Accessibility links

Билік Еуразия Одағына «бейсаяси» сипат береді


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп отыр. Мәскеу, 5 наурыз 2014 жыл

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп отыр. Мәскеу, 5 наурыз 2014 жыл

Еуразия экономикалық одағы туралы келісімге қол қояр сәт жақындаған сайын билік оның «саяси астары жоқтығы» туралы үгіт-насихатын күшейтіп, бұрын «айтылмаған шарттардың» шетін шығара бастады.

Мамырдың 26-сы күні Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Самат Ордабаевтың Астана қаласында өткен орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде жасаған мәлімдемесі жаңа одақ құру алдындағы халықты сендіру науқанының бір түріне ұқсады.

ОРТАҚ АЗАМАТТЫҚТЫ «АЛЫП ТАСТАУ»

Вице-министрдің сөзінше, «Еуразия экономикалық одағын құру туралы келісім жобасын талқылау кезінде шекараны бірігіп қорғау, ортақ азаматтық, парламентаралық ынтымақтастық, көші-қон саясаты, виза саясаты, қауіпсіздік мәселелері туралы жайттарды Қазақстан алып тастаған, яғни жаңа одақта ешқандай да саясат жоқ».

Соңғы бірер айда интеграция мәселелері бойынша Қазақстаның үйлестіру кеңесінің төрағасы, бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев Еуразия Одағын белсенді насихаттаушылардың бірі ретінде көбірек көрінді.

Биыл сәуірде Астанада өткен брифингте Сағынтаев та «Еуразия экономикалық одағының саяси бірлестік емес екенін» мәлімдеп, «жаңа одақ Қазақстанның ұлттық мүддесі мен тәуелсіздігіне нұқсан келтіреді дейтін пікірлерге негіз жоқ, өйткені отандық сарапшылар Еуразия одағын саясиландырмау жөнінде Қазақстанның ұстанымын қорғап қалды» деген болатын. Бақытжан Сағынтаев, Қазақстанның вице-премьері.

Бақытжан Сағынтаев, Қазақстанның вице-премьері.



Бақытжан Сағынтаев мамырдың 19-ы күні өткен «Қазақстан-2050» демократиялық күштерінің жалпыұлттық коалициясының отырысында да болашақ Еуразия Одағының «пайдалы жақтарын» дәлелдеуге тырысты. Билікшіл партиялар мен бірлестіктердің жиынында «Қазақстан Еуразия Одағынан кез-келген уақыта шыға алатыны, оның экономикалық одақ екендігі, одақ туралы келісімнің кіріспесінде арнайы атап өтілгені» айтылған еді. Сағынтаевтың пікірінше, Ресей, Қазақстан мен Беларусь мамырдың соңында құруға бекінген одақ туралы келісімнің бұрынғы нұсқасын Қазақстан тарабы осылайша «бейсаясиландырған».

«САЯСИЛАНБАУЫНА КЕПІЛДІК АЗ»

Еуразия экономикалық одағының «пайдалы жақтары» туралы үкімет пен оның жанынан құрылған ұлттық экономикалық палата мамыр айында тағы да бірнеше рет халыққа ресми түрде түсіндірді.

Саясаттанушы Талғат Мамырайымов билік пен билікшіл бизнес өкілдерінің соңғы айларда қатарынан бірнеше рет мәлімдеп, жиын өткізуі «халықты жаңа одаққа иландыру үшін» жасалған шараның бір түрі екенін айтады.

«Билік тарапынан айтылған пікірлерге қарағанда [Астананың Еуразиялық Одаққа қатысты] экономикалық прагматизмді ұстанатыны байқалады. Бірақ оны алдын-ала халыққа жеткізудің орнына [келісімге қол қояр алдында] енді ғана ақпараттық өңдеу, сендіру жұмыстары жүріп жатыр. Қоғамның көпшілігі жоғарыдағылар айтса сенетінін ескерсек, онда үгіт-насихаттың бет алысы жаман емес. Одаққа қарсылардың елеулі бөлігі осындай мәлімдемелерден кейін пікірін өзгертуі мүмкін» дейді ол. Талғат Мамырайымов, саясаттанушы.

Талғат Мамырайымов, саясаттанушы.



Кәсіпкерлердің еуразиялық ассосациясының төрағасы Жомарт Алдоңғаров өзі «еуразиялық экономикалық интеграцияны» қолдаушылардың бірі бола тұра оның саясиланып кетпейтіне кепілдік аз деп санайды. Оның сөзінше, билік қол қойылар сәт тақағанда ғана одақтың «саяси астары жоқ екенін» дәлелдей бастаған.

«Еуразия Одағы туралы келісім тек экономистер мен қаржыгерлер ғана түсінетін тілде жазылған. Оны қарапайым азаматтарға да түсінікті етіп жасап, Еуразия Одағының «саяси одаққа айналып кетуі мүмкін емес» екенін қолмен қойғандай дәлелдер келтіруі керек еді, бірақ олай істеген жоқ. Дәл қазір халық бұл одақтың қайда апаратынын білмейді» дейді ол.

Еуразия Одағының «артықшылықтарын» түсіндіруші Бақытжан Сағынтаев сәуірдің 8-і күні Астанада өткен брифингте журналистерге Алматыда өтетін «антиеуразиялық форумнан» да хабары бар екенін, «форумға оны ешкім шақырмағанын» айтқан.

«САЯСИ ОДАҚ РЕТІНДЕ ҚАРАЛҒАНЫ ЕНДІ КӨРІНДІ»

Ал сәуірдің 14-і күні Алматы қаласында өткен «Антиеуразиялық форумды» ұйымдастырушылардың бірі, қоғамдық белсенді Жанболат Мамайдың пікірінше, «бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев пен бірқатар лауазымды билік өкілдері антиеуразиялық форумға да, мамырдың 22-сі өткен қоғамдық тыңдауға да шақырылған.

«Билік өкілдерінің келмейтінін білсек те шақырдық. Соңғы кездері биліктің Еуразия Одағы жөнінде ақпараттық белсенділігінің күрт күшеюі қоғамда қарсылықтың күшейіп келе жатқандығын олар да түсініп отырғанын көрсетеді» дейді ол.

Жанболат Мамайдың айтуынша, сыртқы істер министрінің орынбасары Самат Ордабаевтың соңғы мәлімдемесінде айтылған жайттарды жұртшылық алғаш рет біліп отыр. Антиеуразиялық форумға келген жұрт. Алматы, 12 сәуір 2014 жыл.

Антиеуразиялық форумға келген жұрт. Алматы, 12 сәуір 2014 жыл.



«Бұған дейін экономикалық одақ болатыны туралы жалпылама ғана сөз болатын. Мәселен, қоғам Кремльдің нақты қандай саяси мәселелер ұсынғанынан да бейхабар болды. Демек енді ғана алып тастап жатқандарына қарағанда құжаттың әуел баста-ақ саяси одақтың келісім-шарты ретінде дайындалғаны көрініп тұр» дейді Жанболат Мамай.

Жанболат Мамай да билік Еуразия Одағы туралы келісім-шарт азаматтық қоғам өкілдерімен түрлі форматта жан-жақты талқыланбады деп санайды. Оның пікірінше, бүгінгі ақталушылық қоғамдағы наразылықтан сескенудің белгісі.

Биыл сәуір айының 12-інде Алматы қаласында 500-ге жуық адам қатысқан «Антиеуразиялық форум» өткен еді. «Антиеуразиялық форумға» жиналғандар «Қазақстан тәуелсіздігін жоятын одақты тоқтатуға» шақырған.

Мамырдың 15-і күні Facebook әлеуметтік желісінде Еуразия Одағына наразы қазақстандық белсенді азаматтар «Империялық вирусқа қарсылық» акциясын бастады. Олар маска киіп суретке түсіп, бұл әрекеттерін «саяси одақ құруға мүдделі боп отырған Ресейдің империялық пиғылынан қорғану белгісі» деп түсіндірді. Ал мамырдың 22-сі күні бір топ қоғамдық белсенді Алматыда Еуразиялық Одаққа қарсы қоғамдық тыңдау өткізіп, арнайы үндеу қабылдаған.

Мамырдың 27-сі күні Астана маңындағы Ильинка кентінде Еуразия Одағының құрылуына қарсы іс-шаралар өткізу жайын жоспарламақ болған жиырма шақты белсендіні полиция ұстап әкетті. Олардың ішінде Азатттық тілшісі де болды.

Мамыр айының соңында Ресей, Беларусь және Қазақстан Астанада Еуразия экономикалық одағы туралы келісімге қол қоймақшы. Бұл келісімге сәйкес үш ел 2015 жылғы қаңтардың 1-інен бастап біртұтас экономикалық кеңістікке және бірлікке айналады.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG