Accessibility links

Қорғаныс министрлігіндегі «коррупция» ісі


Қазақстанда өткен халықаралық армия ойындарының ашылу салтанатындағы қойылым. Отар, 2 тамыз 2016 жыл.

Қазақстанда өткен халықаралық армия ойындарының ашылу салтанатындағы қойылым. Отар, 2 тамыз 2016 жыл.

Қорғаныс министрлігіндегі коррупциялық жаңа іс бойынша 10 айыпталушы қамауға алынды. Қорғаныс министрлігін Иманғали Тасмағамбетов басқарған 2014 жылдың күзінен бері ведомствода мұндай жанжал болған емес.

Айыптауға қатысты жайттардың егжей-тегжейін баспасөзге хабарламайды, іс құпия саналады. Бірақ кінәсіздік презумпциясы принципіне қарамастан, сотқа дейін тараған ресми хабарламаларда «пара алған», «лобби жасаған», «жымқыру фактісі бойынша» деген сияқты сөздер көп. «Қорғаныс министрлігіндегі коррупциялық іске» қатысты 10 адам айыпталғанын Азаттыққа Астана қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады. Ертеректе ҰҚК «8 тамыз күні ҰҚК-ге қарасты әскери қарсы барлау департаменті қызметкерлері қарулы күштердің материалдық-техникалық жабдықтау бас басқармасы бастығының орынбасары подполковник Төлеміс Жұмқазиевті 20 миллион теңге (шамамен 59 мың доллар) көлемінде пара алып жатқан кезде ұстады» деп мәлімдеген.

Есіл № 2 аудандық соты ішінде «бас» күдікті – арасында қорғаныс министрлігінің подполковнигі Төлеміс Жұмқазиев те бар сегіз айыпталушыны екі айға қамауға санкция берген. Болжам бойынша, оларАстанадағы ҰҚК тергеу абақтысында отыр. Іске қатысты айыпталушылардың екеуі осы мерзімге үй қамағына алынған. Астана қалалық сотының баспасөз қызметі «Тергеу абақтысында (Жұмқазиевтен өзге) немесе үй қамағында кімдер отыр? Іске қатысты ұсталғандарға қандай айыптар тағылды?» деген сұрақтарға жауап беруден бас тартты. Бұл іс бойынша қорғаныс министрлігі қызметкерлерінен бөлек, қаржы министрлігі қызметкерлері мен коммерциялық құрылым өкілдері де айыпталады.

Қорғаныс министрлігі Азаттыққа қылмыстық айыптауға қатысты берген комментариінде мүлде жұтаң мәлімет хабарлады. Подполковник Төлеміс Жұмқазиевті қарулы күштердің материалдық-техникалық жабдықтау бас басқармасы бастығының орынбасары қызметін «2013 жылдың 1 шілдесінен бері атқарады» деп сипаттаған.

Қорғаныс министрлігі жауабында «Қазір құзырлы орган қарулы күштер қажетіне мемлекеттік сатып алу аясында бөлінген бюджет қаржысын жымқыру фактісі бойынша жедел-тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Сондықтан тергеу мүддесі үшін іске қатысты өзге мәліметтер жарияланбайды» делінген.

Азаттықпен телефон арқылы сөйлескен ҰҚК-нің баспасөз қызметінің өкілі ҰҚК қызметкерлері «қорғаныс министрлігіндегі жемқорлыққа қатысты іс» бойынша тергеу амалдарын емес, анықтау шараларын жүргізіп жатыр деп нақтылады. Бірақ ол да істің мән-жайын толық хабарлаудан бас тартты.

Қазақстан армиясының жаттығуда жүрген бөлімі. Алматы облысы, 17 сәуір 2015 жыл.

Қазақстан армиясының жаттығуда жүрген бөлімі. Алматы облысы, 17 сәуір 2015 жыл.

Ертеректе таратқан баспасөз хабарламасында ҰҚК қылмыстық іс аясында «көп көлемде отандық және шетел валютасы алынды» деп мәлімдеген болатын. «Қорғаныс ведомствосының конкурстық комиссия төрағасы болған Т. Жұмқазиев кәсіпкерлердің мүддесі үшін лобби жасаған, ал өзінің заңға қайшы әрекеттерін бүркемелеу үшін қорғаныс министрлігі мен қаржы министрлігіне қарасты қадағалау органдарында лауазымды қызмет атқаратын тұлғалардың мүмкіндігін пайдаланған»деп мәлімдеген ҰҚК бұл іске қатысты құпияны сәл ашқанымен, ешқандай дәлел келтірмейді әрі сот болмай жатып айыпталушыларды «қылмыстық топ» деп атайды. ҰҚК «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері қажеттілігі үшін мемлекеттік сатып алу аясында бөлінген бюджет қаржысын жымқырумен айналысқан ірі қылмыстық топтың әрекеті әшкереленіп, тоқтатылды» деген ауқымды қорытынды жасайды.

Әскери ведомствоның лауазымды тұлғалары айыпталған мұндай коррупциялық істер қорғаныс министрлігінде бұрын да талай қозғалған. Подполковник Жұмқазиев тұтқындалғанға дейінгі ең атышулы істердің бірі - қорғаныс министрінің сол кездегі орынбасары Бағдат Майкеев айыпталып, сотталған іс. Ол кезде қорғаныс министрі қызметін кейінірек Қарағанды облысы әкімі болған және премьер-министр кезіндегі коррупциялық айыптармен сотталған Серік Ахметов атқарып отырған еді. 2014 жылдың маусымында генерал Майкеев аса ірі көлемде пара алды деген айыппен алты жылға сотталған. Бірақ жеті айдан кейін «ауыр сырқатына» бола түрмеден босаған.

Қорғаныс министрлігінің коррупцияға қарсы комиссия төрағасы болған кезінде Майкеев командирлерді әскери қызметшілердің бойында «жемқорлыққа қарсы көзқарас» қалыптастырып, құқықтық мәдениетке баулуға үндеген еді. Подполковник Жұмқазиев сияқты генерал Майкеев те аса ірі көлемде пара алды деген күдікпен ұсталған.

2014 жылдың қазанынан бері қорғаныс министрі қызметін Иманғали Тасмағамбетов атқарады.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG