Accessibility links

Сатып алыңыз...


Ғалым Смағұлұлының карикатурасы
Ғалым Смағұлұлының карикатурасы

Өмірімде өз кітабымды оқыған тірі оқырманды көрмеген, оның үстіне, мына отырған зал толы жұрттың бір де біреуі мені танымағанынан жасқанып қалған басым, алғашында, не дерімді білмей, біраз дағдардым...

Сәл кешігіңкіреп келіп, кездесу өтетін үлкен залға асыға кіргенімде, баспагерім оңаша бір үстелге жарыққа кеше ғана шыққан кітабымның жүз шақты данасын қатарлап үйіп қойып, жиылған көпшіліктің алдында кіріспе сөз сөйлеп тұр екен.

- ... Кітапқа автордың ертең шетелдіктер жабыла аударып, кеңінен таралып кетейін деп тұрған бірқатар озық шығармалары енген... Әлемге танылған соң, бұл кітапты алғаш оқып, бағасын бергеміз деп мақтанасыздар әлі!.. Сатып алыңыздар!.. Міне, өзі де келіп жетті!.. Қарсы алайық - еліміздің әйгілі, өздеріңіздің сүйікті жазушыларыңыз...

Аты-жөнім қанша көтеріңкі, салтанатты дауыспен жария етілсе де, қолымды кеудеме қойып, иіліп-бүгіліп, қанша ілтипат көрсетсем де, зал толы жұрт селт еткен жоқ... Жыпырлаған көздер бас-аяғыма селсоқ назар салып, кейбіреулер сағыздарын шайнап, мізбақпай отыр. Телефон шұқылағандардың көбі бастарын да көтермеді... "Әйгілі" жазушыны танитын бұл жерде ешкімнің жоғы бірден мәлім болды... Әйгілі болмаған соң, әрине, сүйікті де емессің... Әйгілі һәм сүйікті болмай шыққаныма мен қысылғанмен, баспагерімнің сасатын түрі көрінбейді.

- Қане, қол соғып, қошеметтеп қояйық... - деп, той басқарған асабаларша қақылдап, өзі бастап, алақанын шартылдата бастады.

Әр-әр жерден шылп-шылп шапалақ соғылды...

Кездесу басталды.

Өмірімде өз кітабымды оқыған тірі оқырманды көрмеген, оның үстіне, мына отырған зал толы жұрттың бір де біреуі мені танымағанынан жасқанып қалған басым, алғашында, не дерімді білмей, біраз дағдардым... Мемлекеттік, жекелік қыруар баспалардан осы күні үсті-үстіне шығып жатқан, бірақ дүкенге де, кітапxанаға да түспейтін сансыз кітаптарымыз қайда кетті деп ойлайсыз?.. Ауаға сіңіп, я жел ұшырып әкеткен жоқ шығар... Міне, осы кісілер оқып жатыр!.. Мейлі, мені оқымаса, оқымай-ақ қойсын, танымаса - танымасын. Мәселе онда емес. Есесіне, қалған жазарман әріптес атаулы өздері үшін жұмбақ, аты-жөні белгісіз осы бір қауымның арқасында әлдекім болып жүрген жоқ па!..

Соны ойлап, қатты толқып:

- Не жазсақ та, сіздер үшін жазамыз ғой, қадірлі ағайын!.. - деп, тебіреніп бастадым сөзімді. - Сіздер оқыса екен дейміз, сіздер бағаласа екен дейміз... Бір сәтке болса да, көңілдеріңізді аулап, сезімдеріңізді қозғап, ойларыңызға ой қоса алсақ... біз үшін одан асқан бақыт жоқ!.. Сіздер болмасаңыздар, біз кімбіз?!.

Сіздің қандай жазушы екеніңізді, не жазатыныңызды білмейміз... Не деп сұрақ қоймақпыз?

Қатты толқығаннан ба, әлде, айтарым осымен таусылып қалды ма, ары қарай не сөйлерімді білмей, тағы тосылдым. Зал үнсіз. Сырын білмейтін бейтаныс қауымның алдында тілің байланып, құтың қашады екен. Сасқаннан шығар, біраз ыңғайсыз үнсіздіктен кейін, баспагерім осы кездесуге дайындап, неше күннен бері қақылдап құлағыма сіңіріп тастаған, міндетті түрде айтылуға тиіс парыз сөз аузымнан қалай шыққанын білмей қалдым:

- Сатып алыңыздар...

- Иә, автор дұрыс айтады. Сатып алыңыздар!.. - деп, ол басын изеп, риза болып қалды.

Бірақ жұртшылықтың қозғала қоятын түрі жоқ. Сөзіңді мақұлдағанын, не жаратпағанын білмейсің. Тағы не айтасың дегендей, бедірейіп отыр... Мен не айтам?..

- Ендеше, былай болсын, - деді баспагерім, менен енді ештеңе шықпасына көзі жеткен соң. - Әңгімемізді сұрақ-жауап түрінде өрбітсек... Сіздер құрметті жазушымыздың шығармашылығы туралы, өзі туралы... жалпы, бүгінгі әдебиет туралы сұрақтарыңызды қоя беріңіздер. Бұл кісі қандай сұрақтарыңызға да егжей-тегжейлі, толымды да болымды жауап беруге әзір... Қане, кім?..

Залдың орта тұсынан жағына пышақ жанығандай, көзілдірік таққанына қарағанда, кітапты көп оқитын бір жігіт ағасы орнынан тұрды.

- Сіздің қандай жазушы екеніңізді, не жазатыныңызды білмейміз... Не деп сұрақ қоймақпыз?.. - деді ол, көзілдірігінің шынысын сүртіп, қайта тағып жатып. - Бәлкім, бір-екі шығармаңызды өзіңіз мазмұндап, тіпті бір тәуір үзінділерін де оқып жіберерсіз. Сосын... ыңғайына қарай көреміз ғой...

Бұл да жөн екен дедік.

Біраздан соң, автор жайына қалып, менің потенциалды оқырмандарым дай-дай болып, киім мәселесі жөнінде айтысып кетті...

Мен өзім жақсы көретін бір xикаятымның ұзын-ырғасын қысқаша баяндай келіп, кітаптан ең әсерлі-ау деген тұсын тауып алып, бар шеберлігімді салып, үзінді оқуға кірістім: "Гүлжанның көңілі алай-түлей ұйытқыды... Қазір барып жолығып, көзбе-көз сөйлеспесе болмайды. "Күт, жиырма минутта жетем" деді де, телефонды сөндіріп, асығыс киінді" ...

- Сұрақ бар...

Қап-қара жабағы сақалы алқымын жауып, одан өрлей қаулап, жағасына шығып кеткен бір кісі қолын көтерді.

- Иә?

- Үстіне не киді? Көйлегі тізеден жоғары ма, төмен бе?

Зал ішін тартып, менің аузымды бақты. Не десем екен?..

- Бұл жерде мен... көйлектен гөрі, кейіпкердің ішкі жан-дүниесі маңыздырақ болғасын, оған тоқталмадым... - дедім, күмілжіп. - Сіз өзіңіз қиялыңызда қалай елестетсеңіз, солай киіндіре салсаңыз да болады. Бұл жерде ол соншалық маңызды емес деп ойлаймын...

- Жоқ, қатты қателесесіз! Анықтап жазу керек. Тізеден жоғары көйлек киген әйел - басқа да, төмен киген - мүлде бөлек адам... Сіз бізге кәнкіретні суретін беріңіз!..

Пәледен аулақ деп:

- Бұл әйел, яғни, Гүлжан, негізі, қазағымыздың өте иманды, ибалы қыздарынан болады, - дедім, сенімді түрде. - Осы шығып бара жатқанда, ол, басына орамалын тағып, көкірегін жауып алған. Ал көйлегінің етегі осы сіздің шалбарыңыз сияқты, тобыққа таман төгіле түсіп тұр. Бірақ мына сәттегі асығыс жағдайына қарап, оны суреттеп жатпадым...

Сұрақ қоюшы маған "бұған сенуге бола ма, өзі?" дегендей, су сіңіп илектенген құрым киіздей қорқынышты сақалы салбырап, үңірейе қарап, біраз тұрды да:

- Машаллаһ! - деп, орнына отырды.

Бірақ ол тынышталғанмен, залдағы дабыр-дұбыр басыла қоймады. Біраздан соң, автор жайына қалып, менің потенциалды оқырмандарым дай-дай болып, киім мәселесі жөнінде айтысып кетті... Сол баяғы басқа тартатын орамал, сол баяғы ұзын көйлек, қысқа көйлек мәселесі!.. Біздің "тынышталыңыздар... ағайын, тынышталыңыздар..." деген мыңқылымызға құлақ асқан ешкім жоқ. Ақыры, дау-дамай шарықтау шегіне жеткенде, маған:

- Осы мәселе туралы пікіріңізді ашық айтсаңыз, - деген талап қойылды.

Сатқын!.. Кітабымен қосып өртеп жіберу керек өзін!..

Қалай жауап берсем де, оқырманымның жартысынан айырылғалы тұрмын. Не десем екен...

- Бұл бір аса күрделі... еліміздің болашағы үшін аса маңызды мәселе ғой... - дедім, ақыры, қашыртпаға салып. - Сондықтан неге бұған қатты мән беріп отырғандарыңызды жақсы түсінем... Әрине, киім мәселесінде тым шектен шығып кетуге де болмайды... Иә... Әйткенмен, әркімнің өз қалауы деген де бар, білесіздер... Қоғамдық пікірмен де санаспауға болмайды... Үкіметіміз бен ғұлама дінбасыларымыз да қарап отырмаған шығар, солардың берген нұсқау, пәтуалары болса, соған мойынсұнғанымыз абзал ма деп ойлаймын...

Дабыра-шу біраз саябырсығандай болды. Мен енді келесі бір әңгімемнің мазмұнын қысқаша баяндай келіп, оның да ең шырайлы тұстарынан үзінді оқи бастадым: "Сол кезде мен шыдамай кетіп, қалың топты жарып өтіп, жұрттың алдына шықтым. Қолымды сермеп тастап, ашына сөйледім: "Халайық, - дедім. - Бұл не бассыздық?!. Тапайдың тал түсінде бұл не сұмдық! Депутаттар қайда? Үкімет қайда қарап отыр?!." - деген тұсқа келгенде:

- Керемет!
- Тіліп айттың!
- Азамат!.. - деп, отырғандар шулап кетті.


- Жала!.. Қып-қызыл жала!..
- Бұларға өкіметті жамандағаны үшін, шетел ақша төлейді!..
- Сатқын!.. Кітабымен қосып өртеп жіберу керек өзін!.. - деп, енді бір тобы айғайға басты.

Сіз билік жағындасыз ба, жоқ, оппозицияны қолдайсыз ба?..

- Бәріңізге раxмет... Бірақ мұны айтқан - мен емес, менің кейіпкерім ғой, - деймін, екі жағына да жалтақ-жалтақ қарап.

- Ендеше неге атын атап жазбайсыз? Халық өз қаһармандарын білуге құқы жоқ па сонда?! - деп, өре түрегелді тағы бір кісілер.

- Атын атап жазу шарт емес, - деймін. - Оқиғаға қатысушы және сол оқиғаны өз тұрғысынан баяндаушы кейіпкер бар ма - бар. Ол - "мен" деген біреу. Атын атамасаңыз да ешкіммен шатастырмайсыз... Тіпті болмаса, өзіңізге ұнаған атты қойып алыңыз да, оқи беріңіз, автордың еш қарсылығы жоқ.

- Жо-о-қ, олай болмайды... Кімнің кім екенін анықтап жазу керек, жазушы жолдас! - деді бір шал, саусағын кезеп. - Атап жазбасаңыз, кейіпкеріңіздің айтқан шатақ сөзі үшін ертең... кxөһ-кxөһ... өзіңіз жауап бересіз... Есіңізде болсын!..

"Жолдас" дегеніне және саусағын кезеп сөйлегеніне қарап, шалдың жайын тез ұқтым да, сөзді көп созбай, ыңғайына жығыла кеттім.

- Ескертуіңіз орынды, жолдас... яғни, ақсақал... Келесі кітабымда кейіпкерлерімнің аты-жөні толық болады. Уәде етейін... Сатып алыңыз...

- Солай болсын!.. - деді шал, таяғы тарсылдап, белі кирелеңдеп орнынан тұрып жатып. - Сол келесі кітап шыққанда шақырарсыз... Бәрібір... мына кітабыңызда түк жоқ!.. Кxөһ...

Таяғы тоқылдап, қақалып-шашалып, буына жөтелген шал есікке беттеді.

- Ашығын айтыңызшы, - деді шіңкілдеген бір келіншек, шал шығып кеткен соң, орнынан атып тұрып. - Сіз билік жағындасыз ба, жоқ, оппозицияны қолдайсыз ба?..

Зал кенет тынышталып, гу-гу сап басылды. Бәрі қыбыр етпей, менің аузымды бағып отыр. Шынымды айтсам, бұл тәжіке мені қажытайын деді... Не нәрсеге де жақ-жақ болып қырқыса кетуге дайын тұрған мына қызуқанды, дүлей қауымға жағам деп, жүйкем тозып барады!.. Кітабым сатылмаса, сатылмай қалсын... Енді мәймөңкелеп отыратын жайым жоқ.

- Кешіріңіздер, бізде оппозиция қалып па еді?.. - дедім, қарсы сұрақ қойып.

- Сіз неге оппозиция жоқ деп ойлайсыз?!. - деп, өре түрегелді залдың арт жақ түкпірінде ұйлығысып отырған бір топ. - Демократиялық елде оппозиция болмайды деп кім айтты сізге?!.

- А, солай ма... Білмеген екем...

- Сұрақтан жалтармаңыз! - деді жаңағы шіңкілдек келіншек айғайлап. - Саяси позицияңызды жасырмай айтыңыз... Кітабыңызды оқимыз ба, оқымаймыз ба, сосын шешеміз!.. Халық шешеді...

Жағдайдың шиеленісіп бара жатқанын көріп, осы тұста баспагерім арашаға түсті.

- Бұл кісі таза шығармашылықтың адамы... Саясатпен шаруасы жоқ, ағайын... Ал кейіпкерінің сөзіне жазушы жауап бермейді. Толстой ма еді, кім еді, әлгі...айтқан ғой... "кейде менің кейіпкерлерім өзіме бағынбай кетеді" деп...

Мына бір әңгіме "Пара алмаймын!" деп аталады екен... - деді жігіт, тағы бір кеңкілдеп алып. - Көріп отырсыздар, атының өзі күлкілі...

- Айта береді!.. - деп, гу ете қалды зал. - Өзінің не жазып отырғанын білмейтін біреу шығар мұны айтқан... Біз жазушы мырзадан нақты жауап күтеміз!..

Десі қайтқан баспагерім абыржып, "өзің бірдеңе дейсің бе" дегендей, жалтақтап маған қарады.

- Жарайды... - дедім. - Жауап берейін... Мен... яғни, кейіпкерім, мінезіне, танымына... е-е... нақты ситуацияға қарай, өз ойын айтты... Өз шындығын айтты... Оның сөзі билікке жаға ма, әлде, оппозицияға ұнай ма - бұл жағын енді өздеріңіз сияқты... иә, талғамы жоғары оқырман таразылайды... Солай емес пе?..

Маған тағы дүрсе қоя бергелі отырған зал, өзін "талғамы жоғары" деп бағалаған жағымпаз лепесімді қимай, ойланып қалды ма, әйтеуір, дабыр-дұбыр бір сәтке тынши қалғандай еді, сол кезде кенет... оң жақ қанаттан тырқылдаған оғаш күлкі естілді... Бәріміз жапырылып солай қарадық. Күлкі басылатын емес... Күліп отырған - жастау бір жігіт. Тырқылдағанды қойып, енді, біресе, орындығына шалқая түсіп, қарқылдайды, біресе, екі бүктеліп, қолындағы менің кітабыма бетін басып алып, еңкілдейді... Жұрт тым-тырыс. Күлкінің басылғанын күтіп отыр...

- Бұл кім?.. - дедім сыбырлап, баспагерге.

- Бағана "қарай отырыңдар, авторға әдемі сұрақ дайындарсыңдар" деп, екі-үш адамға тегін кітап беріп қойып едім... Соның бірі ғой мынау, - деді, ол да сыбыр етіп. - Бұған не көрінді?..

Мен, жалпы, юмордан жұрдай адаммын. Кітабымда күлкілі ештеңе жазбағанымды анық білемін. Бірақ пендешілік дегенді қойсаңшы... Өзім де байқамай күлкілі бірдеңе жазып жібердім бе екен деп, қатты үміттеніп, соны білгенше, тағатым кетіп барады. Ана жігіт те күліп-күліп, ақыры, солықтап барып, тыншығанда:

- Бізге де айтшы, бәріміз күле отырайық!.. - деп, жұрт енді соған жабылды. - Ортаға шық, күлкілі жерін кітаптан оқып жібер!.. - деп, кеу-кеулеп, жігітті орнынан тұрғызды.

Күлкіден қиналып, қызарып-көгеріп кеткен оқырманым бізге таман, көпшіліктің алдына шықты.

- Мына бір әңгіме "Пара алмаймын!" деп аталады екен... - деді жігіт, тағы бір кеңкілдеп алып. - Көріп отырсыздар, атының өзі күлкілі... Қысқаша мазмұны былай. Жергілікті әкімге ісі түскен өзіміз сияқты бір сорлы әлгіге пара ұсынады. Анау азар да безер болып алмай қояды... Ха-xа-xа...
Ешкім күлген жоқ... Менің қалың оқырманым жігітке бедірейе қарап, үнсіз отыр. Ешкім ештеңе түсінбеген сияқты...

- Ұғып отырсыздар ма... Беріп тұрған... өз аяғымен келіп тұрған параны "алмаймын" деп отыр емес пе?!.

- Онда тұрған не бар?.. Оның несі күлкілі? - деді біреу, наразы үнмен күңк етіп. Бірақ бұл күңкіл тым-тырыс отырған залға түгел естілді.

- Жоқ, сіздер түсінбей отырсыздар, - деді күлкіші жігіт, кітапты басынан асыра көтеріп, сілкілеп. - Біз жазушылар тек шындықты жазады, xалықтың сөзін сөйлейді деп мәзбіз... Ал бұл кісілердің жазатыны - осындай күлкілі өтіріктер!.. Өзіңіз ойлаңызшы, ана байғұс бастыққа "алыңызшы!" деп, қайта-қайта жалынады. Ал анау қайта-қайта қайырып тастайды... Осы күні осындай ертегіге адам сене ме?!. Бізде бұл мүмкін нәрсе ме?!. Бұған күлмегенде қайтесің?..

- Несі бар?!. - деп, орнынан шаптыға көтерілді сол кезде бағанағы шіңкілдек әйел. - Неге мұндай жағдай болмайды деп ойлауымыз керек?.. Осы былыққа мәңгі батып жата береміз деп кім айтты сізге?!. Өмірімізде бір жақсылық болмауы керек пе сонда?.. Бар шығар... бар ондай адамдар... Жазушыға раxмет, соны шыншылдықпен көрсетіп отыр!..
- Дұрыс айтады!..

- Мүмкін емес ондай адам болмауы...

- Күлетін ештеңе жоқ!.. - деп, менің оқырмандарым залды басына көтере шулады..

Күлегеш жігіт, бірақ, айылын жиятын емес. Кітапты парақтап-парақтап жіберіп, керекті тұсын тауып алды да, шуласып жатқан жұртқа қолын көтеріп, тыныштыққа шақырды.

- Сіздер әлі ештеңе түсінген жоқсыздар... Ең күлкілі жері әлі алда!.. Мынаны қараңыздар... Жалынып қайта-қайта ұсынған параны алмағанымен қоймай, әлгі бастық әлгі сорлыға не дейді дейсіздер ғой, xа-xа-xа... Тыңдаңыздар, міне... "Айналайын, - деді әкім, пара берушіге бір түрлі мейірлене қарап. - Мұныңыз жарамады... Пара беру, пара алу - құдайға шет қылық, бұл - қылмыс! Өйтуге болмайды!.. Біз, үлкенді-кішілі шенеуніктер - билікші емеспіз, біз, бәрінен бұрын, xалықтың қызметшісіміз!.. Сіздердің мұқтаждарыңыз бен талаптарыңызды орындау үшін отырмыз осы жерде. Түсіндіңіз бе?.. Коррупциямен күресті әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керек. Яғни, сіз ешкімге пара бермеуіңіз керек, мен ешкімнен ештеңе... иә, алмауым керек. Сіздің шаруаңызды мен ешқандай парасыз-ақ бітіріп беруге міндеттімін... Солай емес пе, айналайын!"... Тура осылай дейді... Хеһ-xеһ... Ойбай, ішегім-ай!..

Осы сәт залдағы жұртқа көзім түсіп кеткен. Жанарлары біртүрлі жасаурап, әлденеге елжірей емінген қалыпта, жаңағы әкім айтқан сөздің әсерінен айыға алмаған күйі, сілтідей тыныпты... Менің барша оқырманымның көз алдында дәл қазір мына күлегеш жігіт емес, жаңағы пара алмайтын бастықтың мүбәрак бейнесі тұрғанында күмән жоқ... Күлгеніңіз не, менің кейіпкер-шенеунігім енді біраз сөйлесе, мына жұрт еңкілдеп жылауға шақ отыр!.. Шіңкілдек келіншектің көзінен әлден-ақ тарам-тарам болып бояу ағып барады...

- Керемет!.. - деген, ризашылығы мен өксігі аралас ышқынған бір дауыс шықты сол кезде топ арасынан. Зал дүрліге жамырап, қостаған дауыстарға толып кетті.

- Шынайы!..

- Өмірдің өзінен ойып алғандай екен!..

- Әсерлі!... - десіп, бірінің сөзін бірі мақұлдасып, даурыққан жұрттың шырайы кіріп, серпіліп, көңілі көтеріліп, еңселеніп барады...

Жаңағы күлегеш жігітке бір риза болғаным - әңгімені түгел оқымапты...

Жаңағы дай-дай болып айтысып-тартысып отырғандар кенет бір ортақ аңсар, ортақ тілекпен көз алдымда біртұтас қауымға айналып жүре бергендей көрінді!.. Анық білем, бұларды... арман табыстырды... Адамның әр нәрседен түңіліп, күдер үзген көңіліне, әлсіз де болса, үміттің елесін нұсқап, көмескі де болса, суретін сызып көрсету керек екен - міне, мәселе қайда жатыр!.. Кітабым сатылмаса, сатылмай қалсын, бұл кездесуден менің тапқан олжам - орасан!.. Жер ортасынан асқан шағымда, жазарымды жазып болып қалған кезде... мен не жазуым керек екенін енді түсіндім... Шындықтан қайыр кеткен мына заманда қаламыңды шырайлы өтіріктің тәтті сиясына матырып алып... замандасыңды зарықтырған асыл армандар туралы жазу керек екен!..
Мәселен, енді пара алмайтынымыз, енді ешқашан пара бермейтіміз туралы...

Жаңағы күлегеш жігітке бір риза болғаным - әңгімені түгел оқымапты... Әңгіме соңында әкім параны, бәрібір, алады... Ұзақтан қайырған тамаша сөзінің аяғын әкім: "Пара алу, пара беру, әрине, қылмыс. Бірақ адамның шын ниет, адал көңілін ескерусіз тастауға да болмайды... Пара деп емес, ақ жүрегіңізден арнайы сый ретінде әкелгеніңізді де көріп отырмын... Олай болса... Анау бір қалтарыстағы тартпаны ашып, өз қолыңызбен сала қойыңызшы... Раxмет..." - деп бітіруге тиіс-тін... Мына жігіт көп күлем деп, ақырына жете алмапты. Онысы маған абырой болды... Әңгіменің сол тұсына көзі түсіп кетер ме екен деп, қыпылықтап, мазам кетіп еді, құдай оңдады - менің күлегеш, сабырсыз оқырманым жұрттың әсері өзі күткеннен басқаша болғанына абыржып, қайран қалып біраз тұрды да, "түсінсем, бұйырмасын" дегендей, иығын бір көтеріп, салбырап, орнына беттеді.

Кездесудің бұдан кейінгі бөлігі мен үшін өң мен түстей өте шықты. Әкімнің әдемі сөзінен қанаттанып кеткен оқырмандарым енді бірінен кейін бірі шығып сөйлей бастады.

- Халқымыз бұл кісінің кітаптарын сүйіп оқиды! - деп мәлімдеді шіңкілдек келіншек.

- Осындай жазушыларымызбен біз әлемге таныламыз! - деп, екпіндеп сөйлегендер де көп.

Әр мақтаудың арасында баспагерім жарқын-жарқын дауыспен:

- Сатып алыңыздар, сатып алыңыздар!.. - деп қояды, түлкі алатын тазыдай көзі жайнап.

Ең аяғы, жаңағы, көйлек туралы дауды бастаған кісіге дейін желпініп:

- Сіз секілді иманды жазушыларымыз көбейе берсін! - деген тілек айтты.
- Сатып алыңыз!..

* * * * *

... Өң мен түстің арасында мен сөйтіп шалқып отырғанда, кездесу аяқталып, айтарларын айтқан жұрт біртіндеп тарап та үлгеріпті. Орнымызда қалған - баспагерім екеуміз ғана... Елдің ең соңынан шығып бара жатқан күлегеш жігіт есіктен қайта айналып келіп, қолындағы тегін алған кітабын үстел үстінде мұрты бұзылмай үйіліп жатқан кітаптардың арасына лақтырып кетті... Сонша мақталғанда, бір кітабым да өтпеген бе деп, таңырқап, серігіме қарап едім, жаңа ғана көзі жайнап, көрсетпей алақанын ысқылап отырған саудагерімнің ұнжырғасы түсіп кеткен екен.

- Жүз кітап алып келгем... - деді, түңілген үнмен. - Үшеуін тегін бердім. Біреуін, өзің көрдің... қайтарып берді... Сонда тоқсан сегіз кітап қалды.

- Мұны енді не істейміз?.. - дедім мен, үйіліп жатқан кітаптарға шошына қарап.

- Саған сыйладым... Өртеп жіберсең де, өзің білесің!..

- Бұл... Бұл - кітаптар ғой!..

- Туыстарыңа үлестір... Адам таппасаң, Алматының теректеріне таратып бер!..

Соны айтып, әлдекімге ашулы, әлде маған өкпелі баспагер сілкіне басып, сыртқа беттеді. Ешкімге керексіз үйіндінің қасында шошайып жалғыз қалдым... Бақытсыз кітаптарыңа қайғыра қарап қанша отырасың, жаңағы күлегеш лақтырып кеткен бір данасын алып, сөлбірейіп мен де орнымнан көтерілдім. Шығар алдында иесіз қалып бара жатқан қайран дүниеме өзегім өртене, қайырылып тағы бір қарадым... Ештеңе етпейді деп жұбаттым өзімді. Есесіне келесі кітабым қол-аяғы жерге тимей өтіп кетеді!.. Оған сенімдімін. Өйткені, не туралы жазу керек екенін, қалай жазу керек екенін мен енді жақсы білем...

XS
SM
MD
LG