Accessibility links

«Бұрышты құртқан соң» ЕАЭО-дағы экспорт жайлы болжам


Жеміс-көкөніс жойылған жерді тазалап жүрген трактор. Белгород маңы, Ресей, 6 тамыз 2015 жыл.

Жеміс-көкөніс жойылған жерді тазалап жүрген трактор. Белгород маңы, Ресей, 6 тамыз 2015 жыл.

Қазақстандық өнімді Ресейге сату қиындығына енді Ресей нарығына Қазақстан арқылы заңсыз түскен өнімдерді жою проблемасы қосылды. «ЕАЭО-на мүше әріптес елдер арасында еркін сауда-саттық орнайды» деген үміт ақтала ма?

ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛГАР БҰРЫШЫ

Ресейде жойылған 350 тоннаға жуық «санкциялық» өнімнің ішінде Қазақстаннан әкелінген 13 тоннадан көп болгар бұрышы бар. Ресей президенті Владимир Путиннің Ресей эмбаргосына іліккен азық-түлікті жою туралы жарлығына орай «санкциялық» тамақпен күрес қызып тұрған тұста Омбы облысында Қазақстаннан еш белгі соғылмаған әрі жалған ветеринарлық құжаттармен әкелінген деген күдікке ілінген төрт тонна шошқа шпигі (қыртыс майы) ұсталғаны хабарланған.

Ресейде «санкциялық» өнімдерді бульдозермен таптап жатқанда Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) бойынша әріптес елде «Қазақстан, Ресей және Беларусь елдері мүше болған Кеден одағы кезіндегіге қарағанда, 2015 жылдың 1-қаңтарында ЕАЭО іске қосылғаннан бері Ресей территориясына Қазақстанның ауыл шаруашылық өнімдерін жөнелтуге қатысты жағдай жақсармады» деп маза кетті.

Біз бір гектар егістікке бес доллар ғана саламыз, Беларусь – 250 доллар, ал Ресей – 350 доллар салады. Мұнсыз бәсекелестікке төтеп бере алмаймыз.

Биыл жазда Қазақстан дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) мүшелікке өткен. Ал шілденің 28-інде Ресей экономикалық даму министрі Алексей Улюкаев Қазақстанның ДСҰ-на мүшелікке өтуі ЕАЭО үшін қиындық тудырды деп мәлімдеген.

Академик әрі президентшіл «Ауыл» партиясы жетекшісі Ғани Қалиев Азаттыққа берген түсініктемесінде Қазақстанның ЕАЭО мен ДСҰ-на бір мезетте мүше болуы орыс, белорус, армян және енді қырғыз өнімдерімен бәсекелесуге қабілетті болу үшін қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген талап күшейте түсетінін айтады.

– Бірақ бұл үшін әуелі ауыл шаруашылығына қаражат құю керек. Біз бір гектар егістікке бес доллар ғана саламыз, Беларусь – 250 доллар, ал Ресей – 350 доллар салады. Мұнсыз бәсекелестікке төтеп бере алмаймыз. Аграрлық саясатты өзгертпей болмайды. Көмірсутегі шикізатын өндіруден түскен көл-көсір кірісті агроөнеркәсіп кешеніне салу керек, - дейді Ғани Қалиев.

ТАУАР АЙНАЛЫМЫ

Арменияның ресми дерегінше, ЕАЭО-на мүшелікке өткеннен кейінгі алғашқы бес айда Арменияның Ресейге экспорты шамамен 30 есе қысқарған. Бірақ, Азаттықтың Армян қызметінің хабарлауынша, Ресей статистикасы «Арменияның Ресейге импорты екі есеге қысқарды» деген дерек келтіреді.

Астанадағы ет базары.

Астанадағы ет базары.

Арменияда коньяк өндірісі баяулаған: 2015 жылдың қаңтар-ақпан айларында шығарылған коньяк көлемі 705,7 мың литрге, немесе 31,3 пайызға азайған. Коньяктың 80 пайызы Ресейге сатылатындақтан әрі дайындалған коньяктың көп бөлігі экспортқа шығарылатындықтан, мұның себебін Ресейдегі экономикалық дағдарыспен байланыстырады. 2014 жылы бұл көрсеткіш 96,6 пайыз болған.

Арменияның экспорт тауарларының рейтингінде коньяк екінші орын алатынын ескерсек, экспорт пен өндірістің құлдырауы сыртқы сауда балансы мен кейбір өндірушілер мен фермерлердің әл-ауқатына жайсыз тиюі мүмкін.

Бірақ Еуразия экономикалық одағы өкілдері бүкіл салада кедергілерді жою мен әлі жаңадан ортақ нарық көздерін ашу үшін таяу 10 жылдыққа арналған іс-қимыл бағдарламасы құрылды деп мәлімдейді.

Өткен аптада Қырғызстанның ЕАЭО-на кіруіне байланысты Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы кедендік шекараны ашу рәсімі алдында Еуразия экономикалық комиссиясының негізгі интеграция бағыттары мен макроэкономика министрі Татьяна Валовая «жұрттың көзі жету үшін өзара сауда-саттық өсімін қазірден қамтамасыз ету керек» деп мәлімдеген.

Қырғызстанның ЕАЭО-на кіруін жақтайтындар қырғыз кәсіпкерлері үшін Қазақстан мен Ресей сияқты ірі нарық көздері ашылады деп санайды. Татьяна Валоваяның айтуынша, ЕАЭО нарығында Қырғызстанның ауыл шаруашылығы өнімдері сұранысқа ие.

Қырғызстанның Ош қаласы базарындағы қымыз сатушы.

Қырғызстанның Ош қаласы базарындағы қымыз сатушы.

Ал қарсыластары ТМД елдеріне Қытайдан тауары реэкспорттаумен айналысатын қырғыз бизнесмендері банкроттыққа ұшырайды, ал Ресейдің Қырғызстанға саяси ықпалы күшейеді деп қауіптенеді. Бұдан бөлек, Қырғызстан ауыл шаруашылығы және мелиорация министрлігіне қарасты азық-түлік қауіпсіздігі және агромаркетинг басқармасы бастығы Жұмабек Асылбековке сілтеме жасаған қырғызстандық K-News сайтының жазуынша, жеміс-көкөніс түрлері төрт пайызға қымбаттайды. Асылбековтің айтуынша, қосымша құн салығы мөлшерлемесі 12 пайыздан 17 пайызға ұлғайып, кеден салығы өсуіне байланысты баға қымбаттауы мүмкін. Оның айтуынша, Қырғызстан ЕАЭО-на мүшелікке кіргендіктен, қырғызстандықтар Қытайдан келетін жеміс-көкөніс бағасы қымбаттайтынын күткені жөн.

Қазіргі кезде Тәжікстанда елдің ЕАЭО-на мүшелікке өту тиімділігіне қатысты мәселе талқыланып жатыр. Біреулер «минусынан гөрі плюсі көп» деп санаса, енді біреулер мұнымен келіспейді. Елдің сыртқы істер министрі Сироджиддин Аслов «Тәжікстан Еуразия экономикалық одағына кіруге қатысты шешім қабылдауға асықпайды» деп мәлімдеген. Министрдің пайымдауынша, Тәжікстанның ЕАЭО-на кіруіне ауған факторы түрткі болуы мүмкін. Оның айтуынша, Тәжікстан мен ЕАЭО елдері мен ортақ шекара болмаған, ал енді Қырғызстан одаққа кіргеннен кейін ортақ шекара пайда болған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG