Accessibility links

Назарбаевты аластап, Тоқаевты мадақтаған мәжіліс


Жетінші шақырылым депутаттары Жамбыл Ахметбеков (оң жақта) пен Мәди Ахметов (ортада). Нұр-Сұлтан, 2 наурыз 2022 жыл.
Жетінші шақырылым депутаттары Жамбыл Ахметбеков (оң жақта) пен Мәди Ахметов (ортада). Нұр-Сұлтан, 2 наурыз 2022 жыл.

Қазақстан Конституциясына былтыр енгізілген өзгертулерден кейін тарайтыны белгілі болған жетінші шақырылған мәжіліс ақыры жұмысын тоқтатты. Бұл мәжілістің саяси келбеті қандай болды?

Қаңтардың 19-ында президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы мәлімдеме жасап, мәжілісті тарату және мәслихаттардың өкілетін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлықтарға қол қойды. Мәжіліс пен мәслихатты кезектен тыс сайлау 19 наурызға белгіленді.

Тәуелсіздік алғалы бері сайлаулардың бәрін мерзімінен бұрын өткізіп дағдыланған Қазақстан үшін жетінші шақырылған мәжіліс өз уақытында сайланғанымен есте қалды. Алайда оның да ғұмыры ұзаққа бармады. Бұл құрамның басқа не ерекшелігі болды?

"НҰР ОТАН" ДӘУІРІНДЕ САЙЛАНҒАН МӘЖІЛІС

Жетінші мәжілістің қызмет кезеңдерін Қаңтар оқиғасына дейін және Қаңтар оқиғасынан кейін деп бөліп қарастыруға болады.

Жетінші шақырылған мәжіліс сайлауы 2021 жылы қаңтардың 10-ында өтті. 2019 жылғы маусымдағы кезектен тыс президент сайлауынан кейін саны көбейген тәуелсіз бақылаушыларға осы мәжіліс сайлауында шектеу көбейді. Билік олардың құқығын шектеп, сайлауды бақылау аясын тарылта түсті.

Бұл сайлау саяси наразылық білдіріп, алаңға шыққан жастарды ұзақ уақыт қоршауға алып, кеттлинг әдісімен жазалау арқылы да есте қалды.

Елді ұзақ жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кеткеннен кейінгі алғашқы мәжіліс сайлауы өткен тұста экс-президенттің өзі биліктегі "Нұр Отан" партиясының төрағасы болатын. Осы шақырылымдағы депутаттар құрамы алдыңғысынан сонша ерекшелене қоймады. "Нұр Отан" партиясы 76 орын, "Ақ жол" партиясы 12, Қазақстан халық партиясы 10 орын иеленген. Қазақстан халқы ассамблеясы депутаттарына тоғыз орын берілген. Мәжілісте көпшілік болғандықтан, "Нұр Отан" партиясының мәжілістегі фракциясының жетекшісі Нұрлан Нығматулин үшінші мәрте төраға болып сайланған. Ол бұрын бесінші және алтыншы мәжіліске де төрағалық еткен еді. Қаңтар оқиғасына дейін мәжіліс төрағасы да, үкімет басшысы да өзгеріссіз қалды.

Астана, 25 ақпан 2019 жыл. Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен мәжіліс спикері төменгі палата депутаттары алдында.
Астана, 25 ақпан 2019 жыл. Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен мәжіліс спикері төменгі палата депутаттары алдында.

Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары билікке келгелі бірінші өткізілген мәжіліс сайлауында Назарбаев президенттігімен салыстырғанда көп өзгеріс бола қойған жоқ. Сайлау өткен кезде Назарбаев билеуші партияның басшылығымен қоса, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болатын, яғни экс-президенттің ықпалы басым кезең еді.

САЙЛАУ ШАРТТАРЫ ЖӘНЕ САЯСИ ПАРТИЯЛАР

Жетінші мәжіліс "Сайлау туралы" және "Саяси партиялар туралы" деген заңдарға өзгертулер енгізді. Партияны тіркету үшін қажетті мүшелер саны 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайтылды. Партиялардың әр аймақтағы өкілдерінің саны 600-ден 200-ге дейін төмендеді. Билік мұны "демократиялық реформа" деп сипаттағанымен, оппозиция және құқық қорғаушылар заңда шектеу сақталғанын сынады.

Жетінші мәжілістің тұсында бірқатар саяси партияны тіркету әрекеті сәтсіз аяқталған. Әзірше тек екі партия – "Байтақ" пен Respublica ғана тіркеуден өтіп үлгерді. Сарапшылардың айтуынша, екі партия да билікке ашық саяси бәсекелес болуды көздемейді. Есесіне Демократиялық партия, "Алға, Қазақстан", "Ел тірегі" сияқты саяси ұйымдар көп уақыттан бері тіркеуден өте алмай жүр. Мәжіліс депутаттары бұл партияларға қатысты нақты пікір білдірмеді.

Жетінші мәжіліс сайлауына бес саяси партия қатысқанымен, екеуі белгіленген жеті пайыздық дауыс межесін еңсере алмай, мәжіліске өтпей қалды. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия бойкот жариялап, сайлаудан шет қалды.

Бір қызығы – осы сайлаудан кейін ғана партиялардың мәжіліске өту шегін бес пайыздық дауыспен белгілейтін заң мақұлданды. Осы сайлаудан кейін барып, сайлау бюллетеніне "бәріне қарсымын" деген графа енгізілді.

Жетінші мәжілісті сайлау тұсында президент ұсынған "естуші үкімет" тұжырымдамасы жиі айтылатын.

КЕНЕТ ДЕПУТАТТЫҚТАН КЕТКЕНДЕР

Осы мәжіліске Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева "Нұр Отанның" партиялық тізімімен депутат болып келді. Бұл оның сенат спикерлігінен кеткеннен кейінгі парламентке оралуы еді. 2020 жылы президент Тоқаев өз жарлығымен Назарбаеваның сенатқа депутаттығын тоқтатқан болатын.

Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы, мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева Нұр-Сұлтанда балалар алаңының ашылуына қатысып тұр. Нұр-Сұлтан, 27 мамыр 2021 жыл.
Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы, мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева Нұр-Сұлтанда балалар алаңының ашылуына қатысып тұр. Нұр-Сұлтан, 27 мамыр 2021 жыл.

Назарбаева бұл мәжілісте басқарушы қызмет атқармай, жай депутат болды. Оның мәжіліске келуі қалай кездейсоқ болса, кетуі де сонша тез болды. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін жұмысқа шықпаған оның депутаттық мандаты ақпан айының аяғына таман тоқтатылды. Соған дейін депутаттар Назарбаеваның өзі келіп арыз жазып кетеді деп күткен. Ол да депутаттықтан кету себебін жарияламады. Оған сұрау салған депутат тағы да болмады. Тек оның депутаттық мандаты тоқтатылардан екі апта бұрын депутат Айдос Сарым журналистерге "Қаңтар оқиғасына апарған жағдай мен Қазақстанда қалыптасқан авторитар жүйе оның есімімен тікелей байланысты, өте үлкен сенімсіздік бар және оған реакция білдіру қажет" деген.

Қаңтар оқиғасынан кейін Айдос Сарым бастаған бір топ мәжіліс депутаты "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобын құратынын мәлімдеді. Нұр-Сұлтан, 10 қаңтар 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасынан кейін Айдос Сарым бастаған бір топ мәжіліс депутаты "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобын құратынын мәлімдеді. Нұр-Сұлтан, 10 қаңтар 2022 жыл.

Дариға Назарбаеваның депутаттық өкілетін Орталық сайлау комиссиясы 25 ақпанда тоқтатты. Көмекшілері Қаңтар оқиғасы тұтанған 2022 жылдың басынан бастап, мәжіліс жиынына қатыспаған Назарбаеваның алдымен коронавирус жұқтырғанын, кейін "ақысыз демалысқа" шыққанын айтқан.

Мәжілістен кету себебі толық түсіндірілмей, көзден таса болған депутаттың бірі – Нұрлан Нығматулин. Қаңтар оқиғасынан бір айдай уақыт өткенде ол "өз өтінішімен" қызметтен кетті. Ол мәжіліс төрағасы болатын. Президент әкімшілігінің жетекшісі Ерлан Қошанов оның орнына депутат болып келіп, бірден төрағалыққа сайланды.

Қазақстан парламенті мәжілісі депутаттарының дауыс беру нәтижесі бойынша, экс-президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның депутаттық өкілетін тоқтатуды дауыс беруге қатысқан 101 депутаттың 99-ы жақтап, біреуі қалыс қалған. Бір депутат дауыс бермеген. Нұр-Сұлтан, 2 наурыз 2022 жыл.
Қазақстан парламенті мәжілісі депутаттарының дауыс беру нәтижесі бойынша, экс-президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның депутаттық өкілетін тоқтатуды дауыс беруге қатысқан 101 депутаттың 99-ы жақтап, біреуі қалыс қалған. Бір депутат дауыс бермеген. Нұр-Сұлтан, 2 наурыз 2022 жыл.

Жетінші мәжілістен "өз өтінішімен" қызметтен кеткен депутаттың бірі, ұзақ жыл парламентте отырғанда популистік мәлімдемелерімен есте қалған Бекболат Тілеухан болды. Ол Қаңтар оқиғасынан бірнеше күн бұрын мандатын тапсырды.

ҚАҢТАРДАҒЫ ҮНСІЗДІК ЖӘНЕ ТОҚАЕВТЫ МАҚТАУ

Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан парламенті, оның ішінде төменгі палата – мәжіліс көбіне үнсіз қалды, ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығы ұсталып, қорғаныс министрі орнынан алынып жатқанда да қандай да бір тәуелсіз комиссия құрмады. Бұл жөнінде жекелеген депутаттар мәлімдеме жасады, ал төменгі палатаның бар пәрмені бір жылда Қаңтар бойынша екі тыңдау өткізумен шектелді. ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов бастаған басшылар ұсталып, оларға ауыр айып тағылған құпия іс бойынша президент те, күш құрылымдарының басшылары да парламентке жан-жақты есеп бермеді.

2022 жылы 14 наурызда өткен тыңдауда депутаттар, азаматтық қоғам өкілдері "елді хаостан сақтап қалған", "табанды тарихи шешім қабылдаған" Тоқаевты мақтаумен болды. Қаңтар оқиғасына байланысты тергеу изоляторларында азаптау фактілері көбейгенде бірнеше депутат абақтыларды аралап, құқық қорғау органдарына сенетінін айтты. 30 маусымда каникулға кетер алдында сөйлеген сөзінде мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов "елді террористер соққысынан аман алып қалып, жағдайды тұрақтандырған" Тоқаевқа алғыс айтты.

Жетінші шақырылым спикері Ерлан Қошанов. Нұр-Сұлтан, 2 наурыз 2022 жыл.
Жетінші шақырылым спикері Ерлан Қошанов. Нұр-Сұлтан, 2 наурыз 2022 жыл.

Биыл 5 қаңтарда бас прокурор Берік Асылов Қаңтар оқиғасын тергеу бойынша мәжілісте баяндама жасады. Онда бас прокурор Тоқаевтың "ескертусіз оқ ату" бұйрығына дейін-ақ күш құрылымдары "шабуылдаушыларға" оқ ата бастағанын айтты. Тергеу құпиясына сүйенген Асылов көп мәліметті жалпы айтып шықты. "Бір жыл бойы дайындалған", "күш құрылымдарындағы кейбіреулер басқарған" бұл шабуылды билік өкілдері неге байқамай қалды деген сауал қойылмады. Тоқаевтың Қаңтар оқиғасы кезіндегі "20 мың бандит" және басқа да дәлелсіз мәлімдемелеріне қатысты сұрақ қойылмады. Керісінше, депутаттар жыл бойы Азаттық тілшілерінің Қаңтарға қатысты сұрақтарына Тоқаевты ақтайтын жауаптар берумен болды. Азаттықтың 2023 жылғы 6 қаңтардағы Қаңтар оқиғасына қатысты арнайы хабарында "Қаңтар оқиғасы бойынша парламент президентті шақырып, жауап алуы мүмкін бе?" деген тілші сұрағына мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров "Мүмкін емес" деп жауап берді.

НАЗАРБАЕВТЫ АЛАСТАТУ

Жетінші шақырылған мәжіліс былтырғы Қаңтар оқиғасынан кейін президент шығарған шешімдерді бірауыздан қолдағанымен есте қалды. Оқиғадан соң мәжілісте "Жаңа Қазақстан" деп аталатын депутаттар тобы құрылды. Топ мәжілістің ашықтығы мен тиімділігін күшейту бағытында жұмыс істейді деп хабарланды.

Қаңтар оқиғасынан кейін "Нұр Отан" партиясының аты өзгертіліп, "Аманатқа" айналды. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев партия төрағалығын 2021 жылдың аяғында президентке табыстаған. Назарбаев президенттіктен кетерде қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы төрағалығын өзіне жүктеп алған болатын. Бұл қызмет кем дегенде 238 адам қаза тапқан Қаңтар оқиғасы кезінде президент Тоқаевтың құзырына көшкен. Қаңтар оқиғасынан соң үкімет басшысы да ауысты.

Осы оқиғадан соң Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды ұсталып, сотқа тартылды. Экс-президенттің басқа да туыстары қызметтен босатылды.

Президент конституциялық реформа жариялап, негізгі заңдағы президенттің өкілетін жеті жылдық мерзіммен шектеуді ұсынды. Конституцияға президент туыстарының саяси мемлекеттік қызметте басшылық атқара алмайтыны туралы талап енгізілді. Негізгі заңдағы "елбасына" қатысты артықшылықтар да алынып тасталды.

Конституцияға енгізілген толықтыруларға сай парламенттің жоғарғы және төменгі палаталары құрамына да аздаған өзгертулер енгізілді.

Осы негізде референдумға ұсынылған өзгертулерді жетінші шақырылған мәжіліс толықтай қолдады.

Назарбаев президенттіктен кеткенде "Нұр-Сұлтанға" өзгерген "Астана" атауын қайтару да осы мәжілістің өтіліне жазылды. Сонымен бірге 1 желтоқсан – Тұңғыш президент күні де мемлекеттік мереке тізімінен алып тасталды.

Конституцияға енгізілген өзгертулер бойынша Конституциялық сот құрылып, оның төрағасы тағайындалды.

Жетінші мәжілістің соңғы қабылдаған шешімдерінің бірі Конституциялық соттың қарауынан кейін "Тұңғыш президент – Елбасы" туралы конституциялық заңының күші жойылғанын мойындау" туралы заң жобасын бірауыздан қолдау болды. Осы арқылы экс-президент пен онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің біршама артықшылығы алып тасталды. Конституция және "Президент туралы" заңы бойынша экс-президенттің жеке басы иммунитетке ие болып қалды.

"КОНФОРМИЗМГЕ БЕЙІМ ЕКЕНІН КӨРСЕТТІ"

Саясаттанушы Серік Белгібай жетінші мәжілісті Тоқаевтың президенттігі тұсында сайланғанына қарамастан Назарбаевтың соңғы мәжілісі болды дейді. Ол мұндайда осы мәжіліске Дариға Назарбаеваның депутат болғанына назар аударады.

– "Нұр Отан" партиясының тізімі бойынша сайланған Дариға Назарбаеваның кандидатурасы Назарбаев пен оның командасы қуаттаған соң ғана өткенін пайымдаймыз. Ендігі жасақталатын парламент сәл басқа болуы мүмкін, оны, бәлкім, Тоқаев тұсындағы мәжіліс деуге болар, – дейді саясаттанушы.

Серік Белгібай бұл мәжілістің 2004 жылдан бері өз уақытында сайланған алғашқы парламент болғанын кездейсоқ оқиға ретінде таниды. Айтуынша, осы мәжілістің де сайлауын ерте өткізбек болғанда, коронавирус пандемиясы бұл жоспарға кедергі жасаған.

– Ең бастысы – бұл парламент биліктегі бетбұрысты оңды қабылдады. Бұл парламент жүйенің, анықтай айтқанда, жүйедегі адамдардың басты сипаты көпшіліктің дегеніне көнетін бірыңғай конформизмге бейім екенін көрсетті. Сөйтіп Тоқаевты толықтай қолдады, – деді Серік Белгібай Азаттыққа.

Парламент мәжілісі мен сенатының ғимараттары. Нұр-Сұлтан, 2021 жыл.
Парламент мәжілісі мен сенатының ғимараттары. Нұр-Сұлтан, 2021 жыл.

Оның пайымдауынша, жетінші мәжілістің символы ретінде Мәди Ахметов тәрізді жас депутаттың тұлғасын айтуға болады. Елдегі ең жас депутат әуелі Назарбаевқа ескерткіш тұрғызуға үндесе, кейін бәрі өзгергенде, Назарбаев мұрасынан арылуға бағытталған жүйені қолдап кетті.

– Бұл парламенттің конформистік сипаты оның Назарбаев жүйесімен де, Тоқаев жүйесімен біте қайнасып кеткенін көрсетті. Ал оның ерекшелігі ретінде бұл мәжілістің өткелдегі кезеңге дөп келгенін айтуға болады. Сайлауға қатысты бірдеңені өзгерту қиын. Сайлау – жүйенің сыртқы кескіні ғана. Сондықтан көп нәрсені өзгертпейді. 2021 жылғы сайлау мен алдағы сайлау арасында да ерекшелікке қарағанда ұқсастық көп болатын сияқты. Жетінші мәжіліс Назарбаев атындағы парламент болса, алда Тоқаев атындағы парламентті көреміз, – дейді саясаттанушы Серік Белгібай Азаттыққа.

"АЛДЫҢҒЫ МӘЖІЛІСТЕРДЕН ЕРЕКШЕЛЕНБЕДІ"

Саясаттанушы Думан Қабдығали да жетінші мәжілістің алдыңғы шақырылымдардан аса айырмашылығы болмағанын айтады. Әсіресе оның құрамы соншалық ешкімді таңғалдыра қоймаған.

Оның айтуынша, бұл сонша бір пәрменді немесе демократияшыл құрам болған жоқ, бар болғаны кеткен президенттің орнына келген президенттің тапсырмасын орындады.

Саясаттанушы президент ауысқанымен, арада Қаңтар оқиғасы болғанымен, күштер сол қалпында қалды деп есептейді.

– Мәжілісте оппозициялық партиялардың және халықтың тілімен сөйлеп, елдің мұң-мұқтажын қағаз жүзінде емес, іс жүзінде шешетін күштердің болмауы бұл шақырылымның да алдыңғы мәжілістерден ерекшеленбегенін көрсетеді, – дейді Думан Қабдығали.

"Күтпеген шешім емес". Парламенттің тарауын депутаттар қалай қабылдады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:32 0:00

Саясаттанушы Әзімбай Ғали жетінші мәжілісті авторитарлық саяси жүйенің заң шығару құралы болды дейді. Айтуынша, президенттік Назарбаевтан Тоқаевқа өткенімен, елде авторитаризм әлі бар.

– Жетінші шақырылымдағы мәжіліс назарбаевшылдар мен тоқаевшылдар арасындағы тартыс кезінде сайланып, тартыс кезінде тарап отыр, – деді Әзімбай Ғали Азаттыққа.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қаңтар оқиғасынан кейінгі Қазақстан халқына жолдауында парламенттің рөлі күшейтілетіні жайлы айтып, "күшті президент, ықпалды парламент, есеп беретін үкімет қағидатын басшылыққа аламыз" деген еді.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG