Accessibility links

6 жыл жаза, мүлкін тәркілеу һәм генерал-майор атағынан айыру. Қайрат Сатыбалдыға үкім шықты


Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды (сол жақта) сот процесінде отыр. Астана, 20 қыркүйек 2022 жыл.
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды (сол жақта) сот процесінде отыр. Астана, 20 қыркүйек 2022 жыл.

Бүгін, 26 қыркүйекте Астанадағы сотта экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының үстінен "Қазақтелеком" мен "Көліктік сервис орталығынан" ақша жымқыру айыбы бойынша қозғалған істе үкім оқылды. Сот бұл іс бойынша Сатыбалдыны алты жылға соттап, мүлкін тәркілеу туралы үкім шығарды. Назарбаевтың немере інісінің үстінен басқа да айыптар бойынша тергеу жүріп жатыр.

ҚАЙРАТ САТЫБАЛДЫҒА ҚАНДАЙ ЖАЗА ТАҒАЙЫНДАЛДЫ?

Астанадағы сот "Қазақтелекомнан" 12,7 млрд теңге, "Қазақстан теміржолы" компаниясына тиесілі "Көліктік сервис орталығынан" (КСО) 28,6 млрд теңге жымқырған деп айыпталған Қайрат Сатыбалдыны алты жыл түрме жазасына кесті. Үкімге сай, ол жазасын қауіпсіздігі орташа түрмеде өтеуі тиіс.

Судья Нұрлан Баяхметов үкімінде Қайрат Сатыбалдының мүліктерін тәркілеп, он жыл мемлекеттік қызмет істеуге тыйым салды, ҰҚК генерал-майоры, "Құрмет", "Парасат" атақтарынан айырды. Прокурор Жангелді Есебаев осыған дейінгі отырыста соттан Қайрат Сатыбалдыға осы жазаларды сұраған еді.

Сот бұл істе Қайрат Сатыбалдыға ақша жымқыруға көмектесті деп айыпталған "Қазақтелеком" қызметкері Леонид Муравьев пен қырғызстандық спортшы Шыңғыс Қонырбаевты екі жарым жыл, кәсіпкер Марат Мұхамеджанұлы мен "Көліктік сервис орталығы" қызметкері Ғайни Бекетовке алты жыл шартты жаза тағайындады.

Сатыбалды және басқа да айыпталушылар сотқа онлайн қосылды.

Судья Баяхметов үкімді түсіндіргенде Қайрат Сатыбалды "бұл істе басты қылмысты ұйымдастырушы" ретінде "ақшаны жымқыруға белсене араласқан" деді. Бұл бап бойынша Қылмыстық кодексте айыпталушыға 12 жыл түрме жазасы қарастырылған еді. Бірақ судья үкім шығарғанда айыпталушының айыбын мойындағаны, шығынды өтегені, жәбірленушілермен келісімге келгені, қылмыстық істі жүргізуге көмектескені ескеріліп; алты жыл жаза берілгенін айтты.

Судья үкімді оқып болған соң процесс қатысушылардың бәрі "үкім түсінікті" деді.

Үкім күшіне енген жоқ, екі тараптың апелляциялық шағым түсіруге мүмкіндігі бар. Бірақ Қайрат Сатыбалды бұған дейінгі процесстерде прокурор ұсынған жазамен келісіп, "кінәмді мойындаймын, өкінемін, процессуалды келісімнің барлық пунктімен келісемін" деген еді.

Бұл іс бойынша жәбірленуші тарап - "Қазақтелеком" және ксо 20 қыркүйектегі сот отырысында медиациялық келісімге келуді ұсынған. Екі компанияның өкілдері сотта Сатыбалды "айыбын толық мойындап, бүкіл шығынды өтегенін" мәлімдеген. Артынша желіде адвокат Абзал Құспан желіде "медиация келісімі онда ауыр емес және орташа санаттағы істер бойынша жасалуы мүмкін, ал Қайрат Сатыбалды аса ірі көлемде қаржы жымқырды деп айыпталып отыр" деп жазып, медиация келісімін сынға алған. Осыдан соң КСО медиация келісімін қайтарып алды.

ҚАЙРАТ САТЫБАЛДЫ ІСІ БОЙЫНША НЕ БЕЛГІЛІ?

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды наурызда қамауға алынған. Оның үстінен КСО және "Қазақтелекомға" байланысты "алдау жолымен мүліктік залал келтірді", "сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу не талан-таражға салды" деген айыппен қылмыстық іс қозғалған еді.

Бұдан бөлек Сатыбалды "салықтан және кедендік төлемдерден жалтарды", "қылмыстық жолмен тапқан табысын заңдастырды" деген күдікпен де тергеліп жатыр. 25 қыркүйекте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі осы істер аясында Қайрат Сатыбалдының "сыбайласы" Эфенди Кемаль есімді Қазақстан азаматына іздеу жарияланғанын хабарлады.

Қайрат Сатыбалды Forbes Kazakhstan есебі бойынша Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмендердің тізіміне кірген. Ағасы Нұрсұлтан Назарбаев ел басқарып тұрғанда оның бизнесі де, карьерасы да өсіп, елдегі ықпалды адамдардың біріне айналды.

Қайрат Сатыбалдының әйелі Гүлмира Сатыбалды да "бизнесті рейдерлік жолмен тартып алды" деген айыппен қамауға алынған. Ал Қайрат Сатыбалдының інісі Самат Әбіш Қаңтар қырғынынан кейін ҰҚК төрағасының орынбасары қызметінен босатылған еді. ҰҚК Самат Әбіш "тергеу назарында" екенін мәлімдеген. Самат Әбіш 20 қыркүйекте өткен сот отырысына онлайн қосылып, Қаңтар оқиғасынан бері алғаш рет жұрт көзіне көрінді.

Қайрат Сатыбалды мен Самат Әбіш – Нұрсұлтан Назарбаевтың бауыры Сатыбалды Назарбаевтың (1947-1981) балалары.

"Самат, бәрін түсіндің ғой?" Қайрат Сатыбалдының соты қалай өтіп жатыр?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:39 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG