Accessibility links

Қазығұртта "ДАИШ-ты қолдады" деп айыпталған әйел сотталды


Аида Амангелдіге үкім оқып тұрған судья Гүлмира Рахимбаева. Сол жақта прокурор Ерсін Алтаев тұр. Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы 4 қазан 2019 жыл.
Аида Амангелдіге үкім оқып тұрған судья Гүлмира Рахимбаева. Сол жақта прокурор Ерсін Алтаев тұр. Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы 4 қазан 2019 жыл.

Түркістан облысы Қазығұрт ауданынан отбасымен Сирияға кеткен Марат Мәуленовтің қызы Аида Амангелдіге қазанның 4-і күні үкім шықты. Прокуратура оны "ДАИШ-ты қолдады" деп айыптады. Мамыр айында Сириядан келген Аиданың әкесі мен ағасы соғыста қаза тапқан, бір інісі - түрмеде, бір інісі тергеліп жатыр.

ЖАРЫССӨЗ ЖӘНЕ ҮКІМ

Қазанның 4-і күні кешке Қазығұрт аудандық соты Сириядан оралған Аида Амангелдіні Қылмыстық кодекстің "Терроризмдi насихаттау", "Қорқыту" "Құқық қорғау органының өміріне қол сұғу" баптарымен кінәлі деп танып, бес жылға соттады. Айыпталушы үкімге апелляциялық шағым түсірмейтінін айтты.

Аида Амангелді – 2015 жылы алты баласымен Сирияға кеткен Қазығұрт мектебінің бұрынғы мұғалімі Марат Мәуленовтің қызы.

Туыстарының айтуынша, Марат Мәуленов 2017 жылы Сирияда соғыста қаза тапқан. Оның отбасы 2019 жылы мамыр айында "Жусан" операциясы аясында Қазақстанға жеткізілген.

Бұл іс бойынша өткен сот отырыстарының бірінде Аида Амангелді прокурормен процестік келісім жасағысы келген, бірақ қазанның 4-і күнгі соңғы отырыста прокурор заң талабына сай процестік келісім жасай алмайтынын айтты.

Жарыссөзге көшкенде прокурор Ерсін Алтаев айыпталушының қылмысы "сот тергеуінде толық дәлелденгенін", Сирияда жүріп "байланыс желілерін пайдаланып, терроризмді насихаттағанын" айтты. Әкесі Марат Мәуленов пен ағасы Нұрдәулет Амангелдінің ықпалымен және басқа отбасы мүшелерімен бірге Сирияға барып, "Ислам мемлекеті" (ДАИШ - экстремистік топтың араб тіліндегі атауының қысқартылған нұсқасы) террористік ұйымының әрекетіне араласқанын атап өтті. Бұған қоса, туысын террористік ұйымның қатарына қосылуға үгіттеді деп айтты. Айыптау актісінде Аида Амангелдінің жәбірленушілер - ауыл имамы мен ұлттық қауіпсіздік комититеті өкілін қорқытқаны туралы жазылған. Ерсін Алтаев соттан айыпталушыға бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

Прокурор айыптау актісін оқып жатқанда айыпталушы үнсіз жылады. Қайта-қайта көз жасын сүртіп, басын шайқай берді.

Судья Гүлмира Рахимбаева сөз бергенде Аида Амангелді "Терроризмдi насихаттағаны" үшін өкінетінін, енді қайталамайтынын айтып, жазасын жеңілдетуді өтінді. Соңғы сөзін сөйлейтін уақытта аузына сөз түспей қойды. Судьяға бір, прокурорға бір қарап, араша сұрағандай болды. Содан кейін "өкінемін, қайталанбайды, жазаны жеңілдетуді сұраймын" деді.

Аида Амангелдіге үкім оқып тұрған судья Гүлмира Рахимбаева. Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы 4 қазан 2019 жыл.
Аида Амангелдіге үкім оқып тұрған судья Гүлмира Рахимбаева. Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы 4 қазан 2019 жыл.

Айыпталушының қорғаушысы Мұсабек Байжарқынов Аида Амангелді Сирияға жақындарының ықпалымен кеткенін, шын өкінетінін ескеруді өтінді. Ал қоғамдық қорғаушы әрі шешесі Айгүл Нысанбаева судьядан қызының денсаулығы жоқ екенін ескеріп, жазасын жеңілдетуді сұрады. Судья Гүлмира Рахимбаева прокурор сұраған жазаны берді.

ҚАЗЫҒҰРТТЫҚ ОТБАСЫНЫҢ СИРИЯДАҒЫ ӨМІРІ

Бұрынғы орыс тілінің мұғалімі Марат Мәуленов 2015 жылы отбасымен Сирияға барып, өзге содырлармен бірге сол жақтан Қазақстан билігіне үндеу жолдап, "сес көрсете бастаған кезде" сарапшылар "Ислам мемлекеті" террористік ұйымының ұлғайып, Орталық Азия азаматтарын ұйымға тарта бастағанын жазған еді. 2017 жылы ИМ жасақтары шегіне бастады, оның мүшелерінің басым бөлігі соғыста қаза тапты. Аман қалған әйелдер мен балалар босқындар лагерьлеріне шоғырланды.

Айгүл Нысанбаева күйеуі Марат Мәуленовпен және алты баласымен бірге Сирияның нақты қай аумағында болғанын айтқан жоқ. Оның сөзінше, 2016 жылы - үлкен ұлы Нұрдәулет Амангелді, 2017 жылы күйеуі Марат Мәуленов соғыста қаза тапқан. Өзі қалған бес баласымен қақтығыс болып ажтқан жерден қашып, күрдтер жасағының қолына түскен. 2019 жылы мамыр айында "Жусан" операциясы аясында Қазақстанға жеткізілген.

Қазақстанға келе салысымен балалары тергеуге шақырылып, қамала бастаған. Тамыз айында Түркістан облыстық кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 18 жасқа толып үлгермеген ұлы Диас Амангелдіні Қылмыстық кодекстің "терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру" бабымен алты жылға соттаған. 1997 жылы туған ұлы Абзал Амангелді Нұр-Сұлтан қаласында ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеуінде жатыр. 5 және 9 жасар ұлдары өз қолында.

- Бұл тақырыпты қозғау мен үшін өте ауыр. Әлім қалмады. Абзалды қаңтар айынан бері көрмедім. Диаспен Шымкентте бір рет қана кездестім. Қызым да қамауда. Балаларымды ұстағанда "не деп айыптап жатсыңдар?" деп те сұрай алмадым. Қорықтым. Екі баламды жетімдер үйіне тапсырмай, мені соттамағанына шүкірлік етіп отырмыз, - дейді Айгүл Нысанбаева қамығып.

Қазығұрт аудандық соты. 4 қазан 2019 жыл.
Қазығұрт аудандық соты. 4 қазан 2019 жыл.

Оның айтуынша, Қазақстанға келгенде қызы Аида Амангелдіні "Сирияда жүріп жиһадқа шақырдың" деп қамауға алған. Аида Сирияда жүргенде тұрмысқа шығып, екі рет бала көтерген. Бірақ екі ретте де жеті айға толғанда шетінеп кеткен. Емдетуге мүмкіндік болмаған.

- Қатты қорықтық. 2017 жылы - Сирияға барғанымызға бір жарым жыл өткенде қайтқымыз келді. Қазақстан бізді қабылдамайды, әркім қолымен шұқып, істеген қателіктерімізді үнемі бетімізге басып отырса қайтеміз дедік. Сол қорқынышпен екі жыл жүрдік. Шығатын жол таппадық. Өз беттерімен шыққандардың көбі жарылып кетті. Сирияның күрдтеріне берілгенде, үлкен балаларымды бөлек алып кетті. Түрмеде ұстады. Қазақстанға келгенше қызым мен екі балам менімен бірге болды, - дейді Айгүл Нысанбаева.

Ол Сириядан Қазақстанға ораларда "қамаламыз" деген ой болмағанын айтты.

- Еліміз, туған жеріміз, адамша өмір сүрейік деген мақсатпен келген едік. Қазір қасымда екі кіші балам бар. 5 жасар балам үйде, 9 жасар балам мектепке барып жатыр. Шаршап кеттім. Елдің бәрі Сирияға барып келгенім үшін кінәлайтын сияқты. Кеткенім үшін кешірім сұрадым. Аяушылық білдіріңіздер дедім. Одан артық не істей аламын? - деп еңкілдеп жылады.

Айгүл Нысанбаеваның айтуынша, "Сириядағылар күйеуін отбасымен келуге үгіттеген".

Марат Мауленовтің інісі Ербол Мәуленов жалғыз ағасынан айырылып қалғанына жүрегі қан жылайды.

"Марат Сирияға кетіп қателік жасағанымен, ол менің жалғыз бауырым. Қазір отбасымызбен бірге қатты күйзелісте жүрміз. Қиналып жатырмыз. Жалғыз ағамның үш баласы бірінен соң бірі сотталып жатыр. Әр сот сайын жеңгем бір өліп, тіріліп жатыр. Ішіне түскен жара тырналып жатыр. Амалымыз жоқ, бәріне көніп жатырмыз. Тас түскен жеріне ауыр" деді сөзін соңына дейін жеткізе алмай теріс айналып жасын сүртті.

2018 жылы шілде айында Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Таяу Шығыста соғыс басталғалы бері Сирия мен Иракқа Қазақстанның 800-ге жуық азаматы кеткенін хабарлаған. 2019 жылы Қазақстан билігі "Жусан" операциясы барысында Сириядан 516 адамды жеткізген, олардың 360-ы - бала. Сириядан оралған кейбір адамдардың үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотталды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG