Accessibility links

«Қазақ ұлтшылдығы» жайлы қаулы қалай орындалды?


Брежнев атындағы алаңға шыққан қазақтың бойжеткенін милиция мен әскерилер ұстап әкетіп барады. Желтоқсан, 1986 жыл. Болатбек Төлепбергеннің «Біз білмейтін желтоқсан» кітабындағы сурет.
Брежнев атындағы алаңға шыққан қазақтың бойжеткенін милиция мен әскерилер ұстап әкетіп барады. Желтоқсан, 1986 жыл. Болатбек Төлепбергеннің «Біз білмейтін желтоқсан» кітабындағы сурет.

Отыз жыл бұрын, 1987 жылғы шілденің 16-сында КПСС Орталық комитеті «Қазақ республикалық партия ұйымының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жөніндегі жұмысы туралы» қаулы қабылдады. Көпшілік арасында «қазақ ұлтшылдығы туралы» деп аталған қаулының күші екі жылдан кейін жойылды. Сарапшылар сол жылдары демократиялық процестердің күшеюі атышулы қаулының науқаншылдыққа ұласуына мүмкіндік бермеді деп санайды.

МӘСКЕУ ШЫҒАРҒАН ҚАУЛЫ

Қазақстанда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына кейін басталған саяси қуғын-сүргін арада жеті ай өткенде Мәскеуде қабылданған «қазақ ұлтшылдығын» айыптайтын арнайы қаулыға ұласты. Қаулы шығардан бір ай бұрын, маусымның 16-сына Желтоқсан оқиғасына бойынша қылмыстық айыппен сотқа тартылғандардың бірі Қайрат Рысқұлбеков ату жазасына кесілген еді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Қайрат Рысқұлбековті ату жазасын кескеніне 30 жыл толды

КПСС Орталық комитеті қаулысында «Республика партия комитеттерінің жұмысындағы елеулі қателіктер мен ағаттықтар ұлтшылдық көріністерінің өсуіне апарып соқтырды, оларға дер кезінде тыйым салынбады, ол былай тұрсын, жасырылды немесе әншейін бұзақылық деп саналды. Тіпті 1979 жылы Целиноград қаласында орын алған ұлтшылдық бой көрсетулерге Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті өткір саяси баға бермеді. Өткен жылғы декабрьде болған тәртіпсіздіктер де қазақ ұлтшылдығының көрінісі болды» деп жазылды.

Советтік 15 республика ішінде неғұрлым көпұлтты республикаға айналған Қазақстан үшін бұл баға ауыр тигендей болды. Сол кездің куәгерлерінің естеліктеріне қарағанда, Желтоқсан оқиғасынан кейін ұлтшылдықты айыптау науқанын бастан кешіріп жатқан қоғам орталық комитеттің саяси бағасына қандай да бір ашық реакция білдіре алмаған.

ВИДЕО: Желтоқсанда түсірілген бейнетаспа қалай сақталды?

Желтоқсанда түсірілген бейнетаспа қалай сақталды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:54 0:00

Қаулыда республикадағы жағдайға айыпты ретінде Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаев аталып, «партиялық басшылықтың нормалары мен принциптерін өрескел бұзуы әсер етті» делінген.

Желтоқсан оқиғасы қарсаңында қызметінен босатылған Дінмұхаммед Қонаев, кей деректерге қарағанда, бұл кезде бейресми түрде «үйқамақта» отырған. Ал Желтоқсан оқиғасынан кейін қызметінде қалған республиканың өзге басшылары жаңадан келген бірінші хатшы Геннадий Колбиннің жетекшілігімен қаулыны жүзеге асыруға тырысқан.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Азаттық тапқан суреттер

«ӘСІРЕ БЕЛСЕНДІЛІК БОЛМАДЫ»

Азаттық тілшісімен сөйлескен сарапшылар Мәскеуде жарияланған қаулының күші совет өкіметінің осыған ұқсас бұрынғы қаулыларына қарағанда аздау болғанын айтады.

Желтоқсан оқиғасы

Желтоқсан оқиғасы

1986 жылы желтоқсанның 16-сы күні Қазақ ССР орталық комитеті басшылығынан Дінмұхаммед Қонаев алынып, орнына Геннадий Колбин тағайындалды. Бұған наразы студент және жұмысшы қазақ жастары желтоқсанның 17-сі күні Алматыдағы Брежнев алаңына (Республика алаңы) шықты. Түрлі деректерде алаңға ондаған мың жастардың шыққанын жазады. Наразылық шеруін совет билігі күшпен басып-жаныштады. 99 адам түрлі мерзімге сотталды, екі адам ату жазасына кесілді.

Тарихшы Бейбіт Қойшыбаев қаулыда тек қазақ ұлтшылдығы ғана аталып қоймай, жастарға интернационалдық тәрбие беру туралы да сөз болғанына назар аударады.

- «Өнеркәсіпте, әсіресе көмір және металлургия салаларында жұмысшылардың арасына қазақтардың үлес салмағы қысқарды. Кәсіптік-техникалық училищелер мен арнаулы оқу орындарына ұлты қазақ жастар аз түседі» деген жолдар бар еді. Осыны пайдаланып, «интернационалды тәрбие беру тек қазақ ұлтының есебінен болмауы керек» деген тұрғыда «Қазақ әдебиетіне» мақала жазғаным есімде, - дейді ол.

Тарихшының айтуынша, орталық комитет қаулы қабылдағаннан кейін оны жүзеге асыру жөнінде ресми орындарда жиындар өтіп, талқылаулар болғанымен, әсіре белсенділік байқалмаған.

- Негізгі қоғамдық айыптаулар оған дейін-ақ айтылған болатын. Бірақ, арнайы қаулымен қазақ халқын ұлтшыл ретінде көрсетуі намысқа тигендей болды, - дейді Бейбіт Қойшыбаев.

Тарихшы Қайдар Алдажұманов «әсіре белсенділік болмауының» себебін 1985 жылы КПСС орталық комитетінің бас хатшылығына сайланған Михаил Горбачевтің «Қайта құру, жариялылық» саясатынан соң күшейе бастаған демократиялық процестермен байланыстырады.

- Желтоқсан оқиғасынан кейін өзге ұлт өкілдері ұжымдарда қазақтарды айыптаған сәттер жиі болды. Бүкіл идеологиялық аппарат тарихшылардың, жазушылардың еңбектерінен қазақ ұлтшылдығын қоздыру элементтерін іздеді, - деп еске алады ол.

Қайдар Алдажұмановтың айтуынша, «интернационалдық тәрбие беру, ұлтшылдыққа жол бермеу ұрандарымен талқылаулар Желтоқсан оқиғасына соң іле-шала басталған. Осыған байланысты 1987 жылы қабылдаған бұл қаулы қатардағы ресми шара секілді қабылданған.

- Оны барлық мекемелерде талқылап, басшылыққа алған болды. Бірақ орындап жатырсыңдар ма деген мәселе көтерілген жоқ. Өйткені бұл кезде Баку мен Тбилиси қалаларында да толқулар болған еді. Оларды ұлтшылдықпен айыптаған қаулы шығармады. 1989 жылы Мұхтар Шаханов бастаған комиссия қайта-қайта мәселе көтеріп, ақыры қаулы күшін жойды, - дейді тарихшы Қайдар Алдажұманов.

ҚАУЛЫНЫҢ КҮШІН ЖОЮ

Совет өкіметінің соңғы аты-шулы қаулыларының бірі ретінде аталып жүрген «қазақ ұлтшылдығы» жайлы қаулының күші қалай жойылғаны туралы естеліктерде демократиялық процестің дәмін сезе бастаған қазақ зиялылары «қаулының күшін жою туралы» жоғары билікке бірнеше рет хат жолдағанын айтады.

Жазушы Бақытжан Момышұлы баспасөзге жарияланған естелігінде «Әзілхан Нұршайықов Мәскеуге: «Саяси бюроның шешімі қате. «Қазақ ұлтшылдығы» деген қаулының күшін жою керек!», - деп бас хатшы Горбачевке хат жазды. Ол поштада ұсталатын болғандықтан, СССР Жоғары Кеңесінің депутаты Олжас Сүлейменов арқылы Кремльге жеткізілді. Сол үшін Орталықтан бастап, Колбиннен де қысым көрді» деп жазады.

Жазушы Бақытжан Момышұлы (ортада) және оның жұбайы Зейнеп Ахметова, Абайдың немересі Ақлима Тұрағұлқызы (оң жақта). Алматы, 7 қараша 1986 жыл. Сурет жеке архивтен алынған.
Жазушы Бақытжан Момышұлы (ортада) және оның жұбайы Зейнеп Ахметова, Абайдың немересі Ақлима Тұрағұлқызы (оң жақта). Алматы, 7 қараша 1986 жыл. Сурет жеке архивтен алынған.

«Қазақ ұлтшылдығы» деген саяси бағаны алып тастау туралы 1989 жылы жазда Мәскеуде өткен СССР халық депутаттарының бірінші съезінде мәлімдеген Мұхтар Шаханов сөз алудың қиын болғанын айтады.

- Арал мәселесінің орнына Желтоқсан оқиғасында қазақ халқына «ұлтшыл» деген орынсыз айып тағылғаны туралы сөйледім. Ертеңінде әлгі өтінішке қол қойған 19 депутаттың 16-сы «Шаханов бізді алдады, депутаттықтан айыру керек» деп арыз жазды, - дейді ол.

Қазір интернетте сақталған видеодан Мұхтар Шаханов 1989 жылы Мәскеуде бірінші съезде мәлімдеме жасап тұрған кезде залда отырған Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Геннадий Колбин, министрлер советінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстаннан сайланған өзге де депутаттарды көруге болады.

1987 жылғы шілденің 16-сы күні "Социалистік Қазақстан" газетіне басылған КПСС Орталық комитетінің «Қазақ республикалық партия ұйымының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жөніндегі жұмысы туралы» қаулысының фотокөшірмесі.
1987 жылғы шілденің 16-сы күні "Социалистік Қазақстан" газетіне басылған КПСС Орталық комитетінің «Қазақ республикалық партия ұйымының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жөніндегі жұмысы туралы» қаулысының фотокөшірмесі.

Совет өкіметінің Қазақстандағы ұлтшылдықты айыптаған қаулысы бұған дейін де болған. 1944 жылы «Қазақ ССР тарихы» оқулығын жазған авторлардың бірі Ермұқан Бекмаханов «ұлтшылдық көзқарасы» үшін шырғалаңға түскен. Оның 19-ғасырдағы Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалысты «феодалдық-монархиялық» деп атамай, қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісі ретінде қарастырған ғылыми еңбегінен «өрескел қателік» тапқан. 1950 жылы «Правда» газетінде «Қазақстан тарихының мәселелерін маркстік-лениндік тұрғыдан жазу үшін» деген мақала жарияланды. 1951 жылы сәуірдің 10-ы күні Қазақстан компартиясы орталық комитеті «Правда» газетіндегі мақала бойынша қаулы қабылдап, Бекмахановтың «буржуазиялық-ұлтшылдық көзқарасын» айыптады. Қаулыны жүзеге асыру барысында тарихшы Ермұқан Бекмаханов 1952 жылы 25 жылға сотталды. Сонымен қатар ондаған қазақ жазушылары мен зерттеушілері «саяси және буржуазиялық-ұлтшылдық қателіктер жіберді» деп айыпталды.

XS
SM
MD
LG