Accessibility links

Мақтаралда оқушылар мақта теріп жүр


Мақта теріп жүрген оқушы. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы, 20 қыркүйек 2016 жыл.

Мақта теріп жүрген оқушы. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы, 20 қыркүйек 2016 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданындағы мақта алқаптарында мектеп оқушылары мақта жинап жүр. Ата-аналар балаларының мақта жинағанын «көмек» деп біледі. Ал облыстық прокуратура жыл басынан бері бала еңбегін пайдалану дерегі тіркелмегенін айтады.

Мақтарал ауданы Қазыбек би ауылдық округіндегі мақта алқаптарына қыркүйектің 20-сы – сейсенбі күні түс кезінде барған Азаттық тілшісі мектеп жасындағы алты баланың мақта теріп жүргенін көрді. Тілші сөйлескен ата-аналардың балалардың қара жұмысқа араласқанын «көмек» деп түсінетіні, оқушыларға мақтаны әлеуметтік қиындық кесірінен тергізетіні байқалады. Өйткені мақта егетін кәсіпкерлер бір килограмм терілген мақтаға 25 теңге төлейді.

Осы ауылдық округке тиесілі Жамбыл ауылы тұрғыны орта жастағы Дилфуза Шадиева – төрт баланың анасы. Тұрмысқа шыққанына 15 жыл болған. Содан бері науқан сайын мақта теріп, нәпақа тауып келеді. «Балаларымның бәрі мектеп жасында. Олар қазір жан-жақта мақта теріп жатыр» деген көпбалалы ана:

- Мысалы, 8-сыныпта оқитын балам күніне 100 килограмм мақта тереді. Қалғаны бос уақытында келіп өздеріне керек ақшаны табады. Оның зияны жоқ қой. Киімдеріне, тамақтарына табу керек, - дейді ол.

Көрші алқапта мақта жинап жүрген Жамбыл ауылы тұрғыны Мухаббат Бабаева 8-сыныпта оқитын қызының жыл сайын мақта теріп «көмектесетінін» айтады.

Жамбыл ауылының тұрғыны Мухаббат Бабаева. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы, 20 қыркүйек 2016 жыл.

Жамбыл ауылының тұрғыны Мухаббат Бабаева. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы, 20 қыркүйек 2016 жыл.

- Жылда сабақтан бос уақытында мақта теріп көмек береді. Демалыс күндері таңғы сағат жетіден мақта теруге келіп, кешкі сағат сегізде үйге кетеді. Түстен кейін келген күндері кешке дейін 50 килограмм мақта тереді, жұмыс істеп жүрсе де қызымның сабақ үлгерімі өте жақсы. Кешке барып сабақ оқиды. Бәріне үлгеріп жүр, - дейді ол.

Азаттық тілшісі мақта алқаптарында жүрген оқушылардың өздерімен де тілдесті. Әуелде кездескен екі оқушы ұл «өзіміз өсірген мақтамызды жинауға ата-анамызға көмек беру үшін келдік» деді.

Белдерінде байланған қаптарына екі-үш килограмм мақта жинап үлгергендері байқалады. Олар «Амангелді атындағы жалпы орта мектепте оқитындарын» айтты. Амангелді атындағы орта мектеп Мақтарал ауданы Қазыбек би ауылдық округі Оспанов ауылында орналасқан. «Мектепте мақта теруге шығатын оқушылар бар» дейді олар.

Ал көршілес алқапта мақта теріп жүрген Жасурбек 4-сынып оқушысы екенін айтып, «бүгін сабаққа бармадым» деді. Оның аты-жөнін айтудан бас тартқан анасы «Апайына (мұғаліміне – ред.) хабарласып, сабақтан сұрадық. Бір жүйек бердік, соны теріп жатыр» деді.

ВИДЕО: Мақта терген балалар

Азаттық тілшісі Мақтарал ауданындағы №12 Амангелді атындағы жалпы орта мектептің директоры Айшонық Байдәулетовамен хабарласқан еді. Мектеп басшысының айтуынша, «оқушыларды мақта жинауға босатпау туралы аудандық білім бөлімінен бұйрық алған. Мектеп басшылығы балаларды мақта терімге апармау туралы ата-аналармен келісім-шартқа отырып, әрқайсысынан қолхат алған, жиналыс өткізген».

- Күнде таңертең сағат сегізден сынып жетекшілері оқушыларды қатаң түрде түгендейді. Сабақтан тыс уақытта баланы ауыр жұмысқа салса ата-ана да жауапты. Кәсіпкерлерге кәмелет жасқа толмаған баланы мақта алқабына кіргізуге болмайтынын ескерттік, - дейді мектеп директоры.

Айшонық Байдәулетова «оқушы ауырып қалса, мектеп медбикесінің тексеруінен кейін ғана сабақтан босатылатынын» айтады. Оның сөзінше, «мектепте әртүрлі жағдаймен күніне 5-6 бала сабақтан қалады».

Мақта теріп жүрген мектеп оқушысы. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы, 20 қыркүйек 2016 жыл.

Мақта теріп жүрген мектеп оқушысы. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы, 20 қыркүйек 2016 жыл.

Қатар жатқан екі-үш алқаптан алты оқушыны жолықтырған Азаттық тілшісі сол маңдағы мақта өсіретін Есентаев ауылына да соқты. Аты-жөнін айтудан бас тартқан мектеп қызметкерінің айтуынша, «Мектепте оқушыларды мақта теруге шығармау жұмыстары жүргізілгенімен, сабақтан тыс уақытта балаларын мақтаға шығаратын ата-аналар бар».

- Сабақ уақытында босатпаймыз. Біздің де басымыз екеу емес. Түстен кейін өздерінің жекеменшік жерінде мақта теруге шығатын шығар. Сабақтан бос уақытын қалай пайдаланады оны ата-ана шешеді, - дейді ол.

Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының баспасөз хатшысы Айнұр Ақбаеваның хабарлауынша, биыл мақта теруге салынған балалар туралы тексерулер болмаған.

- Жыл басынан бері облыста бала еңбегін пайдалану, құқығын бұзу дерегі тіркелмеді. Егер фактілер анықталып жатса, қосымша тексерулер болады, - дейді баспасөз хатшысы.

Күніне 80 килограмм мақта теретінін айтқан 8-сынып оқушысы. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы, 20 қыркүйек 2016 жыл.

Күніне 80 килограмм мақта теретінін айтқан 8-сынып оқушысы. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы, 20 қыркүйек 2016 жыл.

Балалар еңбегін пайдалану мәселесі жөнінде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің білім басқармасы мен балалардың құқығын қорғау бөлімінен комментарий алу мүмкін болмады.

Қазақстанда бала еңбегін пайдалану заңсыз деп танылып, тыйым салынған. Орталық Азия бала еңбегі мәселесі шешілмеген аймақ қатарына жатады. Халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар Өзбекстанда мақта теру науқаны кезінде балалар еңбегін жаппай пайдалануды сынап, осы сынның нәтижесінде мақта-мата кәсібімен айналысатын GAP, H&M және Marks&Spencer секілді 60-қа жуық компания бірнеше жыл бұрын Өзбекстанға бойкот жариялады.

Кейбір құқық қорғаушылар Оңтүстік Қазақстан облысындағы мақта өсіретін аудандарда бала еңбегін пайдалану Өзбекстандағыдай жаппай сипат ала қойған жоқ деп санайды.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG