Accessibility links

Одаққа қарсылар Назарбаевтың рөлін сөз қылды


Антиеуразиялық қоғамдық тыңдау кезінде сөйлеп тұрған белсенді Жанболат Мамай. Алматы, 22 мамыр 2014 жыл.

Антиеуразиялық қоғамдық тыңдау кезінде сөйлеп тұрған белсенді Жанболат Мамай. Алматы, 22 мамыр 2014 жыл.

Мәскеу қолдайтын Еуразия экономикалық ұйымы туралы келісімге қол қойылуға бір апта қалғанда қазақстандық оппозиция өкілдері қоғамдық тыңдау өткізіп, одақ идеясына қарсы шықты.

Мамырдың 22-сі күні Алматыдағы «Астана» қонақүйінің конференц-залында Еуразия Одағына қарсы қоғамдық тыңдау өтті. Жиынға оппозициялық саясаткерлер, қоғамдық белсенділер мен саясаттанушылар, барлығы 200-ге жуық адам қатысты. Залдағы белгілі адамдардың қатарында ақын-жазушылар Қабдеш Жұмаділов, Софы Сматаев пен Темірхан Медетбек көзге шалынды.
Қоғамдық тыңдауды жүргізуші саясаткер Төлеген Жүкеевтің сөзінше, бұл қоғамдық тыңдау биыл сәуірдің 14-інде өткен антиеуразиялық форумның жалғасы.

Тыңдауда сөйлегендердің барлығы да мамырдың 29-ы күні Еуразия Одағы туралы келісімге Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қол қоятынына күмәнданбайтындарын айтты. Наразы белсенділер: «мұндай маңызды мәселеге қатысты референдум өткізбеген, халықтың наразылығын ескермеген билік қазірдің өзінде Ресейдің ықпалына түскен» деп мәлімдеді.

Қоғамдық тыңдауда сөйлегендер келешек Еуразия Одағының ықтимал зардаптарын әр қырынан сипаттауға тырысты. Саясаткер Төлеген Жүкеевтің сөзінше, жаңа одақ «автократиялық режимдердің саяси одағы» болып шығады.

«НАЗАРБАЕВТЫҢ АМБИЦИЯСЫ»

Қоғамдық тыңдау барысында сөйлегендер Еуразия Одағы туралы идеяны ең әуелі ұсынған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев екеніне бірнеше рет тоқталды. Жазушы Қабдеш Жұмаділов Еуразия Одағына қарсы қоғамдық тыңдауда отыр. Алматы, 22 мамыр 2014 жыл

Жазушы Қабдеш Жұмаділов Еуразия Одағына қарсы қоғамдық тыңдауда отыр. Алматы, 22 мамыр 2014 жыл



Негізгі баяндама жасап, 2010 жылы құрылған Кеден Одағының «Қазақстанға тигізген залалын» тізіп шыққан экономист Тоқтар Есіркеповтің пікірінше, Қазақстан басшысы Еуразия Одағы туралы жобаның пайдасы бар ма, жоқ па дегеннен гөрі, бір кездері өзі ұсынған идеяны жүзеге асыруды көбірек ойлайтынға ұқсайды.

«Осылайша Қазақстан өзінің сырты саяси амбициясының тұтқыны болып қалды. Бұл жобаға қатысып отырған басқа екі мемлекеттің (Ресей мен Беларусь – ред.) не үшін қатысып отырғаны анық та түсінікті. Оның үстіне бұл жоба Қазақстанның көп векторлы сыртқы саясатына да қайшы. Негізгі серіктестеріміз Қытай мен Еуропа Одағы бірыңғай кедендік тариф өз мүдделеріне сай келмейтінін қазірдің өзінде біліп отыр» деді ол.

Оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдиннің ойынша, Еуразия Одағы мәселесіне келгенде «Ресей президенті Владимир Путинді ғана айыптаудың жөні жоқ», өйткені идеяны алғаш ұсынған – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Ал журналист Виктор Ковтуновский президент Назарбаевтың Еуразия Одағы туралы идеяны алғаш айтқанымен, оны іске асыруға өз еркімен кірісіп отырғанына күмәнданады. Антиеуразиялық форумға қатысушылар. Алматы, 22 мамыр 2014 жыл.

Антиеуразиялық форумға қатысушылар. Алматы, 22 мамыр 2014 жыл.



«Авторитарлық елдердің жетекшілері мұндай интеграцияларға өз еркімен бармайды. Ресейдің «жаңа ақ патшасына өз еркімен вассал болады» дегенге сену қиын. Соңғы 15 жылда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы сөз бостандығын мейлінше шектеді, неше түрлі тәсілдермен азаматтық қоғамды тұншықтырды. Сөйтіп дәл қазір Кремльмен текетіресте сүйенетін ешкімі қалмады» дейді Виктор Ковтуновский.

Саясаттанушы Андрей Чеботарев президент Назарбаевтың 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде Еуразия Одағын құру жөнінде алғаш рет ұсыныс жасағанын көптің есіне салды.

«Сол жылғы маусым айында Назарбаевтың Қазақстан Жоғарғы кеңесінде сөйлеп, «мұндай одақ не референдум арқылы, не парламент арқылы құрылады» деген пікірін көпшілік ұмытып қалды» деді саясаттанушы.

«НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?»

Қоғамдық тыңдауда Еуразия Одағы туралы келісімге қол қою процесіндегі Назарбаевтың «теріс жетекші рөлі» қызу талқыланған соң жиналғандар «Енді не істемек керек?» дейтін мәңгілік сұраққа келіп тоқтады.

Саясаттанушы Дастан Қадыржанов пен оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин халықаралық антиимпериялық қозғалыс құру жөнінде ұсыныс айтты. Олардың ойынша, «Бұрынғы ТМД елдеріндегі демократиялық күштермен бірігіп Ресейдің империялық саясатына қарсы қозғалыс ұйымдастыруға болады».

Қоғамдық тыңдауға жиналғандар Еуразия Одағының «зиянды жақтарын» халыққа түсіндіру және оның тек қазақтардың ғана емес Қазақстанда тұратын барлық этностардың да мәселесі екенін көрсету керектігін айтып өтті. Жиын соңында қоғамдық белсенді Жанболат Мамай қоғамдық тыңдауға қатысушылардың Қазақстан халқына жолдайтын үндеуін оқып берді. Антиеуразиялық форумға қатысушылар. Алматы, 22 мамыр 2014 жыл.

Антиеуразиялық форумға қатысушылар. Алматы, 22 мамыр 2014 жыл.



Ресей, Қазақстан мен Беларусь 2010 жылы құрған Кеден Одағының Еуразия Одағына айналуына қарсылық білдірушілер түрлі сипатта наразылық акцияларын ұйымдастырып келеді. Соның бірі биыл сәуір айының 14-і күні 500-ге жуық адам қатысқан, Алматы қаласында өткен «Антиеуразиялық форум».

«Антиеуразиялық форумға» жиналғандар «Қазақстан тәуелсіздігін жоятын одақты тоқтатуға» шақырып, «Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа бұл ісі қателікке ұрындыратынын, жауапкершілік тек өз мойнына жүктелетінін қатаң түрде ескерту» туралы мәлімдеген болатын.

Қазақстанның Еуразия Одағына кіруіне қоғамдық белсенділер жекелей пикет өткізіп те наразылық білдірді. Таяуда мамырдың 15-і күні Facebook әлеуметтік желісінде Еуразия Одағына наразы азаматтар «Империялық вирусқа қарсылық» акциясын бастады. Олар маска киіп суретке түсіп, бұл әрекеттерін «саяси одақ құруға мүдделі боп отырған Ресейдің империялық пиғылынан қорғану белгісі» деп түсіндірді.

Мамырдың 19-ы күні Астанада президентшіл «Нұр Отан» партиясының ұсынысы бойынша билікшіл саяси партиялар мен ұйымдар және жергілікті сарапшылар арнайы жиын өткізіп, Еуразия экономикалық одағының құрылуын қолдап шыққан еді. Оның алдында «Нұр-Отан» партиясының мүшесі Айгүл Соловьева әлеуметтік желіде «Еуразия Одағы» идеясының алғаш рет 1994 жылы айтылғанына назар аударып, Қазақстандағы жұртшылықтың содан бері бұл мәселені талқыламай, «енді тура жүзеге асар кезде оянып жатқанына таңғалатынын» жазған.

Мамырдың 29-ы күні Қазақстан, Беларусь және Ресей президенттері қол қоятын Еуразия экономикалық одағы туралы келісім 2015 жылғы қаңтардың 1-інен күшіне енуі тиіс.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG