Accessibility links

Ақтөбедегі шабуылға күдіктілердің соты басталды


Сот ғимаратының жанындағы үйлердің төбесінде автоматпен тұрған жасақ. Ақтөбе. 18 қазан, 2016 жыл.
Сот ғимаратының жанындағы үйлердің төбесінде автоматпен тұрған жасақ. Ақтөбе. 18 қазан, 2016 жыл.

Бүгін Ақтөбеде маусым айындағы қарулы шабуылдарға қатысты күдікке ілінген 29 адамның үстінен соттың алдын ала тыңдауы болды. Тыңдау Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жабық жағдайда өтті.

Ақтөбеде 5 маусымда қару дүкендері және әскери бөлімге шабуылдады деген күдікке ілінгендер мен оқиғаға қатысты басқа да айыпталушылар сот ғимаратына тыңдау басталардан екі сағат бұрын яғни, таңғы сағат 7-ге дейін жеткізілді. Бұл туралы тілшілерге Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Илиада Досова айтып берді. Ал қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданарлық сот судьясы Ахметқали Молдағалиев БАҚ өкілдеріне процестің жабық түрде өтетінін хабарлады. Бірақ ол оның себебін түсіндіріп бере алмады. Ал түстен кейін облыстық соттың баспасөз қызметі осыған орай түсінік берді.

ВИДЕО: "Ақтөбе оқиғасы" бойынша соттың алдын ала тыңдауы.

Шабуылға күдікті 29 адамның соты
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:22 0:00

- Сот процеске қатысушылардың қауіпсіздігі мен мемлекеттік құпияны қорғау үшін жабық түрде өтеді, - деді Илиада Досова.

ТУЫСТАРЫ СОТТЫҢ АШЫҚ ӨТУІН СҰРАЙДЫ

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот ғимаратын 18 қазан күні таңғы 8-ден бастап сотталушылардың ондаған туысы айналсоқтап жүрді. Бірақ күшейтілген күзет олардың бір де біреуін сот ғимаратына өткізген жоқ.

Азаттық тілшісі сотқа көршілес ғимараттардың шатырларында автоматпен қаруланған сарбаздардың жүргенін байқады. Сот ғимараты орналасқан аумақ та қоршауға алынған. Әр тұста топтасқан сотталушылардың туыстары күннің суықтығына қарамастан сот ғимараты маңында түс ауғанша жүрді.

Өзін «Жансерік Таңатаровтың анасымын» деп таныстырған әйел «сотқа қатысамын» деген үмітпен жұмысынан сұранып келгенін айтты. Анасының сөзіне қарағанда, Жансерік Таңатаров 1990 жылы туған. Тергеу оған «қылмысты хабарламаған» деген айып тағып отыр.

- Бесінші маусым күні түс әлпетінде балам үйде болды. Қылмыс туралы неге хабарламағанын қайдан білейін? «Семьяма кесірі тиеді» деп ойлаған болар. Бәріміздің қамымызды ойлап жүруші еді. Кәрі әжесі, әке-шешесі, өз бала-шағасы-бәріміз сол Жансерікке қарап отырған едік. Міне, қамауда отырғанына төрт ай болды. Кредиттемізді төлей алмай, банктен оны кейін өтеуге келістік. Өз басым баламды теріс жолда жүр деп ойламаймын. Оның дұрыс бала екенін ағайын-туыстың бәрі біледі, - деді көз жасына булығып одан әрі сөйлей алмаған әйел.

Таңатаровтар отбасы Ақтөбенің іргесіндегі Пригородный ауылында тұрады. Анасының сөзіне қарағанда, тұрақты жұмысы жоқ Жансерік Таңатаров отбасын кездейсоқ табыспен асырап жүрген. Осыдан бір ай бұрын үшінші перзентін босанған келіні де жұмыссыз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Ақтөбеде шабуыл жасағандар соты.

- Мен - сотталушылардың бірінің әйелімін. Соттың ашық өтуін талап етемін. Халық көрсін не болатынын, біз де көрейік. Бізді де кіргізсін. Бүгін сотқа ешкімді кіргізген жоқ. Өз басым алдын ала жазбаша түрде өтініш жасаған болатынмын. Кіргізбеді. Себебін айтқан жоқ. Біз соттың ашық түрде болғанын қалаймыз, - деді аты-жөнін атағысы келмеген хиджаб киген жас әйел.

Сот ғимараты маңында жүргендердің дені - әйелдер. Көпшілігі Азаттық тілшісіне сұхбат беруден бас тартты. Онысын «туыстарымызға кесірі тиіп кетер» дегенмен түсіндірді. Жанарлары жасқа тола сөйлеген әйелдердің бір де біреуі аты-жөнін атаған жоқ.

- Біз, әрине, соттың ашық болғанын, ел тыңдап, жұрт көргенін қалаймыз. Кешегі Алматыдағы сот (18 шілдедегі Алматыдағы шабуылдар үшін айыпталған адамдардың соты – Азаттық) ашық болды емес пе? Ал біз ана жақта не болып, не қойып жатқанын біле алмай тұрмыз, - деп сөзге араласты «Жансерік Таңатаровтың анасымын» деген адам.

Ал өзін «Арман Иманбаевтың анасымын» деп таныстырған әйел сот болады дегенді естіп Ақтөбе облысының Кеңқияқ ауылынан келген. Жанында келіні бар. Айтуынша, Кеңқияқтан жұмыс табылмағандықтан келін-баласы Ақтөбеде пәтер жалдап тұрып жатқан. Тергеу «қылмысты хабарламады» деп айыптап отырған 27 жастағы Арман Иманбаев та үш баланың әкесі. Орталық базарда қалта телефонын сатқан Арман бесінші маусым күні келіншегіне түскі асқа келмейтінін, қонаққа баратынын айтқан. Арман Иманбаевтың жұмыссыз жұбайы күйеуіне адвокат жалдай алмағанын айтады. Мемлекет тарапынан берілген тегін адвокат туралы «Үкіметтікі деген соң түсінікті ғой... Үкіметке тәуелді адам. Бірақ қалай болғанда да жұмысын адал істейді деп үміттенемін» дейді.

ЖАҢАРТЫЛҒАН СОТ ҒИМАРАТЫ

Осы сот процесі үшін сот ғимараты қайтадан жабдықталған екен. Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Илиада Досованың айтуынша, сот ғимаратының жертөлесі қайта жасақталыпты.

- Қазір онда сотталушылар үшін арнайы бес бөлме, асхана мен әжетхана бар. Сот істі ұзақ қараған жағдайда айыпталушылар арнайы жасақталған жертөледе тамақтанады. Сотталушыларға тамақты олар қамауда отырған тергеу абақтысынан алып келеді,- дейді Илиада Досова.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, айыпталушыларды бақылау үшін 20-дан астам бейнекамера орнатылған. Бейнекамералар ғимараттың жер астындағы қабатына да қойылған. Жер астындағы қабат айрықша күзетіледі. Онда кіру үшін санаулы адамға ғана рұқсат берілген.

"Ақтөбе оқиғасына" айыпталғандардың соты өтіп жатған ғимарат. Ақтөбе. 18 қазан, 2016 жыл.
"Ақтөбе оқиғасына" айыпталғандардың соты өтіп жатған ғимарат. Ақтөбе. 18 қазан, 2016 жыл.

6 қазан күні сот төрағасы Нұрлан Сұлтанов Азаттыққа берген сұхбатында Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына әртүрлі техникалық құрылғы сатып алу үшін Жоғарғы сот 1,5 млн теңге бөлгенін айтқан болатын. Одан бөлек ауданаралық соттағы залдардың бірі кеңейтіліп, сот залына іргелес тұрған бөлме қосылған.

Алдын ала тыңдау кезінде БАҚ өкілдері жаңартылған залға жіберілген жоқ. Процесті арнайы залдағы монитордан қарап отырды. Монитордан сотталушылардың жүздері анық көрінбеді. Тек әрқайсысының тұсында аты-жөндері жазулы тұрғанын ғана аңғаруға болады.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Нұрлан Сұлтанов сотталушылардың аты-жөндері мен оларға тағылып отырған айыпты жарты сағат бойы оқыды. Осыдан кейін процестің қазақ тілінде өтетіндігін және мемлекеттік тілді жетік білмейтіндер үшін аудармашы бар екенін хабарлаған болатын. Сол сәтте журналистер отырған залдағы монитордың дыбысы өшіп қалды.

Ақтөбедегі атыс оқиғасындағы қылмыстық іс бойынша 29 адам сотқа тартылады. Оның тоғызы түрлі қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны, оның ішінде терроризм актісін жасауға тікелей қатысқандары, 18-і дайындалып жатқан қылмыс туралы хабарламағаны, екеуі қылмысты жасырып қалғандары үшін айыпталып отыр. Айыптылардың құқығын 27 адвокат қорғайды. Бұл іс бойынша 88 адам жәбірленуші, 48 адам куәгер деп танылған.

Ақтөбеде қарулы шабуылға күдіктілердің үстінен басталған соттың алдын-ала тыңдауында сот процесі 24 қазан күнгі сағат тоғызға белгіленді.

XS
SM
MD
LG