Accessibility links

Шенеунік пен тұрғындардың дерегі үйлеспеді


Алматының Алатау ауданындағы үйсіз-күйсіз бала. (Маса.кз сайтынан алынған көрнекі сурет). 11 сәуір 2011 жыл.
Алматының Алатау ауданындағы үйсіз-күйсіз бала. (Маса.кз сайтынан алынған көрнекі сурет). 11 сәуір 2011 жыл.

Қоғамдық қорлар «Алматы қаласы Алатау ауданындағы жеті жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік деңгейі өте төмен» екенін айтады. Алайда әкімшілік өкілі «бізде балабақшаға қатысты алып бара жатқан мәселе жоқ, барлығы шешілген» дейді.

«Шаңырақ» және «Бота» қоғамдық қорлары 4-7 жас аралығындағы балаларға білім беру мен медициналық қызмет көрсетуге байланысты дөңгелек үстел өткізді.

«Бота» қорының жоба үйлестірушісі Жанар Балғабаева Алатау ауданына қарасты Трудовик, Көкқайнар, Әйгерім, Өжет шағын аудандарындағы мектеп жасына дейінгі балалардың әлеуметтік деңгейіне зерттеу жүргізгенін айтады.

– Біз аралаған шағын аудандардағы балалардың әлеуметтік деңгейлері өте төмен. Бұл өңірлерде негізінен аз қамтылған және көп балалы отбасылар тұрады. Олардың балалары балабақшаға барып, медициналық көмек ала алмай отыр. Себебі осы аумақта орналасқан үйлердің басым көпшілігінде тұрақты тіркеу жоқ, – дейді ол.

«БАЛАБАҚША КЕЗЕГІНДЕ 5 МЫҢ 500 БАЛА ТҰР»

Алатау ауданы әкімінің орынбасары Маржан Балбаеваның сөзіне қарағанда, бұл
Алатау ауданы әкімінің орынбасары Маржан Балбаева. Алматы 12 сәуір 2012 жыл.
Алатау ауданы әкімінің орынбасары Маржан Балбаева. Алматы 12 сәуір 2012 жыл.
ауданда «мектепке дейінгі мекемеге баруға тиіс баланың жалпы саны – 6 мың. Оның 1 мың 300-і ғана тіркеуде тұр».

– Биыл Қарасу ықшам ауданында үлкен балабақша ашылады. Сондай-ақ бес жеке меншік балабақша мен мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы бойынша жеті балабақша жұмыс істеп жатыр. Ұлжан шағын ауданында бір күнде 500 адамды бірден қабылдайтын емхана салынып жатыр, – дейді әкімнің орынбасары.

Ал аудандық оқу бөлімінің өкілі Дархан Нақысбековтің айтуынша, балабақша кезегінде бес жарым мың бала тұр.

– Аудан бойынша жеті балабақша бар. Әрбір мектептің жанынан мектепке дейінгі балаларға арналған шағын орталықтар жұмыс істеп тұр. Соның өзінде 5 мың 496 бала балабақшаға баруға кезек күтіп отыр. Бұған қоса ауданда тұратын көп балалы отбасылардың балаларын кезектен тыс балабақшаға қамтимыз, – деді Дархан Нақысбеков.

Осы тұста Алатау ауданы әкімінің орынбасары Маржан Балбаева әңгімеге араласып:

– Кезекте тұрғандар – 5 мың емес, 1 мың 300 ғана, – деп, Дархан Нақысбековтің сөзіне түзету енгізді.

«Бота» қоғамдық қорының өкілі Жанар Балғабаеваның айтуынша, қор әлеуметтік
"Бота" қоғамдық қорының жоба үйлестірушісі Жанар Балғабаева. Алматы, 12 сәуір 2012 жыл.
"Бота" қоғамдық қорының жоба үйлестірушісі Жанар Балғабаева. Алматы, 12 сәуір 2012 жыл.
жағдайы төмен отбасылардың балаларына арнап тегін қызмет көрсететін шағын орталық ашпақ. «Бұл бастамаға әкімшілік қаншалықты қолдау көрсете алады?» деген сауалға:

– «Бота» қоғамдық қорының жобасы негізінен ауданымызда тұратын тұрақты тіркеуі жоқ жандар үшін қолайлы екен. Бірақ әкімшіліктің қарамағында басы артық ғимарат жоқ. Сондықтан аудан аумағынан өздері жалға ғимарат тауып ашамыз десе, қарсылығымыз жоқ, – деп жауап берді аудан әкімінің орынбасары Маржан Балбаева.

Алатау ауданындағы халқы ең көп шағын ауданның бірі – Әйгерімде бірде-бір балабақша жоқтығы да осы отырыста айтылды.

«БАЛАБАҚШАҒА – 22 МЫҢ ТЕҢГЕ»

Азаттық тілшілері Алатау ауданы тұрғындарымен де тілдесті. Өзін Фарида Ыдырысова деп таныстырған келіншек:

– «Көп балалы отбасының баласын кезектен тыс балабақшаға орналастырамыз»
Алатау ауданының тұрғыны Фарида Ыдырысова. Алматы, 12 сәуір 2012 жыл.
Алатау ауданының тұрғыны Фарида Ыдырысова. Алматы, 12 сәуір 2012 жыл.
дегенді өз басым естіген жоқпын. Менің бес балам бар. Ортаншы ұлым биыл төртке келді. Соны тіркетуге апарғанымда 197-орынға талон берген. Бірақ мемлекеттік балабақшаға 22 мың теңге төлеуге шамам келмейді. Менің үш балам да балабақша жасында, – дейді.

Алатау ауданы Көкқайнар ауылының тұрғыны Лиза Баймұханбетова баласын «Балапан» бағдарламасы бойынша балабақшаға тіркеткенін айта келе:

– Білейін деп барсам, бағдарлама тоқтап қалыпты. Тәрбиешілер «екі ай болды, жалақы алған жоқпыз, себебі мемлекеттен қаржы бөлінген жоқ» деп айтты, – дейді.

Бірақ Алатау ауданы әкімінің орынбасары Маржан Балбаева бұл деректі де теріске шығарды:

– Мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы ауданымызда жұмыс істеп жатыр, қазір аталған бағдарлама бойынша 420 бала тәрбиеленіп отыр.

«АУДАНДА 27 МЫҢ АДАМ ПӘТЕР ЖАЛДАП ТҰРАДЫ»

Маржан Балбаеваның айтуынша, балаларын балабақшаға орналастыра алмай жүргендер – бұл ауданда тіркеуі жоқ азаматтар.

– Біз екі мың адамды әкімшілікке тіркеуге тұрғыздық. Негізінен аудан тұрғындары түгелге жуық тіркеуде. Ал тіркеуде жоқ, соның салдарынан балаларын да балабақша кезегіне тіркете алмай жүргендер – пәтершілер. Алатау ауданы
"Шаңырақ" қоры Алматы қалалық филиалының жетекшісі Роза Нүсіпова. Алматы, 12 сәуір 2012 жыл.
"Шаңырақ" қоры Алматы қалалық филиалының жетекшісі Роза Нүсіпова. Алматы, 12 сәуір 2012 жыл.
бойынша 27 мың адам сырттан пәтер жалдап тұрады, – деді аудан әкімі орынбасары.

Ал республикалық «Шаңырақ» қоғамдық қорының Алматы қалалық бөлімшесінің жетекшісі Роза Нүсіпова:

– Алатау ауданы тұрғындарының басым көпшілігінде тұрақты тіркеу жоқ. Соның салдарынан баласын балабақшаға тіркетуге де мүмкіншіліктері жоқ, – дейді.

Бірақ аудан әкімінің орынбасары Маржан Балбаеваның сөзінше, Алатау ауданы тұрғындарының көбінде емес, біразында ғана тіркеу құжаты жоқ.

– Алатау ауданында 5 мың үй заңдасты. 1 мың үйдің орналасқан жері дұрыс болмағандықтан тоқтап тұр. Болашақта оларды Қарасу ауданына көшіреміз, – дейді әкімнің орынбасары.
XS
SM
MD
LG