Accessibility links

Талғат Айтбайұлы: Билік Желтоқсанда зиялы қауымды қалай пайдаланса, Жаңаөзенде де солай пайдаланды


Қазақ ССР Компартиясы басшысы Дінмұхаммед Қонаевтың орнына Геннадий Колбиннің тағайындалуына қарсы болып, бейбіт митингіге шыққан жастар. Алматы, 17-18 желтоқсан 1986 жыл.
Қазақ ССР Компартиясы басшысы Дінмұхаммед Қонаевтың орнына Геннадий Колбиннің тағайындалуына қарсы болып, бейбіт митингіге шыққан жастар. Алматы, 17-18 желтоқсан 1986 жыл.

Қазақ жастарының 1986 жылғы желтоқсандағы совет билігіне қарсы наразылығы күшпен таратылды. Қазақ ССР коммунистік партиясының басшылығына Дінмұхаммед Қонаевтың орнына соған дейін Ресейдің Ульянов облысын басқарған Геннадий Колбиннің тағайындалуына қарсы болған жастар Алматыда және басқа қалаларда ұран көтеріп, бейбіт митингіге шыққан еді. Советтің үгіт-насихат құралдары наразылықты "совет жүйесіне жат пиғылдылар мен маскүнем-нашақорлардың басбұзарлығы" деп сипаттады. Қазақ жазушылары мен өнер адамдары жастарды жазғырып, үндеу жариялады. 1986 жылғы желтоқсанның 21-інде "Вечерняя Алма-Ата" газетінде жарияланған "Нам горько" ("Бізге өте ауыр") деген үндеуде: "Ұлтшыл пиғылдағы элементтердің айдап салуымен студент топтары қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, өрт қоюмен, қиратумен айналысты, ешқандай кінәсіз азаматтарды ұрып-соқты. Осының барлығы қазақтардың ұлттық намысы аяққа тапталды-мыс деген даурықпа ұрандармен ұштасып отырды" деп жазылған.

1987 жылдың жазында Мәскеудегі КПСС орталық комитеті "Қазақ ұлтшылдығын" айыптаған қаулы қабылдады. 1989 жылы маусымның бас кезінде ақын Мұхтар Шаханов СССР халық депутаттары съезінде "қазақ ұлтшылдығы" деген айыптауға қарсы сөз сөйледі. Мұхтар Шахановтың сөзін съезде отырған Қазақстан компартиясының сол кездегі бірінші хатшысы Геннадий Колбин, министрлер советінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, Атырау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асқар Құлыбаев, белгілі композитор Еркеғали Рахмадиевтер тыңдап отырды.

Азаттық Желтоқсан оқиғасын зерттеуші, "Алматы, 1986, Желтоқсан" деп аталатын көп томдық жинақтың биыл 16-томын шығарған публицист-жазушы, Желтоқсан оқиғасына өзі де қатысқан Талғат Айтбайұлынан қазақ зиялы қауымының осы үндеуі мен Мұхтар Шахановтың съезде сөйлеген сөзін қоғам қалай қабылдағанын сұрады. Талғат Айтбайұлы қазақ зиялы қауымы Желтоқсан оқиғасы кезінде де, 2011 жылғы Жаңаөзен, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы жөнінде де ұстанымын айта алмады деп есептейді.

Азаттық: Қазақ зиялыларының "Нам горько" дейтін үндеуі қоғамға қалай әсер етті?

Талғат Айтбайұлы.
Талғат Айтбайұлы.

Талғат Айтбайұлы: Бұл үндеу онсыз да іштей қан жұтып отырған қазақ қоғамына қатты тиді, жығылған үстіне жұдырық болды. Олардың сатқындығы, опасыздығы, намыссыздығы, қайратсыздығы қазақ халқына ауыр тиді. Оларды компартия пайдаланып отырғаны белгілі еді. Қандай да бір оқиға немесе бастама пайда бола қалса, зиялы қауымның атынан үндеу жариялау советтің дәстүрлі саясаты болатын. Ол дәстүр қазір де бар ғой. Кейін хат авторларының бірі, ақын Ғафу Қайырбеков "менің атымды хатқа сыртымнан жазып жіберген, өзім қол қойған жоқпын" деді. Актер Асанәлі Әшімов те солай деп айтты. "Алматыда емес едім, іссапарда едім" деді. Іссапарда жүрсе де телефон арқылы мән-жайды түсіндіріп, келісім алатын ол кезде. Қалай болғанда олар ондай сөзді араға уақыт салып, бірнеше жылдан соң ғана айтты.

Азаттық: Қол қоймаса дәл сол кезде неге айтпаған?

Талғат Айтбайұлы: Онысын білмеймін. Бәлкім сондай хатқа қол қойғанын дәреже көрген де шығар. Оның үстіне Желтоқсан көтерілісі туралы бастапқы кезде бір-біріне қарама-қайшы көзқарастар болды. Билік алаңға "маскүнем, нашақор, бұзақы адамдар, қазақтың оңбаған жастары" шықты деп қатты насихаттады. "Ұлтшылдық" деді, қазақтың орысқа қарсылығы, қысымы ретінде көрсетті. "Бірінші Алматыда орыс балабақшаларындағы балаларды қырып кетіпті, өртеп кетіпті" деген де ақпарат таратты. Ондай ақпаратты Алматы көшелерінде дауыс зорайтқыш арқылы мәшинемен жүріп те айтты. Осының бәрі шын мәнінде қандай оқиға болғанын білмейтін, көзімен көрмеген адамдарға қатты әсер етті. Бәлкім хатқа қол қойғандар соның әсеріне ұшыраған болар.

"Қол қойған жоқпын" деп айту үшін де жүрек керек, батылдық керек. Желтоқсан оқиғасын көзімен көрген драматург Қалтай Мұхамеджанов "шындықты айтуға артымыз шыдамады" деп кейін баспасөзге сұхбат беріп мойындады.

Қазір де содан көп өзгеріп кеткен жоқ қой. Билікке қарсы келу оңай емес. Биліктің ыңғайымен жүрсең кеудеңе медаль тағасың, билік ұстатқан материалдық игіліктің қызығын көресің. Хатқа қол қойғанда Асанәлі Әшімовтің жас кезі, Роза Бағланованың 60-қа толмаған шағы, болашағы алда дегендей. Роза Бағланова мен Ермек Серкебаев "менің қолым емес" деген жоқ. Ғафу Қайырбеков "хатқа қол қоймадым" дегенді 1990 жылдары айтты. Асанәлі Әшімов одан кейін айтты.

Азаттық: Желтоқсан оқиғасы кезінде зиялы қауым, ақын-жазушылар ішінде билікті сынағандар да болды емес пе?

Талғат Айтбайұлы: Әрине болды, бірақ өте аз еді. Шындықты ең бірінші желтоқсанның 24-і Ұлттық ғылым академиясында Мәскеуден келген орталық комитеттің өкілдерімен өткен жиында академик Салық Зиманов айтты. Ол "лениндік ұлт саясаты бұзылды" деп ашық айтты. 1986 жылы 31 желтоқсанда Жазушылар одағында өткен жиын да қазақ зиялы қауымының бет-бейнесін ашты. Қазір "Алматы, 1986 жыл. Желтоқсан" дейтін кітаптың 16-томын шығарып жатырмын. Сонда Қуандық Түменбаевтың Желтоқсан оқиғасы туралы мақаласы еніп жатыр. "Колбин Жазушылар одағына еңкейіп келіп, шалқайып шықты" деп жазады автор. "Жиынға Колбиннің түрі бұзылып келді. Ол қазақ халқының көңілін аулайтын сөз айтқанда залда отырған ақын-жазушылар дүркіретіп қол соқты. Қанша рет қол соққаны есімде жоқ, ақын-жазушылардың шапалағы Колбиннің кеудесіне нан пірісіп, Жазушылар одағынан шалқайып шықты" дейді Қуандық Түменбаев.

Азаттық: Сол жиында ақын, "Мен қазақпын" поэмасының авторы Жұбан Молдағалиев те сөйледі емес пе?

Талғат Айтбайұлы: Жұбан Молдағалиев Колбинмен кездесуге сөйлейтін сөзін жазып келді. "Ұлы Отан соғысына" қатысқанын айта келе, қазақ жастарын солдаттардың итпен қуып, сапер күрегімен ұрғанын, қазақ қыздарын шаштан сүйрегенін естіп жыладым, мұны көргенше соғыстан келмей-ақ қойғаным жақсы еді" деді. Әрине бұл сөз Колбинге ауыр тиді. Колбиннің сөзіне қол соғып отырғандар былай шыға Жұбан Молдағалиевке де риза болды. Жазушы Әлжаппар Әбішевтің Колбинге "сізді 25 жыл күттік" дегені де осы жиында айтылған. Әлжаппар Әбішевке Дінмұхамед Қонаев кезінде өз пәтерін беріп еді.

Желтоқсан оқиғасынан соң іле-шала орталық комитеттен Соломенцев (КПСС орталық комитеті саяси бюросының сол кездегі мүшесі Михаил Соломенцев – ред.) келді. Ол бұрын Қазақстан басшылығында істеген. "Мен Қазақстанда хатшы болып жүргенде Алматыда қазақтар 8-ақ пайыз еді, қазір 16 пайыз болыпты. Неге көбейіп кеткен?" деп саусақ безейді. Сонда журналист, жазушы Сейдахмет Бердіқұлов "Қазақ жастарын осындай жағдайға жеткізген – мына сіздің саусағыңыз, өйткені сіз жастармен шошайған саусақпен сөйлестіңіз" дейді. Бұлай батыл айтқан жазушы сирек болды. Қазір де некен-саяқ.

1987 жылғы 16 шілдеде "Социалистік Қазақстан" газеті КПСС Орталық комитетінің "Қазақ республикалық партия ұйымының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жөніндегі жұмысы туралы" қаулысын жариялаған.
1987 жылғы 16 шілдеде "Социалистік Қазақстан" газеті КПСС Орталық комитетінің "Қазақ республикалық партия ұйымының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жөніндегі жұмысы туралы" қаулысын жариялаған.

Азаттық: 1989 жылы маусым айында ақын Мұхтар Шаханов СССР халық депутаттарының съезінде сөйлеп, "қазақ ұлтшылдығы" туралы Совет одағы компартиясы орталық комитетінің қаулысын айыптады. Желтоқсан оқиғасын бағалауда осы бір жайт өте маңызды рөл атқарған сияқты.

Талғат Айтбайұлы: Сол кезде СССР жоғарғы советіне Қазақстаннан депутат болып сайланған 99 адам бар екен. Бүкіл қазақ халқын "ұлтшыл" деп айыптау дұрыс емес деген сөзді жоғары мінберден айтқызу үшін сол кездегі қоғам белсенділері депутат іздеді. Сонда Мұхтар Шаханов қана келісім бергені рас.

Бірақ мінберде сөйлеу үшін де 99 депутаттың үштен бірінің келісімін алу керек. Шаханов оларға да, СССР бас хатшысы Михаил Горбачевке де "Арал проблемасын айтамын" деп, келісім алған. Шаханов сөйлеген видеодан Геннадий Колбин, Нұрсұлтан Назарбаев, Атырау облыстық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Асқар Құлыбаев (Нұрсұлтан Назарбаевтың құдасы – ред.), композитор Еркеғали Рахмадиевтердің Шахановтың сөзін ұнатпай, тыжырынып, қорланып, намыстанып отырғанын көресіз. Бұл – тарихи кадр болып қалды. Шаханов сөзінің әсері күшті болды. Әлемге таралды. Бұл – бүкіл қазақ халқы күткен сөз еді. Балтық жағалауындағы және Кавказдағы республикаларда жұрт өз еліндегі осындай оқиғаларды ашық айтып жүрді. Ең ауыры да Қазақстанда болған еді, ол да ең соңынан айтылды.

Мұхтар Шаханов СССР халық депутаттары бірінші съезінде Қазақстандағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы мәлімдеме жасап тұр. (Видеодан скриншот).
Мұхтар Шаханов СССР халық депутаттары бірінші съезінде Қазақстандағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы мәлімдеме жасап тұр. (Видеодан скриншот).

Шахановтың сөзінен кейін Желтоқсан оқиғасын тексеретін мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия жұмысының негізінде КПСС орталық комиеті қазақ ұлтшылдығы туралы қаулысының күшін жойды. Бірақ Мәскеу айқайлап қабылдаған қаулысын 1989 жылы елеусіз ғана жоя салды.

Азаттық: 1986 жылғы Желтоқсан, 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғаларына байланысты зиялы қауым өкілдеріне өкпе-реніш жиі айтылатын сияқты. Не себептен?

Талғат Айтбайұлы: Қазақ ауыз әдебиетін қарап отырсаңыз, ақын, жырауларға халық өкілі ретінде қарайтынын көресіз. Бұл дәстүр болып қалыптасқан. Әлі күнге солай ойлаймыз. Халық ақын-жазушысын төбеге көтереді, құрметтейді. Бірақ соған орай жауапкершілік те күтеді. Билік те соны білгендіктен халыққа сөзін тыңдату үшін зиялы қауымды пайдаланып келді, әлі де пайдаланып отыр. Желтоқсан оқиғасы кезінде зиялы қауымды қалай пайдаланса, Жаңаөзен оқиғасы кезінде де солай пайдаланды. Мысалы, Әбіш Кекілбаев пен Фариза Оңғарсынова басқаны былай қойғанда Жаңаөзендегі өз жерлестеріне "ұятқа қалдырдыңдар" деген сарында телерадио эфирінен сөйледі. Басқа білмесе де Жаңаөзен мұнайшыларының жанайқайын солар білуі керек еді.

Алайда, Қаңтар оқиғасында билік зиялы қауымды көрінеу пайдалана алмады. Бірақ зиялы қауым Қаңтар оқиғасы жөнінде үнсіз қалды. Қаңтар оқиғасына мемлекеттік және қоғамдық комиссия құрып, Желтоқсандағыдай жан-жақты баға беру керек еді. Оған кейін комиссия құрайық деп белсенген жазушы болған жоқ. Мемлекеттік комиссия құру керек еді.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG