Accessibility links

Ата-аналардың Төтенше комитеті Қазақстанда оқу ақысы білім сапасына сай емес дейді


Абай атындағы педагогикалық университет. Алматы, 5 ақпан, 2009 жыл.
Абай атындағы педагогикалық университет. Алматы, 5 ақпан, 2009 жыл.

Төтенше комитет оқу ақысының қымбаттауынан зардап шегіп отырған азаматтар көп, бірақ олардың көпшілігі ол туралы ашық айтудан қорқады деп мәлімдейді. Осыны пайдаланған жоғарғы оқу орындарының басшылары оқу ақысын негізсіз өсіруде деген Төтенше комитет ата-аналарды белсенділікке шақырып отыр.

Төтенше комитеттің негізін қалаған ата-ананың бірі Ольга Оразбекованың айтуынша, білім саласында ешкім ешқандай кикілжіңнің болғанын қаламайды, сондықтан да білім алу мен білім берудің қыр-сырын әлі ешкім, әсіресе, ата-аналар толық түсінбейді.

- Біздің азаматтар, көзді жұмып қойып биліктің жасап жатқан әрекеттеріне көне береді. Сондықтан да білім саласында орын алып жатқан түсініксіз жағдайлардың себебін анықтауға ешкім асықпайды. Ал ойланудың кезі келді. Өйткені, әрбір ата-ана оқуға төлеп отырған қаржы арқылы біздің балаларымыз тиісті білім алып жатыр ма деген сұраққа жауап іздеуі керек. Алайда біз әлі күнге дейін оқу орнына келгенде берілген келісімшартқа қол қоямыз да, оның ішінде не жазылғанын оқуды ұмытып кетеміз. Сондықтан көп жағдайлар кейіннен барып анықталады.

Ольганың студент ұлы бар. Осыдан 4 жыл бұрын оқуға түскен кезде ол 180 мың теңге төлесе, биыл бұл сома 261 мың теңге болған, ол 2 мың доллардан асып кетеді. Ата-ана бұл оқу ақысының соншалықты өсіп кеткендігіне наразылықпен білім ордасының басшылығына барып мән -жайды білген екен.
Студенттер аудиторияда сабақ үстінде. Алматы, 5 ақпан, 2009 жыл.


- Маған көрсетілген тізімді зерттесем, біздің балаларымыз мүлдем ақылға симайтын нәрселерге ақша төлейді екен. Мәселен, келісімшартта оқитын студенттің ақшасынан жатақхананың жөндеу жұмыстарына төлем алынады, ол онда тұрса да, тұрмаса да бәрібір. Сонымен қатар коммуналдық төлемдердің бағасын қарасаңыз, бір студент 18 шаршы метрге кететін шығынды төлейді екен. Сонда бір айда әр студент шамамен 6-7 текше метр ыстық су қолданатын болғаны ғой, – дейді Ольга Оразбекова.

Жалпы келісімшарт негізінде білім алатын студенттердің оқу ақысы қалайша белгіленеді деген сұраққа, Ольга Оразбекова, « ол сома грантта оқитын студенттің ақысымен тең болу керек» - деген жауап алған.

Осы ретте Білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласын бақылау комитеті төрағасының орынбасары Мұхтар Байжұмановтың айтуынша, грантқа бөлінетін ақша жыл сайын өзгеріп отырады.

- Гранттың сомасы жылда үкіметтің қаулысымен белгіленіп отырады. Мысалы, биылғы 2008- 2009 оқу жылына 217 мың теңге белгіленіп отыр. Ал өткен жылы 180 мың теңге белгіленген болатын.

Алайда, ата- аналар бүгінгі таңда Алматының білім ордаларындағы төлемақы 1 мың АҚШ долларынан бастап, 5 мың АҚШ долларына дейін жететіндігін айтады. 2008 жылы осы салада зерттеу жүргізген «АР. Рух. Хақ» қоғамдық қоры көптеген заңсыз жағдайлардың анықталғандығын айтады. Қор төрайымы Бақытжан Төреғожина біздің студенттер бүтіндей бір жоғарғы оқу орындарының басшылығын қамтамасыз етіп отырады дейді.

- Оқу ақысынан жиналған қаржыға, кейбір жоғарғы оқу орындарының басшылары алыс- жақын шет елдерге іссапарға баратын болып шықты, сонымен қатар, кей құжаттарда студенттерге тегін тамақ беріліп, тегін емдейміз деген де бар. Бұл енді тіптен шындыққа жанаспайды.

Ал, оқу ақысы орта есеппен 170 мың теңгені құрап отырған Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университеті білім басқармасының бастығы Болат Жұмағұлов оқу ақысы «оқытушы еңбегіне, керекті оқу құралдарына төленеді, жатақхана мен аудиториялардың жеңіл жөндеулеріне, одан қала берді, коммуналдық қызметтер мен интернет, лингафондық кабинеттер қызметтеріне кететін шығынның негізінде құралатындығын» айтып отыр.

Ал ата- аналардың Төтенше комитеті студенттер ақшасы өз мақсатында жұмсалып жатқан жоқ дегенді айтып, оқу ақысының негізсіз қымбаттауына тосқауыл қоятын кездің келгенін, сондай-ақ білім сапасының төлемақыға сай келмейтінін алға тартады.
XS
SM
MD
LG