Accessibility links

"Азаматтық қоғамға қарсы соғыс". Қамаудан шыққан белсенділердің заман мен өзі жайлы пікірі


"Oyan, Qazaqstan" қозғалысы белсенділері Республика алаңында тұр. Алматы, 16 желтоқсан, 2021 жыл. Сол күні полиция оларды қоршап, бірнеше сағат бойы жібермей қойды.
"Oyan, Qazaqstan" қозғалысы белсенділері Республика алаңында тұр. Алматы, 16 желтоқсан, 2021 жыл. Сол күні полиция оларды қоршап, бірнеше сағат бойы жібермей қойды.

"Oyan, Qazaqstan" азаматтық қозғалысының екі белсендісі 2024 жылды абақтыда қарсы алды. Тағы төртеуі "рұқсат етілмеген акцияларға қатысты" деген айыппен қаңтардың басында әкімшілік қамауға алынды. Белсенділер бостандыққа шыққаннан кейін Азаттық олармен сөйлесіп, қозғалыс құрылғалы бері өткен бес жылда ұйым құрамында және елде не өзгергенін сұрады.

Қазақстанда Жастар жылы деп жарияланған 2019 жылы ел президенті қызметінен мерзімінен бұрын кетерінде Нұрсұлтан Назарбаев билікке саясаткерлердің жас буыны келеді деп уәде еткен-ді.

Арада бес жыл өтті. Мемлекетті қазір 70 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаев басқарып отыр. Оған билік тізгінін Назарбаевтың өзі ұстатып кеткен.

Назарбаев отставкаға кеткен 2019 жылғы саяси кеңістік тың серпіліспен, "билік транзитінен" кейін елдің өңірлеріне дейін жайылған жаппай бейбіт шерулермен және жаңадан азаматтық бірлестіктер пайда болғанымен есте қалса, қазір ол кездегідей ала-құла емес.

Саяси партияға айналуды мұрат тұтқан бірнеше топ басшысыз қалды: олардың лидерлері түрлі қылмыстық айыппен сотталып, саясаттан шеттетілді. Сот ондаған азаматтық белсендіге қоғамдық қызметпен айналысуға, тіпті әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салды. Олар сот үкімінің саяси астары бар деп есептейді.

БЕЙБІТ МИТИНГ, КЕТТЛИНГ ПЕН ТҰТҚЫНДАУ

"Oyan, Qazaqstan" қозғалысы – саяси алаңда өз орнын сақтап қалғандардың бірі. Қозғалыстың пайда болуына 2019 жылы белсенді жастар Бейбарыс Толымбеков пен Әсия Төлесова Алматыдағы марафон жарысы кезінде "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар плакат ілгені үшін 15 күнге әкімшілік қамауға алынуы түрткі болды. Белсенділер президент сайлауын шынайы және әділ өткізуге үндегісі келгенін мәлімдеген болатын (көпшілік болжағандай, сайлаудың ресми қорытындысы бойынша Тоқаев жеңіске жетті, Батыс бақылаушылары болса "дауыс беру барысында көпе-көрнеу қараулық жасалды" деді). Полиция белсенділерді "спорттық іс-шараны өткізуге кедергі келтіріп", рұқсат етілмеген акция өткізді деп айыптады.

Екі белсенді тұтқындалғаннан кейін елдегі әлеуметтік теңсіздікке, жең ұшынан жалғасқан сыбайластыққа, авторитаризмге наразы жастар "Oyan, Qazaqstan" қозғалысын құратынын жариялады. Олар билік пен халық арасында орнаған "алынбас қамалды" еңсеру үшін елге демократиялық институттар мен әділетті экономикалық саясат керек деп мәлімдеді.

"Біз елімізді сүйеміз, білімдіміз, өмірімізді жақсартуға әлеуетіміз де, күш-қуатымыз да жетеді. Билік Конституцияны елемей, адамның құқы мен бостандығы тапталып, саясаттың орнын жемқорлық пен жалғандық басқан қазіргі таңда біз ел болашағы үшін жауапкершілікті мойнымызға алуға дайынбыз, – "Oyan, Qazaqstan" қозғалысы 2019 жылдың маусымында жария еткен декларацияда осылай деп жазылған.

Бастапқы кезде Қазақстан билігі қозғалысқа төзімділікпен қарайтындай сыңай танытты. 2019 жылғы 30 тамыз – Конституция күні суперпрезиденттік басқару жүйесінен парламенттік республикаға ауысуды талап еткен "Oyan, Qazaqstan" қозғалысының ондаған белсендісі "Авторитаризмге қарсымыз", "Конституцияға реформа керек" деген жазуы бар плакаттар ұстап, Алматыда шеруге шықты. Оларды жай киім киген адамдар сырттай бақылағанымен, ешкімді ұстаған жоқ.

"Oyan, Qazaqstan" қозғалысының белсенділері Конституция күні өткізген шеруден кейін. Алматы, 30 тамыз, 2019 жыл
"Oyan, Qazaqstan" қозғалысының белсенділері Конституция күні өткізген шеруден кейін. Алматы, 30 тамыз, 2019 жыл

Ал сол жылы желтоқсанда Тәуелсіздік күніне орай, 1986 жылғы Желтоқсан мен 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғалары құрбандарының рухына тағзым ету үшін Алматыда алаңға шыққан "Oyan, Qazaqstan" белсенділерін полиция әкетті. Шеруден кейін бірнеше белсендіні полицияға жеткізіп, бірнеше сағат ұстағаннан кейін ешқандай айып тақпастан қоя берді.

Бір жылдан кейін дәл сол алаңда "ояндықтарды" полиция арнайы жасағы "кеттлинг" әдісімен қоршауға алды. Полицейлер оларды үш сағат тар қоршаудан шығармай қойды. 2021 жылдың қаңтарында парламент сайлауы өткен кезде белсенділерді дәл сол жерде әлгіндей қоршаудың ішінде сегіз сағатқа жуық жібермей ұстап тұрды. Құқық қорғаушылар билік олардың бостандығын заңсыз шектеді деді, белсенділер полицейлерді жауапқа тартуға талпынғанымен, одан нәтиже шықпады: сот күштік құрылым өкілдерінің іс-әрекетінде заң бұзу болған жоқ деген шешім шығарды.

Арада тағы бір жыл өткенде елдің жаңа тарихындағы ең ірі қантөгіс болды. Бейбіт шеруден басталып, бірнеше қалада тәртіпсіздікке ұласқан Қаңтар оқиғасында кемінде 238 адам қаза тапты. Одан кейін құқық қорғаушылар "қылбұрау салу" деп атаған процесс басталды.

"Oyan, Qazaqstan" белсенділерінің 2023 жылғы 16 желтоқсанда Желтоқсан мен Жаңаөзеннің ғана емес, Қаңтар оқиғасының да құрбандарын еске алуға арналған қаралы акциясының соңы әкімшілік қамаумен аяқталды. Акцияға қатысқандармен қоса олардың жақтастары да қамауға алынды.

Билік өкілі Тәуелсіздік ескерткіші алдына акцияға шыққан "Oyan, Qazaqstan" белсенділері Әсем Жәпішева, Бота Шәріпжан мен Равкат Мұхтаровқа "митинг өткізу тәртібін бұзғанын" ескертіп тұр. Алматы, 16 желтоқсан, 2023 жыл
Билік өкілі Тәуелсіздік ескерткіші алдына акцияға шыққан "Oyan, Qazaqstan" белсенділері Әсем Жәпішева, Бота Шәріпжан мен Равкат Мұхтаровқа "митинг өткізу тәртібін бұзғанын" ескертіп тұр. Алматы, 16 желтоқсан, 2023 жыл

Билік Әсем Жәпішева, Жанел Шахан, Бота Шәріпжан мен Равкат Мұхтаровтың іс-әрекетіне бірден реакция танытқан жоқ. Шәріпжан мен Мұхтаров Жаңа жыл мерекесі қарсаңында 15 күнге абақтыға жабылса, 2024 жылғы 3 қаңтарда Шахан дәл сондай мерзімге қамауға алынды. Жәпішева шетелде жүрген.

Жанел Шахан қамауға алынған күні қозғалыстың тағы үш жақтасы – Ақмарал Жәкібаева, Айсұлтан Құдайберген мен Темірлан Еңсебек Алматыдағы Республика алаңына жалғыз адам пикетіне шықты. Жәкібаева Конституциядан үзінді жазылған плакатты, Құдайберген қамауда отырған "Oyan, Qazaqstan" белсенділерінің фотосуреттерін, ал Еңсебек "Менің достарымнан аулақ жүр" деген жазуы бар плакат ұстап шықты. Билік бұлталаққа салмай бірден жетіп келді де, белсенділердің әрқайсысын 15 күнге қамап тастады.

ҚҰРБАНДАРДЫ ЕСКЕ АЛУ

32 жастағы суретші, "Oyan, Qazaqstan" белсендісі Жанел Шахан – Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі. Болып жатқан оқиғаларды суретпен баяндағанды жақсы көреді.

– Қазіргі Қазақстанның ақпараттық кеңістігінің ортасында, шынайы өмірді көре жүріп, әйел ретінде өзімді қауіпсіз жағдайдамын деп сезіне алмаймын, болашағым жайлы, қалай қорғанамын деп жиі ойланам. Негізінен түрлі заттар мен денелер, фемоптика, әйелдер тақырыбында сурет саламын, бірақ мен үшін бұл басқа еш жерде шығара алмайтын рефлексия, – деп түсіндірді суретші.

Жанел өзін жанжақты суретші санайды, оның шығармашылығы тек сурет салумен шектелмейді. Ол түрлі шаралар – перформанстар, интервенциялар өткізген.

"Oyan, Qazaqstan" қозғалысының белсенділері Қаңтар оқиғасы құрбандарына арналған "Тағзым" мемориалына келіп тұр. Жазу жапсырып жатқан – Жанел Шахан. Алматы, 16 желтоқсан, 2023 жыл
"Oyan, Qazaqstan" қозғалысының белсенділері Қаңтар оқиғасы құрбандарына арналған "Тағзым" мемориалына келіп тұр. Жазу жапсырып жатқан – Жанел Шахан. Алматы, 16 желтоқсан, 2023 жыл

Жанелдің белсендіге айналуына 2016 жылы үкіметтің жер реформасына қарсы митинг түрткі болған. Ол кезде наразылыққа шықпаса да, оқиғаларды мұқият бақылап жүргенін айтады.

– Жер митингісі кезінде белсенділік танытқан төрт адам түрмеге қамалғаннан кейін өзгере бастадым. Шын мәнінде, оларды еш жазықсыз қамады. Ол адамдарға ешкім көмектескен жоқ, осылайша өте аянышты аяқталғанын көріп қатты көңілім қалды, – дейді Жанел.

2019 жылы Жанел Шахан "Шындықтан қашып құтылмайсың" науқанына қатысушылардың сотына қатысып, Instagram-да тікелей эфир жүргізді, ақпараттық қолдау көрсетті. Тұтқындалған Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбеков оның достары еді.

Бес жыл өткен соң 2024 жылдың қаңтарында Жанелдің өзі де "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айыппен қамалды.

– Маған 16 желтоқсанда алаңға шығып, құрбан болғандардың бәрін еске алу маңызды. Өйткені осы күнге дейін болған оқиғалар үшін билігіміз кінәлі болса да, ешкім жауап берген жоқ. Сол себепті мен билік "мереке" деп атайтын дәл осы күні алаңға шығып, олардың есіне салғым келеді. Республика алаңында Тәуелсіздік монументі, Желтоқсан оқиғасына, Қаңтар оқиғасына арналған монументтер тұр. Оның бірі – билік салған "Тағзым" деген жиіркенішті монумент. Басқа қайда шығуға болады? Олардың бізге "рұқсат алыңдар да, рұқсат берген жерге ғана шығыңдар" дегенімен келіспеймін. 16 желтоқсанда алаңға шығу – мен үшін маңызды. Оның "мереке" емес екенін естеріне салғым келеді, – дейді суретші қыз.

"ҚАМАЛАТЫН ШЫҒАРМЫН ДЕП ОЙЛАДЫМ"

Белсенді Бота Шәріпжан "Oyan, Qazaqstan" қозғалысына 2021 жылы қосылған. Шәріпжан белсенділікпен қоса dijital-маркетингпен де айналысады.

Бота Шәріпжан белсенділер қатарына қосылуын солай болуы тиіс табиғи нәрсе деп түсіндіреді. Саясат жиі талқыланатын отбасында өскен Ботаның ағасы, тәуелсіз журналист Асхат Шәріпжанов – 2000 жылдары көпшілікке танымал "Навигатор" интернет-газетінде жұмыс істеген. Ол тек саясат пен жемқорлық тақырыбына мақалалар жазатын. 2004 жылғы 16 шілдеде Алматының орталығында көшеде көлік қағып кеткенге дейін сол әдетінен жаңылған емес. Басынан қатты зақым алған Асхат төрт күннен кейін есін жимаған күйі ауруханада қайтыс болды. Әріптестері Асхатты көлік қаққан күні оның диктофоны қолды болғанын айтқан. Журналистің диктофонында сол кездегі оппозициялық саясаткерлер – ақпарат министрі болған Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Алматы қаласы мен облысының бұрынғы әкімі, бұрынғы министр Заманбек Нұрқаділовтен алған сұхбат жазылған болатын.

Бота Шәріпжанға 2011 жылы болған Жаңаөзен оқиғасы қатты әсер еткен. Мұнайшылардың бірнеше айға ұласқан ереуілі қантөгіспен аяқталып, 17 адам қаза тапты. Бота "ояндықтардың" 16 желтоқсанда 1986, 2011 және 2022 жылдары құрбан болғандардың рухына тағзым ету үшін дәстүрлі түрде алаңға жиналатынын айтты. Оның сөзінше, олар алаңға кім және немен шығатынын алдын-ала ақылдаспайды.

"Oyan, Qazaqstan" белсенділері Әсем Жәпішева (оң жақта) мен Бота Шәріпжан (сол жақта) Тәуелсіздік ескерткішінен "Тағзым" мемориалына бара жатыр. Алматы, 16 желтоқсан, 2023 жыл
"Oyan, Qazaqstan" белсенділері Әсем Жәпішева (оң жақта) мен Бота Шәріпжан (сол жақта) Тәуелсіздік ескерткішінен "Тағзым" мемориалына бара жатыр. Алматы, 16 желтоқсан, 2023 жыл

– Жалпы, қаза тапқандар рухына тағзым ету – көпшілікке жар салып айтпайтын дәстүрімізге айналған. Бұл өте орынды, ақылға сыйымды деп ойлаймын. Меніңше, 5 қаңтарда да солай болуға тиіс. Адамдарға өз пікірін еркін айтуға мүмкіндік берген жөн. Бірақ неге екенін, "Oyan, Qazaqstan" белсенділерін 16 желтоқсанда қатты қыспаққа алады. Былтыр 30 адамды полиция басқармаларына таратып тастады, онысы өте оғаш көрінді. Биыл да үйіміздің ауласына көлікпен келіп, бізді қорқытып-үркітпекші болды, – дейді Шәріпжан.

Бота 16 желтоқсанда акцияға шыққанында, егер билік белсенділерді наразылық шарасына дейін немесе акция кезінде ұстамаса, онда кейін әйтеуір бір қамайтынын білгенмін дейді.

– Сол жерде тұрғанымда-ақ егер дәл қазір полиция басқармасында 3 сағаттық "профилактикалық әңгіме" тыңдап отырмаған болсам, яғни енді мені 15 күнге қамайтын шығар деп ойладым. Расымен солай болды да. Равкат екеуміз соны сөз қып тұрғанбыз. Кейін Равкатқа "бізді қамайтын сияқты ғой" дегенімде, ол да "мен де сондай сезімде жүрмін" деді. Бір апта күттік, бізді шынында да қамауға алды, – дейді Шәріпжан.

"МАҢЫЗДЫ СӘТ"

Равкат Мұхтаровтың мамандығы – экономист, университет зертханасының ғылыми қызметкері. Равкат пен әріптестері ауаның ластануын зерттеумен айналысады. Ол "Oyan, Qazaqstan" жақтастарын 2019 жылдан бері білгенімен, қозғалыс қатарына Қаңтар оқиғасынан кейін қосылған. Сол кезден бастап пикетке шығып, 2022 жылдың ақпанында таза ауа үшін шеру ұйымдастырды. Сондай-ақ Алматы қаласы мәслихатының депутаттығына үміткер де болды.

– Қаңтар оқиғасында алаңға шықтым, кімнің және қай уақытта шығатынынан, қайда жиналатынынан және не істейтінінен бейхабармын. Жай ғана өз ұстанымымды білдірмек болып шықтым. Жалпы бұл әрекетімнен ештеңе шықпады. Сағат 15:30-да мені ұстап, полиция басқармасына алып кетті. Мен сонда ғана барып әйтеуір бір байланыс орнатып, бірге шығу үшін қыз-жігіттерге қосылу керектігін түсіндім, – дейді Равкат.

Равкат былтыр 16 желтоқсанда алаңға жиналып бара жатқанда-ақ тұтқындалатынын немесе қамалатынын сезгенін айтады. Алайда белсенді үшін бұл күннің маңызы зор. Равкат бала күнінен саясатқа бейім болған, отбасында саясат туралы үнемі сөз қозғалады екен. Мектеп бітірер жылы-ақ Мұхтаров Жаңаөзен оқиғасын бақылай бастапты.

– 2011 жылғы 16 желтоқсанда жарияланған материалды бақылап, жағамды ұстадым. Көзқарасым түбегейлі өзгерді деп те айта алмаймын, бірақ сол оқиғадан кейін жанымды қоярға жер таппадым, қалай ғана үн қатпассың... Әрмен қарай "бізде бәрі жақсы, Назарбаев – біздің көшбасшымыз" деп қалай өтірік көлгірсуге болады, білмеймін, – дейді ол.

Әкімшілік қамаудан босап шыққан "Oyan, Qazaqstan" белсенділерін қамау мекемесі алдында жақтастары қарсы алды. Алматы, 18 қаңтар, 2024 жыл
Әкімшілік қамаудан босап шыққан "Oyan, Qazaqstan" белсенділерін қамау мекемесі алдында жақтастары қарсы алды. Алматы, 18 қаңтар, 2024 жыл

Мұхтаров 16 желтоқсанда алаңға сол үшін шыққанын, бұл өзі үшін маңызды екенін айтады.

– 16 желтоқсан – тұлға ретінде мен үшін маңызды сәт. Қазақстанымның әлдебір билікті, қаржыны, лауазымды және тағы басқаларын сақтап қалу үшін өз адамдарын өлтіруден тайынбайтынын көрдім, сондықтан да мен үшін бұл күннің маңызы зор, – дей келе белсенді алаңға жиналып, өз пікірін білдіру, саяси дәстүрді сақтау да маңызды екенін айтады. – Кей адамдар бізге "қамалу үшін шығады" деп те кінә тағады. Бірақ шыққанымыз үшін қамауға алынатымыз маңызды. Мен шеруге шығу, пікірімді білдіру хақымды пайдаланғым келеді.

"АДАМ СЕНГІСІЗ ӘДІЛЕТСІЗДІКТІ СЕЗДІМ"

3 қаңтарда Ақмарал Жәкібаева мен Айсұлтан Құдайберген Республика алаңына шығып, жақтастарының қамауға алынғанына наразылық танытты. Жәкібаева Конституцияның 32-бабынан "Қазақстан Республикасының азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиналуға хақылы" деген үзінді жазылған плакат ұстап, ал Құдайберген Равкат Мұхтаровтың, Әсем Жәпішеваның, Бота Шәріпжан мен Жанел Шаханның 16 желтоқсанда дәл осы алаңда түскен фотосуреттерін ұстап шықты.

23 жастағы Ақмарал Жәкібаева жақында ғана Назарбаев университетін саясаттану мамандығы бойынша бітірген, ARTCOM қоғамдық бірлестігінде істейді. ARTCOM – қазіргі заманғы өнер мен қоғам арасында өзара байланыс орнататын платформа. Қазір Жәкібаева мен әріптестері Балқаш көлінің мәселелерін көтеріп жүр. Ол "Oyan, Qazaqstan" белсендісі ретінде таяуда, Равкат Мұхтаров пен Бота Шәріпжан қамауға алынғаннан кейін ғана таныла бастады.

Әкімшілік қамауға алынған "Oyan, Qazaqstan" белсенділерін қолдап пикетке шыққан Ақмарал Жәкібаева (сол жақта) мен Айсұлтан Құдайберген. Алматы, 3 қаңтар, 2024 жыл
Әкімшілік қамауға алынған "Oyan, Qazaqstan" белсенділерін қолдап пикетке шыққан Ақмарал Жәкібаева (сол жақта) мен Айсұлтан Құдайберген. Алматы, 3 қаңтар, 2024 жыл

Ақмарал қозғалыс жақтастарымен бірге Жанелді қолдау үшін Алматыдағы Бостандық аудандық полиция басқармасына барған. Дәл сол кезде ол белсенділердің қамалғанына наразылық білдіріп алаңға шығамын деп бірден ұйғарғанын айтады.

"Құрылыс инженериясы" мамандығы бойынша техникалық университетті тәмамдаған Айсұлтан Құдайберген де пикетке шығу туралы ой бірден келгенін айтады. Ол 22 жасқа толған туған күнін 10 қаңтарда қамауда отырып қарсы алды. Құдайберген "Oyan, Qazaqstan" қозғалысына жақында қосылған. Бірақ ол қозғалысты оқушы кезінен – 2019 жылдан бері бақылап жүргенін айтады.

Полиция Айсұлтан мен Ақмаралды қамауға алғаннан кейін "Oyan, Qazaqstan" жақтастарының бірі Темірлан Еңсебек алаңға шықты. Ол – Instagram әлеуметтік желісіндегі сатиралық QazNews24 парақшасының иесі. Жарияланымы үшін Темірланның үстінен "көрінеу жалған ақпарат таратқан" деген айыппен қылмыстық іс қозғалып, бір жарым жыл қудаланды. Ол іс 2022 жылдың қыркүйегінде ғана тоқтатылды. Айсұлтан жақтастарына қолдау білдірген наразылық акциясына "Менің достарымнан аулақ жүр!" деген жазуы бар плакат ұстап шыққан.

– Ақмарал мен Айсұлтанның қамауға алынғаны жайлы жаңалықты ести сала, дереу плакат жасап, таксимен алаңға жеттім. Тіпті нақты жоспарым да болған жоқ, ой тосыннан келді. Торыққанымнан шыққым келді, адам сенгісіз әділетсіздікті сездім, алаңға шығуға еш қорықпадым, – дейді Темірлан.

"Oyan, Qazaqstan" белсендісі Темірлан Еңсебек қамаудағы серіктеріне қолдау білдіріп пикетте тұр. Алматы, 3 қаңтар, 2024 жыл
"Oyan, Qazaqstan" белсендісі Темірлан Еңсебек қамаудағы серіктеріне қолдау білдіріп пикетте тұр. Алматы, 3 қаңтар, 2024 жыл

"ҮРЕЙ БЕЛГІСІ"

Белсенділер аз ғана уақытта алты адамның қамауға алынуы Қаңтар оқиғасынан кейін елдегі еркіндікті шектеудің жалпы тренді деп есептейді.

–Билік құлақ аспаған кез келген адам жазаланады деген принцип ұстанып отыр. Меніңше, бұл "Oyan, Qazaqstan" қозғалысына ғана емес, жалпы азаматтық қоғамға қарсы соғыс, "қанша адам шықса да, бәрін қамаймыз" деген белгі болды, – дейді Равкат Мұхтаров.

– Мен "Oyan, Qazaqstan" құрылған күннен бастап оған байыпты көзқарас танытты деп ойлаймын. Олар өздерінің әлсіз тұсын, қорқатынын көрсеткісі келмейді. Бар болғаны – сол. Бірақ мен үшін бұл – бізден қорқатынының белгісі. Егер олар бізді қамап, қыспаққа алмаса, қорқытпаса, бәлкім біз баяғыда-ақ тарап кетер ме едік, ал олардың іс-әрекеті бізді белсенді болуға итермелеп отыр, – деп пайымдайды Бота Шәріпжан.

– Бұрын әртүрлі жаза қолданатын, бірақ бәрін топырлатып темір торға тоғытуы алғаш рет. Шынымды айтсам, мен Қазақстанда жағдай жақсарудың орнына керісінше, нашарлап бара ма деп қорқамын, – дейді Темірлан Еңсебек.

Қазақстанда репрессияның күшеюіне құқық қорғаушылар "қылбұрау салу" деп баға берді. Астана саяси қудалауды жоққа шығарып отыр. Қаңтардың басында "Oyan, Qazaqstan" белсенділері қамауға алынған тұста президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік газетке берген сұхбатында "Біздің заңнамамызда азаматтарды саяси көзқарасы үшін қудалауға негіз болатын бірде-бір жарлық, бірде-бір заң, бірде-бір нормативтік құжат жоқ" деп мәлімдеген.

Равкат Мұхтаров белсенділердің қамауға алынуы "Oyan, Qazaqstan" қозғалыс ретінде болашақта не істейтіні жайлы ойлануға түрткі болғанын айтады. Егер бұрын белсенділер наразылық акциясына немесе шеруге шыққаннан кейін қамалатынынан бейхабар болса, қазір оның ықтималдығы арта түскен. Бұл орайды Азаттыққа сұхбат берген белсендінің бәрін қамауға алу олардың ұстаным-көзқарасы мен белсенділігіне еш әсер етпейтінін айтып өтті.

– Біз өткен бес жылдың ішінде қозғалысымыз үшін ешқашан қаржы сұрап, донат жинамағанымызды мақтан тұтамыз. Бізден полицейлер үнемі "Кім қаржыландырады?" деп сұрайды, біз посттың, плакаттың бәрін өзіміз жасаймыз, маркер мен қағазды да ешкім сатып әпермейді. Бес жыл ішінде "Oyan, Qazaqstan" азаматтық қоғамға ықпал ете алды деп ойлаймын. Бізге қолдау танытып, ниет білдіргендер көп. Иә, бұл адамдардың бәрі шеруге шықпауы да мүмкін, десе де олар репост жасап, пікір білдіреді. Бес жыл бұрынғымен салыстырғанда, көп айырмашылық байқалады, – дейді Бота Шәріпжан.

"Oyan, Qazaqstan" белсендісі Равкат Мұхтаров
"Oyan, Qazaqstan" белсендісі Равкат Мұхтаров

– Шынымды айтсам, мен бұрынғыдан бетер ашуланып отырмын. Биліктің диалог орнатуға дайын емес екенін де түсінемін. Өз басым осы шектеулерді жоюға әрекет еттім, бізде жиналғандарды жазалайтын заң барын біле тұра, наразылық акциясын ұйымдастырдым, шықтым. Мен қазір біз қалайда ойын ережесін өзгертуіміз керек деп ойлаймын, өйткені олар шынында біздің тынысымызды тарылтып барады, – дейді Мұхтаров.

Белсенділер қозғалыс өткен бес жыл ішінде жасалған түрлі қысымға қарамастан, қанатын кеңге жайып, дамып, өз мұратына жеткенін атап өтті.

– Бірте-бірте "Oyan, Qazaqstan" қозғалысының ішкі құрамы қатты өзгерді. Жаңадан адамдар қосылды. Ең бастысы, декларация мен мақсаты өзгерген жоқ. Біз демократиялық реформаны, парламенттік республиканы, сот жүйесі мен ІІМ реформалауды талап етеміз. 2019 жылғы талаптар әлі күшінде. Яғни бес жыл ішінде "Oyan, Qazaqstan" да, Қазақстан да өзгермеді, – дейді Темірлан Еңсебек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG