Accessibility links

"Түрмеден босатылсын". Сот Мұхтар Жәкішевтің өтінішін қанағаттандырды


Жәкішевтің қамаудан шығатынын естігендердің көңілі босады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:37 0:00

Қазақстандық құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп атайтын Мұхтар Жәкішевтің шартты жазамен мерзімінен ерте қамаудан босатуды сұрап жазған үшінші өтінішін сот қанағаттандырды. Прокурор он жылдан астам уақыт бойы түрмеде отырған тұтқынды босатуға қарсы болды.

"МЕРЗІМІНЕН ЕРТЕ ШАРТТЫ ЖАЗАМЕН БОСАТЫЛСЫН"

Наурыздың 3-і күні Семей қалалық №2 соты жергілікті ОВ-156/14 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан 56 жастағы Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен ерте қамаудан босату туралы үшінші өтінішін қанағаттандырды. Бұл туралы сот залынан Азаттық тілшісі хабарлады.

Судья Жанат Әбенова жария еткен шешімге сәйкес, Мұхтар Жәкішев "пробациялық бақылауға алынып, жаза мерзімі толық аяқталмайынша Қазақстан аумағынан шығарылмайды". Бұған қоса Жәкішев бұған дейін Нұр-Сұлтанның Сарыарқа аудандық соты оның мойнына ілген 99,6 милииард теңге шығынды өтеуі тиіс.

"Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы жетекшісі Мұхтар Жәкішев сот сұрағына жауап беріп тұр. Семей, 24 шілде 2019 жыл.
"Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы жетекшісі Мұхтар Жәкішев сот сұрағына жауап беріп тұр. Семей, 24 шілде 2019 жыл.

Судья сот шешімі жарияланған сәттен бастап 15 тәуліктің ішінде ол жөнінде Шығыс Қазақстан облыстық сотына өтініш, шағым беруге болатынын хабарлады.

"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы, қазақстандық құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" санатына қосқан Мұхтар Жәкішев кезекті өтініші қаралған сот отырысына бұл жолы да видеобайланыс арқылы қатысты. Сот залында оның адвокаты Нұрлан Бейсекеев, прокуратура өкілдері және Қазақстанның әр аймағынан Жәкішевті қолдауға барған қоғам белсенділері, журналистер мен блогерлер болды.

Жәкішевтің жақтастары сот шешімін естіген сәтте қуаныштарын жасыра алмай айғайлап, сот өкілдері оларды тыныштық сақтауға шақырды. Жәкішевті қолдау үшін Семейге Алматы, Нұр-Сұлтан, Өскемен, Қарағанды, Шымкент, Арыс пен Петропавлдан келген ондаған белсенді "Мұхтар Жәкішевке бостандық берілсін", "Шындық - дерт емес, оған қарсы екпе жоқ" деген жазуы бар плакаттар ұстап тұрды. Өткен жылы шілденің 24-і күні мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қараған сот отырысы кезінде Жәкішев "Шындық дерт емес, оған қарсы екпе жоқ һәм ол жұқпалы да емес. Шындық әрқайсымыздың ішімізде жатыр" деген еді.

Мұхтар Жәкішевтің Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысында қамауда отырғанда түскен суреті. Астана (қазір - Нұр-Сұлтан), 18 шілде 2009 жыл.
Мұхтар Жәкішевтің Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысында қамауда отырғанда түскен суреті. Астана (қазір - Нұр-Сұлтан), 18 шілде 2009 жыл.

Видеобайланыс арқылы сөйлеген сөзінде Мұхтар Жәкішев сот - қоғамның маңызды бөлігі деп санайтынын айтты.

- Қоғам сотқа заңға негізделген, қоғамның үмітін ақтайтын шешім шығарады деген сеніммен міндет артады. Жоғарғы соттың қаулысында егер жаза өтеушінің денсаулығына, мүгедектігіне байланысты жұмыс істеуге мүмкіндігі болмаса, оған қарсы талап арыз ол адамның мерзімінен бұрын шартты жазамен қамаудан босатуды сұрап берген өтінішін қанағаттандырудан бас тартуға негіз бола алмайды деп жазылған. [Түзеу мекемесі] маған үшінші дәрежелі, яғни ең жоғарғы мінездеме берген. Бүгін осында мені қолдауға көп адам келгенін көріп тұрмын, бұл шешімнің моральдық-этикалық жағына осының өзі жеткілікті жауап болады деп ойлаймын, - деді Жәкішев.

Ал прокурор судьядан "сот шешімімен төлеу міндеттелген миллиардтаған шығынды әлі күнге өтемеген" Жәкішевтің өтінішін қанағаттандырмауын сұрады. Бұған қоса прокурор Жәкішевтің қорғаушылары ұсынған медициналық қорытындыда көрсетілген "дерт түрі жазасын өтеп жатқандарды қамаудан босатуға негіз болатын аурулар тізіміне енбейтінін" алға тартты.

Семей сотының бұл шешімі үйінен полиция ұстап әкеткен күннің ертесіне Нұр-Сұлтанның тергеу абақтысында жұмбақ жағдайда көз жұмған азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің қазасынан соң Қазақстанда қоғам белсенділерінің қарсылығы күшейген тұста жарияланды. Жәкішевтің кезекті өтініші қаралған бұл жолғы сотқа мемлекеттік телеарналардың журналистері де қатысты.

Азаматтық белсенді Дулат Ағаділ Нұр-Сұлтандағы тергеу абақтысында жұмбақ жағдайда қаза болғаннан кейін Алматы полиция департаменті алдына наразылық білдіріп жиналған адамдардың бірі "Мұхтар Жәкішев босатылсын!" деген плакат ұстап тұр. 25 ақпан 2020 жыл.
Азаматтық белсенді Дулат Ағаділ Нұр-Сұлтандағы тергеу абақтысында жұмбақ жағдайда қаза болғаннан кейін Алматы полиция департаменті алдына наразылық білдіріп жиналған адамдардың бірі "Мұхтар Жәкішев босатылсын!" деген плакат ұстап тұр. 25 ақпан 2020 жыл.

Өткен аптада жергілікті Informburo жаңалықтар сайтына берген сұхбатында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұтқын Жәкішевтің мерзімінен ерте бостандыққа шығаруды сұраған кезекті өтініші жайлы сұраққа жауабында сот шешімі "әділ болатындығына сенімдімін" деп мәлімдеген.

Наурыздың 3-і күні Шымкентте бір топ белсенді Мұхтар Жәкішевті мерзімінен ерте түрмеден босату туралы Семей сотының шығарған шешімін құптап, биліктен елдегі барлық саяси тұтқындарды босатуды талап етті.

Мұхтар Жәкішевті түрмеден босату туралы сот шешімін құптаған шымкенттік белсенділер биліктен елдегі барлық саяси тұтқындарды босатуды талап етті. Шымкент, 3 наурыз 2020 жыл.
Мұхтар Жәкішевті түрмеден босату туралы сот шешімін құптаған шымкенттік белсенділер биліктен елдегі барлық саяси тұтқындарды босатуды талап етті. Шымкент, 3 наурыз 2020 жыл.

ТҰТҚЫННЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ

Сейсенбі күні сот отырысында сөйлеген адвокат Нұрлан Бейсекеев түрмеде отырған кезде үшінші топ мүгедектігін алған Жәкішевтің денсаулығы нашарлағанын, әлсін-әлсін есінен танып қалатынын, оған қажетті дәрігерлік көмек жасалмағанын, бұған дейін БҰҰ-ның адам құқықтары комитеті де Жәкішевке дәрігерлік жәрдем көрсетілуі қажет деп атап көрсеткенін айтты.

Адвокат 2009 жылы мамырда қамауға алынған Жәкішевтің содан бері бес жыл бір ай төрт күнді камера типтес жабық түрмеде - Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі қылмыстық атқару жүйесі комитетінің тергеу абақтыларында өткізгенін де атап өтті.

Мұхтар Жәкішевтің "ҰҚК тергеуінде айтқаны" туралы YouTube сайтында жарияланған видеодан скриншот. 5 қараша 2009 жыл.
Мұхтар Жәкішевтің "ҰҚК тергеуінде айтқаны" туралы YouTube сайтында жарияланған видеодан скриншот. 5 қараша 2009 жыл.

Жәкішевтің түрмеде денсаулығы күрт нашарлап, өміріне қауіп төніп тұрғаны жайлы бұған дейін құқық қорғаушылар бірнеше мәрте мәлімдеген. Өткен айда "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық ұйымының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Азаттыққа түрмеде Мұхтар Жәкішевке катаракта (көз ауруы) диагнозы қойылғанын, оның денсаулығы күн өткен сайын нашарлап бара жатқанын хабарлаған болатын.

Жәкішев жазасын өтеп жатқан Семейдегі ОВ-156/14 түзеу мекемесінің арнайы бөлімінің жетекшісі Индира Думанбекқызы "Жәкішевке қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатқанын" айтқан еді.

АЛДЫҢҒЫ СОТ ШЕШІМДЕРІ

2009 жылы "сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады" деп айыппен 14 жылға сотталған Мұхтар Жәкішевтің бұған дейін мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шығаруды сұрап 2019 жылы шілдеде, оған дейін 2018 жылы қарашада берген екі өтінішін де Семей қалалық №2 соты қанағаттандырудан бас тартқан.

Сот "Жәкішев мемлекетке келтірген 99,6 миллиард теңге (қазіргі валюта бағамымен 258 миллион доллар) шығынды өтемеген" деген уәж айтқан.​ Апелляциялық сот ол екі шешімді күшінде қалдырды.

Мұхтар Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеев.
Мұхтар Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеев.

Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеев түрмеде үшінші топ мүгедектігін алған тұтқынның жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ екенін, 99,6 миллиард теңге шығынды өндіру туралы сот шешімі Жоғарғы сот қаулысына қайшы деп мәлімдеген. Адвокат Бейсекеев Жәкішевтің үстінен қозғалған екі қылмыстық іс (алғашқысы - 2009 жылы, екіншісі 2012 жылы) бойынша өткен сот үкімдеріне сәйкес, одан өндірілуі тиіс 1 миллион 800 мың теңгені Жәкішевтің туыстары толық төлегенін айтқан.

Оқи отырыңыз: Мұхтар Жәкішевтің ісі жайлы 15 дерек

2010 жылы наурыздың 13-і күні Астананың (қазір - Нұр-Сұлтан қаласы) Сарыарқа аудандық соты Мұхтар Жәкішевті "Венада (Австрия) "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының заңсыз өкілдігін ашу арқылы пайда тапты, астыртын касса ұстады, күзетшісіне қосымша еңбекақы төлеп келген" деген айыппен 14 жылға, күзетшісі Талғат Қыстаубаевты - 5 жылға бостандығынан айырды.

2012 жылы маусым айында астаналық Сарыарқа ауданының соты Мұхтар Жәкішевтің үстінен қозғалған тағы бір іс бойынша үкім шығарды.

Бұл жолы оған "ірі көлемдегі алаяқтық" (Қылмыстық кодекстің 177-бабы) және "өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлкін иемденіп, шығындау" (176-бап), "заңдастыру" (193-бап), "қылмыстық топ құру" (235-бап), "қызметтік өкілетін асыра пайдалану" (307-бап) баптары бойынша айыптар тағылып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі. Бұл жаза бұрынғы 14 жылдық жазамен біріктірілді. Екінші қылмыстық іс бойынша сот отырыстарына Мұхтар Жәкішев пен оның өзі жалдаған адвокаттары қатыспады.

Түрмеде отырған кезде үшінші топ мүгедектігін алған Мұхтар Жәкішев өзіне тағылған айыптармен келіспейді. Жақтастары мен құқық қорғаушылар Жәкішевке тағылған айыптың саяси астары бар деп санайды.

2018 жылы ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті тұтқын Мұхтар Жәкішевке хәл үстінде жатқан анасы – Раиса Жәкішевамен кездесуге, кейін анасы қайтыс болғанда жерлеуге қатысуына рұқсат бермеді.

"САЯСИ ТҰТҚЫН БОСАТЫЛСЫН!"

Мұхтар Жәкішев түрмеге қамалғанға дейін ешқашан саяси қызметпен айналыспаса да, 2013 жылы қазақстандық құқық қорғаушы ұйымдар оны "Қазақстандағы саяси тұтқындар" тізіміне қосқан.

Биліктен Мұхтар Жәкішевті босатуды талап еткен наразылық акциясы. Алматы, 10 қыркүйек 2019 жыл.
Биліктен Мұхтар Жәкішевті босатуды талап еткен наразылық акциясы. Алматы, 10 қыркүйек 2019 жыл.

Кей құқық қорғаушылардың пікірінше, Жәкішев өзінің досы, 2009 жылдың ақпан айынан бері шетелде тұратын қуғындағы бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовпен араласқаны үшін қысымға ұшыраған. Қазақстан билігі елде "саяси тұтқын жоқ" деп мәлімдеп келеді.

Былтырдан бері Қазақстанның бірнеше аймағында Мұхтар Жәкішевті қолдау акциялары өтті. Оған қатысушылар биліктен Жәкішев пен "саяси тұтқындар" тізіміндегі өзге азаматтарды дереу босатуды талап етті.

Бірқатар халықаралық ұйымдар ресми Нұр-Сұлтанды Мұхтар Жәкішевті түрмеден босатуға бірнеше рет шақырған.

Өткен жылы күзде Жәкішевтің апелляция шағымы қаралар алдында Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігінен Жәкішевті дереу босатуды сұрап, мәлімдеме жасады. 2018 жылы наурызда Хельсинки комитеті мен "Орталық Азиядағы адам құқығы" қауымдастығы сол кездегі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жазып, "науқас саяси тұтқын" Мұхтар Жәкішевке "адамшылық көрсетіп" босатуын сұраған.

2015 жылы Жәкішевтің шағымын қараған БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитеті оның құқығы бұзылғанын растап, Қазақстан билігін тұтқынды босатуға шақырған.

Қазақстан бұл өтініштердің ешбіріне реакция білдірмеген еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG