Accessibility links

Баспанасыз адамдар наурызды қалай тойлайды?


Тұрақты баспанасы жоқ адамдар үшін әлеуметтік бейімдеу орталығындағы Наурыз тойына дайындық. Ақтөбе, 21 наурыз 2013 жыл.

Тұрақты баспанасы жоқ адамдар үшін әлеуметтік бейімдеу орталығындағы Наурыз тойына дайындық. Ақтөбе, 21 наурыз 2013 жыл.

Бүгін Ақтөбедегі тұрақты баспанасы жоқ азаматтарды әлеуметтік бейімдеу орталығында наурыз мейрамы өтті. Орталық тұрғыны мерекені өз үйінде атап өтуді арман қылады.

Үсті-басы ұқыпты, отыздар шамасындағы жас жігіт өзін «Берікпін» деп таныстырды. Беріктің айтуынша, жетімдер үйінде өскен, ет жақын ешкімі жоқ. Электромонтер және программистік курстарды тәмамдағанымен, құжаттарының болмауына байланысты әзірше жұмыссыз жүр екен.

«ҚҰНЫМ ЕКІ ҚОЙ БОЛҒАН ЕКЕН»

– 2005 жылы жұмыс табылып қалар деген үмітпен көршілес Атырау облысының Мақат ауданына барғанмын. Сол сапарымда төлқұжатымнан айырылып, өзім құлдыққа сатылдым. Кейін қожайынымнан құнымның екі қой болғанын естіп білдім. Біз қу мекиен далада қой бақтық. Көрмеген қорлығымыз жоқ. Бір күні амалын тауып қашып шығып, әрең дегенде Ақтөбеге жеттім. Содан бергі тұрағым – осы жер, – деді Берік Төлегенов.

Азаттық тілшісінің «Сізді құлдыққа сатқандарды танисыз ба?» деген сауалына ол:
құлдықта болған Берік Төлегенов Наурыз мейрамында. Ақтөбе, 21 наурыз 2013 жыл.

құлдықта болған Берік Төлегенов Наурыз мейрамында. Ақтөбе, 21 наурыз 2013 жыл.


– Аты-жөндерін білмеймін. Бірақ кездесіп жатсақ, түрлерін тануым мүмкін, – деп жауап берді.

Тұрақты баспанасы жоқ азаматтарды әлеуметтік бейімдеу орталығының директоры Сабырғали Дәулетовтің айтуынша, Берік ішімдікке әуес емес, тіпті шылым да тартпайды.

– Мұндай адамдар бұл жерде – бірен-саран. Орталық тұрғындарының 90 пайызы ішкіш, – дейді директор.

«ЖАЗДЫ ДА САҒЫНДЫМ ҒОЙ...»

Наурыз тойының қазанын асып, әрлі-берлі зыр жүгіріп жүрген жігіттің есімі Саламат Реймов екен. Саламат қазіргі жұбайы Диляроммен осы орталықта танысып, отау құрған. Қазір екеуі ерлі-зайыпты болып, бір бөлмеде тұрып жатыр.

– Ішімдікке ақша таппай, ұрлық жасадым. Түрмеге түстім. Жақындарымның бәрі теріс айналды. 40 жыл өмірімнің құр босқа өткенін кеш те болса түсіндім. Бүгінгі наурыз тойы көңілімді көтеріп тастады. Әйелім екеуміз үйлі-күйлі болғанда тап осылай наурызды тойлап тұрамыз, – дейді Саламат Реймов.

Тұрақты баспанасы жоқ адамдар үшін әлеуметтік бейімдеу орталығының директоры Сабырғали Дәулетов (ортада). Ақтөбе, 21 наурыз 2013 жыл.

Тұрақты баспанасы жоқ адамдар үшін әлеуметтік бейімдеу орталығының директоры Сабырғали Дәулетов (ортада). Ақтөбе, 21 наурыз 2013 жыл.


Жұрттан шеткері таяғына сүйеніп тұрған жігіт ағасының екі аяғы тізеден төмен кесілген екен. Есімін сұрағанда «Оны қайтесіз?» деді. Ол «Қызыл өрік» әніне билеп жатқан тағдырластарына ойлана қарап тұрып:

– Мен билемесем де, бұрын әнді жақсы айтатынмын, – деді.

Сөйтті де: «Жазды да сағындым ғой, Назды да сағындым ғой. Төбемнен ұшып өткен қазды да сағындым ғой» деп ыңылдай жөнелді.
Тұрақты баспанасы жоқ адамдар үшін әлеуметтік бейімдеу орталығының (қаңғыбастар үйі) тұрғыны Саламат Реймов наурыз тойының қазанын асып жатыр. Ақтөбе, 21 наурыз 2013 жыл.

Тұрақты баспанасы жоқ адамдар үшін әлеуметтік бейімдеу орталығының (қаңғыбастар үйі) тұрғыны Саламат Реймов наурыз тойының қазанын асып жатыр. Ақтөбе, 21 наурыз 2013 жыл.


Ақтөбедегі тұрақты баспанасы жоқ азаматтарды әлеуметтік бейімдеу орталығының директоры Сабырғали Дәулетовтің айтуынша, қазір бұл орталық – 76 адамның мекені.

– Күн жылынса, олардың басым бөлігі көше кезіп кетеді. Қыс түскенде арып-ашып кері оралады. Бірқатары мас күйінде далада ұйықтап қалып, аяқ-қолдарын үсітіп алған. Қазір орталықта 20 шақты мүгедек бар. Наурыз мейрамын осы азаматтардың көңілін көтеріп, рухани тұрғыдан демеу үшін ұйымдастырдық, – деді Сабырғали Дәулетов.
XS
SM
MD
LG