Accessibility links

Анасы айнып кеткен астаналық қыз Америкадан отбасын тапты


Aстана Бостонда 6 жасқа толғанын тойлады.

Aстана Бостонда 6 жасқа толғанын тойлады.

Бостон қаласында америкалықтар үшін тосын естілетін Астана есімді қыз бақытты өмір сүруде. 2002 жылы Астана қаласында өмірге келгенде Эльвира деп ат бергенімен, шешесі туған қызын бір көргеннен-ақ бас тартқан екен.

Сөйтіп Эльвира қаршадайынан Астанадағы арнаулы балалар үйіне тап болған. Тәрбиешілер бірауыздан баланы біреудің асырап алу мүмкіндігі жоқ екендігін жарыса айтқан: бала іштен кеміс болып туған - жоғары ерні тігінен екіге бөлінген, таңдайы мүлдем жоқ, кәдімгі ел арасында айтылатын қоян жырық.


Бала асырап алуға келуші ерлі-зайыптылар оны асырап алуға ниет білдірмек түгілі, ол жатқан жаққа назар да аудармайтын. Бұл күндері баршаға сүйкімді осы қызды кезінде өз отандастары сыртқа тепті дегенге ешкім де сене қоймас.


«Сұлу болып туғанша, бақытты болып туыл» дегендей, оған тағдыр мейірімі бұйырды. Америкалық Гаффни отбасы осы біржарым жасар қызға бірден мейірленіп, оны асырап алады. Содан бері өткен бес жылдың ішінде қызға үш мәрте пластикалық операция жасалып, бәрі де сәтті аяқталады. Енді Астана деген атқа ие ( екпін бірінші дыбысқа түсіп айтылады) Эльвираның жүзінде күлкі үйіріліп тұрады, тамағын да өзі ішіп, ағылшынша анық сөйлеп, тіпті қазақша ән де сала алады.
Астана американдық әпкесімен бірге


Оның жаңа отбасы Бостон қаласындағы қазақ диаспорасы өткізіп тұратын шаралардың бірінен де қалдырмайды, мұнда оған қазақша ән айтып, би билеуді үйретеді. Ол картадан өзінің кіндік қаны тамған жері мен оның жаңа астанасы – Астана қаласын қиналмай тез табады.

Жаңа отбасында оны бәрі өте жақсы көреді. Гаффнилерде Астанадан басқа және екі бала бар. Оның бірі - 20, екіншісі -18 жаста. Олар Астанананы жақсы көретіндерін, оның мінез-құлқының тамаша қалыптасып келе жатқандығын сүйсіне әңгімелейді. Олардың кішкене қарындасы қазақ, испан тілдерін меңгерумен бірге, би билеуді қатты ұнатады, үй жануарларымен ойнауды жақсы көреді. Ол өмірге құштар, танып-білуге ұмтылады, сонымен бірге ерік-жігері мол.

«Ол өзінің не істейтінін жақсы біледі. Егер бірнәрсені ойына алса, одан қайтпайды, соны орындау үшін бар күшін салады»,- деп жазады оның жаңа ата-анасы әлі күнге дейін өзара байланыстарын үзбей келе жатқан балалар үйінің директорына электронды почта арқылы жазған хаттарында.
Астана Бостондағы мерекелік шаралардың бірінде



Келесі жасалатын пластикалық операциядан соң ол нағыз сұлу болмақ. Дәрігерлер ондай операцияны екі-үш жыл өткен соң жасау керек деп отыр. Одан бұрын болмайды екен. Бірақ, соған қарамастан Қазақстан астанасының аттасы- Астана өзін әлемдегі әдемілердің әдемісімін деп есептейді - оған өзін барынша бақытты сезінуіне жаңа отбасының шексіз таза махаббаты жол салып отыр.



  • 16x9 Image

    Гүлбану ӘБЕНОВА

    Гүлбану Әбенова - 2008 жылдың тамызына бері Азаттық радиосы сайтының авторларының бірі. Мәскеу гуманитарлық университетінің тарих факультетін тәмамдаған, Ұлттық өнер академиясында театр сыншысы оқуын бітірген, Евразия ұлттық университетінің магистратурасын «Әлеуметтану» мамандығы бойынша аяқтаған. «Экспресс К» газетімен, басқа да қазақстандық басылымдармен әріптес болған. 1999 жылдан бері Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG