Accessibility links

"Ұлттық қорға қол салуға тура келеді". Коронавирус, мұнай және Қазақстан


Валюта айырбастау пунктінің алдында тұрған маскалы әйел, 16 наурыз 2020 жыл.
Валюта айырбастау пунктінің алдында тұрған маскалы әйел, 16 наурыз 2020 жыл.

Мұнай бағасының төмендеуі мен коронавирустің кесірінен туған дағдарыс Қазақстан экономикасына қалай әсер етіп жатыр? Дағдарыс ұзаққа созылуы мүмкін бе? Теңге бағамы қалай болады? Осы және өзге десұрақтарды Азаттық Ekonomist.kz онлайн жобасының авторы, экономист Қасымхан Қаппаровқа қойып көрді.

Қазақстан үкіметі мұнай арзандағын шақта (ұлттық экономика министрлігінің бағалауынша, жыл басынан бері 65,7 пайызға түскен) бюджетті қайта қарап жатыр: мұнай баррелінің орташа бағасы 20 доллар шамасында бекітіліп, шығын көлемі үш миллиард долларға дейін өскен, одан бөлек салық түсімі азаяды.

Биыл Қазақстан билігі шикізат ресурстарынан түскен қаржы жиналатын ұлттық қордан 10,6 миллиард доллар алады. Бұл алдын-ала жоспарланған қаржыдан 4,6 миллиард долларға көп.

Әлемде іскерлік белсенділік төмендеген тұрақсыз шақта Қазақстанда мұнай өндірісі төрт миллион тоннаға қысқарып, 86 миллион тоннаға түскен.

Үкімет жылдық инфляция екі есе артып, 9-11 пайызға жетуі мүмкін деген болжам жасады.

Осының бәрі Қазақстан экономикасына, халықтың тұрмысы мен теңге бағамына қалай әсер етеді?

Азаттық: Қаппаров мырза, Қазақстан билігі мұнай баррелінің орташа бағасы 20 доллар болады деп бағалап, бюджетті қайта қарап жатыр. Бұл баспа станогының іске қосылатынын білдіре ме? Үкімет бюджет шығындарын қысқарта ма? Бұрын жоспарланған қандай шығындар қысқаруы мүмкін?

Қасымхан Қаппаров: Бюджет мұнай баррелі 55 доллар болған кезде жасалған. Яғни, [мұнайдың болжалды бағасы] үш есе төмендеп отыр. Бюджет ақшасын қайта бөлу қалай жүзеге асатыны маңызды. Әзірге инфрақұрылымдық даму бойынша қандай мемлекеттік бағдарламалар қысқаратынын білмейміз. Бірақ «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларын қаржыландыру триллион теңгеге дейін артады. Мұндай жағдайда шығындарды азайтып, әлеуметтік қажеттіліктерді өтеуге қаржы бөлген дұрыс. Үкімет әлеуметтік міндеттемелерін толық орындайтынын, зейнетақы мен жәрдемақыға 10 пайыз үстеме қосылатынын айтты. Жылдың екінші жартысында жағдай түзелмесе, үкімет тағы бір рет индексация жүргізуі мүмкін.

Маскалы сатушы. Алматы, 20 наурыз 2020 жыл.
Маскалы сатушы. Алматы, 20 наурыз 2020 жыл.

Азаттық: Мұндай жағдайда долларға шаққандағы теңге бағамы қалай болады?

Қасымхан Қаппаров: Теңге бағамы бір ғана факторға — мұнай бағасына тәуелді. Қазір қаржы министрлігі мұнай баррелінің бағасы 20 долларға түседі деген консервативті болжамға қарап есеп жүргізіп отыр. Жыл соңында мұнай бағасы қалай боларын ешкім білмейді. Мұнай 45 доллардан сатылуы да мүмкін, бірақ 10 долларға дейін түседі деушілер де бар. Мұнай баррелі 10 доллар болса, теңге бағамына әсері күшейіп, валюталық табыс болмайды. Валюта тек ұлттық қордан ғана түседі. Мұндай жағдайда теңге одан әрі құлдырайды. Мұнай баррелі 20 – 30 доллардан арзан болса, теңгені еркін айналымға тағы да бір рет жіберу керек деп ойлаймын. Сонда теңге бағамы 500-600-ге [1 доллар] жетуі мүмкін. Бұл мұнай бағасы көтерілгенге дейін жалғасады.

...Мұнай баррелі 20 – 30 доллардан арзан болса, теңгені еркін айналымға тағы да бір рет жіберу керек деп ойлаймын. Сонда теңге бағамы 500–600-ге [1 доллар] жетуі мүмкін.


Азаттық: Қазақстан билігі теңгені ұстап тұру үшін алтын-валюта қорын пайдалануы мүмкін бе?

Қасымхан Қаппаров: Қазақстанның алтын-валюта қоры 20 миллиард долларға бағаланған алтыннан және сегіз миллиард доллар көлеміндегі валютадан тұрады. Ресей алтын резервтерін сатылымға шығаратынын хабарлады. Осыған байланысты алтын бағасы түсуі мүмкін. Ұлттық банкте валюта резерві жеткіліксіз болса, ерте ме, кеш пе, Қазақстан да ішкі нарықта алтын сатып алуға басым құқық берілген 2015 жылдан бері жинаған алтын резервін сата бастайды. Мұндай шешім қабылданса, ұлттық валютаны ұстап тұру үшін алтын резервін пайдаланады.

Азаттық: Бұл қордағы дүниені түгел тауыспай ма? Қазір ұлттық қордан алынатын қаржы көбейіп келеді. Үкіметтің болашақ ұрпаққа арналған ұлттық қордан ақша алғаны дұрыс па?

Қасымхан Қаппаров: Ұлттық қор мұнай қымбат кезде түскен табысты бірден жаратпай, сақтау үшін құрылған. Мұнай арзандағанда осы қорды пайдалануымыз керек. Қор міндеттерінің бірі – осы. Қазір үкімет ұлттық қордағы ақшаны пайдалану туралы шешім қабылдады. Мен бұл шешімді қолдаймын. Экономикада дағдарыс басталғанда және карантиннен кейін дағдарыс аяқталған кездің өзінде белгілі бір шаралар мен мемлекеттік қолдау керек болады. Сондықтан қалай болғанда да, ұлттық қордан ақша алуға тура келеді.

Азаттық: Қазақстан экономикасы коронавирус пен арзан мұнайға байланысты ұзаққа созылатын күрделі дағдарысқа ұшырауы мүмкін бе?

Қасымхан Қаппаров: Әзірге коронавирус аз уақытта күшті әсер ете алатынын көріп отырмыз. Өйткені бизнес тоқтап, салық төлемейтін болды. Ал арзан мұнай - ұзаққа созылатын фактор. Өйткені әлемде өндіріс тоқтап, мұнайға сұраныс азайды. Нарықта мұнай ұсынып отырған мемлекет көп.

Мұнай бағасы арзан күйінде тұра берсе Қазақстанда дағдарыс ұзаққа созылады. Өкінішке қарай, әзірге экономикадағы табысымыздың жартысынан көбі мұнай сатудан түседі.

..Мұнай бағасы арзан күйінде тұра берсе Қазақстанда дағдарыс ұзаққа созылады.


Азаттық: Экономикаға жағымсыз факторлардың әсерін азайту үшін үкімет не істеуі керек?

Қасымхан Қаппаров: Экономиканың барлық құрылымын қайта қарау керек. Бірінші кезекте, ауыл шаруашылығын қолдаған дұрыс. Қазақстанда халықтың 40 пайызы ауылда тұрады. Халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қорғалған топтарына, оның ішінде өзін-өзін жұмыспен қамтыған үш миллионға жуық азаматқа көмек көрсету керек. Дағдарыс ұзаққа созылса, экономикалық дағдарыс әлеуметтік сипат алуы мүмкін. Бұл жағдайда мемлекет қоғамды қолдайтын негізгі тетікке айналады.

Қасымхан Қаппаров: "Экономика дағдарысы әлеумет дағдарысына ұласуы мүмкін"

Экономист: Дағдарыс ұзаққа созылып, жұмыссыздар көбеюі мүмкін
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:07 0:00

Қазір үкімет бұл мәселені ұлттық қордан алған ақшаны жеңілдетілген несие немесе қоғамдық жұмыс үшін төленетін жалақы түрінде тарату арқылы шешуге тырысып жатыр.Бұл – АҚШ-тағы ұлы дағдарыстан кейін сынақтан өткен модель. Ол кезде мемлекет халыққа ең төменгі жалақы мөлшерінде ақша таратқан. Бұл модельді Қазақстан жағдайында қолдансақ, бір қиын мәселе туады: біз тұтыну саласы бойынша импортқа тәуелдіміз. Сондықтан Ұлттық қордан халық еңбегіне төленген ақшаның жартысына жуығы импорттық тауар сатып алуға кетеді. Бұл әсерді азайту үшін тез арада бірінші қажеттілік тауарларына жататын импорттық өнімдердің кейбірін Қазақстанда өндіруге көшу керек.

Азаттық: Билік наурыз айының ортасында төтенше жағдай енгізді. Бірнеше қала карантинге жабылды. Үкімет эпидемияға қарсы шаралар дер кезінде қолға алынғанын айтады. Ал экономикалық шаралар уақытылы жүзеге асты ма?

Қасымхан Қаппаров: Үкімет карантинді ерте жариялағанымен, экономикалық шараларға келгенде, әлі де кеш әрекет етіп отыр. Уақыт жоғалтқаннан жаңа мәселелер туып жатыр. Мәселен, наурыздың 19-ына Қазақстандағы екі үлкен қала карантинге жабылды, ал қала тұрғындары мен шағын бизнес өкілдерін қолдау шаралары үш апта өткенде бір-ақ жарияланды. Үш апта бойы халық арасында өте көп сұрақ болды. Үкімет белсенді позиция ұстанып, қазіргі мәселелермен қатар, бір ай не жарты жылдан кейін туатын басқа қиындықтарды да алдын-ала шешуді қолға алуы керек. Осындай маңызды мәселелердің бірі — жұмыссыздық. Қазір елде жұмыссыздықтың ресми көрсеткіші бес пайыз. Ресми дерек шынайы болса, онда дағдарыстан кейін бұл көрсеткіш үш-төрт есе өсуі мүмкін.

Азаттық: Мұндай жағдайда қай сала бірінші кезекте қиындыққа ұшырайды?

Қасымхан Қаппаров: Бірінші кезекте банк жүйесіне әсер етеді. Адамдар табысынан айырылып, тұтынушы несиелерін өтей алмайды. Соңғы бес жылда тұтынушы несие көлемі өсіп, қазір оның [банк секторының несие портфеліндегі үлесі] төрт триллион теңгеден асады. Бұл қазір үкімет жариялаған мемлекеттік қолдау көлемімен тең қаржы. Халық табысы мәселесі шешілмесе, банк секторының мәселесін мемлекет шешетінін, бұл үшін тағы да ұлттық қордан ақша алатынын білеміз. Сондықтан үкіметке келесі маңызды дүние банк секторының мәселесі болады деп ойлаймын.

Азаттық: Экономиканы қиын кезеңдер күтіп тұрғанға ұқсайды. Экономика қалай қалпына келеді?

Қасымхан Қаппаров: Бүкіл әлем экономистері экономика қалпына келетінін, бірақ өзгеріске ұшырайтынын айтады. Ол дағдарыс басталғанға дейінгі қалпында қалмайды. Салалар мен секторлар өзгереді. Адамдар қызметін ауыстырады.

Қазақстанда соңғы бес-он жылда анық сезілген халық табысындағы теңсіздік маңызды мәселе деп ойлаймын. Бұл дағдарысты осы теңсіздік деңгейін төмендетуге пайдалана алсақ, жақсы нәтижеге қол жеткіземіз.

Бізде мәселе көп. Бірақ басқа мемлекеттермен салыстырғанда, бізде бұл мәселелердің салмағын біраз уақыт сезінбеуге көмектесетін ұлттық қор бар. Бірақ мұнай қымбаттамаса не болады? Онда қиын кезең басталады. Басқа қырынан алғанда, бұл кезең қоғамда дұрыс құндылықтар қалыптасып, мемлекет ақшасын қажетсіз дүниелерге емес, білім беру, денсаулық сақтау және қылмыспен күреске жұмсауына көмектеседі. Біз бұрынғыдан сәл кедей болғанымызбен, мемлекет тарапынан әлдеқайда сапалы жағдай жасалуына қол жеткізуіміз мүмкін.

Қазір Ұлттық қорда 60 миллиард доллар бар. Бұл төрт жыл бойы барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындауға көмектеседі. Ендігі мәселе мемлекеттің осы ақшаны қаншалықты тиімді бөліп, тарата алатынында болып отыр. Азаматтарға 42 500 теңге таратамыз деп жариялады, бірақ бұл бастаманы жүзеге асыру тетіктеріне байланысты сұрақ көп. Көмекке қол жеткізе алмаған халық арасында наразылық артады деп ойлаймын. Біз осыған ұқсай жағдайға атаулы әлеуметтік көмек беру кезінде куә болдық.

Видео: 42 500 теңгенің әуресі. Пошта алдындағы кезек

42 500 теңгенің әуресі. Қазпошта мен банк алдындағы ұзын-сонар кезек
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:55 0:00

Мемлекеттік аппарат ақша таратуға келгенде тиімсіз жұмыс істейді. Ол ақша таратуға емес, халықтан ақша жинауға үйренген. Сондықтан бізде ақша жинауға келгенде камералар, айыппұлдар бар, бәрі автоматтандырылған. Ал ақша таратуға келгенде, мемлекет өз міндетін өте нашар атқарады. Шынын айтсақ, Қазақстанда ақша бар, бірақ мемлекеттік аппарат әлсіз.

Сұхбатты дайындауға Әсемгүл Мұхитқызы мен Жанара Қаңтарбай қатысты.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG