Accessibility links

Аллергияны «ғасыр ауруы» атайды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстанда аллергиямен ауыратындар жыл өткен сайын көбейіп отыр. Мамандар иммундық жүйенің әлсіреуінен пайда болатын ауруға экологиялық ахуал, тағам сапасы әсер ететінін айтады.

Қазақстанда аллергиямен ауыратындар жыл өткен сайын көбейіп отыр. Мамандар иммундық жүйенің әлсіреуінен пайда болатын ауруға экологиялық ахуал, тағам сапасы әсер ететінін айтады.

Аллергия - «ғасыр ауруы»
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:58 0:00
Жүктеп алу

ИММУНДЫҚ ЖҮЙЕ ӘЛСІЗДІГІНЕН ШЫҒАТЫН ДЕРТ

Алматы тұрғыны Венера Рыстығұлова жылда жаз мезгілін дәрі қабылдап, екпе салғызумен өткізеді. 48 жастағы әйел соңғы он жыл бойы аллергиямен ауырады.

- Мендегі аллергия маусым айында, күн ысығанда қоза бастайды. Өсімдік гүлдегенде ауадағы шаң-тозаңнан жиі түшкіріп, көзім жасаурап, мұрным бітеліп мазам кетеді. Ауру қатты қысқанда басым айналып, жүре алмай қаламын, – дейді ол.

Венера дертіне нақты қай өсімдіктің әсері барын білмейді. Дәрігерлер оның себебін анықтау үшін арнайы емдеу курсынан өтуге кеңес бергенімен әйел оған келіспепті. Кейбіреуге тұрғылықты орнын ауыстыру оң әсер етеді дегенді естіген соң Венера Рыстығұлова ауылдан қалаға қоныс аударған. Қазір өсімдігі сирек жерде тұрып жатқанымен аллергиядан құтыла алмаған.

Алматыдағы түтін. (Көрнекі сурет)
Алматыдағы түтін. (Көрнекі сурет)

Аллерголог маман Ділда Қадырова лас ауа, сапасыз тағам, жайсыз экология әсерінен ағзаның иммундық жүйесі әлсіреп, адам аллергияға шалдығатынын айтады. Ауру адамның аллергендерге сезімталдығы артып, күннің ысуы, ағаштың бүршік жаруы, өсімдік тозаңы (поллиноз), кей тағам түрлері, дәрі-дәрмек пен бояғыш заттар организмге кері әсер етеді, кейде аурудың қозуына үй жануарлары да себеп болады. Науқастың көзі жасаурап, мұрнынан су ағып, түшкіріп, тыныс жолдары бітеледі, кейде денесі қызарып, ісініп, қышиды. Дәрігерге қаралмай, ауру себебін дұрыс анықтамай, уақыт созып жүріп алу аллергияны асқындырып, ол астма тәрізді дертке ұласып кетуі ықтимал деп ескертеді дәрігерлер.

- Аллергиядан емделу мүмкін емес деген қате түсінік бар. Егер аурудың белгілері байқалысымен дәрігерге қаралып, тиісті ем қабылдаса дертке қарсы тұруға болады, – дейді Ділда Қадырова.

Алматы тұрғыны 25 жастағы Нұрахмет өзінде аллергия белгісі ең алғаш 8 жыл бұрын байқалғанын айтады.

- Бастапқыда аллергия екенін білген жоқпын. Тек арнайы зерттеу нәтижесінде жусанға, терек қыл-қыбырына (тополиный пух), қой жүніне, кейбір жеміс-жидек түрі, әсіресе цитрусты жемістерге, кітапхана шаңына аллергиям бары анықталды. Мамыр, маусымда шөп гүлдегенде екі ай маска тағып сақтанып жүремін, - дейді ол.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Дәрігерлердің кеңесімен аллергия маусымы басталмай тұрып екі рет ауруханаға жатып ем қабылдаған Нұрахмет құлан-таза жазылып кетпесе де, емдеу курсынан кейін өзін бұрынғыдан жеңілірек сезінгенін, сақтық шараларын ұстанатынын айтады.

МАМАН КЕҢЕСІ

Аллерголог Ділда Қадырова науқастың ағзасына әсер ететін аллергенді анықтаудың екі жолы барын айтады.

- Вакциналық процедура арқылы ауру себебін 40 минутта анықтауға болады. Ол ауру қозатын маусым басталмай тұрып анықталады. Екінші жолы – қан құрамы арқылы анықтау кез-келген мезгілде жасалады. Кішкентай балалар мен жүкті әйелдерде аллергияны көбіне осы жолмен анықтайды, – дейді дәрігер.

Ол ауруды дәрігердің нұсқаулығынсыз өз бетінше емдеуге болмайтынын, науқастың диагнозын анықтап, тиісті емдеу шараларының барлығы медициналық мекемеде және аллергологтардың бақылауымен өтуі тиіс екенін ескертеді.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

- Кейбіреулер аллергия қозған сәтте дипроспан тәрізді гормоналдық препараттарды дәрігердің нұсқаулығынсыз өз бетінше алып, бізге ауруы әбден асқынып кеткенде ғана келеді, - дейді аллерголог.

Аллергияға қарсы тұру үшін маман науқасқа жақпайтын аллергендерді анықтап, олардан сақтану шарасын қабылдауға, салауатты өмір салтын ұстануға, газды сусындар мен тез дайындалатын тағамдардан бас тартуға кеңес береді. Ал кей тағам түрлеріне аллергиясы барлар гиппоаллергендік диета сақтауы қажет екенін ескертеді.

Жергілікті мамандардың айтуынша, Алматы тұрғындарының 30 пайызға жуығында белгілі бір аллергия болса, ал Қазақстан бойынша халықтың 20 пайызы түрлі аллергиялық сырқаттарға шалдыққан деген ақпараттар бар.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, аллергиялық аурулар соңғы 30 жылда әлем бойынша ең жылдам тарап бара жатқан дерт түріне айналған.

XS
SM
MD
LG