Accessibility links

Коронавирус ушыққан тұста Назарбаев пен Қауіпсіздік кеңесі қайда кетті?


Алматыдағы блокбекеттердің бірінде тұрған сарбаз. 30 наурыз 2020 жыл.
Алматыдағы блокбекеттердің бірінде тұрған сарбаз. 30 наурыз 2020 жыл.

Коронавирус індеті тарағалы бері Қазақстанның денсаулық сақтау саласы мен экономикасы дағдарысқа тап болды. Соған қарамастан, елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ол басқаратын Қауіпсіздік кеңесі ел алдына шықпай кетті.

Қазақстанның ресми басшылары коронавирус пандемиясы кесірінен болған денсаулық сақтау саласындағы дағдарыс пен елдің экспортқа шығаратын негізгі тауары – мұнайдың әлемдегі бағасының құлдырауы салдарынан басталған экономикалық қиындықтан шығуға әрекет жасап жатыр. Осындай маңызды оқиғалар болып жатқанына қарамастан, "елбасы" деген заң жүзінде бекітілген ресми мәртебесі бар Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ол басқаратын Қауіпсіздік кеңесі жұрт назарынан ғайып болды.

Назарбаев қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығына ие. Елге ірі дағдарыс қаупі төніп тұрса да, ол жоқ кезде бұл кеңестің отырысы өткізілмейтін сияқты.

Бір жағынан, Назарбаевтың кейінгі кезде ел алдына шықпай кеткені таңғаларлық жайт емес сияқты.

Кейінгі жылдары Қазақстанның басына қиын күн туған шақта Назарбаев көзге түспей кететін болып жүр. Оның үстіне, елді ұзақ жыл басқарған авторитар басшы биыл шілдеде 80 жасқа толмақ, әрі ел арасында "ол ұзақ жылдан бері қуықасты безі ісігінен емделіп жүр-мыс" деген қаңқу сөз де бар. Жасы ұлғайғанын және денсаулық жағдайын ескерсек, коронавирус жұққан жағдайда оған өте қиын тиюі мүмкін.

Бұған қоса, Назарбаев өз атындағы Назарбаев университетінің негізін қалады, онда адам өмірін ұзарту және кәрілікпен күрес зерттеулеріне мол ақша бөлінеді. Ол ұзақ өмір сүргісі келеді, сондықтан әлемді пандемия жайлап тұрған тұста оған жұрт алдына шығуға болмайды.

ҚАЙТЫС БОЛҒАНЫ ТУРАЛЫ ҚАУЕСЕТ

Дегенмен, Назарбаевтың оқшауланғаны оның "қайтыс болғаны" жайлы алыпқашпа әңгімені көбейтті. Оның қас дұшпаны, Еуропада тұратын саяси қарсыласы, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов сәуірдің 3-і күні Facebook-тегі парақшасында дәл солай деп мәлімдеді.

Орталық Азия елдері басшылары жұрт алдына көп шықпай кетсе, олардың денсаулығы, тіпті қайтыс болғаны туралы қаңқу сөз өршиді, мұндай жағдай Назарбаевтың да басында болған.

Соңғы рет 2019 жылғы шілде айының көп бөлігі мен тамыздың басында Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов мемлекеттік телеарналардан көрінбей кетті, оның бұлайша ұзақ уақыт көзге түспеуі "президент қайтыс болыпты" деген қауесетті үдетті.

Кейін қайтадан ел алдына шыға бастағанда түрі шаршаңқы көрінгенімен, бұл оның көз жұмғаны туралы долбардың бәрі негізсіз екенін айғақтады. Қазақстанның бірінші президенті жұрт көзінен таса кеткенде оның мәлімдемелерін елге Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай жеткізіп жүрді.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Сәуірдің 4-іне Үкібай Әблязовтың сөзін жоққа шығарып, Назарбаевтың дін аман екенін хабарлады. Карантин кезінде Назарбаевтың кабинетіне кіруге шектеу қойылғанын, бірақ мүмкіндік болған жағдайда бірінші президент телеарнаға қайта шығады деді Үкібай.

Оның сөзінше, Назарбаев қызметін бұрынғыдай атқарып отыр және жақында елдің барлық облыстарының әкімдерімен сөйлескен, соның ішінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталовпен әңгімесінде ол биыл бұл өңірде қант қызылшасының көлемін арттыру туралы ақылдасқан.

Демек, осы ақпаратқа сенсек, Назарбаев шенеуніктермен байланыс жасап отыр. Алайда Қауіпсіздік кеңесінің Қазақстандағы жағдайды талқылау үшін екі айдан бері отырыс өткізбегені біртүрлі көрінеді.

ЭКОНОМИКАДАҒЫ ҚИЫНДЫҚТАР

Наурыздың 8-іне өткен ОПЕК+ саммитінде Сауд Арабиясы мен Ресей келісімге келе алмады, соның кесірінен әлемде мұнай күрт арзандады. Ал Қазақстанда коронавирус індеті алғаш рет наурыздың 13-і күні тіркелді.

Соған қарамастан, Қауіпсіздік кеңесі биыл ақпанның 11-інен бері отырыс өткізбеген. Ақпандағы жиында Қазақстанның оңтүстігіндегі этносаралық қақтығыс талқыланған.

Сол кезде Назарбаев коронавирус Қытай мен Қазақстанның экономикасына жағымсыз әсер етуі мүмкін екенін ескерткен.

– Қол қусырып отыруға болмайды... Мұндай жағдайда біз қарсы шараларды дайындауымыз керек, соның ішінде сыртқы фактордың ұлттық экономикаға кері әсер етпеуіне күш салуымыз қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесі отырысында.

Вирус жұқтырған алғашқы науқастар тіркелген тұста Қазақстан үкіметінің арнайы жоспары болды. Экономиканы қолдап, уақытша жұмысынан айырылғандарға көмектесу үшін ақша бөлінді, себебі елдің ірі қалалары бірінен соң бірі карантинге жабылды.

Бірақ ақпанның 11-і күнгі отырысқа қатысқан Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері ол кезде дүниежүзіне тараған пандемияның қарқыны қандай боларын білген жоқ, олар мұнайдың арзандауы ғана емес, жалпы өндіріс көлемінің азаюы Қазақстанда табыстың мұнша күрт төмендеуіне әсер ететінін болжаған жоқ.

Полицияның тексеруін күтіп тұрған жүргізушілердің бірі. Алматы, 30 наурыз 2020 жыл.
Полицияның тексеруін күтіп тұрған жүргізушілердің бірі. Алматы, 30 наурыз 2020 жыл.

Осындай ешкім күтпеген жағдайлар болғанына қарамастан, Қауіпсіздік кеңесі тіпті видеоконференция форматында да кездесу өткізбеді.

Кеңестің президент Қасым-Жомарт Тоқаев, премьер-министр Асқар Мамин сияқты мүшелері қоғаммен ақпарат құралдары арқылы қарым-қатынас жасап, Назарбаевпен байланыста отырғанын айтумен келеді.

Кеңестің және бір мүшесі – сенат спикері әрі экс-президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева ақпарат құралдарымен өз өкілі арқылы байланысып отырды. Ол Ұлыбританиядағы 100 миллион доллар тұратын үйлері мен пәтерін ұлы екеуі заңсыз жолмен келген ақшаға сатып алған деген ақпаратты жоққа шығарды.

ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ

2018 жылы Қазақстан Конституциясына Қауіпсіздік кеңесінің өкілетін кеңейтетін әрі Нұрсұлтан Назарбаевқа оның өмір бойы басқаруға құқық беретін өзгеріс енгізілген.

Кеңес "ішкі саяси тұрақтылықты сақтап, Қазақстанның конституциялық құрылысын, мемлекет тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын және халықаралық аренада елдің ұлттық мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты жүргізуді үйлестіретін" орган ретінде конституциялық мәртебе алған.

Сонымен бірге, "Қауіпсіздік кеңесінің әрі оның жедел отырыстары шешімдерін орындау міндетті, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік органдар, ұйымдар мен лауазымды қызметкерлер оны бұлжытпай орындауға тиіс" екендігі де айтылған.

Ел тарихындағы ең бір ауыр кезеңінде Қауіпсіздік кеңесінің сол мүдделерді қорғаумен қатты басы қатып жатса керек. Алайда, оны байқап отырған халық жоқ, сондықтан олар "елбасынан" қашан бірдеңе есітеміз деп күтіп отырған сыңайлы.

Блог авторының пікірі Азаттық радиосы редакциясының көзқарасымен сай келмеуі мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG