Accessibility links

"Пышақтап, тепкілеген". Кісі өлімі туралы істі неге "бұзақылық" бабымен қарап жатыр?


"Бәрі пәк, кінәсіз". Оралда адам өлімінен кейін судьяның ұлы мен оның танысын соттап жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:17 0:00

"Бәрі пәк, кінәсіз". Оралда адам өлімінен кейін судьяның ұлы мен оның танысын соттап жатыр

Былтыр көктемде Орал қаласының маңынан денесінде пышақ пен соққы іздері бар 21 жастағы жігіт өлі табылған. Тергеу бұл оқиға кісі өлтіруге жатпайды деп ұйғарды. Күдікті екі жас жігіттің үстінен қозғалған іс бір жылдай уақыт өткенде сотқа жетті. Күдіктілердің бірі – судьяның ұлы.

"ДЕНЕСІНІҢ САУ-ТАМТЫҒЫ ЖОҚ"

13 наурызда кешке Назгүл Махмұдова Орал қаласындағы жұмысынан өзі тұратын Белес ауылына көлікпен қайтып келе жатады. Ауылға кіре бергенде ұлы Нариман мен оның досы Дархан Маемировты көреді. Олар қалаға бару үшін жол бойында такси ұстап тұр екен. Назгүл ұлына телефон соғады. Ұлы әскерге кеткелі жатқан досы Дарханның қасында болғысы келетінін, үйге кеш оралатынын айтады. 21 жастағы жігіт ұн шығаратын кәсіпорында жұмыс істейтін, сондықтан таңертең ерте жұмысқа баруы керек болатын.

– Нариман "уайымдамаңыз, мама, келеміз" деді. Ол ауылда жұмыс істейтін, дәл сол 13 наурызда [жұмысындағылар] 22 наурыз күні өтетін Наурыз мейрамына дайындалып жатқан. Нариман ол шарада билеймін деп жүрген еді. Сол күні ауа райы өте жылы болғандықтан олар үйден жеңіл күрте ғана киіп шығыпты. Сол қалпы қалаға кетті. Әлдеқандай жағдай болады деген ойға да келген жоқ, – деді Назгүл Махмұдова ұлын соңғы рет көрген кешті еске алып.

Нариман Рагуфтың анасы Назгүл Махмұдова
Нариман Рагуфтың анасы Назгүл Махмұдова

Түнде Нариман үйге оралмаған соң Назгүл ұлының ұялы телефонына қоңырау шалған. Телефоны өшіп жатыр екен. "Қуаты біткен болар" деп, көңіліне еш бөтен ой келмей, қайтадан ұйықтап қалады. Таңертең қалаға жұмысына кетеді.

– Оған күні бойы телефон шалдым. Содан кейін Нариманның телефоны өшіп тұрғанын айтып күйеуіме хабарластым. Сағат үшке таман құрбым [бірге жұмыс істейтін] қоңырау шалып: "Назгүл, қазір қайның сені алып кетеді. Нариман қайғылы жағдайға душар болды", – деді. Мен түк түсінбедім, "жас қой, бірдеңе бүлдірген болар" деп топшыладым. Қайным келді, одан "Нұрлан, не болды?" деп сұрадым. Ол Нариман қайтыс болғанын естіртті, – деді Назгүл Махмұдова егіле жылап.

Нариман Рагуф таңертеңгі сағат 8-ге таман Орал қаласының маңынан өлі табылған. Денесінде соққы мен пышақ іздері бар. Өлген адам Нариман екенін анықтау үшін мәйітханаға барған туысы оны көріп, қатты есеңгіреп шықтым дейді Азаттыққа берген сұхбатында.

– Беті мен денесінде пышақтан түскен жарақат болды. Бетінің сау-тамтығы жоқ, – деп түсіндірді Армат Маемиров.

Назгүл Махмұдова марқұм ұлы Нариман Рагуфтың суретін смартфоннан көрсетіп отыр
Назгүл Махмұдова марқұм ұлы Нариман Рагуфтың суретін смартфоннан көрсетіп отыр

Сот-медицина сараптамасы Нариман Рагуфтың ажалына қатты суық себеп болған деген қорытынды жасаған. Кейін марқұмның сүйегін эксгумациялап, екінші рет жасалған сараптама бұл қорытындыны растайтындай я теріске шығаратындай ештеңе айтпаған.

– "Қарға қарғаның көзін шұқымайды" демеуші ме еді?! Сондықтан да олар сондай шешім шығарған болар. Білмеймін, бірақ ар-ұяты білсін. Қорытындыны мамандар шығарып отыр. Ақ-қарасын біз ажыратпаймыз. Адам қайтыс болды, соққы жеп, өліп кетті, Оны ұрған, әбден таяқтың астына алған. Ондайдан ешкім аман қалмайды ғой, – дейді Армат Маемиров.

Нариман Рагуф қайтыс болғаннан кейін полиция Қылмыстық кодекстің "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және абайсызда кісі өлтіру" дейтін 106-бабының 3-тармағы бойынша тергеу бастаған.

"СӨЙЛЕСПЕК" БОЛЫП КӨЛІККЕ МІНГЕН

Нариман Рагуфты кешке соңғы рет көрген Дархан Маемиров жергілікті журналистерге сол түні Нариманмен бірге Оралдағы бір бардан бірге шыққанын айтты. Бұрышты айналып өте бергенде, олардың қасына жол талғамайтын ақ түсті көлік келіп тоқтаған. Ішінде екі адам отырған. Олар Маемиров пен Рагуфке "сөйлесеміз, көлікке мініңдер" дейді. Екеуі мінген соң көлік жүріп кеткені бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Алсу Жасқайратованың иллюстрациясы
Алсу Жасқайратованың иллюстрациясы

– Көлікке мінгенімізде жолаушының қолында пышақ барын көрдім. Нариман осыған дейін бір ғимараттың артына барып дәрет сындырып қайтқан еді. Әлгі адам сол ғимарат өзінікі екенін айтып, досымды ұра бастады. Білмей қалдық деп едім, ол: "Сенен ешкім сұраған жоқ! Үніңді өшір!" – деп тамағыма тіреген пышақ жүзін алқымыма батыра түсті. Сәл болмағанда тамағымды орып жіберетінін де сездім. Одан кейін ол Нариманның беті мен басына пышақ сілтей бастады. Нариман "Болды, жетер!" деп айқай салды. Ол қан түкіріп отырды, – дейді Маемиров.

Жол талғамайтын көлік қала маңындағы елсіз жерге тоқтаған. Көліктегі жігіттер Маемиров пен Рагуфты сыртқа алып шығып, ұрып-соғып, кетіп қалады. Жігіттер әлгі жерден кетпекші болады, бірақ досының сөзінше, Рагуф жүре алмай, құлап қалған.

Телефон соғуға мүмкіндік болған жоқ дейді Маемиров: өз телефонын бағана барда ұмытып кеткен, ал Рагуфтың телефонын көліктегі жігіттер тартып алған. Маемиров досын сол жерде қалдырып, көмек іздеп кетеді. Туыстарын алып келгенде досын әлгі жерден таппай қалады. Өткен-кеткендер жігіттің өліп қалғанын, марқұмды полиция алып кеткенін айтады.

Нариман Рагуф өлі табылған жердің суреті. Батыс Қазақстан облысы, 1 ақпан, 2024 жыл.
Нариман Рагуф өлі табылған жердің суреті. Батыс Қазақстан облысы, 1 ақпан, 2024 жыл.

Нариман Рагуфтың ата-анасы ұлының қайтыс болғанын 14 наурызда түс ауа естіген. Назгүл Махмұдова неліктен бірден хабарламай, жарты күн өткен соң ғана естірткенін түсінбей дал. Ол адамның кім екенін анықтау полицияға "бір секундтық қана жұмыс" деп ойлайды. Оның үстіне, отбасына суық хабарды полиция емес, туыстары естірткен.

– Әдетте мұндай кезде орган тікелей хабар береді емес пе?! Ал біз біреуден естіп білдік. Бізге болары болып қойғаннан кейін хабарлап отыр... Өз аяғымен кетіп... осылай оралды, көрдіңіз ғой – дейді Назгүл Махмұдова.

Ал сол түні Рагуф пен Маемировті алып кеткен көлік 14 наурызда күндіз Оралдан шығып кеткен.

СУДЬЯНЫҢ ҰЛЫ МЕН ОНЫҢ СЕРІГІ

Қаладан шыққан жол талғамайтын көлікте өткен түні Рагуф пен Маемировты алып кеткен жігіттер болған. Тергеу материалына сүйенсек, 17 жастағы Қ. мен 20 жастағы Ерназ Сәтпаев, әкесі – үшеуі Ақтауға жол тартады. Жолда олар басқа көлікке ауысып мінеді. Қамауға алынғаннан кейін берген жауабында жігіттер "Сәтпаевтің әкесі басқа қалаға атжарысқа шақырды, жолда жанармай үнемдеу үшін отынды аз жағатын көлікке ауысып міндік" дейді.

Алсу Жасқайратованың иллюстрациясы
Алсу Жасқайратованың иллюстрациясы

Тергеу сотының қаулысымен күдікті Ерназ Сәтпаев қамауға алынды. Қ. бостандықта қалды, сот бұлтартпау шарасы ретінде оны үйқамақта ұстау туралы шешім шығарған.

Орал маңында қаза тапқан жігіттің өлімі мен екі күдіктінің ұсталғаны туралы аймақтық БАҚ өкілдері де жазды. Жергілікті журналистер қайғылы оқиға болған түні жүргізуші куәлігінсіз көлік айдаған кәмелеттік жасқа толмаған Қ. – Орал қалалық сотының төрағасы Миржан Қадырбаевтың ұлы екенін анықтады.

– Ол кәмелетке толмағанымен, бірнеше айдан кейін толады. Аса ауыр қылмыс жасаса да бостандықта тайраңдап жүр. Тергеу кезінде оны қамауға алмады. Еш жерде жарияламай, мұны жасырғысы келді. Полицияның баспасөз баянында толық мағұлмат айтылмады. Олардың қылмысты барынша жасырып, білдірмеуге тырысуының өзі елдің назарын аударды, – дейді Нариман Рагуфтың өлімін бақылап жүрген оралдық журналист Талғат Омаров.

Қоғамда резонанс туғаннан кейін прокурор облыстық сотқа күдікті Қ.-ның бұлтартпас шарасын қайта қарауын сұрап өтініш берді. Нәтижесінде жасөспірім күдікті қамауға алынған. Жоғарғы сот күдіктінің шынымен "Орал қаласындағы №2 сот төрағасының бірінші әйелінен туған ұлы екенін" растап, ресми мәлімдеме жасауға мәжбүр болды.

Күдікті жасөспірімнің адвокаты Руслан Шағатаев полиция тергеу басталған кезде оның қорғауындағы адамды босатып жіберуіне әкесінің қызмет лауазымының еш қатысы жоқ дейді.

Адвокат Руслан Шағатаев. Орал, 24 қаңтар, 2024 жыл.
Адвокат Руслан Шағатаев. Орал, 24 қаңтар, 2024 жыл.

– Мұнда, әрине, қоғамдық резонанс үлкен роль атқарды. Облыстық сот осы жағдайды ретке келтіру үшін бұлтартпау шарасын өзгертіп, [күдіктіні] абақтыға ауыстырған. Оның қамауда отырғанына биыл наурызда бір жыл толады. Кәмелеттік жасқа толмаған адамды алты айдан көп уақыт қамауда ұстауға болмайды. Бұл мәселе де қаралды, оны босатпады, бұлтартпау шарасын да өзгертпеді, – деді адвокат Руслан Шағатаев.

ІС СОТҚА ЖЕТТІ: БҰЗАҚЫЛЫҚ БАБЫ БОЙЫНША АЙЫП ТАҒЫЛДЫ

Қылмыстық іс сотқа 2024 жылы берілді. Тергеу күдіктілер Қ. мен Сәтпаев "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және абайсызда кісі өлтіру" бабы бойынша емес (бұған дейін анықталған), "бұзақылық" пен "адам ұрлау" бабы бойынша айыпты деген байлам жасады. Екеуі де тағылған айыпты мойындамай отыр. Адвокаттары Рагуф пен Маемировті ешкім күштеп ұрламағанын, олар көлікке өз еркімен мінгенін алға тартады.

– Біз бұл [Қылмыстық кодекстің] 125-баппен мүлдем келіспейміз, бұған қатысты өз көзқарасымызды ұстанамыз, – дейді Шағатаев. – Қ.-ға көлік айдап, соның ішінде отырғаны үшін айып тағылды. Сол үшін ғана жазықты болып отыр. Маемиров сотта көліктегі жанжал қайтыс болған Рагуф пен екінші сотталушының арасында болғанын айтқан. Қ. тек көлік айдаған.

Алсу Жасқайратованың иллюстрациясы
Алсу Жасқайратованың иллюстрациясы

Дархан Маемиров тергеу кезінде берген кейбір жауабын сотта өзгертіп жіберді. Ол Нариман Рагуфты нақты кім және қалай ұрғанын айта алмады. Досының ұялы телефоны қайда кеткенін де есіне түсіре алмады, алғаш жауап бергенде "телефонын ұрған адам тартып алды" деген еді. Ал тергеу кезінде Нариманның телефоны "өзінде болғаны" анықталды.

Айыпталушы тараптың өтініші бойынша, сот процесін бейнежазба мен суретке түсіруге тыйым салынды. Айыпталушылардың туыстары журналистерді мақалаларда сотталушылар мен жақындарының аты-жөнін көрсетпеуге көндірмекші болды.

– Мұндай жайтты бұрын-соңды кездестірмегем, тіпті сотта журналистердің мақалалар мен материалдарда сотталушылардың аты-жөнін атамауын сұрап отыр. Судьяның ақылға салып, олардың айдауына ермегеніне шүкір, – дейді сот процесін бақылап жүрген журналист Талғат Омаров.

Қылмыстық істер жөніндегі соттың ғимараты. Орал, 23 қаңтар, 2024 жыл.
Қылмыстық істер жөніндегі соттың ғимараты. Орал, 23 қаңтар, 2024 жыл.

Іс бойынша барлық материал таяуда өтетін сотта қаралмақ. Содан кейін жарыссөзде прокурор судьядан сотталушыларға қандай жаза қолдануды сұрайды.

Ұлының өлімінен кейін әлі өз-өзіне келе алмай жүрген Назгүл Махмұдова сот әділ шешім шығарады деп сенеді.

– Мен төреші емеспін, шешім шығара алмаймын. Тиісті жазасын алғанын қалаймын. Әділ Қазақстанға сенемін, бәрі әділ өтеді, қылмыскерлер әділ жазасын алады деп ойлаймын, – дейді марқұм Нариман Рагуфтың анасы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG