Accessibility links

Transparency Kazakhstan: Қазақстанда білім, құрылыс және құқық саласы жемқорлыққа белшесінен батқан


«Транспаренси Қазақстан» қоғамдық ұйымының Астанадағы мәжілісі. 26 қаңтар, 2009 жыл.

«Транспаренси Қазақстан» қоғамдық ұйымының Астанадағы мәжілісі. 26 қаңтар, 2009 жыл.

Дүйсенбі күні Астанада «Транспаренси Қазақстан» қоғамдық ұйымы жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі соңғы тоғыз айдың қорытындысын шығарды. Бұл ұйымның Қазақстанда жұмыс істей бастағанына да тоғыз ай болған екен.

«Осы уақыт аралығында қазақстандық азаматтар коррупцияға қарсы жұмыс істеуге әзір екендіктерін таныттыі»дейді халықаралық қоғамдық ұйымның өкілдері.

«Транспаренси Қазақстан» қоғамдық ұйымының үйлестірушісі Наталья Малярчуктың айтуынша, анонимді хаттар мен арыздарды есептемегенде, ресми түрде 600 ден астам шағым келген. Олардың дені Қазақстандағы білім жүйесінің жемқорлықа белшесінен батқандығы туралы жазған. Ал екінші орында құрылыс, жер қатынастарына қатысты жемқорлықтар айтылса, үшінші кезекте, сот орындары мен құқық қорғау мекемелерінің парақорлығы жайында мәселелер көтерілген екен.

Наталья Малярчук білім жүйесіндегі жемқорлыққа қатысты алғашқы кезде орталыққа студенттерден оқытушыларының пара алатындығы жөнінде шағымдар көп түскенін баяндайды. Тіптен, жоғары оқу орындарында емтиханнан өту үшін оқытушылардың қыз балаларды төсек қатынасына мәжбүрлеген жағдайлар да кездесіпті. Ал соңғы кезде керісінше, оқытушылардың өздерінен шағымдар келіп түсіп жатқанын айтады Наталья Малярчук. Оқытушылар жоғары оқу орны басшыларының өздеріне жалған дипломды қорғатуға мәжбүрлейтіндігін жазған екен.

Мысалы, жоғары оқу орындарындағы коррупцияны билікке жеткізу үшін техника ғылымдарының докторы Есет Нұрмағамбет Алматыдан Астанаға арнайы келіпті. Ол өзінің ұлттық техникалық университетте көп жылдар бойы еңбек еткенін, онда жемқорлыққа қарсы күрес жұмысын бақылап, оқу орны басшыларының парақорлығын әшкерелегені үшін жұмыстан қуылғандығын айтады.

Профессор Есет Нұрмағамбеттің айтуынша, қазір жоғары оқу орындарында студенттердің жалған диплом қорғауы үрдіске айналып барады. «Яғни студенттер дипломды оқытушылардан сатып алады да, үш күн ішінде қорғап, жоғары білікті маман атанып шығады. Ал оқытушылар сол ақшаларын жоғары оқу орнының басшыларымен бөліседі», - дейді профессор.

«Азаматтардың арыз-шағымдарынан жергілікті атқарушы мекемелерде де сыбайласқан жемқорлықтың өршіп тұрғанын аңғаруға болады»,- дейді «Транспаренси Қазақстан» қоғамдық ұйымының үйлестірушісі Наталья Малярчук.

Ол жер дауына қатысты, мемлекеттік қызметкерлердің сауатсыздығы ма, әлде халықтың құқықтық деңгейлерінің төмен екендігін пайдаланады ма, бір жерді бірнеше азаматтарға сатқан жәйттер өте көп кездеседі дейді.

Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Айгүл Соловьева жемқорлықпен күресте ең алдымен ашықтық, айқындықтың қажет екенін айтады. «Ашықтық болмаған жағдайда, жемқорлықпен күресу дегеннің бәрі бос сөз. Бюджет ақшасының бәрі шенеуніктердің зәулім сарай тұрғызуына кетеді. Ал былайғы қарапайым халықтың дәрігерге көрінуіне, балаларына білім беруіне ақшалары болмай жатады», - дейді Айгүл Соловьева.

«Транспаренси Қазақстан» қоғамдық ұйымының өкілдері Қазақстанда жұмыс істеген тоғыз айдың ішінде азаматтардың көбінің құқықтық сауатсыздығын аңғарғандықтарын айтады. Тіптен, орталыққа шағымданған жоғары білімді азаматтардың өздері елдегі заңнаманы дұрыс білмейді дейді. Сондықтан да олар Қазақстан билігіне жемқорлықпен күресу үшін азаматтардың ең алдымен құқықтық сауаттылығын ашу керек деген ұсыныс жасап отыр.

«Транспаренси Қазақстан» халықаралық қоғамдық ұйымы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қолдауымен былтыр көктем айында Алматыда, ал қазан айында Астанада ашылған болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG