Accessibility links

Козловтың түрме бастығына қарсылығы прецедент болды


Оппозициялық саясаткер Владимир Козлов сот залында. Ақтау, 8 қазан 2012 жыл.

Оппозициялық саясаткер Владимир Козлов сот залында. Ақтау, 8 қазан 2012 жыл.

Владимир Козловтың жақтастары мен құқық қорғаушылар «қамаудағы оппозиционер нәтижесі алдын ала болжанған сотта түрме бастығына қарсы шығып, бірнеше өнеге көрсетті» дейді.

Бүгін Қапшағай қалалық сотының судьясы Жайық Жанболатов түрмедегі оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың түрме бастығы Әбілғазы Еділовтің үстінен түсірген шағымын қанағаттандырудан «толық көлемде» бас тартты. Оппозициялық «Алға» партиясының бұрынғы жетекшісі шағымында көбірек сәлемдеме мен кездесуге рұқсат алуға мүмкіндік беретін жеңілдетілген режимге ауысуына бөгет болатын сөгістердің заңдылығына күмән келтірген.

Оппозиционердің адвокаты Жанар Балғабаеваның хабарлауынша, желтоқсанның 5-і күні шағымы қаралған сот отырысына Козловтың қатысу мүмкіндігі болғанына қарамастан, сот қаулысы тұтқынның қатысуынсыз жарияланған. Сот отырысы Алматы облысы Іле ауданы Заречный кентіндегі Владимир Козлов отырған ЛА-155/14 түрмесінде өткен.

Түрме бастығы, полковник Әбілғазы Еділов сот отырысы залына журналистердің, Владимир Козловтың жақтастары мен туыстарының ешбірінің, тіпті әйелі Әлия Тұрысбекованың да кіруіне рұқсат бермегендіктен сотта өткен жарыссөз барысын бақылау мүмкін болмады.

Әлия Тұрысбекова сотта күйеуінің өз позициясын дәлелдей алғанына қуанғанымен, оны көре алмағанына қатты қынжылды. Оның үстіне судьяның сот отырысы өтетін орынды аяқ астынан өзгертіп жібергеніне наразы екенін айтып, «билік мұны күйеуім жұртшылық өкілдерімен кездесіп қоймасын деген қорқыныштан жасады» дейді.

Әлия Тұрысбекова. Заречный, 5 желтоқсан 2014 жыл.

Әлия Тұрысбекова. Заречный, 5 желтоқсан 2014 жыл.

– Осымен екінші рет сөйтіп отыр. 2012 жылы өткен көшпелі отырысты да құдды халықтан қорыққандай дәл осылай ҰҚК тергеу абақтысында өткізген, – дейді Әлия Тұрысбекова Азаттық тілшісіне.

Ал адвокат Жанар Балғабаева сот отырысы өтетін орынның Қапшағай қалалық сотынан түрме территориясындағы көшпелі сот отырыстарын өткізу үшін арнайы жабдықталған ғимаратқа аяқ асты ауыстырылу себебін басқаша түсіндіреді.

– Владимир Иванович (Козлов – ред.) сот отырысына қатысу туралы өтініш берген. Судья оның өтінішін қанағаттандырды. Бірақ тұтқынды Қапшағай қалалық соты ғимаратына жеткізуді бұйырудың орнына колонияға судьяның өзі келді, – деп түсіндірді адвокат.

ВИДЕО: Владимир Козловтың зайыбы мен адвокатының пікірі. Заречный, 5 желтоқсан 2014 жыл.

«КОЗЛОВТЫҢ ӨНЕГЕСІ»

Владимир Козловты саяси тұтқын деп танитын «Ар.Рух.Хақ» құқық қорғау ұйымы жетекшісі Бақытжан Төреғожина «оппозиционер сотта жан-жақты үлгі көрсетті» деп есептейді. Ол тұтқындағы саясаткердің еш қорқынышсыз түрме бастығына қарсы талап-арыз беруін негізгі өнеге ретінде атайды. Владимир Козлов сотта түрме бастығымен тең құқылы оппонент ретінде кездескен. Құқық қорғаушының айтуынша, Владимир Козлов сот отырысының түрме территориясында өткенінен де сескенбеген.

Мұны адвокат Жанар Балғабаева да растайды. «Сотта Владимир Иванович өзін лайықты ұстады. Қарсыластарының көзіне тайсалмай қарады. Байыппен әрі дәйектер келтіріп сөйледі» дейді ол.

Адвокат Жанар Балғабаева Қапшағай қалалық сотының қаулысына қатысты Алматы облыстық сотының апелляциялық алқасына шағым түсіретінін айтты.

Оппозициялық «Алға» партиясының бұрынғы басшысы Владимир Козлов «Жаңаөзен оқиғасына қатысты» деген айыппен 2012 жылы жеті жарым жылға сотталған. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін Козловты босатуға шақырған. Қазақстандық бірнеше құқық қорғау ұйымы оны саяси тұтқын деп таныған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG