Accessibility links

Президент сайлауы 26 сәуірде өтетін болды


Жұмысшылар Ақорда алдындағы алаңды тазалап жүр.

Жұмысшылар Ақорда алдындағы алаңды тазалап жүр.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев елде кезектен тыс президент сайлауы 26 сәуірде өтетінін жариялады.

Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жолдаған видео үндеуінде 2015 жылы 26 сәуірде кезектен тыс президент сайлауы өтетін күнді сенат, мәжіліс, конституциялық кеңес жетекшілері және премьер министрмен ақылдасып шешкенін айтты.

- 2016 жылы елде президент және парламент сайлауы қатар келеді. Бұл - конституцияға қайшы. Менің де президенттік өкілеттілігім 2016 жылы аяқталады. Халық кезектен тыс сайлау мен президент өкілеттілігін созу үшін референдум өткізуді ұсынды. Екеуі ұсыныс та конституцияға сай келеді. Бірақ сайлау өткізу қисынға келеді. Мен сайлауға қатысты «иә» мен «жоқты» мұқият ой таразысына салдым. Сөйтіп, «кезектен тыс президент сайлауын өткізген жөн» деген пайымға келдім. Сайлау елімізді ұлы істерге ұйыстырып, баянды болашақ жолында біріктіре түсеріне сенемін. Қазақстандықтарды ел тарихындағы тағы бір тағдырлы оқиғаға жауапкершілікпен қарап, белсене қатысуға шақырамын, - деді ол.

Нұрсұлтан Назарбаев президент сайлауына қатысу туралы шешімін алдағы уақытта қабылдайтынын мәлімдеді.

Елде биыл кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы бастаманы ақпанның 14-інде Қазақстан халқы ассамблеясы көтерген. Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков «бұл ұсыныс бір сәтте шықпағанын – тұрғындар жазған мыңдаған хаттарда, студенттер мен ардагер және сайлаушылармен жүздесуде жиі айтылған, терең талқыланып, жан-жақты қарастырылған ой» екенін айтқан.

Ассамблея ұсынысын "Нұр Отан" партиясы мен мәжіліс депутаттары бірден қолдаған. Кейін "Ақжол", "Ауыл", Қазақстан патриоттар партиясы мен Қазақстан коммунистік халық партиясы да ұсынысты құптайтынын жариялаған.

24 ақпанда конституциялық кеңес төрағасы Игорь Рогов кезектен тыс президент сайлауын тағайындау конституцияның 41-бабының 3-тармағында қарастырылғанын, президент сайлауы мерзімі жағынан парламенттің жаңа құрамын сайлаумен тұспа-тұс келмеуін ескеру қажет екенін айтқан.

2015 жылы мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу бастамасы айтыла сала оған қатысуға үміткерлер де шыға бастаған. Мәселен, "Табиғат" экологиялық қозғалысының жетекшісі Мэлс Елеусізов "егер уақытынан бұрын президент сайлауы өтсе, кандидатурасын ұсынатынын", "бағдарламасы да дайын" екенін Азаттыққа айтқан.

Қазақстанда 1991 жылдан бері бес рет президент сайланды. 1991 және 2005 жылғы сайлаулар - өз мерзімінде, 1999 және 2011 жылғы сайлаулар - мерзімінен бұрын, ал 1995 жылғы науқан референдум ретінде өтті. Ол сайлаулардың бәрінде ресми мәлімет бойынша «сайлаушылардың басым бөлігінің дауысын алған» Нұрсұлтан Назарбаев жеңіп шыққан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG