Accessibility links

Ресми статистика бойынша, Қазақстанда соңғы жылдары ажырасу күрт көбейіп кеткен. Отбасылық психолог мамандарға сұраныс күшейген. Астаналық судья ажырасудың себебін жұмыссыздықтан көреді.

Алтынай (өтініші бойынша есімі өзгертілді – ред.) - үш жарым жылдан соң күйеуімен қайта қосылған астаналық келіншек. Ол кезінде «туған-туысы күйеуі екеуінің арасына түсіп», ажырасуларына себеп болды деп санайды. Ажырасқанша енесімен бірге тұрған.

- Көп жұптан бір ерекшелігіміз – ажырасқаннан кейін де ешнәрсеге қарамастан балам мен әкесінің арасындағы байланысты үзбедім. Баламыз үшін сыйластықты сақтап қалдым. Баланы әкесіне қарсы қойған жоқпын. Керісінше баланың санасына әкенің орнын, оған деген сый-құрметті ұғындырдым. Осындай сыйластықты сақтап қалу арқылы үш жыл өтсе де, біз қайтадан қосылдық. Оған басқа қалаға көшіп кетуіміз, жұмыс пен материалдық жағдайымыздың тұрақтануы, баламыздың мектепке барайын деп жатқаны оң әсерін тигізді, - дейді Алтынай.

Ол күйеуі екеуінің бір-біріне көңілі тола бермей, ара-тұра әлі де ренжісе қалатын сәттері болып тұратынын, бірақ болашақтан үмітінің зор екенін айтады. Қазір Алтынай күйеуімен отбасылық психолог маманының қызметіне жүгініп жүр.

- Ешбір сөзсіз түсінетін, шын сыйласатын күн әлі туады, - дейді ол.

ОТБАСЫЛЫҚ ПСИХОЛОГҚА СҰРАНЫС

Google іздеу жүйесін пайдаланса, қазір Қазнетте психолог қызметін ұсынатын компаниялар мен жеке мамандардың хабарламаларын жиі байқауға болады. Хабарламаларда психологтардың қазақ және орыс тілдерінде «әртүрлі отбасылық проблемаларды шешуге септесетіні» жазылған. Психологтардың бірі Анаргүл Ғаббасованың сөзінше, соңғы үш жылда оларға келетіндердің саны тұрақты түрде артып келеді және жүгінетіндердің басым көпшілігі – тіл табыса алмай жүрген жұптар.

Психолог Анаргүл Ғаббасова. Сурет жеке мұрағаттан алынған.

Психолог Анаргүл Ғаббасова. Сурет жеке мұрағаттан алынған.

- Біз көбіне отбасылық дағдарыс кезеңдеріне байланысты жұмыс жасаймыз. Отбасында 1, 3, 5, 12, 20 жылдық дағдарыстар бар. Мәселен, бірінші жылы жұптар бір-бірінің мінез-құлқы, әдетіне, тіпті бір-бірінің туыстарына үйреніседі. Кейбір отбасылар осындай кезеңдерден өте алмай қарым-қатынасы суып кетеді. Біз «кімнің кінәлі» екенін іздемейміз, жұптарға жауапкершілік айналасында ақыл-кеңес айтамыз, - дейді психолог.

Анаргүл Ғаббасова «бұрын пациенттердің жеке-жеке келетінін, ал қазір көбіне жұбайымен, ата-енесімен де келетінін» айтады. Психологтың сөзінше, неке бұзу кезіндегі психологиялық көмекке зәру адамдар да көбейген.

- Келетіндердің көбі отбасын сақтап қалу үшін келеді. Бірақ қазір неке бұзу процесіне психологиялық қолдау сұрап келетіндер де пайда болды. Олар ажырасқаннан кейінгі қарым-қатынасының түзу болуын, ортақ балаларын бірге тәрбиелей алуына психологиялық дұрыс жағдай жасауын сұрайды, - дейді маман.

«АЖЫРАСУДЫҢ БАСТЫ СЕБЕБІ - ЖҰМЫССЫЗДЫҚ»

Астана қаласы әділет департаментінің дерегі бойынша, қалада 2015 жылы 11 269 неке қиылып, бір жылдың ішінде оның 40,1 пайызы ажырасып кеткен не болмаса неке бұзу сотынан өтіп жатыр. 3875 жұптың кәмелетке толмаған балалары бар.

Сарыарқа аудандық сотының 13 жылдық тәжірибесі бар судьясы Алмагүл Әміртаеваның сөзінше, сотта қаралатын азаматтық істердің дені – неке бұзу.

- Осы екі-үш жылда, «дағдарыс» басталғаннан шығар, 20-30 жас аралығындағы жастар арасында ажырасу өте көп. Көбіне ажырасуға әйел адам өтініш жасайды. Ең бірінші себеп – жұмыс жоқтықтан. Көп ер балалар жұмыс таба алмайды. Бір жерде істейді, одан шығып кетеді, бір жерде келісім-шарт жасаспағаннан жұмыс беруші алдайды. Сотта «ұрасың ба, ішесің бе» деп сұраймыз, «жоқ» дейді, көбіне жұмыс жоқтықтан болып шығады, - дейді судья.

Қазір жұбайларға ажырасу туралы ойлануға алты айға дейін уақыт беріледі. Бірақ егер қос тарап мерзімге келіспесе, одан ерте ажырасып кетулеріне болады.

Ресми деректер бойынша, Қазақстанда үшінші жыл қатарынан некелер саны азайып, жеті жылдан бері ажырасу саны көбейіп келеді. Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің мәліметіне сәйкес, 2013 жылы – 168 417 неке, 2014 жылы – 159 328 неке, 2015 жылы 148 769 неке қиылған. Ал ажырасу саны 2014 жылы - 52 673 болса, 2015 жылы - 53 293-ке жеткен. Ұлыбританиялық The Economist журналы шығарған 2015 жылдың Pocket World in Figures статистикалық жинағындағы ақпарат бойынша, Қазақстан дүние жүзіндегі жан басына шаққанда ерлі-зайыптылар ең көп ажырасатын 10 елдің қатарына кіріп тұр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG