Accessibility links

Алматының билік орындары «2013 жылы жоғары оқу орны түлектерінің 60 пайызы жұмысқа тұрғанын» айтады. Бірақ жұмыс берушілер көбінесе тәжірибесі бар маман іздейді.

23 жастағы алматылық Әйгерім Әлиярованың жұмыс іздегеніне төрт жыл болыпты. Орталық Азия университетінің мұнай-газ факультетін бітірген Әйгерімді жұмыс берушілер «тәжірибең жоқ» деп жұмысқа алмайды. Елдің кез келген қаласында Әйгерім сияқтылар көп.

Алматы қаласы жастар саясаты басқармасы жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижесі бойынша, 2013 жылы Алматыдағы ЖОО-ын бітірген түлектердің 61 пайызы жұмыспен қамтылған.

– Зерттеу нәтижелеріне қарағанда, техникалық білімі бар түлектердің мамандығы бойынша жұмысқа орналасқаны – 76 пайыз, яғни гуманитарлық салалар бойынша оқу бітірген түлектермен (54 пайыз) салыстырғанда, бір жарым есе көп, – дейді Алматы қаласы жастар саясаты басқармасының бастығы Санжар Боқаев.

МЕМЛЕКЕТТЕН ЖАЛАҚЫ АЛАТЫН СТАЖЕР

Алматы қаласы жұмыспен қамту орталығы Бостандық аудандық бөлімшесі – жас мамандарға жұмыс табуға көмектесетін мемлекеттік мекемелердің бірі. Мұнда жас мамандар мемлекет жалақы төлейтін үкіметтік бағдарламаға қатыса алады. Бұл жоба – жеке меншік компаниялар жас мамандарды жалақысыз, тегін стажер ретінде тәжірибе жинауға жұмысқа алатын алғашқы бағдарлама. Ал сынақтан өткен стажерді компания жұмысқа алуы мүмкін.

Еңбек жәрмеңкесінде кезекте тұрған жас азаматтар.

Еңбек жәрмеңкесінде кезекте тұрған жас азаматтар.

Мемлекет есебінен жалақы төленетін тәжірибеден өту үшін 82 жас маман Бостандық аудандық жұмыспен қамту бөлімшесіне жіберілген. Олардың әрқайсысы үшін мемлекет жеке меншік компанияға 30 мың теңгеге жуық (шамамен 200 доллар) төлеген. Тәжірибеден өткен жас мамандардың жартысы жұмысқа алынған.

Бостандық аудандық жұмыспен қамту бөлімшесінің инспекторы Ғалия Баймақанованың айтуынша, бөлімше қызметкерлері келісім-шартқа отырған кәсіпорындармен хабарласып, жас маманды жібереді, ал компанияның сынағынан өтсе, оны жұмысқа алады. Бірақ жұмыс берушілер көбінесе техник, механик және аула сыпырушы жұмыстарына адам іздейді екен.

– Мемлекеттік қызметке маман іріктеу өте қиын. Биыл төрт адам аудандық салық комитетіне жұмысқа кірді. Ол жерге ЖОО, колледж бітірген, дипломы бар мамандарды ұсынамыз. Бүгінге дейін Бостандық ауданы бойынша 41 маманды жұмысқа орналастырдық. Көбі заңгер, экономист, бухгалтерлер, - дейді Ғалия Баймақанова Азаттық тілшісіне.

Көбінесе тәжірибелі маман іздейтін кәсіпорындар жастарды жұмысқа алмайтынын инспектор де мойындайды.

Жеке меншік заң компаниясының директоры Мырзахан Сәбитжановқа да тәжірибесі бар маман қажет. Оның сөзінше, жастарды «сүйрелеуге», үйретуге уақыт пен ақша керек.

Алматыдағы жұмыспен қамту агенттіктері қызметкерлерінің айтуынша, жұмыс берушілер маманның жұмыс тәжірибесі болғанын талап етеді. Ал кешегі студент көбінесе шет қала береді.

– Тәжірибесі жоқ жастарды көбінесе шетелдік компанияларға орналастырамыз. Олардың практикасына айына 30 мың теңге төленеді. Жас мамандарды ұсынып, резюмелерін жібереміз. Бірақ сұраныс көп емес. Ірі компаниялар институттардан студенттерді өздері шақырады. Жұмыспен қамту көрмелеріне қатысамыз. Біздің агенттік көбіне жұмыс тәжірибесі бар адамдарға жұмыс тауып беруге маманданған, – дейді Antal Kazakhstan жұмыспен қамту агенттігінің аға кеңесшісі Алеся Новикова.

ЖҰМЫССЫЗДЫҚТЫҢ ӨСУ ФАКТОРЛАРЫ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Сұңқар» студенттік кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары Сандуғаш Сандыбаева Қазақстан жоғарғы оқу орындары өз түлектерін мамандығы бойынша жұмысқа орналастыру мәселесімен айналыспайтынын айтады.

– Мұның бір жаман жері – студент оқығанын бірте-бірте ұмыта бастайды. Жуырда статистика жүргізіп, біздің университетті бітірген студенттердің 5-6 пайызы ғана жұмысқа орналасқанын білдік, - дейді Сандуғаш Сандыбаева.

Университет ауласында отырған студенттер. (Көрнекі сурет)

Университет ауласында отырған студенттер. (Көрнекі сурет)

Тәуелсіз сарапшы Қуат Досжанның пікірінше, ЖОО-ның өз түлектерін жұмысқа орналастыруға құлықсыздық танытуы – жастар арасында жұмыссыздықтың өсуіне ықпал ететін жағымсыз фактор. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар жайлы жастардың мүлде хабарсыз екенін айтқан сарапшының пікірінше, жұмысшы мамандықтарын насихаттайтын бұрынғы дәстүрді жаңғырту қажет.

– Еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс туралы бірыңғай ақпараттық база жоқ. Жастардың 20 пайызы ғана өзінің кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіріп, мамандығын меңгеруді өмір бойы үйренуге дайын, - дейді Қуат Досжан.

Қуат Досжан жас мамандарға төленетін жалақының мардымсыздығы мен ақпарат құралдарында әлеуметтік жарнамаға ақшаның аз бөлінетіндігін де жұмыспен қамту барысына жағымсыз әсер ететін факторларға жатқызады.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG