтарса, бақылаушылар сайлауға дайындалып үлгермейді. Әдейі осылай жасап отыр деп ойлаймыз, – дейді "Тәуелсіз бақылаушылар" бірлестігінің төрағасы Бесжан Төлеубекұлы.

Тәуелсіз бақылаушылар сайлау заңындағы өзгерістерді сынады. ОСК не дейді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:25 0:00

– Аккредитацияны күтіп отырмыз, 20 қаңтарда өтініш бергенбіз, әлі жауап келген жоқ. 20 ақпаннан кейін аккредитация алатын-алмайтынымыз белгілі болады, – дейді "Еркіндік қанаты" қоғамдық қорының басшысы Елена Швецова.

Швецованың бірлестігі былтыр тамызда Астанада өткен митингіде сайлау туралы заңға өзгеріс енгізуге қарсылық білдірген. Акцияға қатысушылар бұл өзгерістер мемлекетке бақылаушыларды басқару тетігін беріп отырғанын айтқан.

Бақылаушылардың айтуынша, мәселе аккредитация алумен ғана шектелмейді. "Тәуелсіз бақылаушылар" бірлестігінің мүшесі Арайлым Назарова "Сайлау туралы" заңның 20-1 бабына енгізілген өзгеріске назар аударады. Бұрын бақылаушыға сайлау учаскесінде фото мен видео түсіруге рұқсат берілетін, қазір толықтырулар енгізіп, жаңа шарттар қосты.

– 20-1-баптың қосымшасында бақылаушы фото-видео, аудио таратса, Қазақстан заңдарында көрсетілген талаптарды сақтауы керек делінген. Бірақ мұнда қандай заңдар туралы айтылғаны, фотоға қалай түсіруге болатыны түсініксіз, – дейді Арайлым Назарова.

Орталық сайлау комиссиясы заңға енгізілген өзгерістер бақылаушылар қызметіне кедергі келтіреді деп ойламайды. Қаңтардың аяғында орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісов комиссия "сайлау процесін заңда көрсетілген талаптар бойынша өткізеді" деген.

– Мұндай мемлекеттік реттеу 2019 жылы ояна бастаған азаматтық белсенділікке қауіп төндіреді. ОСК бәріне бақылаушы болуға мүмкіндік беретін сияқты, өйткені ешкімді шектеуге негіз жоқ. Бірақ тәуелсіз бақылау халықты ұйыстыра алатынын тағы дәлелдесе, негізгі акторлар бақылау құқығынан айырылады, – дейді Ирина Медникова.

Билік бақылаушылар қызметін қатаңдатқанымен, дауыс беру кезіндегі заңсыздықтар бойынша жазаны күшейтуге асығар емес.

Желтоқсанның аяғында мәжіліс депутаты Ирина Смирнова бас прокурорға сауалхат жолдап, сайлау бюллетенін дауыс беру жәшігіне топтап тастауға қатысты қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынған (қазір бұл үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған). Бас прокуратура жазаны ауырлатудың қажеті жоқ деп тапты.

Семейдегі топтап бюллетень тастау фактісі бойынша полиция мен прокуратураға арыз жазған Майра Әбенова учаскелік сайлау комиссиясының мүшелеріне қандай шара қолданылғанын білгмекші болған. Ол әлгі видеодағы адамдардың бірінің қызметі жоғарылағанын естіген.

– Сайлау комиссиясының құрамын қарадық. Бюллетень салғандардың бірі аймақтық сайлау комиссиясының хатшысы болып шықты. Мектеп директорының орынбасары екен. Бұл әрекеті үшін жауапқа тартылмағаны былай тұрсын, қызметі өсіп, учаскелік комиссиядан аймақтық комиссияға ауысқан. Әділ әрі құқықтық мемлекет осындай бола ма? – дейді Майра Әбенова.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG